Бейсенбі, 12 Қазан 2023 15:46

Сауранда облыстық кітапханашылар слеті өтті

Сауран ауданында «Farab» әмбебап ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен «Ақпараттық мәдениет – кітапханашы, оқырман, кітап» атты Түркістан облыстық кітапханашылар слеті өтті. Шараға Облыстық мәдениет және туризм басқармасының Тарихи-мәдени құндылықтарды қорғау бөлімінің маманы Нұрдәулет Сұлтанбек, «Farab» әмбебап ғылыми кітапханасының директоры Жанат Шардарбекова және 17 аудан-қаладағы кітапхана делегациялары қатысты.

Шараның ашылуында басқарма өкілі Нұрдәулет Келдібекұлы слеттің маңызына тоқталып өтті. Облыстық кітапхана басшысы Жанат Шардарбекова аталмыш шараға модератор болып, жалпы облыс кітапханалары туралы, сонымен қатар ондағы күрделі мәселелер мен даму жағдайы туралы атап өтті. Сондай-ақ кітапханашының қоғамдағы орны мен беделіне тоқталды.

Шара барысында түрлі тақырыпта аудан-қаладан келген өкілдері баяндама жасап, атқарылған жұмыстар тыңдалды. Сонымен қатар алдағы жоспарлар таныстырылды. Келелі мәселелер қозғалып, ұсыныстар берілді. Тренинг негізінде ойындар ойнатылды. Кітапхана басшысы негізгі жиыннан соң бірқатар кітапханашыларға алғыс хат табыстады. Шарадан соң слетқа қатысушыларға “Укаша ата” кесенесіне зиярат ұйымдастырылып, ас берілді.

Сондай-ақ, таяуда Түркістанда «Ашық әкімдіктегі ашық кітапхана» жобасы аясында жылжымалы кітап пункті ашылды. Іс-шараға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев, мемлекеттік қызметшілер мен кітапханашылар қатысты. Аталған жобаның мақсаты билік пен халық арасындағы байланысқа руханият арқылы дәнекер болу, халықтың кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, мемлекеттік қызметшілердің кітапхана қорындағы кітаптарға қолжетімділігін қалыптастыру.

Кәсіби маман болып, біліктілігін үздіксіз арттыруға тырысатын әр адам өзін дамытуға уақыт пен мүмкіндік таба алуы керек. Ал, адамды тәрбиелейтін бірден бір құрал ол - кітап. Қоғам алдында белгілі бір міндеттемелері бар, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуден бастап халықаралық қатынастарға дейінгі салаларда мемлекеттік саясатты айқындайтын және оны іске асыратын мемлекеттік қызметшілер үшін бұл өте қажет.

– «Ашық әкімдікке» көптеген адам келіп, өз мәселесі мен өтінішін айтады. Тек қызметтік емес, мәдени-рухани бағыттағы жұмыстарды жүргізуге де лайықталған орын болады деп ойлаймын. Бастаманы жүзеге асырған «Фараб» кітапханасы ұжымына алғысымды білдіремін. Мұнда мемлекеттік қызметшілер, «Ашық әкімдікке» өтініш айтып келушілер мен сол аумақтағы тұрғындарға қызмет көрсетіледі. Азаматтар тұрақты түрде қалаған кітабын оқиды. Сондай-ақ қандай кітап қажет екенін жазып, қалдыра алады. Облыс басшысы Дархан Амангелдіұлы бұл бастаманы қолдап, мемлекеттік қызметшілерге жігер, тәжірибе беретін, іскерлікті арттырып, мемлекеттік басқару ісінде білім жетілдіретін кітап тізімін жасауды тапсырды. Ол бағытта арнайы қаражат қаралуда. Осындай кітап бұрыштары аудан, қала әкімдіктерінде де ашылғаны жөн. Ғаламтор әрине жақсы, бірақ дәстүрлі кітап оқу үрдісін сақтап, жайлы орта қалыптастыруымыз қажет. Бастама өміршең болсын, сәттілік тілеймін, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Жылжымалы кітап пункті екі бөлімнен тұрады. Бірінші бағыт «Ашық қор» деп аталады. Ал соның жанындағы «Негізгі қор» бөлмесінде оқырманның кітап оқуы үшін оқу жағдай жасалған. Сондай-ақ кітапханаға келушілер үшін ақылы негізде сусын мен кофе ішетін орын да қарастырылған. «Ашық әкімдік» кеңсесінің ішінен ашылған кітап сөресінде қазіргі таңда 1000-ға жуық кітап қоры жасақталды. Оның ішінде әр түрлі бағытта, атап айтқанда мотивациялық, көркем әдебиет, психологиялық, тарих, дінтану тақырыбындағы кітаптар және мерзімді басылымдар бар. Жергілікті шебер Жанболат Сүйімбайдың қолынан шыққан, ешкінің терісінен жасалған бұйымда Абайдың «Қара сөздері» жазылған.

Сондай-ақ кітапхана қызметкерлері пергамент қағазынан әзірлеген «Диуани хикметтің» көшірмесі ұсынылған. Көне Күлтегін жазбасының да үлгісін осы жерден көруге болады. Қауырсын үлгісіндегі кітап стеллажы да көз тартады. Сонымен қатар оқырман сұранысына қарай қажетті кітаптарды облыстық кітапханадан қысқа мерзімде жеткізу мүмкіндігі қарастырылған. Бұл туралы «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының директоры Жанат Шардарбекова баяндады.

Мұндай кітапханалар Түркістан облысындағы аудандарда да ашылып жатыр. Мәселен, Отырар, Созақ, Мақтаарал, Түлкібас аудандары мен Түркістан қаласында да ашылып, оқырмандармен жұмыс істелінуде. Жалпы облыстағы 396 кітапханаға биыл жыл басынан бері 40 мыңға жуық кітап алынған. Әлі де қажетті кітаптармен толықтыру жоспарлануда. Аталған жоба мақсаты билік пен халық арасындағы байланысқа руханият арқылы дәнекер болу, халықтың кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, мемлекеттік қызметшілердің кітапхана қорындағы кітаптарға қолжетімділігін арттыру болып отыр.

Жалпы, облыста кітапханаларда кітап қорын арттыру, оқырмандардың қатарын көбейту мақсатында көптеген іс-шаралар ұйымдастырылып жүр. Мәселен, жыл басында Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасында Түркістан облыстық мәдениет басқармасының ұйымдастыруымен «Кітап Travel – 2023» акциясы өтті. Шараның ашылу салтанатына Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев және зиялы қауым өкілдері мен сала қызметкерлері қатысқан болатын.

Өңірлік кітапханалардың қызмет көрсету бағытында озық идеяларды анықтау мақсатындағы акция шымылдығын Түркістан қалалық орталықтандырылған кітапхана жүйесі ашты. «Шежірелі өлкеден – рухани темірқазыққа» атты шарада «Көркем мінез көркем әдебиеттен» тақырыбымен өңірлік кітапханалардың таңдауымен 5 кітаптан инсталляциялық кітап көрмесі өткізілді. Жыл соңына дейін жоспарланған акция екі бөлімнен тұрады. «Тарихтан жеткен аманат» тақырыбында аудандық кітапханалар электронды сандық сирек қорды ұлғайту бойынша «Фараб» кітапханасына сирек қор жинақтап, сандық форматтағы және түпнұсқа қолжазбалар түріндегі сирек қорын көбейтуге қолдау көрсету үшін белгіленген кестеге сай облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасында бас қосады.

– Бұл акция арқылы кітапхананың кітаптар қорын 20 мыңға жеткізу жоспарланып отыр. Ауыл кітапханаларына көңіл бөлінеді. Түркістан облысында танымал қаламгерлер, ақын-жазушылар, баспагерлер, бұдан бөлек Түркістан өңірінен шыққан беделді қаламгерлер мен баспагерлер жеткілікті. Осындай акцияларды біз өңірімізде ғана емес, арнайы уақыт бөліп басқа да өңірлерге шықсақ, қаламгер ағаларды арнайы шақырып, үйлеріндегі том-том кітаптарды кітапхана қорына сыйға тарту мәселесін қарастырған жөн. Сақтаулы тұрған кітаптардың игілігін халыққа арнауымыз керек, – деген Бейсен Тәжібаев кітапхана қорына 100 кітапты сыйға тартқан болатын.

Белгілі ғалым, дінтанушы Досай Кенжетайұлы жақында ғана жарық көрген «Ясауи антологиясы» атты 9 томдық кітабы мен өз кітапхана қорындағы 80 кітапты сыйлады. Ал Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Күзембаев сирек кездесетін жазба мен кітапты тарту етті. Облыстық мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев биыл өңірдегі кітап саласына ерекше көңіл бөлінетінін тілге тиек етті. Сондай-ақ өткен жылдың қорытындысы бойынша «Ең үздік аудандық кітапхана» (Келес ауданы) мен «Ең үздік ауылдық кітапхана» (Түлкібас ауданы, Жабағылы ауылы) номинациясын жеңіп алған кітапхана басшыларын облыс әкімі Дархан Сатыбалдының Алғыс хатымен марапаттап, арнайы сый-сыяпат табыс етті. Айта кетейік, кітап жанашырларының аталған акцияға қатысуларына толық мүмкіндік бар. Акция жыл көлемінде жалғасады. Мақсат етілген 20 мың кітапты жинап, 17 аудан, қалаға өз деңгейінде көпшіліктің оқуы үшін бөліп беру жоспарлануда.

Кітапхана дүниеде ештеңе теңестірілмейтін білім бұлағының көзі, ғасырдан-ғасырға адамзат тарихының керуенін сүріндірмей әкеле жатқан шырағы биік, парасаттылық пен білімділіктің, біліктіліктің киелі ордасы. Кітапхана оқырман үшін үлкен тәрбие мектебі, сансыз сұрақтардың жауабын табуға болатын сиқырлы да киелі орда.

Кітап – уақыт пен кеңістіктің тынысына толы адамзат ойының жемісі, қоғамның мәдени күштерін дамытудың қуатты құралы, қайнар бұлағы. Мәдениет пен өнер ұлы болмайынша, ұлт ұлы болмайды дегендей, егеменді мемлекетіміздің болашағы жастардың мәдени танымдық қабілетін қалыптастыратын мәдени ортаның бірі кітапхана болып табылатынын бүгінде білмейтін адам кемде-кем. Қызығы мен қиындығы мол кітапханашы мамандығы туралы бір-ақ ауыз сөзбен жеткізу мүмкін емес, жұрт көп біле бермейтін, көп елене бермейтін, бірақ дүйім оқырманның кітап жайлы бағыт-бағдар алуы үшін жан-тәнімен беріліп қызмет атқарып жатқан кітапханашылардың еңбегі ұшан-теңіз. Қасиетті қазынамызды көздің қарашы­ғындай сақтап, насихаттап, ел игілігіне жаратып жүрген кітапханашылар – ең қажет, абыройлы мамандық иелері.

Кітапханашылар білім, ғылым, өнер мен мәдениеттің дамуы­на өлшеусіз үлес қосып, өркениетті елге айналуымыздың негізін қалауда. Эстетикалық талғамы бай, ойы зерек, қиялы жүйрік, өзінің кәсіби шеберлігін шыңдаған, оқырмандарға білім мен қажетті ақпараттың тиімдісін демдеп беріп отырған, ой-өрісі кең, жан-жақты, білімді, парасатты кітапханашылардың орны өзінше бір бөлек. Кітапхана саласы ақпарат және білім орталығы ретінде, ақпаратты беру мен табу, іздестіру жолдарын білуде кітапханашы мамандар бірінші кезекте, жоғары ақпаратты біліммен қаруланған, өз ісінің шебері, әмбебап маман болу керек. Кітапханашының жұмысы жаңалыққа құмарлықтан басталады.

Сан түрлі мамандықтар бар, бірақ кітапханашы мамандығы өзінің өте қызықты да, тартым­дылығымен ерекшеленеді. Себебі күн сайын жаңалыққа толы сәттер, яғни жаңа келген газет, журналдар, жаңа кітаптар және күн сайын келіп кітап алып жатқан оқырмандар, оқытушылар, қызметкерлер легі толастамайды. Жүсіпбек Аймауытов: «Мамандықтың жаманы жоқ, бірақ мұның кез келгеніне икемділік қажет, бұл – жай күнелту, тамақ асыраудың ғана жолы емес, үлкен өнерді, зор шеберлікті қажет ететін нәрсе» дейді. Кітапханашының еңбегі қоғам мен мемлекеттің дамып, өркендеуіне өте қажет әрі маңызды мамандық екендігін ешкім жоққа шығара алмайды.

 

Оқылды 86 рет