Сәрсенбі, 13 Қыркүйек 2023 12:20

ШЫМКЕНТ:ЖЕКЕМЕНШІК МЕКТЕПТЕРДЕГІ ОҚУШЫЛАРДЫ ЫСТЫҚ ТАМАҚПЕН ҚАМТУ МӘСЕЛЕСІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Қала әкімі Ғ. Сыздықбековтің қатысуымен өткен арнайы жиында жеке мектептердегі оқушыларды ыстық тамақпен қамту мәселесі қарастырылды. Сондай-ақ қала прокуроры Ғ. Мұқанов пен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қала бойынша департаментінің басшысы Д.Ерғариннің қатысуымен өткен басқосуда ыстық тамақ беруді тиімді ұйымдастыру тетіктері мен осы бағыттағы өзекті мәселелер пысықталып, оңтайлы шешу жолдары талқыланды.

Биыл қалада 134 228 оқушыны ыстық тамақпен қамту қарастырылған болса, оның 80 мыңнан астамы -1-4 сынып оқушылары, 53 893 оқушы - атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасыларының балалары.

2022 жылы қала мектептерінде бастауыш мектеп оқушыларына түгел ыстық тамақ берілген болатын. Жалпы қамтылған оқушылар саны - 133 758. Бұл мақсатқа 12,8 млн.теңге жұмсалған.

Қала аумағында осы бағыттағы жұмыстардың жүйелі жүргізілуін бақылау мақсатында құқық қорғау органдары, білім саласы, ата-аналар комитеті өкілдерінен арнайы жұмыс тобы құрылған.

Келесі аптада жұмыс тобының қорытындысы арнайы жиында талқыланатын болады.

Айта кетейік, Шымкентте үш ауысымда білім беретін мектептер мәселесін 2023 жылы, ал орын тапшылығын 2025 жылға дейін толығымен шешу жоспарланған. Нәтижесінде қаламызда жекеменшік мектептердің үлесі артып келеді. 2022 жылы қолданысқа берілген 24 мектептің 20-сы жеке инвестор есебінен салынған еді. Шымкентте алдағы бес жылда қалада мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 12, ал жеке инвестор қаржысына 40 мектеп салынады деп жоспарланып отыр.

Оқылды 364 рет