Облыста әлі де игерілмей жатқан ауал шаруашылығы мақсатындағы жерлер бар. Оның басты себептерінің бірі – ағын судың жоқтығы. «Түркістан қаласының радиусында біз ағын судан тапшылық көріп жүрміз. Мысалға алатын болсақ, соңғы 4 жылда жазда шілде айларында бізде қажеттілік 68 млн. текше метр су керек болса, соның тек 1 миллионын ғана берген жағдайымыз бар» - дейді Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Тұрғанбек Оспанов.
Дегенмен бұл жерде шетелдік тәжірибеге арқа сүйей отырып тығырықтан шығуға болады. Ол – суды көп қажет етпейтін жаңбырлатып суару әдісі. «Жаңбырлатып суарудың бір артықшылығы, мына жазық жерде құмшауыт жерде болсын, оған канал тартпай-ақ, дөңгелегімен дөңгелетіп апарып суаруға болады. Әрі тиімділігі 3-4 есе көп» - дейді Тұрғанбек Оспанов.
Бүгінде жаңбырлатып суару әдісі облыстағы Ордабасы, Отырар аудандары мен Түркістан, Кентау қалаларының аумағында пилоттық жоба ретінде қолға алынды. «Түркістан АГРО ХХІ» серіктестігі тиімділігі дәлелденген әдісті 733 гектар жерге енгізіпті.
«400 га жерге күздік бидай ектік. Біздің мақсат осы жерге жаздыгүні жүгері егіп, мал азықтық жүгері сүрлемесін алсақ деп отырмыз» - дейді «Түркістан АГРО ХХІ» ЖШС атқарушы директоры Бақытжан Байжұматов.
Шөлейтті жерден өнім алуға бағытталған жоба мемлекет тарапынан субсидияланады екен. Яғни құрал-жабдықтарға кеткен шығынның 25 пайызын Үкімет төлеп береді.
«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.