Жұма, 09 Қазан 2020 21:27

Түркістан: Түлкібас ауданында сүт бағытындағы асыл тұқымды мал басы көбеюде

Түлкібас ауданында мал шаруашылығы қарқынды дамып келеді. Бұл саланың өркендеп, гүлденуіне үлес қосып жүрген серіктестіктер де аз емес.

Соның бірі «Майлыкент Агро» ЖШС-і. Аталған серіктестік 2018 жылы мемлекет тарапынан 106 млн. теңге жеңілдетілген несие алып, Ресей елі мен көршілес Жамбыл облысынан 100 бас сүт бағытындағы «симментал» сиырын алып келген. Бүгінгі таңда ірі қара басын 150-ге жеткізіп, күніне орта есеппен 600-700 литр сүт алып отыр. Майлылығы 4,1 пайызды құрайтын сүтті аудандық «Майлыкент» сүт өңдеу цехына литрін 130 теңгеден өткізуде. Шаруашылықтың тағы бір ерекшелігі - ірі қараға қажетті жем-шөпті өздері өндіреді. Биыл 48 гектар жерге жүгері егіп, одан 300 тонна, 50 гектар жерге бидай егіп, әр гектарынан 33 центнерден өнім алған. Бүгінгі таңда жүгеріден мал азығын дайындауды да қолға алған.
Серіктестік төрағасы Берік Жабатовтың айтуынша, серіктестік жыл соңына дейін Венгрия елінен 200 бас сүт бағытындағы «Гольштин-фриз» тұқымдас ірі қараны алып келмекші. Сонымен қатар, Швеция елінен соңғы үлгідегі сиыр сауатын құрылғысын алу да биылғы жылдың жоспарында.

 «AQ-QARA.KZ»-ақпарат

 

Оқылды 397 рет