Дүйсенбі, 15 Сәуір 2024 10:41

Түркістан облысы «Жайлы мектеп» жобасын үйлестіруде көш бастап тұр

Түркістан облысында 2023-2025 жылдары «Жайлы мектеп» жобасы аясында 63 мектептің құрылысы жүргізіледі. Мектептердің жобалық қуаттылығы – 49 000 орын, 2024 жылы – 29 мектеп, 2025 жылы – 34 мектеп пайдалануға беріледі. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды аталған жоба аясындағы жұмыстарды саралау үшін «Samruk-Kazyna Construction» АҚ-ның Басқарма Төрағасы Мәулен Айманбетовпен кездесті. Құрылыс барысындағы мәселелерді талқылап, өзара пікір алмасты.

Бүгінде мектептерді инженерлік инфрақұрылыммен, су, электр, жылу желілері, кәріз жүйелері, кірме жолдар, интернет желілері, қоғамдық көліктермен қамтамасыз ету шаралары қабылданып, инфрақұрылым жоспары бекітілді. Түркістан облысында демографиялық өсімнің жоғары болуына байланысты оқушы орындарының тапшылығы сезілуде. Сондықтан «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында ең көп оқу ошағы осы өлкеде тұрғызылады.

Бекітілген кестеге сай 29 оқу ұясы биыл қолданысқа берілмек, олардың 19-ы есіктерін қыркүйектің бірінде айқара ашпақ. Жобаны жүзеге асырудың екінші кезеңінде, яғни 2025 жылы тағы 34 мектеп халық игілігіне тапсырылады.

Жиын барысында өңірдегі мердігерлердің қарқыны сөз болды. Мәселен, 2 мектептің құрылысына жауапты жергілікті «Ar Kua Group» ЖШС кестеден қалып барады. Шаруа қарқынын тапсырыс беруші «Samruk-Kazyna Construction» компаниясынан бөлек, жергілікті атқарушы органдар да өз бақылауына алмақ. Бұл ретте тараптардың қатысуымен апта сайын жиналыс өткізу жоспарда бар.

Пилоттық жобаның өңірде жүзеге асуын Түркістан облысының әкімі жеке бақылауына алған. Жұмыс өте қарқынды. Жергілікті әкімдік инженерлік желілерді жайлы мектептердің жер учаскесіне тарту бойынша жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеп, мемлекеттік сараптамадан оң қорытындысын да алып қойған. Түркістан өңірі осындай ауқымда құжат әзірлеген жалғыз өңір. Бұл биыл салынуы тиіс 29 мектептің уақытылы тапсырылатынына күмән келтірмейді.

«Samruk-Kazyna Construction» басшысы болашақ білім ошақтарын инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен уақытылы қамтудың маңыздылығына тоқталды. Сондықтан газ, су, жарық, жылу мен интернетті тартып, учаскенің 4 жағынан жол салу барысында мәселе туындаған жағдайда бірден шешу қажеттігін атап өтті.

2025 жылы қолданысқа тапсырылуы тиіс білім ұяларына арналған жер учаскелерін бөлу бойынша сұрақ та назардан тыс қалмауы тиіс. Жоғарыда аталғандай, 2024-2025 жылдары облыста тағы 34 жайлы мектептің құрылысы жоспарланған. Бүгінде 30 учаске бөлінген, ал 4-еуі бойынша жұмыс жүруде. Дархан Сатыбалды жауапты басшыларға мәселелерді шешіп, жер телімдерін реттеуді тапсырды.

Облыс әкімі Президент жүктеген тапсырманы жергілікті жерде орындау үшін әкімдіктің жұмыла жұмыс істейтінін жеткізді. Осы жобаны жүзеге асыру бойынша арнайы штаб құрылып, жоспар бекітілген. Жуырда Дархан Сатыбалды жайлы мектептердің құрылысы мен жабдықтауына жауапты компаниялардың басын қосып, ауқымды жиын өткізбек. Мәселе тұрақты бақылауға алынған.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында білім беру жүйесін одан әрі дамыту және мұғалімдерді қолдау мәселелеріне ерекше көңіл бөлу қажеттігін атаған еді. Артынша мемлекет басшысы үш ауысымды және апатты мектептердің тапшылығын шешу үшін «Жайлы мектеп» жаңа ұлттық жобасын қабылдауды тапсырды.

Сонымен қатар, жаңа мектептер ең заманауи құрал-жабдықтармен, қажетті оқу кабинеттерімен, спорт залдарымен жабдықталуы тиіс. Бастауыш және орта сыныптарды жеке асханалары, жуынатын бөлмелері, спорт залдары бар бөлек блоктарда оқыту ұсынылады.

Осылайша «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы шеңберінде биыл 217 мектептің құрылысы басталып кетті. Ұлттық жоба аясында апатты мектептерді, үш ауысымда оқытуды және тапшылықты жою үшін 401 жайлы мектеп салынатындығы айтылған. Сондай-ақ 2024 жылы 226, ал қалған 175 мектеп 2025 жылдың соңына дейін ашылады деп жоспарланып отыр. 

Отандық өндірушілер мектептерді құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуге дайын. Мысалы, барлық 401 мектептің жиһазына деген қажеттілік 1,5 миллион бірлікті құрайды. Отандық тауар өндірушілер бұл көлемді 100%, тіпті одан да көп қамтуы мүмкін. Егер олар бірдеңе істей алмаса, кепілді сатылыммен олар оны өндіру үшін қосымша жабдықты сатып алуға дайын.

Жобаның жалпы бюджеті – 2,6 трлн теңге. Оның 1 трлн 960 млрд теңгесі респуб­ликалық бюджеттен, 646,5 млрд теңгесі Ұлттық қордан бөлінеді. Биыл 499,9 млрд теңгені, 2024 жылы – 1 трлн 038,3 млрд теңгені, 2025 жылы 1 трлн 068,2 млрд теңгені игеру жоспарланып отыр. Бұл ретте бөлінген қаржының 2 трлн 36 млрд теңгесі мектептердің құрылысына, ал 243 млрд теңгесі пайдалануға берілген білім ордаларын күтіп ұстауға жұмсалады.

Жаңа мектептер 300, 600, 900, 1 200, 1 500, 2 000 немесе 2 500 орын­дық деп белгіленген жеті түрлі нұс­қаның біріне сай салынуы қажет. Олардың әрқайсысында роботтехника кабинеті, бірнеше зертхана, ауданы 88 шаршы метр болатын хореография залы, үш коворкинг алаңы (бастауыш сынып оқушылары, орта сыныптар және мұғалімдер үшін) болуы керек. Сондай-ақ мектептерде бастауыш сыныптары (9х18м) мен орта буын, жоғарғы сынып оқушыларына (36х18м) бөлек спорт залдары болады. Әр сыныпта интерактивті тақта және мұғалімге арналған компьютер қойылады. Жаңа мектептерде ерекше балалар үшін кедергісіз орта құрылуы керек: арнайы пандустар, лифтілер, дәретханалар, инклюзивті білім беру бөлмесі дайындалады. Сонымен қатар интерьер дизайнының бірқатар элементі мен архитектуралық шешімдері ұлттық нақышта жасалуға тиіс.

Құрылыс кезінде жалпы жағдайды бақылайтын ақпараттық цифрлы плат­форма жұмыс істейтін болады. Ақпараттық жүйе алғаш рет осындай ірі ұлттық жобада қолданылмақ. Электронды жүйе құрылыстың бар­лық кезеңін ашық бақылауға мүмкін­дік береді. Жүйенің ерекшелігі – тап­сырыс беруші, құрылысшылар, әкім­діктердің бірнеше басқармасы, ми­нистрліктер, техникалық бақылау сарап­шылары және басқалары бір­лесіп жұмыс істеп, бірге тапсырма беріп, оны бақылап, мәселе туындаса сол бойда бюрократиясыз, уақтылы шешіп отырады.

Айтақшы, мердігер компанияларға қойылатын талап та қатаң. Бұл жобаға кеше ашылып, бүгін майлы жіліктің басын ұстап отыратын бір күндік фирмалар қатыса алмайды. Компанияның бірінші санатты лицензия бойынша жұмыс тәжірибесі 10 жылды, екінші санатты лицензия бойынша – 5 жылды, үшінші санатты лицензия бойынша 3 жылды құрауға тиіс. Сонымен қатар соңғы бес жыл ішінде төленген салық сомасы да ескеріледі. Ережелер жергілікті компанияларға жеңілдіктер ұсынатынын да айта кетейік.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 44 рет