Сейсенбі, 23 Шілде 2024 13:11

Вьетнамдық инвестор Түркістан облысымен әріптестік орнатуға ниетті екенін білдірді

Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов Вьетнам елінен арнайы келген «Sovico Group» компаниясының өкілдерімен кездесті. Кездесуде әріптестік орнату бағыттары жан-жақты талқыланды.

Зұлпыхар Жолдасов Түркістан қаласының әлеуетіне тоқталып, туризм мен өңір экономикасын ілгерілетуге сеп беретін ұсыныстарға ашық екенін жеткізді.

– Киелі Түркістан қаласына қош келдіңіздер! Түркістанның тек елімізде ғана емес, Түркі мемлекеттері арасында ерекше орны бар. Жаңа дәуірі басталған шаһар күн санап қарыштап дамып жатыр. Жаңа мүмкіндіктерге жол ашылды. Әлеуеті артты. Туризм орталығына айналып келеді. 2024 жыл Түркістан – Түркі әлемінің туристік астанасы статусына ие болды. Өңірде туризм бағытын дамытуға ден қойылған. Әуежайдың да әлеуеті мен мүмкіндіктері көп. Біз өңірдің дамуын жандандыратын жобаларды қарап шығуға, тиімді жобаларды бірге жүзеге асыруға дайынбыз, – деді облыс әкімінің орынбасары.

«Sovico Group» авиация инфрақұрылымы жөніндегі директоры Фам Нгок Сау өз тарапынан жобаларды талқылап, әріптестік орнатуға ниетті екенін жеткізді. Кездесуде айтылған ұсыныстар жан-жақты зерделеніп, нақтылау жұмыстары жүргізіледі.

Түркістан облысы құрылғалы өткен алты жылдың ішінде шетелдік инвесторларды тарту бойынша көптеген жұмыстар істелініп жатыр. Мәселен, 2023 жылы Түркістан облысының экономикасына 972 млрд. Теңге инвестиция тартылып, алдыңғы жылмен салыстырғанда 126,1%-ға артқан. Оның ішінде жеке инвестициялар 705,1 млрд. теңге болса, бюджеттік инвестициялар – 266,9 млрд. теңге. Өсім динамикасы бойынша облыс республикада 3 орында тұр.

Былтыр 126,9 млрд. теңгеге 56 инвестициялық жоба іске қосылды. 2024-2027 жылдар аралығында жүзеге асырылатын, жалпы құны 3,3 трлн. теңгегені құрайтын 173 инвестициялық жобаның пулы қалыптастырылған. Өткен жылы шетелдік және отандық компаниялармен 94-тен астам кездесу мен келіссөз жүргізілді. Қытайға, Өзбекстан және Австралия елдеріне кәсіпкерлермен бірге іссапарлар ұйымдастырылды. Нәтижесінде жаңа жобаларды жүзеге асыру, жұмыс істеп тұрған зауыттарды кеңейтуге 1 трлн. теңгеге жуық инвестиция құйылуда. Биыл облыстық делегация Түркия, Ресей, Қытай, Өзбекстан, Иран және Вьетнам елдеріне іссапар жасады.

Облыста шағын және орта кәсіпкерлікке қолдау көрсету арқылыоң өсімге қол жеткізілді. Өңірде 207 мыңға жуық шағын және орта бизнес жұмыс істейді. Кәсіпкерлер саны бойынша Алматы және Астана қалаларынан кейін 3 орында тұр. Кәсіпкерлік субъектілерімен өндірілген өнім көлемі 27,5%-ға артып, 1,2 трлн. теңгеге жетті. Бұл – 9 айдың көрсеткіші, 12 ай нәтижесімен 1,6 трлн. теңгеге жетеді деп болжанып отыр.

2023 жылы кәсіпкерлердің құқығын қорғау бойынша 180 өтініш түскенін, 80 сұрақ оң шешімін тауып, 960 млн. теңгеге кәсіпкерлердің мүліктік құқықтары қорғалғанын мәлімдеді. 1 241 кәсіпкерге 1 300 қызмет көрсетілген. Жалпы 556 жоба сүйемелденіп, 360 салықтық есеп тапсырылды, 170 бизнес-жоспар әзірленген. Түркістан облысында шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау, өңірдегі инвестициялық ахуалды және бизнес климатты жақсарту жұмыстары жалғасады.

Сондай-ақ, бүгінде Түркістан облысының даму стратегиясы дайындалып жатыр. Яғни, Түркістан облысының 2030 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық даму стратегиясының кешенді жоспары әзірленуде. Өңірдің дамуының негізгі мақсаттары, алда қол жеткізетін көрсеткіштер, басты бағыттар мен экономикалық бастамалар осы құжатқа енгізіледі.

Бұл мақсатта ауқымды зерделеу жұмыстары жүргізілуде. Құжатты дайындау үш кезеңнен тұрады. Жоба жұмысына бір топ сарапшылар атсалысып жатыр. Маңызды құжатты дайындауда өңір дамуындағы проблемаларды ескере отырып, дамыған елдер тәжірибелері де ескерілуде. Аталған құжатта 8 негізгі стратегиялық бағыт айқындалып, сол бойынша іс-шаралар кешенін қамтиды.

Стратегиялық құжатты әзірлеу барысы жақында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалық етуімен өткен мәжілісте жан-жақты талқыланды. Жиынға барлық аудан, қала әкімдері мен басқарма басшылары қатысты. Қатысушылар жоспарды іске асыру мәселелерін және асырудың одан арғы қадамдары туралы өз ойларын ортаға салды. Жоба теңгерімді аумақтық даму, адами капиталдың сапасын арттыру, халыққа қолжетімді инфрақұрылым, халықтың табысын арттыру, тұрақты экономикалық өсу секілді стратегияны іске асыру алға қойылған мақсаттарға қол жеткізуге, басымдықтарды дамытуға және өңір тұрғындарының әл-ауқатының тұрақты өсуіне қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Басты стратегиялық мақсат ретінде алдағы жылдарға облыстың әлеуметтік-экономикалық даму қарқынын арттыру саналады. Дамудың басты драйвері – ауыл шаруашылығы саласы.Халықтың табысын арттыру – басты назарда. Аймақ басшысы экономиканы әртараптандыру мен өңдеу өнеркәсібіне басымдық берудің маңыздылығын ылғи айтып жүр. Осыған сай тұрақты жұмыс орнын құру жоспарланып отыр.

Түркістан өңірін дамытудың әр сатысына арналған жоспар нақты көрсетілуі тиіс екендігін облыс әкім үнемі айтып жүр. Батыл қадам жасау арқылы үлкен жетістіктерге жетуге болатыны айтпаса да түсінікті. Халықтың әл-ауқатын арттыру, тұрақты жұмыспен қамту – облыс билігінің басты назарында. Бұл – әр аудан, қала әкімінің міндеті. Бұл құжат өңірдің 7 жылдық даму жоспары ретінде қызмет етіп, индикаторлардың орындалуы облыс әкімі Дархан Сатыбалдының жіті қадағалауында. Құжатқа қосымша Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағдарламалары мен ұлттық жобаларына енгізілген барлық іс-шараны көздейтін кеңейтілген даму бағдарламасы енеді.

Бүгінгі таңда Түркістан бойынша кәсіпорынның 2023 жылғы  статистистикасы: 17000 шаруашылық жүргізуші субъект (заңды тұлға) тіркелді, олардың 15391 жұмыс істеп тұр. Тіркелген заңды тұлғалар ішінде шағын заңды тұлғалар саны (100 адамға дейін) – 16370, орта заңды тұлғалар (101 ден 250 адамға дейін) – 525, ірі заңды тұлғалар (250 адамнан жоғары) – 105, оның ішінде жұмыс істейтіндер — тиісінше – 14761, 525 және 105 бірлік.  Айта кететіні қызметкерлерге берілетін айлық көрсеткіші орта есеппен 240720 теңгені құрап отыр. Осы тоқсанда нақты жалақы индексі 97,2% құрады. Жоғарыда айтып өткеніміздей, Түркістан облысы жылыжай шаруашылықтарын  дамытуда алдыңғы қатарда келеді.

2023 жылғы  Түркістан облысының Еуразиялық экономикалық одақ елдерімен өзара сауда көлемі 11,4 млн. АҚШ долларын немесе 2022 жылғы қаңтар деңгейіне 98,5% құрады, оның ішінде экспорт, тиісінше – 6 млн. АҚШ долларын немесе 171,1%, импорт – 5,4 млн. АҚШ долларын немесе 66,6% құрады. Сонымен қатар, өңір ауылшаруашылық өнімдерінің ең ірі жеткізушісі болып табылады. Облыстың үлкен артықшылығы — тез дамып келе жатқан және халқы тығыз орналасқан Ташкент елімен көршілес. Тиісті инфрақұрылымды дамыту кезінде шекара маңы ынтымақтастықтың ірі орталығына айналуы мүмкіндігі жоғары.  

Өнеркәсіпті дамытудың перспективалы бағыттары тау-кен өндіру өнеркәсібі, машина жасау, тамақ өнімдерін өндіру, құрылыс материалдарын өндіру екені белгілі. Тау-кен өнеркәсібінің дамуы өнеркәсіптік айналымға перспективалы барит кендерін, мыс пен кенді емес пайдалы қазбаларды тартумен байланысты болады. экономикасының негізгі құраушы көзі  ауыл шаруашылығы (18,2%), өнеркәсіп (18,4%), жылжымайтын мүлікпен операциялар (10,1%), құрылыс (9,2%), көлік және қоймалау (9,0%) болып табылады.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 374 рет