Байқау мақсаты: Білім алушыларды туған халқының тілін қастерлейтін саналы да парасатты азамат етіп, патриоттық рухта тәрбиелеу. Байқаудың міндеттері: Білім алушыларға Алишер Науаи шығармаларында өз орнын тапқан ұлттық және жалпы адамгершілік қадірін үндеу арқылы өз отанын бірлігін қамтамасыз ету.
Халықтар Достығы, ұлт аралық татулық идеяларын сіңдіру, білім алушыларды өзбек тілі және әдебиеті, түркі халықтар мәдениетіне қызығушылығын арттыру.
I тур.
1. Берілген тақырыптар бойынша эссе жазу (тақырыптар қосымша беріледі)
2. Әдеби тіл нормалары бойынша біліктілігі: конвертке салынған тапсырмаларды орындау;
II тур
Науаи өлеңдерін мәнерлеп оқу;
III тур
"Хамса" шығармасы бойынша сахналық қойылым қою.
IV тур
Науаи өмірбаянынан шығармашылық сұрақ жауаптар.
Байқау қорытындысы бойынша Науаи атындағы жалпы білім беретін мектебінің оқушысы Рустабекова Севинч және Хамза атындағы жалпы білім беретін мектебінің 10-сынып оқушысы Азамхан Индира бас жүлдеге иеленіп, облысқа жолдама алды.
Шығыстың ұлы шайырлары қазақ даласына ежелден мәлім болған. Көне араб әліпбиімен жазылған кітаптар, кезінде саудагерлер арқылы қазақ даласына көп тараған. Шығыс ақындарының әсерімен жазылған қазақтың лиро-эпостық дастандары да аз болмаған. «Қыз Жібек пен Төлеген», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырларының дүниеге келуіне шығыстың ұлы ақындарының әсері болуы әбден мүмкін.
Қазақта Әлішер Науаидың есімін ерекше құрметпен атап, 1857 жылы Шоқан Уәлиханов жазған болатын. Ұлы шайырдың бес дастаннан тұратын «Хамсасының» қанша ғасыр өтсе де ажары мен көркемдік әлемі еш солғын тартқан емес. Қайта уақыт өткен сайын жарқырап, құпия қырлары ашыла түскендей әсер етеді. Өзінен бұрын парсы тілінде «Хамсаның» алтын күмбезін тұрғызған Низами мен Дехлевиден соң әдебиет тарихында осындай ғажайып көркем ғимарат соққан бірден-бір шайыр – Әлішер Науаи. «Ескендір қорғаны» дастанының соңғы жағында:
«Бес кітап – бес қазына асыл маржан,
Көшеді ғасырларға ғасырлардан», –
деп өзінің мұраларының келешегіне нық сеніммен қарауы, мақтанышпен мәлімдеме жасауы әбден заңды.
Әлішер Науаи «Хамсасының» түркітілдес халықтар үшін аса құнды әрі қадірлі болатынының басты себебі – оның түркі тілінде жазылуында. Мұны кемеңгердің өзі де терең сезінген. Сондықтан дана шайыр:
«Жан-жаққа көз жіберіп жалтақтадым,
Түркіден мұндай асыл мен таппадым», –
дейді. Дастан Ескендірдің өмір-тарихының желісімен жазылған. Бұдан ақынның жан-жақты жетілген, Абай айтқандай, толық адам тәрбиелеу мұратына айрықша мән бергені көрінеді. Мынау әлемде қан төгіліп, мемлекеттер қырқысып жатқан заманда билік тізгінін ұстаған патшалар үшін «Ескендір қорғаны» дастанының мәні зор. Ақынның бұл шығармасы зұлымдықты түбінде парасат жеңетіндігінің айқын айғағы. Науаи шығармаларымен Абай жасынан таныс болған. Семейде Ахмед Риза медресесінде оқып жүрген шәкірт шағында қазақтың болашақ ұлы ақыны шығыс шайырларына:
«Физули, Шәмси, Сәйхали,
Науаи, Сағди, Фирдауси,
Хожа Хафиз – бу Һәммәси
Медет бер я шағири фәрияд», –
деп сыйынған.
Абайдың шығыс ұлыларына бұлай сыйынуы тегіннен-тегін емес. Демек шығыс ақындарын Абай заманында қазақ даласы өте жақсы білген деген сөз.
Шығыстың ұлы шайырларының бәрі «Хамсаны» жарыса жазғаны өздеріңізге мәлім. Мысалы, Низамидің «Жеті сұлу» дастанының «Турандот ханшасы» деген саласын неміс ақыны Гете жырласа, орта Азияға кең тараған «Ләйлі Мәжнүн», «Хұсрау – Шырын» дастанын 1383 жылы Сарай Беркедегі қыпшақ ақыны Құтып толғаса, Низами сюжеттерінің негізінде Хұсрау, Науаи, Жамилер қайта жырлаған. Низами бұл сюжеттерді шығыс ертегілерінен алған. Бұл әдісті Абай да, Шәкәрім де пайдаланған.
Абайдың атақты «Ескендір» поэмасы Науаи әсерімен жазылған. Шәкәрім де «Ләйлі-Мәжнүнді» қайта жырлағанда Әлішер Науаи «Хамсасынан» мол сусындағаны көрініп тұр. Әлішер Науаи жырларын қазақ тіліне аудару мәселесі кеңес заманында қолға алынды. Одан бұрынғы кезеңде қазақ даласы Науаи шығармаларымен араб әліпбиінде көне өзбек, яғни шағатай тілінде шыққан кітаптар арқылы таныс болғанын жоғарыда айттық. Қазақ жазуы кириллицаға көшкен кезеңде кейінгі ұрпаққа көне кітаптарды оқу мүмкін болмай қалды.
Әлішер Науаидың «Фархад - Шырын» дастанын 1949 жылы қазақ ақындары Қалмақан Әбдіқадыров пен Асқар Тоқмағамбетов тәржімелеп, жариялады. Жекелеген ғазалдарын Әбділда Тәжібаев, Қалижан Бекхожин, Өтебай Тұрманжанов, Қуандық Шаңғытбаев, Жақан Сыздықов, Ғафу Қайырбеков, Сағи Жиенбаев, Қадыр Мырзалиев, Қайрат Жұмағалиевтардың сәтті аударғанын айта кеткеніміз жөн. Жалпы, кез келген қаламгер аудармаға бел шешіп бара беруге болмайды. Қазақта «Көтере алмайтын шоқпарды беліңе байлама!» деген мәтел бар. Тәржімеші классиктерді аударғанда, түпнұсқа авторымен іштей шығармашылық жарысқа түсуі қажет. Демек ақындық қуатыңа қарау керек. Әйтпесе, бар еңбегің құмға құйған сумен тең болады.
Арғы-бергі қазақ әдебиеті тарихында поэзия аудармасының классикалық үлгісін жасаған ақын Абай ғана. «Хамсаны» аудару барысында мен Абайды адастырмас темірқазық еттім.
Әлішер Науаи шығармалары – түркі халықтарының рухани алтын діңгегі. Оның рухани әлемінің көкжиегі ашылған сайын Абай әлемінің рухани кеңістігінің керегесі кеңейе түседі. Біз Абай ақынның кемеңгерлік қырларынан, Науаидың шеберлік шыңдарынан әсер алған ғажайып нұрларын байқаймыз. Адам баласының тыныс-тіршілігін ұлы соғыстардың тас-талқан ететінін, өмір мұраты бейбітшілікте екендігін Науаи өз шығармаларында қалай дәріптесе, Абай да «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп!» ұлы гуманизмге шақырады. Абайдың ұлылығы – Науаи данышпандығының заңды жалғасы. Яғни Абай – өзінен бес ғасыр бұрын өмір сүрген Науаидың тікелей шәкірті. Ал Науаи «Хамсасын» аяқтағанда, ұстаздары туралы былай деп толғанады:
«Тұрғанда төзімімді тауысқалы,
Жар салып періштелер дауыстады:
Алдансаң, адастырар жалған үміт,
Алдымен Жәмиге бар жалбарынып.
Жол табу қысылғанда қиын саған,
Табынып, Тәңірідей сыйын соған!
Дұға қыл, мешахатың ұмыт қалар,
Киесі құпияға кілт табар!
Түркі еді Хисрау да – жыр тірегі,
Үндіде лақап атпен дүркіреді.
Тәмамдап апарғанда «Хамсаны» мен,
Құптады разы болып жан-тәнімен.
Таратып айтып шықтым тапқанымды,
Қойнауы қазынамның ақтарылды.
Асықпай, ілтипатпен парақтады,
Мұқият әр сөзіне қарап тағы.
Оқыды күндіз-түні шөлі қанбай,
Бола ма бас-аяғын шолып алмай.
Төгілді жыр тасқыны тартып арна,
Мұхиттай түркі сөзі таусылар ма?»
Міне, Әлішер Науаиды түркі халықтарының алтын діңгегі дейтініміз де осыдан. Науаи түркі әлемін біріктіруші. 2019 жылы халықаралық Түркі академиясы Ыстанбұлдан бастырып шығарған «Хамсаның» мен аударған екі дастанына жазған алғысөзінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та бұл пікірді:
«Ежелден көрші қонған қазақ пен өзбек халықтарының бауырластығы мен достығының алтын тамыры тереңде жатыр. Мәуелі бәйтерек сынды Науаи мен Абайдың асыл мұрасы еншiсi ортақ екi елдi жақындастыратын бірегей рәмiз қызметін атқарып келедi. Әлішер Науаидың әйгілі бес дастаннан тұратын «Хамса» шығармасының көрнекті ақын Несіпбек Айтұлы аударған қазақ тiлiндегi қос дастаны руханиятымызға қосылған бағалы құндылық болары анық. Ұлы шайырдың жауһар жырлары жас ұрпақты отансүйгіштік пен достыққа, адалдық пен парасатқа баули берсiн!» деп одан әрі асқақтата түседі.
Науаидың «Хамсасын» тәржімелелеп жүргеніме 40 жылға жуықтады. «Ескендір қорғаны» 1989 жылы Алматыдағы «Жазушы» баспасынан жеке кітап болып жарық көрген еді. 2008 жылы қайта басылып шықты. 2019 жылы «Ләйлі-Мәжнүн» дастанымен қосылып «Хамса» деген атпен тағы да шықты. Оған дейін 1991 жылы бір топ ғазалдары менің аудармамда «Бақо Гули» деген жинақта жарық көрген еді. Қазір «Хамсаның» үшінші дастаны «Фархад-Шырынды» аяқтау үстіндемін. Енді төртінші дастаны «Құстар тілін» тәржімелеуді де бастадым. Ендігі арманым – ұлы шайырдың «Хамсасын» түгел аударып, оның қасиетті рухының алдына есеп беру.
Әлішер Науаи 18-19 жасында тәжік халқының аса дарынды ақыны Абдурахман Жәмимен танысып, оны өзіне ұлағатты ұстаз тұтады. Әлішер Науаи өз дәуіріндегі белгілі сөз зергерлерінің шығармаларынан рухани нәр алып, әдебиет әлеміне еркін ене бастайды. Әрі өзінің сыныптас досы Ғерат шахы Құсайын Байқараның алғаш мөрін сақтаушысы, кейінірек уәзірі лауазымын атқара жүріп, сол кездегі үстем тап иелерінің озбырлық іс-әрекеттерін, зорлық-зомбылықтарын, тәж-таққа таластарын өз көзімен көреді. Сөйтіп, өз шығармасында әділет пен адамгершілікті, достық пен махаббатты, пәктік пен тазалық сияқты т.б. ұлы гуманистік идеяларды кеңінен жырлай бастайды. Теңдік пен әділдікке, адал еңбекке ерекше мән бере түседі.
Рас, Әлішер Науаи 10-12 жасында-ақ шағын-шағын ғазелдер мен лирикалық шығармалар жазып, халық арасында таныла түседі де, келе-келе кең тынысты, кемел шығармалар жаза бастайды. Әсіресе, жас-балаң ақынның шағын лирикалары, сол кездерде әбден кемеліне келген ірі ақын Лутфиге қатты ұнайды. Ол әлі қауырсыны қатпаған жас ақынға көмек қолын созып, аса қымбат насихаттар береді. Әлішер Науаидың тұстасы, белгілі тарихшы Хандамирдің берген мәліметіне қарағанда, бір күні Лутфи Әлішер Науаиға: «Жазған өлеңдеріңнен оқып бер» – деп, өтінген көрінеді. Сонда Әлішер Науаи өз өлеңдерінен бірнешеуін оқып бергенде Лутфи оған бұрыла қарап; «Кәне енді, мен өзімнің парсы және түркі тілінде жазған 10-12 мың өлең жолдарымды, осы ғазеліңе бір ауыстырған болар едім» – деп аса жоғары баға берген көрінеді.
Әлішер Науаи 1483 жылдан бастап өзінің әйгілі «Хамсасын» (бестік) жазуға кіріседі. Сол мақсат негізінде ол «Жеті кезбе» («Сабъаи-сайер»), «Ескендір қорғаны» («Саъди Искандари»), «Фарход-Шырын», «Ләйлі-Мәжнүн» атты бес дастанын жазып, өзінің кемел ақындық арынын күллі жұртшылыққа кеңінен танытады. Әрі ол халықтың әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі жайлы да»Гауһарлар тізбегі» («Назм-ул Жавохир») және әулие-әмбиелер, әкімдер туралы «Әмбиелер мен әкімдер тарихи» («Тарихи анбие ва хукамо»), дін, мұсылмандық жөнінде «Мұсылмандық нұры» («Сирож-ул-муслимин») сияқты т.б. ғылыми-зерттеу еңбектер жазып, әдебиеттану ғылымының дамуына да өз үлесін қосады.
Шоқан Уәлиханов өзбек әдебиетінің классигі Әлішер Науаиды Еуропа және Азия ғалымдары арасында бірінші болып, ерекше құрметпен тілге алған болатын. Ол өзінің 1857 жылы Қашғария жайлы жазған очеркінде: «Қара түнекті халықтың жалғыз сәулесі – Әлішер Науаидың шығармалары болды» – десе, ғұлама ғалым Мұхтар Әуезов: «Түркі тілдес халықтардың көпшілігінің әдебиеті мен мәдениетін өсіруде Науаи мол әсер еткен», – деген болатын.
Шындығында да, туысқан өзбек халқының аса данышпан ақыны, ірі мемлекет қайраткері, әрі кемеңгер ғалымы Әлішер Науаи есімі, оның шығармалары қазақ халқы арасына да кең тарағандығы соншалық, ол өз ақынындай қадірленіп, ылғи да қастерлене тілге алынады. Мәселен: қазақ поэзиясының шұғылалы шыңы, данышпан ақын Абай Құнанбаев, Шығыс шайырларын, оның ішінде Әлішер Науаиды да өзіне ұстаз ретінде танып, оның інжу-маржандарынан рухани нәр алған болатын.
Мәселен, Абайдың «Иузи раушан», «Көзі гуһар», «Қор болды жаным», «Көзімнің қарасы», «Ғашықтың тілі – тілсіз тіл», «Өлең сөздің патшасы – сөз сарасы» деген сияқты т.б. өлеңдеріне назар аударсақ, онда Әлішер Науаидың ғашықтық, адамгершілік, махаббат тақырыбында жазған туындыларымен іштей үндесіп, қабысып, сарындасып жатқан тұстарын сезіну оншалық қиын емес. Әсіресе, оладың Науаидың «Чор девон» атты ғазелдерінде көтерілген ойларымен жымдаса түсетіндігін анық байқауға болады. Мәселен: Абайдың 1858 жылы жазған «Иузи- раушан, көзі гауһар», «Көзімнің қарасы» секілді өлеңдері Әлішер Науаидың «Хозойин-ул-маоний», яғни «Мағаналар қазынасы» атты лирикалық өлеңдерімен сарындаса түсетіндігін аңғару мүмкіндігіне ие боламыз.
Реті келгенде, тағы бір ескерте кетерлік мәселе, Әлішер Науаи шығармаларын сүйіп оқып, оны қазақ халқының рухани игілігіне, мәдени байлығына айналдыруда Сыр бойының сүлейлері мен Жетісу, Оңтүстік Қазақстан ақындарының орны айрықша десек, ол ағат айтылғандық емес. Бұл орайда Балқы Базар, Кете Жүсіп, Қарасақал Ерімбет, Шораяқтың Омары, Майлы қожа, Мәдалы молда, Тұрмағамбет Ізтілеуов, Кенже қожа, Мұсабек Байзақов сияқты т.б. қазақ халық ақындарының есімін қуанышпен тілге аламыз.
Сондай-ақ, Молда Мұса, Ораз молда, Молла Мәнһиди Майликенти, Мәдәлі молда, Жүсіп қожа, Кенже қожа, Нұралы ақын сияқты т.б. Қаратау өңірі мен Сыр жағалауын мекен еткен ақындарының шығармаларына көңіл көзін қадасақ та, олардан Шығыс шайырларының, оның ішінде ұлы ақын Әлішер Науаи шығармашылығының әсерін байқау оншалық қиын емес.Не шара? Күні кешеге дейін, яғни 73 «жасап» келмеске кеткен кеңес өкіметі кезінде, ескі парсы — түркі тілінің әсерімен жазылған көптеген қазақ ақындарының шығармаларына мән бермей, көңіл бөлмей оларды қағажу қалдырып келген болатынбыз. Олар «Шайыр» деп қарап, ХХ ғасыр Қазан төңкеріске дейін, күні кешегі тоталитарлық дәуірде, оларды діни ұғыммен байланыстыра назар аударып, оларды бір шетке ығыстырып қойдық.
Х1Х ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың бас кезінде жасаған қазақ ақындарыШығыс шайырлары тамсана жырлаған «Ләйлі-Мәжнүн», «Фархад-Шырын», «Тотынама», «Жүсіп-Зылиқа», «Шаһнама», «Рустем дастан», «Ескендір», «Сал-сал», «Зархум», «Тахир-Зұхра» секілді, т.б. дастандарды кеңінен жырлап, қазақ халқының рухани игілігіне, мәдени байлығына айналдырған. Әсіресе, Фирдауси, Науаи, Низами, Физули шығармаларынан үлгі-өнеге алып, оларды өздеріне ұстаз санап, олардың шығармаларын жаңғырта жырлап отырған.
Сөйтіп, Шығыс шайырлары жырлаған дастандар негізінде өздері де дастандар шығарып, толғаулар жазып, тұңғыш рет қазақ әдебиеті тарихында Шығыс тақырыбын жырлау мәселесіне ден қоя бастайды. Шығыстың жыр дүлдүлдерінің есімін ерекше құрметпен тілге алып, олардың шығармаларынан рухани нәр алғандығын жан-жақты аңғарта түседі.
Шайырдың «Таңдамалы өлеңдер» жинағы тұңғыш рет «Әлішер Науаи» деген атпен 1948 жылы, оның 500 жылдығына орай Алматыда жарық көрген болатын. Онда, ақынның бір жөн ғазелдері мен лирикалық туындылары, кейбір дастандарынан, сондай-ақ «Фархад-Шырын» дастанынан үзінділер жарияланған болса, «Алғы сөзін» Мұхтар Әуезов жазған болатын.
Соңыра, ұлы ақынның «Ескендір қорғаны» атты дастанын 1980 жылы ақын Несіпбек Айтов аудармасында қазақ оқырмандары үлкен сүйіспеншілікпен қуана қарсы алды. 1968 жылы ұлы ақынның 525 жылдық мерейтойы Қазақстан Республикасы көлемінде кеңінен атап өтілді. Нәтижеде, газет-журналдарда ақын туралы мақалалар, шығармаларынан үзінділер аударылып, басылып, оның биік тұлғасы, ақындық әлемі жан-жақты ашыла түсіп, ол барынша асқақтай бастады. Тіптен, «Қазақ әдебиеті» газетінің 40 санында арнайы бет беріліп, онда филология ғылымының кандидаттары Әбіхас Тәжімұратовтың «Шығыстың жарық жұлдызы», Көбей Сейдахановтың «Әлішердің «Хамасасы» атты мақалалары мен ғазелдерінен үзінділер аударылып, басылған болатын.
Ақын өлеңдерін қазақ жұртшылығына жеткізуде Әбділда Тәжібаев, Қалижан Бекхожин, Өтебай Тұрманжанов, Қуандық Шаңғытбаев, Жақан Сыздықов, Ғафу Қайырбеков, Сағи Жиенбаев, Қадыр Мырзалиев, Қайрат Жұмағалиев сияқты ақындардың еңбегі ерекше екендігін айта кеткен жөн деп ойлаймыз.
Кемеңгер ақын жайлы академик Мұхтар Әуезов «Әлішер Науаи», Сәбит Мұқанов, Есмағамбет Исмаилов «Науаи және қазақ әдебиеті», Рахманқұл Бердібаев «Әлішер Навои», Ысқақ Дүйсенбаев, Сағынғали Сейітов секілді т.б. ғұлама ғалымдардың бір жөн мақалалары мен Өтеген Күмісбаевтің «Шығыс шайырлары» еңбектері де науаитануға қосылған қазақ үлесі деп білеміз.