Пандемия кезінде әсіресе мал саудасының онлайн түрі дамыған Түркістан облысында тұрғындар жаңа платформаны игеруде. Атап айтсақ, Бәйдібек ауданының шаруалары үйден шықпай-ақ, малын өткізіп, нәпақасын тауып отыр. Ауданға жасаған жұмыс сапары барысында облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев жас кәсіпкерлермен кездесіп, ата кәсіпті нәсіпке айналдырған азаматтардың батыл бастамаларын қолдады.
"Креативті ойлап, заман ағымына қарай батыл қадам баса білген өте дұрыс. Кез - келген кәсіптің қыр - сырын меңгерген адам қатарынан озады. Мал шаруашылығын дамытып жүрген өздеріңіздей жастардың барын естіп, арнайы келдім. Білген кісіге мал асырау әрі жұмыс, әрі пайда көзі. Карантин кезінде кәсіптің көзін тауып, электронды коммерцияға көшкен бетбұрыстарыңыз үлгі болар іс",-деді Өмірзақ Естайұлы ауыл жастарымен кездесу барысында.
Жаңа буын өкілдері Ақбастау елді мекеніндегі «Ernur корпорациясы» жеке серіктестігінің кешенді шаруашылығында бас қосты. Олардың барлығы егін және мал шаруашылығын мықтап қолға алған. Өз техникасы мен 4 мың га дейін шаруа қожалықтарына иелік етеді.
Осы шаруамен түбегейлі айналысатын ауыл тұрғыны Алмаз Алтайұлы асыл тұқымды ірі мал санын арттыруды қолға алған. Карантинді кедергі көрмеген азамат онлайн тапсырыс беру арқылы таулы Алтайдан калмықтың асыл тұқымды 121 сиырын сатып алған. Әлеуметтік желінің көмегімен шетелден төрт түлікті тапсырыспен алдырған азамат осылайша артық шығыннан арылғанын айтады.
«AQ-QARA.KZ»-ақпарат