Бейсенбі, 27 Маусым 2024 13:41

Шымкентте инновациялар мен жоғары технологиялар белсенді дамып келеді

Соңғы жылдары, әсіресе мегаполис статусын алғалы бері Шымкент қаласы экономикалық тұрғыда жоғары қарқынмен дами бастағаны белгілі.Бұған Шымкенттің тоғыз жолдың торабында орналасқан географиялық ерекшелігі де өз септігін тигізіп отыр деп батыл түрде айтуға болады. Бұл ерекшелігі тиімді сауда мен әртүрлі аймақтармен байланыс орнатуға ықпал етеді. Логистика, инфрақұрылымның дамуы Шымкентті ірі бизнес орталыққа, транзиттік сауда алаңына айналдырып келеді.

Шымкенттің 500 шақырымдық радиусында 30 миллион халық өмір сүреді. Ал, 1 мың шақырымдық радиуста 7 шет мемлекеттің астанасы мен 70 миллион тұтынушысы бар үлкен нарық орналасқан. Егер 2 мың шақырымдық радиусты алып қарайтын болсақ, онда 3 миллиард адамдық алпауыт нарыққа шығуға болады. Бұл Шымкенттің өнеркәсіптік әлеуетінің қаншалықты жоғары екенін көрсететін дерек.

Сонымен қатар, Шымкентте инновациялар мен жоғары технологиялар белсенді дамып келеді. Инвестициялар үшін қолайлы жағдайлар, білікті кадрлардың болуы және дамыған ғылыми база инвестициялардың келуіне және заманауи жоғары технологиялық кәсіпорындардың құрылуына ықпал етеді. Инновацияның бұл өсуі Шымкенттің және жалпы Қазақстанның экономикасының дамуына зор үлес қосуда.

Сондай жоғары технологиялық кәсіпорындардың бірі ретінде 2021 жылдың соңына қарай Шымкент қаласындағы «Тассай» индустриалды аймағында ашылған инсулинді шприцтер мен оның инелерін өндіретін зауытты айтуға болады. «ЭкоФарм» компаниялар тобына қарасты «GREEN CROSS ECO» компаниясының зауытын ашуға 2 миллиард теңге инвестиция құйылған. Бұл зауытта 100 адам тұрақты жұмыспен қамтылып отыр. 2022 жылы зауыт 60 миллион дана инсулин шприцтері мен инелерін және иммуноферментті анализдің 500 мың диагностикалық жиынтығын өндірді. Осылайша, Шымкентте ашылған инновациялық кәсіпорын импортты алмастыруымен шектелмей, өз өнімдерін экспортқа да шығара бастады.

Бұл – Шымкент республикалық маңызға ие қала мәртебесін алып, мегаполис атанғалы ашылған ондаған кәсіпорындардың біреуі ғана. Бес жылдың ішінде Шымкентте тек өнеркәсіп саласы ғана емес, шағын және орта бизнес, құрылыс, сауда және қызмет көрсету мен аграрлық салалар да қарқынды түрде дамып отыр.  Соның айғағы ретінде қала экономикасына 5 жылда 2 триллион теңгеден астам инвестиция тартылғанын айта аламыз. Бұл көрсеткіш жылдан жылға артып келеді.

Сондай-ақ, таяуда Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков бастаған делегация Қытайдың бірнеше қаласына барып, сондағы өндіріс орындарымен танысып қайтқан болатын. Сиань қаласындағы жұмыс сапары барысында қала әкімі Ғабит Сыздықбеков бастаған делегация қатты тұрмыстық қалдықтарды жағуға бағытталған зауыттың жұмысымен танысты. Сорттау, қалдықтарды қайта өңдеу, утилизация және олардан электр энергиясын алу процестерін көрді. Қалған қалдықтардан құрылыс материалдары жасалады. Қала басшысы өнеркәсіп ұйымының басшылығымен кездесіп, Шымкентте осы бағытта жаңа технологиялық зауыт құру мүмкіндіктерін талқылағанын айта кеткен жөн.

Қала әкімі Ғ.Сыздықбеков: «Бүгінде қаламызға осындай жобалар қажет. Себебі, мегаполисіміздің аумағы артып, халқы көбеюде. Компания өкілдерін Шымкентке келіп, мәселені мұқият зерделеп, жобаны іске асыру мүмкіндіктерін егжей-тегжейлі талқылауға шақырдым» - деді. Бұл бастама қаланың экологиялық ақуалын жақсартып, жаңа жұмыс орындарын құруға, тұрғындарды жылумен, ыстық сумен және электр энергиясымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Жалпы, бүгінгі таңда Шымкентте бес индустриялық аймақ жұмыс істеп тұр.  287 өнеркәсіптік жоба іске қосылып, 8,5 мың жұмыс орны құрылды. Бұдан өзге жеті бірдей өндірістік алаң құру жұмыстары жүргізілуде. Бұл ретте қытайлықтардың тәжірибесін енгізуге мүдделіміз. Себебі, сонда қаладағы индустриялық аймақтар барлық әлемдік стандарттарға сәйкес келіп, ірі жобаларды тартуда мүмкіндік артады.

Сапар барысында делегация өкілдері Сиань экономикалық және технологиялық даму аймағымен танысты. Қытайлықтар экономикалық аймақтың әлеуеті мен мүмкіндіктері және жобаларды іске асыру тетіктерімен бөлісті. Сондай-ақ, Сиань өнеркәсіптік инвестициялық корпорациясының "Цзинхэ" өнеркәсіптік паркінің аумағында болды. Компаниялардың жұмысын қарап, өндірістердің заманауи технологияларымен танысты.

Сапар аясында бизнес, медицина және білім беру салалары өкілдерінің қатысуымен бірқатар кездесулер өтті. Ө. Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің басшылығы Сиань көлік университетінің өкілдерімен студенттер алмасу және оқытушылардың біліктілігін арттыру мүмкіндіктерін қарастырды.  Онымен қоса бауырлас қаланың денсаулық сақтау саласының өкілдері Шымкентте дәстүрлі қытай медицинасы клиникасының құрылысын жүргізу тақырыбын талқылады. Сиань дәрігерлерінің инсульт, паралич, аутизм диагноздарын емдеуде және миға күрделі операциялар жасауда тәжірибесі мол.

Бір сөзбен айтар болсақ, Шымкент ілгері дамып келе жатқан экономикалық дамушы қала ретінде аймақтағы орнын нығайтып келеді. Кәсіпкерлік үшін қолайлы жағдайлар, экономика салаларының сан алуандығы және инфрақұрылымның белсенді дамуы Шымкентті инвестиция мен бизнес үшін тартымды орынға айналдыруда.

Дәурен ӘБДІРАМАНОВ

 

Оқылды 258 рет