Курстың нәтижесінде әр тренер өз аймақтарындағы мектептерге іс-тәжірибесімен бөлісу жоспарланған. Осы жоспар бойынша қалалық білім бөлімінің басшысы Оразкүл Шайхықызының ұйытқы болуымен қаланың педагог-психологтарымен семинар ұйымдастырылды.
А.Байтұрсынов атындағы №1 мектеп-лицейінде өткен бір күндік оқу семинарына 60 педагог-психолог катысып, Ш.Абдирахманованың «Білім алушылардың бойында рухани-адамгершілікті қалыптастыру, оларды отбасылық өмірге даярлау, репродуктивті денсаулықтарын сақтау» тақырыбындағы семинар-сабағын тыңдады. Семинар-сабақ барысында жас психологтарға арналған «Танысу» жаттығуын жүргізді.
Семинар барысында ұстаздардың ата-анаға, педагогтарға және жасөспірім шақтағы оқушыларға түсіндірме жұмысын жүргізуге қолайлы жағдай жасау, семинар кезінде қатысушылар жалықпауы үшін «Досыңа бағыт бер» жаттығуын жүргізіп, әрбір психологтың жақсы білімді түсіндіру өз қолдарында екендіктерін жаттығу барысында түсіндіріп өтті.
Сонымен қатар, «Буллингтің алдын-алу», «Ерте және мәжбүрлі неке» тақырыптары қозғалып, «Бала жасөспірімге айналуда», «Ойлау дизайн әдісі», «Білімді ұлт» әдістемелік құралдарымен бөлісті. «Сағат» жаттығуын жүргізіп, педагог-психологтардың бір-біріне қарым-қатынасын жақсарта білді. Семинар соңында кері байланыс жүргізіліп, педагог-психологтар өз ойларын жеткізді. Шара Нұрғалиқызының алдағы жұмыстарына сәттілік тілеп, ақжарма алғыстарын жеткізді.
Білім мен тәрбие - егіз ұғым. Бұл екеуі әрдайым бірге жүргенде ғана адамның рухани байлығы кең болмақ. Ел болу үшін де ең алдымен тәртіп керек. Қазақ халқында «ел боламын десең, бесігіңді түзе» деп тегін айтылмаса керек. Әлемдегі екінші ұстаз Әбу Насыр әл-Фараби: «Адамға ең бірінші білім емес, рухани білім керек, тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген. Демек, тәрбиесіз берілген білім апат әкеледі.
Тегінде, тәрбие – үлкен жауапкершілікті, жүйелі көңіл бөлуді талап ететін өзгеше бір әлем. Ғылымда осы өзгеше тәрбие мәселесімен айналысатын педагогика-психология саласы – халық педагогикасын зерделеуге, бала психологиясын, оның эстетикалық талғамын, ұлттың дәстүрлі мәдениетін, әскери мекемелер мен әскерилер психологиясын, өмірдегі жаман-жақсы адамдар психологиясын зерттеуге арналған бірден-бір ғылым. Осы ғылымның терең тамырлы, жан-жақты халықтық тәрбие, еңбек тәрбиесі, әскери тәрбие, патриоттық тәрбие, экономикалық тәрбие салалары бар. Барлық салалардың көздеген мақсаты - біреу ғана, ол – адам тәрбиелеу, яғни бүгінгі ұлттың менталитетіне лайық икемді, жан-жақты жетілген, нарықтық экономикаға бейім, парасатты ұлт азаматын тәрбиелеу.
Сонымен қатар адам бойындағы ешқандай аспаппен өлшеп болмайтын асыл қасиет – адамгершілік нәрін адам бойына сіңіру. Содан кейін ғана еліміздің болашағы – жастарға білім беру жолындағы тәрбие. Әр жастың санасын білім нәрімен сусындатып, оны ары қарай тереңдете жалғастырып, қазіргі заманның талабына сай етіп даярлау, т.б. Бұлардың бәрі – педагог-психологтың қызметі. Міне, осындай түзу жолдан шығып кетпес үшін арнайы педагог-психологтардың кеңесіне сүйенеміз, үйренеміз және өзгеге үйретеміз.
Тек бұл тұрғыдан емес, көзімізді ашып, айналамызға зер салып қарасақ, көптеген қателіктерге толы прцестер болып жатады. Біреуі – арақ пен темекінің соңынан жүріп, түнгі клубтарға барып, нашақорлықпен айналысып, өмірдің мағынасы мен мәнін түсінбейді. Осындай кереғар қылықтармен айналысып, жастайынан түрме азабын көргендер қаншама? Жаңа туған, өмірге шыр етіп келген бөбектерін тастап кеткен аналар қаншама? Неге олар мұндай жолға түсіп кеткен? Осындай өмірдің тар жолдарына түсіп қалған, қара түнекте өмір сүретін жандардың көзін ашуда осы педагог-психологтар бірінші орында тұрады. Олардың көзін ашып, өмірге қайта әкеліп, алдына мақсат қойдырып, оны да елінің кірпіші болып қаланатын психологтардың қазіргі таңда саны жетпейді.
Ал өмірде жолы болмай, тек басы қиыншылықтар мен зардаптардан таусылмайтын жандар қаншама? Осы тұрғыдан да қарасақ, педагог-психологтар оларға күш-жігер, бағыт-бағдар берсе, оларға сүйеніш болып әрдайым қолдап отыратын жан – ол педагог-психолог.
Қазіргі педагог-психологтың алдына: болашақ өркениетті, дәстүрлі демократиялық мемлекетті құратын жас ұрпақтың ең әуелі адамгершілік қасиеттерін қалыптасиырып, содан кейін оның жан сапасын, тән сапасын арттырып, техникалық прогреске сәйкес жан-жақты қолданбалы білім беру міндеттері қойылады. Ол үшін мектептер қаражатпен, техникалық құралдармен, мәдени қажеттіліктермен толық қамтамасыз етілуі тиіс.
Нағыз педагог-психологтар қоғамдағы саяси-экономикалық жағдайларда кездесетін келеңсіз үрдістермен күрес жүргізе алатын – күрескер болуы керек. Өйткені ол халықтың қамын, шәкірттің болашағын ойлайтын және сол үшін еңбек тететін тұлға.
Мектеп психологы: жалпы, орта және кәсіптіс білім беретін мектептердің жұмыстарын көрсететін құжаттар мен материалдарды, педагогикалық және жас ерекшелігі психологиясы жайында арнайы әдебиеттерді, қазіргі психодиагностиканың және психологиялық түзетудің әдістерін пайдаланып, зерттеу материалдарын талдауды, педагогиканың, дидактиканың сабақ беру әдістемесінің, дефектологияның негіздерін білуге, мектептің психологиялық қызметі құжаттарының толтырылу тәртібін, мектеп құжаттары мен нормативті құжаттарды білуге тиісті.
Психологтың негізгі мақсаты – психологиялық саулықтың негізі – баланың рухани өсуіне, оның жанының жайлы болуына психологиялық жағдай жасау, оқушылар мен мұғалімдердің шығармашылық қабілетін ашу болып табылады. Педагогикалық үрдіс кезінде туындайтын қиындықтар мен олардың психологиялық себептерін анықтау, оңтайлы қарым-қатынас ұстанымдарын қалыптастыру, ата-ана, мұғалім, басқа да қызметкерлерге психологиялық қызмет көрсету, оқушылардың мамандыққа қабілеттілігін анықтау, т.б. – мектеп психологының тікелей міндеттері.
Психолог оқушылардың жан-жақты және үйлесімді дамуын мақсат етіп, өзінің іс-әрекетін педагогикалық ұжыммен, дәрігерлік қызметпен, социологтар, дефектологтар, сондай-ақ қоғам өкілдерімен тығыз байланыста ұйымдастырады. Психологтың жұмыс тртібі осы ереже негізінде қабылданған психологиялық қызмет бағдарламасының мақсаты мен міндеттерін ескере отырып, оқу мекемесінің жалпы жұмыс тәртібіне сәйкес анықталады және оқу мекемелерінің директоры бекітеді. Оқу мекемелері мамандардың кәсіптік іс-әрекеттерін кешенді психоллогиялық-педагогикалық сараптауға, білім басқару орындарының немесе жеке оқу мекемелерінің ұсыныстары арқылы жүргізілетін оқу бағдарламалары мен жобаларды, оқу-әдістемелік құралдарды құрастыру немесе жазуға қатысады.
Отандық және шетелдік психологиядағы жетістіктерді оқу мекемелеріне тарату және енгізуге, педагогикалық қызметкерлердің іс-әрекетін психология саласындағы ғылыми-әдістемелік құралдармен қамтамасыз етуге ат салысады.
Педагогикалық-психологиялық білім - бұл тәрбиеленушілердің мәдени-құқықтық орнын және біліктілігін ұғынып түсіну, тәрбиелік адамгершілік деңгейін анықтау, қайта тәрбиелену, не тәрбиелену мүмкіндік терін көре білу, өз жұмыс практикасына қатысты тарихи-педагогикалық тәжірибелерді меңгеруі; теориялық білімін іс жүзінде пайдалану мүмкіндігі, әр түрлі категориядағы адамдармен қарым-қатынас орнату технологиясының инновациялық тәсілдерінен хабардар болуы; тәрбиелеу мен оқытудың әдіс-тәсілдерін модернизациялау жолдарын меңгеру және т.б.
Біз құрып отырған қоғамда педагог-психолог маманы өте маңызды орынға ие. Қоғам болғандықтан ол бірнеше компоненттерден құралады: ұжым, топ, ұйым және т.б. Аталған компоненттердің мүшесімен және мүшесіне мәдени, шығармашылық-рухани дүниесі, коммуникативтілігі, әлеуметтік міндетін, этикалық және эстетикалық талғамдардың болуын қазіргі заманға сай қалыптасуына ықпалын тигізеді.
Педагог-психолог қоғамдағы тұлғаның биологиялық және әлеуметтік дамуына көңіл бөледі. Биологиялық тұрғыдан морфологиялық, физиологиялық, биохимиялық жетілуі болса, әлеуметтік дамуына психикалық, рухани, интеллектуалдық жағдайлары жатады. Демек, педагог-психолог маманын адам баласы өмірге келгеннен оң мен солды, ақ пен қараны ажырата алғаннан бастап, келешек толыққанды азамат және тұлға болып, оның әрі қарай жетілуіне әсерін тигізеді. Педагог-психолог – отбасында ана, мектепте мұғалім, балабақшада тәрбиеші, жоғары оқу орнында оқытушы, жұмыста қызметкер, өз ісіне жауапты маман.
Ұстаздық жолды ұстанған тұлға үшін педагогикалық шеберлікті жетілдіру негізгі мақсат болып саналады. Өйткені мұғалімнің шеберлігі шәкіртті қалай, қалайша оқыту үшін оның психологиясын білу - екінші жағынан, оқытып тәрбиелеудің әдіс-тәсілдерін, жолдарын терең білу және оларды қолдана білу. Психология адамдардың өзін-өзі тәрбиелеуіне жл сілтейді, оның өз ерекшеліктерін ажырата білуге жәрдемдеседі. Қай елдің болсын, өсіп-өркендеуі өркениетті дүниеде өз орнын алуы оны ұлттық білім беру жүйесінің қалыптасуына, даму бағытына тікелей байланысты.
Педагог-психолог адамдардың рухани-моральдық нормаларын бала бойына сіңіре біледі.
Педагог бала бойына жақсы қасиеттерді қалыптастыра білетін іс-әрекеті
баланың шығармашылық қабілетін немесе өз бетінше шығармашылық ізденісін дамыту;
пәнге терең қызығушылығын арттыру;
оқушының әсерлік сезімін қалыптастыру;
оқушының белсенділігін арттыру мақсатында даму деңгейін, танымдық белсенділігін арттыра оқыту;
жалпы білім-білік дағдыларын дамыта оқыту;
білім базасын арттыру;пәндердің ғылыми негізінде оқушылардың білім сапаларының деңгейін жоғарылата дамыта оқыта отырып, интеллектуалдық жаңашылдыққа, әдептілікке, жеке тұлғалардың эстетикалық мәдениетінің жоғары дамуына ықпал жасауда білімді мықты құрал ретінде қолдану.
- педагог; психолог; тәрбиеші; ақылшы; қамқоршы; жетекші;
мейірімді жан.
Ал Педагог-психологтың бойында әділдік, тапқырлық, қамқорлық, шыдамдылық, адамшылық, кең пейілдік қасиеттері басым болуы қажет. Педагогтың оқушылармен, олардың ата-аналарымен қарым-қатынас сипатына негізінен педагогикалық ұжымда қалыптасқан моральді-психологиялық хал-ахуалы әсер етеді. Мұғалімнің өз әріптестерімен мектеп әкімшілігімен іскерлік, тату байланыстары бүкіл мұғалімдер ұжымының өз оқушылары мен олардың ата-аналарымен қарым-қатынас жасауында тәрбиелік ықпалының біртіндеп және бірыңғай бағыт алушылығын қалыптастыруға жәрдемдеседі.
Жас ұрпаққа рухани тәлім-тәрбие беру заманымыздың өткір талабы. Білім беру жүйесінде тәрбие беру ұлттық және рухани негізде үйлестіре жүргізуді қажет етеді. Осыған орай адам тәрбиелеу – адамзаттың ең бірінші аса маңызды қоғамдық қызметі, азаматтық борышы. Ықылым заманда айтылған «Бала тәрбиесі – мемлекеттің маңызды міндеті» деген Платонның сөзі бар. Өйткені ұрпақ тағдыры дегеніміз – қай заманда да ұлт тағдыры. Әрбір қоғамның дамуына байланысты бұл мәселе әрқалай шешілуде. Бүгінгі тәжірибемізде жастарға адамгершілік-рухани құндылықтардың даму жолдарын айқындап беру өзекті мәселе болып отыр.
Білім беру ұйымдарының алдындағы негізгі мақсат- жастардың бойында жалпыадамзаттық құндылықтарды дамытып, қалыптастыру жолдарын ғылыми және практикалық тұрғыда зерттеу әрі оның әдістемесін жасау. Білім беру жүйесінде тәрбиенің оқытудан басымдылығы және шын мәнісінде, тәрбиені оқытудың құрамдасы ретінде енгізу, адам бойындағы рухани құндылықтарды қалыптастыру, оны тәжірибеде қолдану қағидалары қарастырылады. Руханилықтың негізінде адамның мінез-құлқы қалыптасады, өзін-өзі бағалау және адамгершілік сапалары дамиды. Жеке адамның адамгершілік санасының дәрежесі оның мінез-құлқы мен іс-әрекетін анықтайды. Бұл жастардың санасында рухани жаңғырудың басымдықтарын қалыптастырудың өзектілігін айқындады.
Мәңгілік жалпыадамзаттық құндылықтар қазіргі қоғамдағы білім беру мәселелерінің өзегі болғанда ғана өз шешімін табады. Сондықтан болашақ мұғалім алдымен өзінің жоғары рухани табиғатын жете түсінуі және жалпыадамзаттық құндылықтарды күнделікті өмірде қолданудың үлгісі болуы тиіс. Сонда ғана ол әрбір оқушыға рухани-адамгершілік білімді жеткізе алмақ.
Рухани-адамгершілік құндылықтарды дамыту, педагогикалық кадрларды даярлау және ұлттық білім беру жүйесін жетілдіру сынды негізгі бағыттардың жолға қойылуы – қоғамның негізгі даму басымдықтарын айқындайтын білім беру саясатының үлкен жетістігі. Яғни, еліміздің туын асқақтатар білімді, білікті, адамгершілігі жоғары ұрпақ тәрбиелеу – біздің алдымыздағы ең басты міндет. Ал ұрпақ тәрбиесінде рухани-адамгершілік тәрбиесінің маңызы қай қоғамда, қай кезеңде болмасын күн тәртібінен ешқашан түскен емес. Бірінші ұстаз Аристотельдің «Ғылымда ілгері ұмтылғанмен, адамгершілігі ақсап жатса, ондай адамның алға басуынан гөрі, кері кетуі тезірек» — деген сөзі жасалған қадамдарымыздың дұрыстығын дәлелдей түседі.
Қоғам өміріне рухани-адамгершілік дағдарыс (әсіресе, жасөспірімдер мен жастар арасында) әкелген қайта құру кезеңі мен әлемдік жаһандану үдерісі тұлғаның рухани-адамгершілік дамуы мәселесінің өзектілігін арттырды. Қазіргі қоғамның бұл дағдарыстан шығуы үшін білім беру үдерісіндегі рухани-адамгершілік бастауларды қайта жаңғырту қажеттігі айқын. Бұл мәселенің шешім табылуында мұғалім жетекші рөл атқарады. Білім алушылардың дүниетанымдарының қалай қалыптасатындығы, қандай рухани құндылықтарды меңгеретіндігі, олардың рухани әлемінің қандай болатындығы тікелей мұғалімге байланысты. Сондықтан да мұғалімдерді кәсіби даярлау жүйесінде оның рухани-адамгершілік мәдениетін дамыту маңызды болып табылады.
Қоғам дамуының қазіргі кезеңінде кез келген қоғамдық іс-әрекет формасына қойылатын талаптар тікелей мәдениетпен байланысты. Оның жоғары деңгейі кез келген еңбектің тиімділігінің қажетті шарты болып табылады. Мұғалімнің рухани-адамгершілік мәдениеті белгілі дәрежеде оның кәсіби іс-әрекет жағдайындағы педагогикалық дайындығының деңгейімен, өзін-өзі жетілдіруге деген талпынысымен айқындалады.
Мемлекеттік білім құжаттарында сипатталған жоғары рухани-адамгершілік мәдениеттілік деңгейіне ие мұғалімге қойылатын талаптар мен осы мәселенің педагогикалық ғылымда жеткіліксіз деңгейде зерделенуінің арасында сәйкессіздік орын алды. Осының нәтижесінде педагогикалық жоғары оқу орындарында жүйелі тәрбие жұмыстарын жүргізуге мүмкіншілік болмай, болашақ мұғалімнің интеллектуалдық дамуына бағытталған білім беру үдерісіне басымдық беріледі.
Қазіргі ғылыми білімдер жүйесінде мәдениет феномені түрлі аспектілерде қарастырылады. Көптеген тұжырымдамалардың мазмұнынан мәдениеттің ортақ анықтамасын байқауға болады: ол адам іс-әрекетінің тәсілі және нәтижесі, себебі оның дамуының негізгі бастауы адамның жасампаз қоғамдық іс-әрекеті болып табылады; ол күрделі, алуан қызметті әлеуметтік құбылыс және қоғамдық өндіріске, қатынастарға, тұлғаның қалыптасуы мен дамуына маңызды ықпал етеді. Мәдениеттің болмысы тұлғаның әлеуметтену үдерісі кезіндегі меңгеретін қоғамдық құндылықтарына бағытталған ізгіліктік, жалпыадамзаттық болып табылады.
Осылайша, мәдениет адамдардың өзін және қоршаған әлемді меңгеруі бойынша белсенді шығармашылық іс-әрекеті болып табылады, оның нәтижесінде әлеуметтік нормалар мен құндылықтар өндіріледі, сақталады, таратылады және қолданылады. Мәдениет феноменін қарастырудың бұл бағыты мәдениеттің іс-әрекеттің болмысын негіздейді және мәдениет субъектісі ретіндегі адам туралы көзқарастарды нақтылайды. Тиісінше, тұлғаның мәдениеті деп адамның физикалық, интеллектуалдық және рухани күштерінің жоғары дәрежеде дамуын және ол күштерді рухани және материалдық құндылықтарды жарыққа шығару бойынша шығармашылық іс-әрекетінің тәсілдерін түсінеміз.
Сондықтан тұлға мәдениеті оның білім деңгейінен, рухани күштерінің дамуын, оның белсенді ұстанымдарын, өзін және қоршаған әлемді қайта құру қабілетін қамтиды. Тұлға мәдениеті – адамға өз-өзімен, табиғатпен және қоғаммен үйлесімді өмір сүруге мүмкіндік беретін сипаттамалардың кешені (білімдер, қасиеттер, әдеттер, құндылық бағдарлары). Әлеуметтік орта мен объективті жағдайлар ғана тұлғаны қалыптастырмайды, сонымен бірге адам өзінің тіршілік ортасын, өмір сүру формасын өзгерту арқылы өзі де өзгереді және дамиды. Осылайша, тұлға мәдениетінің қалыптасуы мен дамуы – нақты кәсіби және әлеуметтік талаптарға негізделген, басқарылатын үдеріс.
Мәдениет адамның материалдық және рухани салалардағы шығармашылық іс-әрекеті тәсілдерінің, сондай-ақ осы іс-әрекеттің нәтижелерінің жиынтығы болатын болса, онда тұлғаның рухани мәдениеті – бұл қоғам мәдениетінің бейнесі. Рухани мәдениет қоғам өмірінде негізгі, әлеуметтік-адамгершілік құндылық ретінде ізгілік қағидаларының жүзеге асырылуының көрсеткіші болып табылады. Адам рухани мәдениеттің субъектісі мен объектісі ретінде өзінің мүдделері, құндылықтары, бағдарлары, қажеттіліктері мен әрекеттері арқылы өзі өмір сүретін қоғамның рухани мәдениетінің деңгейін сипаттайды.
Қоғамның рухани мәдениетіне адамның қосылуы оның рухани қажеттіліктерін дамытады, интеллектуалдық, адамгершілік және эстетикалық қызығушылықтарын қалыптастырады, ішкі рухани байлығын, рухани кемелділік дәрежесін бейнелейді, яғни «руханилық» деп атауға болатын тұлғаның рухани қасиеттерінің көріну деңгйін сипаттайды. Руханилық дегеніміз тұлғаның рухани құндылықтарды меңгеру дәрежесі және оның интеллектуалдық, шығармашылық және этикалық әлеуеттерін ашатын дамыған саналы адамның қасиеті.
Адам руханилығының негізі оның дүниетанымы болып табылады, себебі ол әлеуметтік-мәдени дүниелерге баға беріп, іріктейді және оны тұлғаның рухани тәжірибесіне, белгілі бір мұраттарға негізделген жасампаздық іс-әрекетіне ауыстырады. Қоғамның рухани мәдениетіне ене отырып адам рухани құндылықтардың, дүниетанымдық идеялардың жалпыадамзаттық және нақты тарихи мазмұнын меңгереді. Сол тәжірибені ескере отырып өзінің жеке құндылықтар, мұраттар, көзқарастар, қағидалар, нормалар, сенімдер жүйесін қалыптастырады және оған өзінің өмірлік тәжірибесінің, қатынастарының, іс-әрекеттерінің нәтижесін енгізеді.
Адам тарапынан меңгерілетін қоғамның рухани мәдениеті рухани құндылықтармен айқындалатын тұлғаның рухани әлемін, оның адами қасиеттерін дамытады. Тұлғаның руханилығы мәдени қажеттіліктерден, оның салаларының кеңейюінен, жаңа рухани сұраныстардың қалыптасуынан көрінеді. Мәдени қажеттіліктер бір жағынан тұлғаның рухани дамуының жемісі ретінде көрінсе, екінші жағынан тұлғаның шығармашылық жасампаз іс-әрекеттерге шабыттандыратын интеллектуалдық талаптар формасында көрініс табады.
Руханилық тұлғаның өзекті қасиеті бола отырып адамның ммәдениет субъектісі және әлеуметтік-мәдени қауымдастық мүшесі ретіндегі қажеттіліктерін көрсететін адамгершілік, идеологиялық, интеллектуалдық, эстетикалық мүдделері мен құндылықтарын сипаттайды. Қорыта айтқанда, тұлғаның рухани мәдениеті белгілі бір білімдер мен мәдени ақпараттардың көлемін, рухани қажеттіліктердің жүйесін, рухани құндылықтармен үздіксіз байланысқа бағдарланған кемел сананы, рухани құндылықтар негізінде жасампаздық-шығармашылық іс-әрекет қажеттілігін қамтиды.
Рухани мәдениет тұлғаны жалпыадамзаттық құндылықтармен сусындата отырып оның рухани әлемін ғана емес, қоғамдық адамның өмірлік іс-әрекетінің моральдық жақтарын сипаттайтын оның көзқарастар жүйесін, бағыт-бағдарын, рухани қажеттіліктерін де дамытады. Адамгершілік қасиеттер адамның руханилығының маңызды көрсеткіші болып табылады, өйткені солардың арқасында тұлғаның білімі мен білігі әлеуметтік салмақты, қоғамдық маңызды және пайдалы болады, себебі оларды тәжірибеде жүзеге асыру қоғамдық мораль ережелеріне негізделеді.
Тиісінше, тұлғаның адамгершілік мәдениеті оның рухани мәдениетімен, меңгерген жалпыадамзаттық құндылықтар жүйесімен айқындалады және тұлға руханилығының маңызды көрсеткіші болып табылады. Рухани мәдениет деңгейі тұлғаның білім-білігімен ғана емес, оның талпынысымен, өмірлік талабымен және келешек бағдарымен анықталады. Бұл үдеріс толығымен тұлғаның адамгершілік санасына, ар-ұжданына, моральдық жауапкершілігіне байланысты болғандықтан рухани және адамгершілік мәдениет – тұтас, жоғары адамгершілік қасиеттер мен рухани әлеуеттің органикалық синтезі болып табылады.
Әлеуметтік дамудың өнімі бола отырып тұлға өзінің адамгершілік қасиеттеріне қоғамдағы рухани және моральдық мәдениеттің деңгейін шоғырландырады және өзінің мінез-құлқын қоғамдағы қабылданған талаптар мен ережелерге сійкес іске асырады. Осының негізінде педагогтың рухани-адамгершілік мәдениеті оның жалпыадамзаттық рухани құндылықтарды, қоғамның моральдық мәдениетінің ережелерін, кәсіби этикалық талаптарды меңгеру нәтижесі болып табылатындығын тұжырымдауға болады.
Педагогтің рухани-адамгершілік мәдениеті оның жалпы мәдениетінің бөлігі ретінде тұлғаның педагогикалық санасының, рухани келбетін, адамгершілік қасиеттерінің жоғары даму деңгейін сипаттайды. Бұл – жүйелі білім, оның сапалы мазмұны кәсіби іс-әрекеттің ерекшеліктерімен және мазмұнымен айқындалады. Педагогтің рухани-адамгершілік мәдениеті оның кәсіби іс-әрекетінде, әлеуметтік байланыстар мен қатынастарда ғана емес, сонымен бірге кәсіби сипаттамалардың, тұлғалық қасиеттердің үйлесімді өзара әрекеттесуінен, кәсіби іс-әрекетті жоғары адамгершілік пен жалпыадамзаттық құндылықтар негізінде ұйымдастыру талпысынан көрінеді.
Біз педагогтің рухани-адамгершілік мәдениетін өмірлік мәнді кәсіби маңызды мақсат-мұраттарды қамтитын, құндылықтар жүйесін құратын, кәсіби әс-әрекеттегі және қоршаған ортадағы қатынастар жүйесін орнататын тұлғаның күрделі интеграцияланған қасиеті ретінде қарастырамыз. Ғылыми-педагогикалық әдебиеттерді зерделеудің негізінде педагогтің рухани-адамгершілік мәдениеті тұлғаның өзара байланысқан интеллектуалдық, эмоционалдық-сезімдік және іс-әрекеттік әлеуеттерін қамтитындығы туралы тұжырымдауға болады.
Интеллектуалдық әлеует тұлғаның бағытталған танымдық іс-әрекетінде қалыптасса, эмоционалдық-сезімдік әлеует тұлғаның рухани әлемін, оның адамгершілік және рухани құндылықтарын, көзқарастарын, түсініктерін, қызығушылықтарын бейнелейді.