Бейсенбі, 16 Мамыр 2024 23:14

Сауран: Ибата ауылының оқушыларына ұлтаралық тұрақтылық және ағымдардың алдын алу тақырыбында түсіндірме жұмыстары жүргізілді

Сауран ауданы, Жаңа Иқан ауылдық округі, Ибата елді мекенінің Жаңа Иқан, Дарын KZ жеке меншік мектебі және Ұлықбек атындағы негізгі білім беретін мектебінің жоғары сынып оқушыларымен «Ұлтаралық тұрақтылық және ағымдардың алдын-алу» тақырыбында кездесу өтті.

Кездесуге Сауран ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің бас маманы М.Құлымбетов, «Қоғамдық келісім» КММ-нің Сауран аудандық филиалының маманы Н.Оспанов және «Жаңа Иқан Өзбек этномәдени орталығының» төрағасы және мұғалімдер, оқушылар қатысты.

Еліміздің дамуы жас ұрпақтардың қолында десек, демек жастарымыз сауатты, дені сау болып өсуі керек. Мектептерден білім нәрін алып сусындауы қажет. Сонымен қатар жастар әлеуметтік желілерден діни уағыздар тыңдайды. Сол кезде көптеген мәселелер туындауы мүмкін. Себебі дінді дұрыс түсінбеу адасушылыққа әкеледі.

Асыра діни фанатизм болу, дінді дұрыс түсінбеу бұл қоғам тыныштығы үшін кесірін тигізетін дүниелер. Дінді елімізде рұқсат етілген ұстаздардан, мешіт имамдарынан ғана сұрау, білу, үйрену қажет. Осындай адасушылыққа ұрынбау үшін діни қажетті ақпаратты сенімді ақпарат көздерінен алу керек. Түсіндірме жұмыстары барысында мамандар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берілді.

Бір шаңырақтың астында ұзақ жылдар бойы 140-қа жуық ұлт пен ұлысты, қырық түрлі дінді уағыздайтын үш мыңға жуық діни бірлестіктерді тату-тәтті ұстап отыру оңай емес. Алайда, еліміз қанша уақыттан бері шашау шығармай, достық пен бірлікті ту етіп, ортақ мүддеге жұмылдырып, олардың ортақ Отаны бола алып отыр. Егер кезінде еліміздің құрамы көпэтносты және көпконфессиялы болуына байланысты күмәнді болжамдар айтылып, сонау Тәуелсіздік алып, еліміз енді аяғынан тұра бастаған тұста сарапшылардың «Қазақстанды қақтығысқа қолайлы, яғни, конфликт қаупі жоғары аймаққа жатқызғанын» ескерсек, мұның қаншалықты қиын шаруа екенін түсінеміз. Алайда, тәуба! Тәуелсіздік алған кезеңнен бастап, күні бүгінге дейін еліміз мемлекет үшін ең маңызды ұлтаралық татулықты, конфессияаралық келісімді, өзара түсіністік пен тұрақтылықты, достықты өзіндік ұстаным етіп өмір сүруде.

Мемлекет басшысы өзінің баяндамаларының барлығында әрқашан да елдегі ұлтаралық және конфессияаралық тұрақтылықты сақтап қалудың маңыздылығын айрықша атап өтіп отырады. Сондықтан, елдік ұстанымға сай, еліміздегі барлық этностар арасында достық қатынас орнатып, олардың ауызбіршілікте өмір сүруі және әртүрлі діндер арасында өзара түсіністіктің орнауы берік қамтамасыз етіледі. Нәтижесінде, бүгінде елімізде этносаралық тату-тәтті қарым-қатынас пен қоғамдық келісімнің қазақстандық өзіндік үлгісі қалыптасқан. Бұл қазақстандық үлгінің астарында «алуан түрлілік арқылы тұтастыққа» деген халқымызды біртұтастыққа шақырушы ұстаным жатыр. Бұл ұстанымның еліміз үшін бағасы қашанда қымбат болған! Және алдағы уақытта да қымбат бола береді. Өйткені, елдік ұстаным осы!

Осы орайда атап өтер жайт, еліміздегі барлық этностардың өздерінің ұлттық тілі мен әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін, мәдениетін дамытуға деген ұмтылысын, ынтасын байқап, еліміз барлық қажетті жағдайлармен қамтамасыз етіп қана қоймай, ұдайы қолдап отырады. Елбасының елімізде нәсiлдiк, этникалық, тiлдiк, дiни және өзге де белгiлерiне байланысты кемсітуге жол бермеy туралы нақты ұстанымын да айта кеткен жөн. Бұл бағытта елімізде бірде бір заң жоқ. Яғни, еліміздегі барша ұлттың баласы теңдікте өмір сүріп жатыр деуге болады. 

Сонау аласапыран жылдары елімізге мыңдаған саяси тұтқындар келіп, қоныстанды. Бүгінде қазақ жерін мекен етіп отырған ұлттардың қай-қайсысы да кезінде елімізге жетіскеннен келмеген. Оларды сол кездегі саясат еркіне қарамай қоныс аудартты. Алайда, жарты бидайды бөліп жеген қонақжай қазақ халқының кең пейілінің арқасында олар естерін жинап, етектерін жапқан. Мұны сол кезде елімізге табан тіреген, көз көрген көнекөздердің барлығы да ашық айтады, алғысын жаудырып отырады. Қиыр Шығыс, Күнгей Кавказ, Солтүстік Кавказ, Қырым, Еділ арнасынан және өзге де елдерден жаппай жер аударулардың арқасында елімізге келген өзге ұлт өкілдері бүгінде өсіп, өніп отыр. Тіпті олардың бүгінгі ұрпақтары қазақ тілінде ана тіліндей сайрайды. Қазақстанның кең-байтақ жерін игеру, тың және тыңайған жерлерге түрен салуға қатысты ұрандатқан жылдары мыңдаған жастар Қазақстанда өз жаңа Отандарын тапты. Қандай мақсатта болмасын, елімізге табаны тиген өзге ұлт өкілдерін халқымыз ерекше жылылықпен және кең пейіл мінезімен қарсы алғандарын еске сала кету қажет.Мұны олардың өздері де сан қайтара айтып жүр.

Ең бастысы, біз Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары елімізді мекен еткен барлық халықтың арасындағы этникааралық келісімді, дінаралық ауызбіршілікті сақтай алдық. Елімізде мұндай деңгейде тұрақтылықты сақтау мемлекетіміздің негізгі бағыттарының біріне айналды десек те болады. Соның ішінде елімізде Ассамблеяның құрылуы ұлтаралық жағдайдың дұрысталyына айтарлықтай үлес қосты. Бұл консультативтік кеңесші органның арқасында этносаралық және конфессияаралық келiсiмнiң стратегиялық бағдарламасы жүзеге асты. Бұл осындай мәселелерге ықпал ететін бірден бір орган болып саналды.

Осы орайда айта кетер жайт, Қазақстанда ұлтаралық жағдайлардың дұрыс шешілуінің арқасында ұлтаралық жанжалдар мен қақтығыстар жоқтың қасы. Осының арқасында Қазақстан әлемнің басқа мемлекеттері үшін ұлтаралық келісімнің, тұрақты дамудың үлгісі бола алды. Осынау береке-бірлігімізді мақтанышпен айтып, ұлттар мен диаспоралары осындай келісімде, түсіністікте өмір сүріп жатқан бірде бір ел жоқ деп айта аламыз.

Сонымен қатар, дүниежүзіне этносаралық толеранттылық пен қоғамдық келісімнің қазақстандық моделін паш ету, мемлекет пен саяси элитаны біріктірген Ассамблея құру, ел ауызбірлігі үшін ең қажетті құндылықтарды қалыптастыру еліміздің дамуының негізі болып табылады. Ұлтаралық келісім де үнемі мемлекеттік саясатымыздың негізі болып келеді.

Ендігі жерде жат ағымдардың жасөспірімдер мен жастарды әлеуметтік желілерді пайдалана отырып, қалай арбайтындығы туралы аз-кем айта кетсек. Бүгіндері ғаламтордың жетістігі мен қолжетімділігін дәстүрлі емес діни ағымдар өз пайдаларына қолдануда. Экстремистік және террористік ұйымдардың халыққа ақпарат арқылы әсер етуді кеңінен қолдануы олардың қызметінің ажырамас бөлігіне айналды. Ең алдымен экстремистік және террористік ұйымдар ғаламторды желі қолданушылардың әлі қалыптасып үлгермеген санасына ықпал ету үшін қолданады. Яғни, олардың негізгі нысанасы әлеуметтік жағдайы мен дүниеге деген көзқарасы толық қалыптаспаған топтар болып табылады.

Діни сауаты таяз адамдардың діни ақпаратты ғаламтордан іздейтіндігі белгілі. Ал, мұндай адамның ақпарат тарату мәселесінде өте белсенді жұмыс жүргізетін радикалды ұйымдардың қармағына ілінуі әбден мүмкін. Теріс пиғылды ағымдардың кейбір сайттары халықты экстремистік немесе террористік әрекеттерге шақыруды насихаттамауы мүмкін. Олар исламға арналған ақпарттық портал ретінде жұмыс жүргізеді. Алайда, олар шын мәнінде халықтың дәстүрлі діни ұстанымдарын ыдыратып, мұсылмандар арасына жік салып, дінді іштей бөлшектеуді көздеуі мүмкін. Мысалы, оларда парыздарды (намаз, ораза) орындамағандар кәпірге баланып, дәстүрлі ханафи мәзһабына қайшы ақпараттар беріледі. Ал, діни сауаты жеткіліксіз ізденуші мұндай сайттардағы дін тақырыбындағы барлық мәліметтер мен деректерді сол қалпында қабылдап, санасына сіңіреді. Экстремистік және террористік ұйымдар жеке веб-сайттарын құрумен қатар порталдардағы, әлеуметтік желілердегі форумдарда да жұмыс жүргізеді. Бүгінгі таңда әлеуметтік желілер бүкіләлемдік ғаламтордағы ең танымал қызмет түрі болып отыр, статистика бойынша әлеуметтік желілерді ғаламтор қолданушыларының 90%-ы қолданады.

Діни радикализм мен экстремизм идеологиясы қоғам санасына ғаламтор кеңістігі мен заманауи электрондық бағдарламалық қосымшалар, жаһандық ақпараттық-коммуникациялық желілер арқылы ақпараттық-психологиялық әсер ету арқылы енуде. Соның салдарынан азаматтардың отансүйгіштік сезімі мен төзімділік принциптері, құндылықтық бағыттары мен этикалық нормалары өзгеріске ұшырап, отбасына іріткі салу, қоғамның жікке бөлінуі қаупі туындауда.

Радикалды экстремистік идеологиялардың ықпалындағы діни ағым өкілдері қоғам мен мемлекетке қарсы зорлық-зомбылық актілерін ұйымдастыру мен ұшқары әрекеттерді жүзеге асыруға дайын болатыны белгілі. Оған әлемнің әр жерінде орын алып отырған радикалды діни ағымдар өкілдерінің қылмыстық іске баруы және лаңкестік әрекеттері дәлел. Қоғамда радикалды діни идеялар туралы жүйелі және жоспарлы түрде ақпарат тарату террористтер мен экстремистер өз қатарларына жаңа мүше тарту мақсатына бағытталған. Бұл әрекеттер әсіресе жастарға бағытталғаны да жасырын емес.

Діни тақырыптар бойынша ғаламтордың отандық сегментіндегі қауымдастықтарының саны мен ерекшелігі туралы айтатын болсақ, «Вконтакте» және «Facebook» секілді әлеуметтік желілердегі ең белсенді қоғамдастықтар шамамен 70%-ы дәстүрлі емес ислам  идеологиясына қатысты екен. YouTube, Facebook, Instagram, TikTok, Вконтакте, Twitter, Telegram сияқты әлеуметтік желілердің пайдаланушылардың арасында да әлеуметтік желілер мен медиа порталдар арқылы мемлекеттік жүйені құлатуға тікелей және жасырын шақыру, қолданыстағы заңдарды, зайырлы этика мен мораль нормаларын мойындамау фактілері де кездеседі. Сондықтан діни мәліметті, қажетті пәтуәні іздеген әрбір азамат шетелдік ғаламтор сайттарын пайдаланбай, өз еліміздегі kazislam.kz, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ресми сайты muftyat.kz және онымен серіктес fatua.kz, azan.kz, muslim.kz, ummet.kz және т.б. секілді еліміздегі сенімді сайттарға жүгінгені жөн.

Оқылды 110 рет