Сәрсенбі, 28 Қазан 2020 20:33

Түркістан: Түлкібастық ұстаз кәсіпкерлік салаға бет бұрды

Түркістан облысы Түлкібас ауданының тұрғыны Айгүл Әлі мемлекет тарапынан берілген қайтарымсыз 505 мың теңге грантын жеңіп, тігін цехын ашқан.

Осылайша, Жаскешу ауылында ұстаздық қызмет атқарған ол кәсіпкерлік салаға бет бұрған. 
«Тиісті қаржыға қол жеткізген соң тігін машиналарын, үтік, үтіктеуге арналған арнайы үстел тақтасын, тағы да цехқа қажетті құрал-жабдықтарды сатып алдым. Кәсібім күннен күнге алға басып келеді. Тапсырыс берушілер саны да едәуір артқан. Мемлекеттік қолдауға ие болып, сүйікті ісімді бастағаныма қуаныштымын», - дейді көпбалалы ана.    
Қазіргі таңда Айгүл Бейсенбайқызы тапсырыспен құрақ, көрпе, қыз жасауын тігеді. Ісмердің айтуынша, көйлек пен камзолға да сұраныс жоғары. Басты мақсаты - сапалы дүние ұсыну.
Айта кетейік, биылғы жылы Түлкібас ауданында жаңа бизнес идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік гранттар 209 азаматқа беріледі деп жоспарланып отыр. Бүгінде 172 азаматқа қайтарымсыз грант берілген. Оның ішінде 116 жанұя атаулы әлеуметтік көмек алған көпбалалы отбасылар қатарында.

 «AQ-QARA.KZ»-ақпарат            

 

 

 

 

Оқылды 358 рет