Сәрсенбі, 28 Тамыз 2024 18:07

Түркістан: аппарат мәжілісінде өңірдегі туризм саласын дамыту мәселері талқыға түсті

Түркістан облысына келуге қызығушылық танытатындар қатары күн санап артып келеді. Түркі әлемінің туристік астанасы атанған киелі өңірде соған сай туристік жобалар қолға алынбақ. Түркістан облысы әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде осы және басқа да туристік қызметтер талқыланды.

Облыс басшысы бұл саланы қысқа уақытта жандандыруды, кемшіліктермен жұмыс істеуді қатаң тапсырды. Сонымен қатар аудан, қала әкімдеріне киелі нысандардың тазалығын сақтауды айтып, сол аумақтағы жол белгілері мен жарықтандыру мәселесін шешуді жүктеді.– Біздің облысқа туристерді тартудың бірден бір жолы, оларға сапалы әрі дұрыс қызмет көрсете алу деп ойлаймын. Бұл біздің ең бірінші міндетіміз болуы тиіс. Бұдан бөлек жаңа жобалар қолға алынып, жан-жақты қызықтыруымыз керек. Маусым айында Мемлекет басшысы туризм мәселелері бойынша жиын өткізіп, бірқатар тапсырма берген болатын. Қысқа мерзімде туристік өнімдер мен туристер санын арттыру үшін Күлтөбе қалашығы мен Қолөнершілер қаласы жобасын жүзеге асырып, экотуризмді дамыту қажет. Сонымен қатар ұлттық құндылықтарға негізделген шеберлік сағаттары, ұлттық ойындар мен тағамдарды ұсыныңыздар. Сервис деңгейін жақсарту мақсатында туристік бизнес өкілдерін оқыту жұмыстарын тұрақты жүргізіңіздер, – деді облыс әкімі.

Облыс орталығынан алыс орналасқан нысандарда сервисті жақсарту үшін ұсынылған визит орталықтар мен модульдік ғимараттарда электронды аудиогидтар орнату арқылы шешуді тапсырды. Мысалы әлемнің танымал музейлерінде смартфондарға орнатылған электронды аудиогидтар пайдаланылады. Сондай-ақ, электрокарлар жұмыстарын реттеу, жүргізушілеріне экскурсиялық кітапшалар тарату, оқытудан өткізуді, маршрутын бекіту қажет. Жиын барысында облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов туризмді дамыту туралы баяндама жасады. Оның айтуынша аталған салаға жан-жақты талдау жүргізілген. Сонымен қатар отандық туризм мамандары мен сарапшылардың ұсыныстары тыңдалып, бірқатар жобалар жоспарланып отыр. Жалпы жыл басынан бері өңірге 15 мың шетелдік турист келген. Ал жалпы келушілердің арасында жүргізілген сауалнамада басым көпшілігі қызмет сапасы мен әжетханаға шағым жасаған.

Өңірдегі нысандарға негізінен Шымкент қаласының тұрғындары мен қонақтары барады. Аптасына 25-30 тур ұйымдастырылып, мыңнан аса адам экотуриз мен киелі аймақтарды тамашалайды. Турпакеттер сатып алады. Сонымен қатар Біркөлік шатқалы отбасылық және ұжымдық мерекелер үшін таптырмас орынға айналып үлгерген. Қазіргі таңда туристік нысандарда күрделі құрылыстар жүргізіліп, жергілікті экожүйе бұзылуда. Әлемдік тенденцияны ескере отырып, туризмді дамыту барысында экологиялық таза жобалар қолданылады. Оның бірі – визит орталықтар. Елімізде бұл жобаның тиімді кейстері бар. Облыста осындай орталықтарды Ақсу каньоны, Тұттыбұлық сарқырамасы мен Сайрамсу шатқалында жүзеге асыр ұсынылды. Алдағы уақытта нысандар маңында үш тілді ақпараттық стендтер жаңартылады. Модульді құрылымдарда ақпараттық дүңгіршек, бренд кәдесыйлар дүкені және әжетхана қамтылады. Туризмді дамытудың келесі механизмі ауқымды іс-шаралардың күнтізбесін әзірлеу және өткізу.

«Дегенмен, туризм саласында әлі де ізденіс, жұмыс, тың идеялар керек. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды арнайы мәжілісте осы бағыттағы кемшіліктерге тоқталып, жұмысты күшейтуді тапсырды.– Түркістан өңірі туризмін дамыту бойынша нақты жоспары болуы керек. Түрлі идеяларды қарастырыңыздар. Таулы аймақтарда, Сарыағашта туристік нысандар мен шипажайлар арнайы жоспарға сай салынуы тиіс. Кәсіпкерлер аудандарда туризмді дамытуға, бюджет түсімін арттыруға үлес қосса, қолдау көрсетіледі. Бірақ тәртіп болуы қажет. Жоспарсыз құрылысқа жол берілмейді. Жауапты басқарма туризм бойынша кеңес өткізсін. Осы саланы жақсы білетін туроператорларды, мамандарды, сарапшыларды шақырып, кеңесіңіздер. Меймандостық және туризм университетін де осы салаға жұмылдырған жөн. Түрлі туристік бағыттар әзірленсін, нақты ұсыныстар беріңіздер», – дейді Дархан Сатыбалды.

Түркістан облысы мәдениет және туризм басқармасы тарапынан аталған бағытта тиісті жұмыстар жүргізіліп, туризмді 3 бағытта кластерлік дамыту ұсынылды. Біріншісі – Түркістан қаласындағы, Отырар, Сауран және Бәйдібек аудандарында орналасқан тарихи нысандарды қамтитын тарихи-танымдық туризм кластері. Екіншісі – ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мен Түркістан қаласы маңындағы Жетікөлді қамтитын экологиялық белсенді туризм кластері. Үшіншісі – Сарыағаш, Арыс, Манкент курорттық аумақтарын қамтитын емдік туризм кластері. Сонымен қатар, облыс орталығы Түркістан қаласына келушілер ағынын арттыру және туристердің болу ұзықтығын ұлғайту мақсатында қаланың төңірегіндегі 60 шақырым радиуста орналасқан туристік нысандарды дамыту және қала аумағында аталған нысандар бойынша ақпараттар орналастыру керек.

Нысандардың инфрақұрылымын жетілдере отырып, жаңа туристік бағыттар ашу жоспарлануда.Ақмешіт үңгірін туристификациялау да маңызды мәселе. Атқарылған жұмыстар нәтижесінде үңгір жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштер тізіміне енгізілді. Қазіргі таңда үңгір орналасқан жер телімін мемлекет мұқтаждығына қайтару мәселесі қарастырылуда.

Бұдан әрі үңгір айналасында шағын және орта бизнесті дамыту жұмыстары жүргізіледі. Бәйдібек ауданындағы туристік орындарға келушілердің көптігіне қарамастан мемлекетке ешқандай түсім алып келмейді. Домалақ ана, Бәйдібек ата, Қос ана секілді кесенелерден түсетін табыс жоқ. Осыған орай, Бәйдібек ауданы әкімдігіне заңнама талаптарына сәйкес Домалақ ана, Бәйдібек ата, Қос ана кесенелеріне кіру бағасын белгілеу жөнінде ұсыныс беріліп отыр.

Түркістанның туристік әлеуеті өте жоғары. Әсіресе, туризм кластерінің басым бағыты, көлік инфрақұрылымы жақсы жолға қойылған. Облыс орталығы – Түркістан қаласы — тарихи туризмнің алтын ұясы. Қалада туристер мен қонақтарға, тұрғындарға қажетті ойын-сауық орталықтары, заманауи қонақ үйлер, мәдени-тарихи ошақтар, драма театры, мейрамханалар, салтанат үйлері, аквапарк, спорттық-демалыс нысандары, базарлар мен супермаркеттер толықтай талапқа сай салынып, халықтың игілігіне жарауда. Сондықтан Түркістанда толықтай туристерге қызмет көрсете алатын орындар баршылық.

Тарихи туризм ошақтары көп облыстың табиғаты әсем, шежірелі өлкелері де жетерлік. ЮНЕСКО-ның мәдени мұралар тізіміне енгізілген Қожа Ахмет Яссауи кесенесі, көне Отырар, Сауран қалашықтары, Отырар ауданындағы Арыстанбаб кесенесі, Бәйдібек ауданындағы Бәйдібек ата, Домалақ ана кесенелері мен Ақмешіт үңгірі, Түлкібас ауданының қайталанбас әсем табиғаты, Ақсу-Жабағылы, Қаратау қорықтары, Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық-табиғи паркі көптеген саяхатшыларды тамсандырған мекендер. Ұлы Жібек жолының орталығына айналған Түркістан қаласының тарихи-туристік нысандары да жұртшылыққа мәлім.

Шавгар – Орта Азия мен Тұран даласындағы ең көне қала. ХІV ғасырда Қожа Ахмет Яссауи кесенесі салынғаннан кейін Түркі әлемінің діни орталығына айналды. ХV ғасырдан бастап, Түркістан қаласы саяси және экономикалық орталық болды. 1598 жылдан бастап, Қазақ хандығының астанасы деп танылды.  Бүгінде Түркістан қаласындағы Ахмет Яссауи кесенесінде қазақтың небір хандары мен билері жерленген.

Айта кетсек, шаһарда туристерге қолайлы жағдай жасау үшін барлық мүмкіндік қарастырылған. 2023 жылдың І-ші тоқсан қорытындысы бойынша қаладағы орналастыру орындарының саны — 57 бірлікті құраған. Ал, демалыс нөмірлерінің саны – 1199 болса, төсек-орын саны – 2557 бірлікке көбейген. Сондай-ақ,  жыл соңына дейін қалада 5 жұлдызды «Medina palace» қонақ үйі мен «Мұз айдыны» спорт кешені қолданысқа беріліп, туристерге арналған демалыс орны арта түспек.

2023-2024 жылдары Түркістан облысында жалпы сомасы 41,7 млрд теңгеге туристік инвестициялық 18 жоба жоспарланған. Атап айтқанда, «Medina Palace» қонақүйі, «Отау» ойын-сауық орталығы, фитнес-клубы, теннис орталығы және «Turkistan Mall» орталықтары сияқты жобалар іске асырылуда. 2022 жылы 15 туристік нысан пайдалануға берілген. Бүгінде облыс аумағында 1 754 тарихи-мәдени ескерткіш орналасқан. Бұл — Түркістанның туристік әлеуеті өте жоғары екенін көрсетеді. Тарихи туризмнің алтын ұясы десек те артық болмайды. Бүгінде республикамыздағы аудан, ауыл жастары спортпен шұғылдану үшін мектеп интернат-колледждерде білім алуы керек. Қазіргі таңда еліміз бойынша 20 аймақтың 12-інде спорт мектеп интернат-колледжі бар болса, қалған 8 өңірде жаңадан ашылатын болады. Осылайша, кемелді келешек иелері кәсіби спортқа тарту жолында игілікті істер жалғаса береді.

Сонымен қатар, жыл сайын Түркістан облысының сауықтыру шипажайлары мен диспансерлеріне шамамен 50 мыңнан астам турист келеді.  Жалпы алғанда, аймақта демалушыларға диагностикалық медициналық қызметтердің кең спектрін, нәтижелі емделуді және толық тыныштық пен тепе-теңдік жағдайындағы жанға жайлы демалысты ұсынатын 60-тан астам мекеме бар. Олардың көпшілігі Сарыағаш өңірінде, тағы бірнеше шипажай Жетісай, Сайрам аудандарында және Арыс қаласында орналасқан.

Өңірде сауықтыру туризмі өткен ғасырдың 50-жылдарында дами бастады. Бұған себеп — климаттың жылы болуы, таза ауа, қатты желдің болмауы, күн көзінің молшылығы, минералды су, қылқан жапырақты және жапырақты ағаштары бар саябақтардың болуы. Мәселен, температурасы 49-52 градус цельсийге жететін және ем үшін қолданылатын минералды судың құрамында кремний қышқылы, радиоактивті элементтер, азот, бикарбонат, натрий, калий, кальций, магний, алюминий, мыс, марганец, молибден мен микроэлементтер бар. Түркістан облысының шипажайларында ас қорыту жүйесі, зат алмасуы бұзылған, жүйке жүйесі, қол және аяқ, тері аурулары бар науқастар, сондай-ақ гипертониямен ауыратын адамдар денсаулығын жақсарта алады.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 22 рет