Аудан басшысы алдымен аймақта атқарылған жұмыстар барысын баяндады. Өңірдің даму көрсеткішіне тоқталып, әлеуметтік-экономикалық өрлеуді ілгерілету жобаларын атап өтті.
Биыл мақтааралдық диқандар 60,9 мың гектар жерге егістік ексе, оның 38,2 мың гектары мақта дақылына тиесілі. Шаруалар бүгінгі таңда 86,7 мың тонна ақ алтын жинаған. Бақыт Нәсірханұлының айтуынша, диқандары мақта жиын-терімін әлі де жалғастыруда, әзірше орташа өнімділік 25 центнерді құрап отыр. Сонымен қатар, 46,3 мың тонна көкөніс, 304,1 мың тонна бақша өнімдері өндіріліп, оның 80 пайызға жуығы шет мемлекеттерге экспортталды. Одан бөлек, 11,8 мың тонна күріш жиналса, басқада түрлі ауыл шаруашылығы дақылдары өндірілді.
«Үстіміздегі жылы ауданда 51,05 шақырымды құрайтын 94 ішкі көшелерге тас төсеу жұмыстарына аудандық бюджеттен 381,2 млн. теңге бөлінген. Бүгінгі таңда 75 көшеге тас төселді. Қалған 19 көшенің тас төсеу жұмыстары осы айдың соңына дейін аяқталады. Сондай-ақ, 16 елді мекенде тозығы жеткен ауыз су жүйелерін қайта құруды қажет етеді. Оның ішінде 6 ауыз су нысанының құрылысына бюджеттен 726,3 млн. теңге бөлініп, 3 нысан пайдалануға берілді. Мақтаарал ауданындағы 69 елді мекеннің 36-ы табиғи газбен қамтылған», - деді аудан басшысы.
Ауданда абаттандыру жұмыстарына да үлкен мән берілген. Мәселен, ұзындығы 22,05 шақырымды құрайтын 18 көшеге 689 дана жарық шамдарын орнату, 3,4 шақырымды құрайтын 2 көшеге аяқ жол салу жұмыстары жүргізілуде. Мамыр айында орын алған техногенді апатқа байланысты Мырзакент кентіндегі жаңадан бой көтерген шағынауданға инфрақұрылым жүйелерінің құрылысына 3,7 млрд. теңге қаржы қаралып, қарқынмен жұмыстар атқарылуда.
Негізінен өңірде 10 536 бірлік кәсіпкерлік субъектілері бар. Жалпы шетелден тікелей инвестиция тарту бағытында Мақтаарал ауданында инвестиция көлемі 6,7 млрд. теңгені құрайтын 2 жоба іске асырылуда. Атап айтқанда, 2021 жылы Қазақстан және Түркия елдері бірлесіп жіп шығаратын фабриканы іске қосуды жоспарлап отыр. Мақтааралдық кәсіпкерлер ресейлік өкілдермен бірлесіп мақта майын шығаратын зауыт, германиялық кәсіпкерлермен жеміс-жидек мармеладтарын өндіру жобасын бірлесіп іске асыру көзделуде.
«AQ-QARA.KZ»-ақпарат