Ол Леңгір қаласынан көлік жөндейтін орын ашу идеясы арқылы бастауыш кәсіпкерлер үшін берілетін 555 600 теңге көлеміндегі грантты ұтып алған. Е.Бекбауов сол қаржыға кәсібіне қажетті генератор және стартер тексеретін құрылғыны алып, көлік құралдарының электрлі құрылғыларын жөндеуді бастаған.
Ербол Әзімбайұлы көрсетіп жатқан қызметке деген сұраныстың жоғары екенін айтады.
«Бұған дейін Шымкент қаласында 2-3 жыл осы кәсіппен айналысқанмын. Бірақ, ол кезде өзге біреудің қоластында жұмысшы ретінде қызмет еткен едім. Міне, бүгінде біз сияқты азаматтарға арналған мемлекеттік бағдарламаның арқасында өзімнің жеке автокөлік жөндейтін орын ашып алдым. Енді 5 баламды осы шағын ғана мекеменің көмегімен асырауға кірістім. Жағдайды түзеп алуға оң ықпал етткен мемлекетімізге айтар алғысым шексіз», – деді Е.Әзімбайұлы.
Кәсіпкер алдағы уақытта өз кәсібін кеңейтіп, қарамағына жұмысшылар алуды жоспарлап отыр.
Айта кетейік, үстіміздегі жылы Төлеби ауданында жаңа бизнес идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік гранттар бойынша 148 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Соның бүгінде 115-сі іске асып, жаңа жұмыс орындары құрылған.
«AQ-QARA.KZ»-ақпарат