Сенбі, 20 Шілде 2024 16:07

Түркістанда 200 адамды жұмыспен қамтитын зауыттың іргетасы қаланды

Бүгін Түркістандағы «Turan» арнайы экономикалық аймағында жаңа зауыттың іргетасын қалау рәсімі өтті. Оған Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды арнайы қатысып, жаңа жобаны жүзеге асыру бағытындағы жұмыстарға сәттілік тіледі.

– Өндіріс орындарын ашу, жұмыс орындарын көбейту – негізгі бағытымыз. Түркістан облысында осы салаға назар аударылып, тиісті жұмыс жүруде. Инвесторлармен келіссөздер жүргізіліп, маңызды келісімдер жасалып жатыр. Бүгін іргетасы қаланған зауыт та өңірдің әлеуетін көтеруге серпін береді деген ойдамын. Жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін, – деді Дархан Сатыбалды.

«PSI Machinery» компаниясының директоры Павел Беклемишев жобамен таныстырды. «PSI Machinery» компаниясының бұл зауытыда тау-кен ісіне және құрылыстың өзге де салаларына бағыталған ауыр құрылғылар, жүк көліктері мен техникаларға арналған шыдамды тіркемелер, бөлшектер, металл конструкторлары шығарылады. Жобаның құны – 8,33 млрд теңге. Жер аумағы – 20 гектар, 200 адам жұмыспен қамтылады. 2025 жылы ашылатын зауыттың жылдық қуаттылығы – 965 тонна.

Айта кетейік, PSI – бұл PSI Engineering, PSI Energy & Control және Қарасай машина өндіру зауыты (QMOZ) кіретін жалпы танылған компаниялар тобы. 2002 жылы құрылған. Топ инженерлік жобалау мен материалдық-техникалық жабдықтаудан бастап, өнеркәсіптік объектілерді салуға және пайдалануға беруге, сондай-ақ тау-кен өнеркәсібін, энергетиканы, металдар мен мұнай мен газды қоса алғанда, нарықтың негізгі секторлары үшін металл конструкциялары мен модульдік қосалқы станцияларды дайындауға дейінгі кешенді қызметтерді ұсынады.

Бүгінгі таңда PSI Group компаниясында 2000-нан астам адам жұмыс істейді. Серіктестері: «KAZ Minerals» ЖШС, «Теңізшевройл» ЖШС, «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б. В.», «Karabatan Utility Solutions» ЖШС, «KATKO» БК ЖШС, «Қазхром» ТҰК» АҚ және өзгелер.

Түркістан облысында жалпы өнеркәсіп өнімінің 44,6% үлесі өңдеу өнеркәсібіне тиесілі. Былтыр бұл саладағы өнім көлемі 422,2 млрд. теңгеге жеткенін айта кеткен жөн. Өнеркәсіп саласында 14,3 мың адам жұмыспен қамтылған. Өңдеу өнеркәсібінде 2023 жылы жалпы сомасы 26,1 млрд. теңгеге 540 жаңа жұмыс орнын құрайтын 20 жоба жүзеге асырылған болатын. Бүгінгі таңда жалпы 5,4 млрд. теңгеге 6 жоба 215 жаңа жұмыс орнымен іске қосылды.

Биыл Түркістан облысының құрылғанына 6 жыл толды. Облыс орталығы – Түркістан қаласын рухани астана ретінде дамыту бағытында қабылданған шаралар өңір экономикасының дамуына тың серпін берді. Экономиканың басты көрсеткіші – жалпы өңірлік өнім көлемі 6 жылда 2 есе өсіп, 3,5 трлн теңгеге жетті. Өнеркәсіп өнімдерінің көлемі 2 есеге артып, 867 млрд теңгені құрады. 2018-2023 жылдар аралығында Индустрияландыру картасы аясында өңірде жалпы құны 56 млрд теңгеге 43 жоба іске асырылып, 2834 жаңа жұмыс орны құрылды. 

Агроөнеркәсіп кешеніне жалпы 336 млрд теңге инвестиция тартылған. Салада жаңа технология кеңінен қолдануда. Қарқынды бау көлемі биыл 5405 гектарға жеткізіледі. Нәтижесінде, өнімділік 5 есеге артып, 300-350 центнерге дейін өнім жиналады (Бұрын 60-70 центнер жиналған). Нарықты отандық өнімдермен қамтамасыз ету мақсатында биыл 60 жобаны іске асыру жоспарланса (құны 54 млрд теңгені құрайтын 1 318 жұмыс орны), бүгінгі таңда оның 16-сы (5 млрд теңге сомасына 157 жұмыс орны) іске қосылған. 

Мал шаруашылығының дамуы бойынша облыс республикада алдыңғы орында. Мал басы және өнімділігі орташа есеппен 4%-ға өсуде. Ет экспорты бойынша Түркістан облысы республикада көш басында. Ірі қара мал етінің үлесі 85%-ды, ұсақ мал етінің үлесі 60%-дықұрайды. 5 айда 5 мың тонна ірі қара мал еті, 3 мың тоннаға жуық қой еті экспортқа жөнелтілген.

Мемлекет басшысы шағын және орта бизнеске қолдау көрсету ең басты назарда болуға тиіс екендігін атап өткені белгілі. Осы орайда облыста қолайлы бизнес климат қалыптасқан. Кәсіпкерлік субъектілерінің саны жыл сайын өсіп келеді. 5 жылда олардың саны 184 мыңға жетті.Кәсіпкерлердің басым бөлігі ауыл шаруашылығы (48,3%), сауда (23,3%), туризм және қызмет көрсету (20,3%) және өнеркәсіп (6%) саласында. 5 жылда шығарылған өнім 11 есеге дейін өсіп, 1 трлн теңгеден асты (2018 ж. 130,9 млрд теңге). «Кәсіпкерлікті дамытудың» ұлттық жобасы шеңберінде өткен жылы бизнес субъектілері 46 млрд теңгеге жеңілдетілген несиемен қамтамасыз етілді. Өз ісін бастауға ынталы азаматтарға «Түркістан» кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы арқылы өткен жылы 22 336 қызмет түрлері тегін көрсетілген.

Түркістан облысы аумағында тау-кен өндіру өнеркәсібі және карьерлерді қазуда өткен жылы  343,4 млрд теңгеге өнім өндірілді. Осы тұста жұмыспен қамтылғандар саны – 8 401 адамға жетті. Республикада облыстың тау-кен өндіру саласының үлесі 19,0%-ды құрайды. Бұл салада жұмыс істейтін кәсіпорындар «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ қарасты еншілес кәсіпорындары болып табылады. Сонымен қатар Уран өндіру бойынша Түркістан облысы бірінші орында, фосфориттер мен темір кендері бойынша — Қазақстанда үшінші орында келе жатыр. Металлургия өнеркәсібі саласында былтырғы жылдың 10 айында 83,8 млрд теңгеге өнім өндірілді. Салада жұмыс жасайтын кәсіпорындар «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ тиесілі. Сонымен қатар қара металлургия саласында шағын «KARLSKRONA LS AB» ЖШС және «Гульсан» ЖШС кәсіпорындары жұмыс атқаруда. Металлургия саласы өңдеу өнеркәсібі саласының 25,7%-ын құрайды.

Бұдан бұрын Түркістан облысында металлургия комбинатын салу жоспарланған болатын. Жоба Абай кен орнында жүзеге асырылды. Жалпы құны – 36,8 млрд теңге. Ақпаратқа сәйкес, теміржол тұйығы мен газ құбырына жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде. Айта кетейік, кен орнында бастапқыда 31 млрд теңгеге темір рудасын өндіру мен байытуды ұйымдастыру жоспарланған болатын. Оның жобалық қуаты жылына 250 мың тонна кенді өндіру тиіс еді. Бұдан басқа, 7,8 млрд теңгеге бағаланған тікелей қалпына келтірілетін темір өндіру зауытының құрылысы жүргізіледі.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 318 рет