Шымкент: Е.Айтаханов тұрғын үйлер мен мектептер салуға жеке инвесторлар тартуды жүктеді

Бүгін Шымкент қаласының әкімі Е.Айтахановтың төрағалығымен аппарат мәжілісі өтті. Мәжілісте «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру және 2020-2025 жылдарға арналған жобасы мен мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жайында мәселелер көтерілді. 

Шымкент: Бюджетті жоспарлаудан сүрінген шенеуніктерге кеңшілік берілмеуі тиіс!

3 жыл 3 ай 22 күн. Бұл – Шымкент қаласының әкімі болып 3 мәрте тағайындалған Ғабидолла Әбдірахымовтың аталмыш шаһарды тізгіндеген мерзімі. Білек сыбана еңбек етіп, нәтиже көрсету үшін, әрине, аз уақыт емес. Рас, қиялына қанат бітіріп, Ғабекең көп нәрсені армандады. «Армансыз адам – қанатсыз құспен тең», Шымкентті Лас-Вегастан мысқал да кем қылмау үшін талай-талай жобалары барын баяндағанда, аузымыздың суы құритын. «Шымкенттік Манхэттен» болады делінген «Shymkent Sity» қалашығының енді-енді төбесі қылтиып, «Shymkent Bus» муниципалды автопаркінің 1000 автобусы қала ішінде әрлі-берлі зырғитын күн де алыс емес» деп отырғанымызда лауазымымен қош айтысты. Ал Ғабидолла Әбдірахымов қызметін одан әрі жалғастыра бергенінде ол тілге тиек еткен, жұртшылықты елітіп әкеткен тамаша жобалар шын мәнінде жүзеге асар ма еді? Сіз қалай топшылайсыз? Өз басымыз Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтахановтың төрағалығымен өткен бюджеттік тәртіпті күшейту, оның атқарылуын жүйелеу және бюджетті жоспарлаудың тиімділігін арттыру мәселелеріне арналған жиыннан соң бұл сұраққа жауап беру оңай еместігін аңғарып, кібіртіктеп қалдық. 

Айтаханов Әбдірахымовтың жобаларын жалғастыра ма?

«Бетеге кетіп, бел қалар, бектер кетіп, ел қалар» демекші, Шымкенттей аса танымал шаһарды кімдер басқармады десеңізші?! Жұртшылық бүгінде солардың бірен-саранының болмаса, көпшілігінің түр-түстерін де, аты-жөндерін де ұмытып қалған болуы керек. Десек те, Шымкентті басқарған сол пәленбай әкімнің ішінде ерекше есте қалғаны да, әлі де талай жыл есте жүруі бек мүмкіні де Ғабидолла Әбдірахымов шығар.

Ғ.Әбдірахымовты ешкім "жаман әкім болды" дей алмайды. Шамасы жеткенше жұмыс істеуге тырысты. Шымкенттің шырайына шырай қосып, елдегі үшінші қала мәртебесін айшықтай түсетін неше түрлі жобаларды айтып, біздің де қиялымызды шарықтатты. Әртүрлі уәделер берді. "Шымкенттіктер өмірі армандамаған жаңа дүниелерді әкеліп, халықтың ықыласына бөленсем" деген ізгі ниетінің бар екендігі оның әрбір сөзінен сезіліп тұратын. «Шымкент Лас-Вегастан да күшті болуы керек. Шымкенттің тұрғындары оған лайық» деген бір ауыз сөзімен-ақ Шымкент қаласын гүлдендіруге қатысты үлкен жобаларының бар екендігінен хабар берген-ді.

Әбдірахымов баса назар аударған жобалардың бірі де бірегейі – «Шымкент Сити» жобасы. Осы жобаны жүзеге асыруға арналған бір басқосуда Ғабидолла Әбдірахымов: «Бүгінгі күн бәріміз үшін тарихи сәт. Шымкентті Орталық Азиядағы ең үлкен мегаполистердің бірі ретінде дамытудың жаңа кезеңін ашып жатырмыз» - деген болатын. Шымкенттің бұл аймағы, орысша айтқанда, қаланың «визитная карточкасы» болуы тиіс-тін. 300-ден астам көпқабатты тұрғын үйі бар аумақ «қала ішіндегі қала» болады деп жүргенбіз. Ғ.Әбдірахымов: «Мұны шымкенттік Манхэттен деп те атауға болады. Оның аумағы – 400 гектар. Мұнда көп қабатты тұрғын үйлер салынады. Аумағы 75 гектарды құрайтын саябақ болады. Жалпы, алдағы уақытта құрылыс қарқын алмақ. Қазірдің өзінде «Highwell», «BAZIS-A», «BI Group» секілді ірі компаниялар Шымкенттен филиалдарын ашты. Мәселен, бір ғана «Highwell» компаниясының өзі жобаларын жүзеге асыру үшін 130 млрд. теңге инвестиция тартпақ. Яғни бұл жобаны жүзеге асыру үшін қажетті қаражатты инвесторлар тарту арқылы шешеміз», – деген.

Сондай-ақ Ғ.Әбдірахымов қаладағы қоғамдық көлік мәселесін біржола шешуге талпыныс жасады. Мәселен, биыл қала күніне орай ауыз толтырып айтарлық ірі жобаны іске асырды. Бұрын-соңды Шымкенттің тарихында болмаған муниципалды автопарктың тұсауы кесілді. Қалалық мәслихаттың сессиясында «1000 автобус алу үшін келісімге отырдық. Оның 300-і келді. Жыл соңына дейін тағы да 700-і келеді. Сонымен, қаланың қоғамдық көліктерін толықтай жаңалаймыз. Жоба құны 100 млн. АҚШ долларын құрады» дегені де естен шыққан жоқ.

Ғабекең Шымкентке «Shymkent mall» сауда ойын-сауық орталығын, «Диснейленд» те салатын болған. Бәрінен бұрын жаңадан саламын деген стадионын айтсаңшы! «Орталық стадионда осы жоба бойынша қайта құрылымдау жұмыстары күзде басталады. Келесі жылы күзде аяқталады. Жоспар осындай», - деген болатын. Былтыр Шымкентте өткен «Shymkent Development-2018» халықаралық инвестициялық форумында қала әкімі «Colosseo» компаниясының президенті Ян Енча мырзамен Қажымұқан атындағы орталық стадионды қайта жаңғырту жұмыстары бойынша 40 млн. АҚШ долларлық келісімге қол қойған болатын. Қала әкімі айтқандай алып стадионда Әлем чемпионатын өткізуге мүмкіндік туатын болған. Жоспарда стадион аумағында мейрамхана, фитнес клуб, қолайлы автотұрақтар орын тебетіні айтылған-ды.

Қаланың ортасындағы базарларды сыртқа шығарып, қала көшелерінің толық жөндеуден өткізілетінін де айтқан. Әттең... Үлгере алмады. Дұрысы, осындай тамаша жоспарларын жүзеге асырып, ел ризашылығына бөленуге оны үлгертпей, қызметінен алып тастады. Әйтпегенде ендігі... Лас-Вегаста жүрмесек те, Еуропаның кішігірім қалаларының бірінде жүргендей болар едік. Айтқандай, Ғабидолла Рахматоллаұлы алғаш әкім болып келген кезінде «Алға қойған мақсаттарымды жүзеге асыра алмасам, 5 жылдан кейін қызметімнен кетемін» деген де еді ғой. Сонымен, Ғ.Әбдірахымовтың осы және басқа да жобалары қаншалықты жүзеге асты? Айтқандары орындалды ма?

Мұндай сауал қойсақ, көпшілік «Айтқанының бірін де істеген жоқ. Құр ауызбен орақ орды» деп, Ғабекеңе қарсы тас ата бастауы мүмкін. Бірақ, мәселеге басқа жағынан қарап көрсек қалай болады? Ғабидолла Әбдірахымов Шымкент қаласына екі рет әкім болғанда небары 3 жыл 3 айдан сәл-ақ асатын уақыт қызмет етіпті. Алғашқысында – 2 жыл, 2 ай, соңғысында – 1 жыл, 1 ай. Ал енді осындай аз ғана уақытта соншама жұмысты атқарып тастау мүмкін бе? Қанша жерден тау қопаратындай күшің мен талабың болса да, құбылмалы әлем саясатына тәуелді нарық оған мүмкіндік бере ме? Біздіңше, Ғабидолла әкімнің ойға алған, қолға алған шаруаларын толық жүзеге асырып кетуіне уақыты жетпеген секілді. Ол, қалай болғанда да, цейтнотқа түсіп қалған шахматшының күйін кешті. Расында да 3 жыл, 3 ай соншама үлкен жобаларды жүзеге асыру үшін өте қысқа мерзім емес пе?! 

Мейлі, кетер әкім кетті. Ғабидолланың біраз уәдесі де өзімен бірге кетті. «Істеймін» деп бастап қойған шаруаларының көпшілігі тоқтап тұрған сияқты. «Істелінеді» деген жобаларының жалғасы бола ма, болмай ма, ол жағы да белгісіз. Жалпы, біздің елде, соның ішінде Шымкентте бір әкімнің бастап кеткен ісін екіншісінің жалғастырып әкете қоюы қиындау ғой. Жаңадан келгені міндетті түрде жаңа бірдеңе ойлап тапқысы келіп тұрады. Жаңа жобалар жасап, алдыңғысының бар шаруасын «тіпәй күйсін» қылғандарын да талай көргенбіз.

Шымкенттің әкімі болып Ерлан Айтаханов тағайындалғанда «Енді қалай болады, Ғабидолланың бастаған заманауи идеяларын бұл кісі жалғастырады ма?» деген сауалдарды көппен бірге біз де қойдық.  Сөйтсек, түйсігіміз онша алдамаған сыңайлы. Байқап жүрміз, алдыңғы әкімнің бастаған шаруаларын кейін келген Ерлан әкімнің «жалғастыра кетейін, сәті түссе, аяқтай салайын» дейтін ыңғайы онша байқалмайтын сияқты. Себебі, Ерлан Айтаханов пен оның командасы Ғабидолла Әбдірахымовтың кезінде басталған жобалардың аяқсыз қалмайтындығы жөнінде, не болмаса тоқтайтындығы туралы ләм-мим деп әліге дейін ауыз ашқан жоқ. Әйтпесе, бір жағына шығатындай-ақ уақыт болыпты. Ерлан Қуанышұлының Шымкентбасы болғанына да ендігі қырық күннен асып, елу күнге жақындап қалды. Күніне мың шақырым жүріп отырсаң, қырық күнде жерді бір айналып шығуға болады. Қырық күнде қырық рет ойланып, Ғабидоллалар бастаған бастамаларға жан бітіруге болатынын не болмайтынын анықтап үлгеріп, тас-түйін бір шешімге келуге, біздіңше, әбден болады. Ал, Ерекең бастаған команда болса, үнсіз. Бұл үнсіздіктің артында не тұрғанын Ерлан Айтаханов пен бір Құдайдың өзі біледі. Дегенмен, бүгін біздің көтеріп отырған тақырыбымыз қарапайым қала тұрғындарының аузында жүрген тақырып екенін айта кетейік. Біздің тілек – үлкен энтузиазммен басталған бастамалар аяқсыз қалмаса екен!

Дәурен ӘБДІРАМАНОВ.

Осы RSS каналға жазылу