Тәжірибелік семинарда аталған білім ордасының тарих және география пән мұғалімдерінің «Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің жариялануы», «Табиғи-аумақтық кешендердің түрлері», «Сақтар патшайымы Томирис», «Табиғат кешендеріне әсер ететін антропогендік факторлар», «Азаматтық құқық объектілері», «Логика қайда?», «Тарихы терең Қазақ елі» тақырыптарында ашық сабақтар және сыныптан тыс іс-шаралар өткізілді.
Семинар қорытындысын білім бөлімінің әдіскері Т.Шайхидинова және мектеп директоры Д.Дийметова қорытындылап, бірлестіктің шығармашылық жұмыстарымен таныстырды. Семинарға қатысқан ұстаздар көптеген қажетті ақпараттар алғанын айтып, семинар кездесудің жоғары дәрежеде өтілгенін және де осындай семинарлар жиі болып тұрса екен деген ұсыныстарын айтты.
Қазіргі уақыттың негізгі талаптарының бірі – білімді әлемнің бүтіндей бейнесін қабылдай алатын, логикалық ойлауы дамыған жаңаша, тәуелсіз ойлай алатын шығармашыл адамға айналдыру. Мектептегі оқыту үрдісінің негізгі мақсаттары – баланың білімді игеру кезінде ойлау қабілетін қалыптастыру, сол арқылы таным әрекетін белсендіріп, жан-жақты жеке тұлғаны тәрбиелеу.
Оқытудың мақсаты оқушыларға білім беру ғана емес, сонымен бірге олардың ойлау қабілетін дамыту және белсендіру оқушылардың білімді, дағдыны меңгеру үшін, болашақта танымдық және тәжірибелік іс-әрекетке оқушыларды дайындау қажетті шарт болып табылады. Балалардың ойлауын дамыту туралы М.Жұмабаевтың сөзімен алсақ: «Ойлау жанның өте бір қиын, терең ісі.Жас балаға ойлау тым ауыр, сондықтан басқыштап іс істеу керек. Оқулықтағы берілген тапсырмалар, суреттер баланың жанына дұрыс әсер ететіндей, оқушының оқуға, білімге деген ынта – ықыласы, құштарлығы болуы керек».
Оқу материалын балалардың ойлау қабілеті жетерліктей жас ерекшеліктерін ескере ұйымдастырса ғана, оның ойлау қабілетінің дамуына мүмкіндік туады.Сондықтан да мұғалім балаларды үнемі ойланып оқуға бағыттауы тиіс, бұған оқу үрдісін жүйелі ұйымдастыру, сабақта бала логикасын дұрыс дамыта алатын мүмкіндіктерді мол пайдалану арқылы жетуге болады. Дұрыс ойлаудың формалары мен заңдары туралы ғылым логика деп, ал ой қорытындыларының обьектив пікірлерге негізделетін процесі логикалық ойлау деп аталады.
Логикалық ойлаудың ерекшелігі – қорытындылардың қисындылығында, олардың шындыққа сай келуінде. Логикаға түскен құбылыс түсіндіріледі, себептері мен салдарлары қатесіз анықталады. Ұғымдар арасындағы байланыстар мен қатынастар логикалық ойлау жолымен ашылады. Бұл байланыстар мен қатынастардың дұрыстығын теріске шығаруға болмайтыны пікірлерде көрсетіледі.
Психолог – ғалымдар: Н.Н. Поспелов, Ю.А.Петров, А.Н.Леонтьев, «логикалық ойлау» ұғымына нақты анықтама берген. Олардың пікірінше «логикалық ойлау» дегеніміз логика заңдылықтарын пайдалана отырып ой-пікірлерді, тұжырымдарды қолдануға негізделген ойлаудың бір түрі. Оқушылардың логикалық ойлау қабілеттерін дамыту жөнінде А.В.Запорожец, Л.Н.Венгер, И.С. Якиманская еңбектері жарық көрді. Жоғарыдағы авторлардың пікірлерінше «Логикалық ойлауды дамыту» дегеніміз:
барлық логикалық ойлау операцияларын (талдау, жинақтау, салыстыру, жалпылау, саралау) арнайы жүйелі түрде қалыптастыру;
ойлау белсенділігін, өзбеттілігін дамыту.
«Логикалық ойлау – логикалық сөйлеудің негізі, ал мұны –
логикалық сөйлеуді ұстаз дамытуға тиіс», деп көрсетті К.Д.Ушинский.
Бастауыш сынып баланың логикалық ойлауын дамытудың негізгі кезеңі деп есептеледі. Өйткені логикалық ойлау кейінірек бейнелік ойлаудың негізінде қалыптасады, ауқымы кеңірек мәселелерді шешуге ғылыми білімдерді меңгеруге мүмкіндік береді.Әйтседе бұл баланы қайткенде де, неғұрлым ертерек логикалық «жолға» шығару дегенді көрсетпейді. Біріншіден, ойлаудың логикалық формаларын игерудің өзі ойлаудың логикалық жетілген бейнені формалары ретінде игерілмейінше, толық құнсыз күйде қалып отырады. Дамыған көрнекі схемалық ойлау баланы логика табалдырығына жеткізеді. Екіншіден, логикалық ойлауды игеріп болғаннан кейін, бейнелік ойлау өзінің мәнін ешбір жоғалтпайды.
Тәжірибе барысында жасөспірімдерде ой тұтастығының сақталмауы байқалады. Мұндай қателерді болдырмау үшін оқушының ой жүйелігінің қажеттігін сезінуіне көз жеткізудің амал – тәсілдерін тауып, орнықты ой түйіндеуге жетелеу қажет.
Тарих пәні ерекше. Пәнді оқытуда оқытушы оқушымен өте көп жұмыс жүргізуі керек. Жаңа технологиялардың түрлерін тарих сабағында пайдалану – оқушылардың еркін сөйлеуін, логикалық ойлауын, тіл байлығын жетілдіреді. Пікір – сайыс, сұхбат және т.б. әдіс-тәсілдер араласқан сабақ барысы оқушыларға әсерлі болып, ізденуге шабыт береді. Жаңа технологияны жүзеге асыруда оқытушы белсенділігі, шығармашылық ізденісі, өз мамандығына деген сүйіспеншілігі, алдындағы шәкірттерін бағалауы ерекше орын алады. Жаңа технологияның өзі әр түрлі атқарушылардың шеберлігіне байланысты әр қилы жүзеге асырылуы мүмкін. Әр сабақтың сапалы болып, оның тиімділігін арттыру - ізденімпаз, шығармашылығы шыңдалған ұстаздың қолында.
Осындай оқытудың жаңа технологияларының біріне - сабақты, дәрісті өткізуді «Сыни тұрғыданойлау бағдарламасы» бойынша ұйымдастыру жатқызылады. Бұл әдісте талданып отырған мәселе бойынша әр бір оқушы өз топшылауын, өз пайымын білдіреді, өзіндік дәлелдер келтіреді, басқалардың ой түйіндерін сынайды, олардың мәнді, мағыналы жақтары жөнінде өз пікірін, өз тоқтамын жасайды. Оқушы бұрын тек тындаушы болса, енді ізденуші, ойланушы, өз ойын дәлелдеуші болады, ал оқытушы осы әрекетке бағыттауда, оқуды ұйымдастыруда жетекші рөл атқарады.
Бұл стратегия сабақ жүйесінде іштей үш кезеңге бөлінеді: Қызығушылықты ояту. Бұл кезеңде оқушыларды сабаққа психологиялық тұрғыдан дайындай отырып, қызығушылықтарын арттырудың әртүрлі әдіс амалдары қарастырылады. Сондай-ақ оқушыларды қалай қызықтыру керек деген сұраққа жауап деп қарауға болады;- оқушының бұрынғы тәжірибесімен байланыс орнату;- жаңа идеяны түсінуге дайындау;
Оқушы өз білетінін еске түсіреді, қағазға жазады, көршісімен бөліседі, тобында талқылайды. Бұл кезеңде «Ассоциация» , «Топтау», «Түртіп алу»,«Болжау», «Әлемді шарлау», әдістерін пайдалануға болады.Мағынаны тани білу - жаңа білімді игеру кезеңі:
Бұл кезеңде оқушы жаңа ақпаратпен танысады. Тақырыпты мұғалім түсіндіріп оқып бермейді. Тақырып бойынша оқушылар өздері жұмыс істейді және топпен жұмыс жасап белсенділік көрсетуге жағдай жасалады. Оқушының білімін қалыптастыру деңгейінде, оны зерттеу, талдау, жауап табу үшін жеткілікті материал болу керек, ол үшін:
- материалды меңгеру;
- сұрақ қою;
- барлық мүмкін байланыстарды өткізу; «Өзара оқыту әдісі», «Кең ауқымды лекция» әдісі, «Инсерт» әдісі, «Білемін, білгім келеді, үйренемін», т.б. әдіс-тәсілдерді қолдану оқушының өздігінен білім алу, шығармашының іс-әрекеттерінің оянуы, бір сөзбен айтқанда , өзіндік еңбек ету кезеңіне айналдырады.
3. Ой толғаныс. Жаңа алынған білімді айқындайтын және ұштайтын деңгейде оқушыда шешім қабылдай алатын мүмкіндік болу керек:
- болжау жасай білу және олардың дұрыстығын тестілеу;
- жаңадан пайда болған жағдайларды тез түсінуге осы білімді қолдану;
Толғануды тиімді етуге лайықталған: «Кейіпкерге хат», «Кубизм», «Т кестесі» т.б. әдіс-тәсілдер әр сабақтың ерекшелігіне ауыр-жеңілдігіне қарай лайықты қолданылады. Бұл әдістің тиімділігі сабақтан тысқары қалатын оқушы болмайды.
Сын тұрғысынан ойлауды үйрету үшін мына шараларды орындауы шарт: Сын тұрғысынан ойлауды үйрету үшін уақыт керек. Оқушыларға өз ойын ашық, еркін айтуға рұқсат беру. Әр түрлі идеялар мен пікірлерді қабылдау. Үйрену барысында оқушылардың белсенді іс-әрекетін қолдау.Оқушылардың бір-бірінің жауабына жасаған сынының дәлелді, дәйекті болуын талап ету. Кейбіроқушылар қолайсыз жағдайға түсіп қалса, әжуаламау, келеке етпеу. Сын тұрғысынан ойлауды бағалау, оқушылар арасында сенімділікпен жұмыс жасау, бар ынтасымен оқуға берілу, пікірлерді тыңдау, құрметтеу, өз пікірін ашық білдіруін талап ету.
Сондай жаңа технологиялардың бірі интерактивті оқыту психолог-ғалымдардың айтуынша, бала білімді төрт түрлі жағдайда алады екен: дайын білімді қабылдап алу, зерттеу барысында жаңалық ашу, әр түрлі жағдайда әсерді сезіну және синтез арқылы бұйым құрастыру немесе өнім жасау. Интерактивті оқыту әдістері оқушыларға рольдік ойындар арқылы әр түрлі жағдайда әсерді сезінуге жол ашады, әр түрлі білімдерді синтездеу кезінде шығармашылық өнім жасауға жағдай жасайды, дегенментүрлі ситуациялар мен мәліметтерді талдап, сараптап, зерттеу барысында жаңалық ашуға көбірек мүмкіндік береді.
Әрбір интерактивті оқыту технологиясының әдістерін пайдаланғанда тарих сабақтарынан белгілі бір тақырыптар қамтылады. Мысалы, «Қазақ Хандығының құрылуы»тақырыбы бойынша «Екі жақты күнделік», «Ой шақыру», «Венн диаграммасы», «Топтастыру», т.с.с. әдіс-тәсіл түрлері пайдаланылады.Тарих сабақтарының халқымыздың өткені, бүгіні, келешегі туралы оқушыда жүйелі білім беруде тәрбие–танымдық мүмкіншіліктері мол десек, Қазақстан тарихын оқып үйрену барысында оқушылардың өздік жұмысын мынадай түпнұсқалармен:
а) Оқулық;
ә) Тарихи көздер мен материалдар: деректер, құжаттар, фотоқұжаттар, статистика, көркем әдебиет және басқалар;
б) Анықтамалық, қоғамдық – саяси, ғылыми-көпшілік әдебиеттер;
в) Бұқаралық ақпарат құралдары және баспасөз материалдары;
г) Компьютермен, электронды оқулықпен және басқалармен ұштастыруға болады.
Тарихты оқып–үйренуде мұғалім басшылығымен оқушылар шығармашылықпен жұмыс істеуге үйренеді. Оқулық мәтінін түсінуге, оны оқуға, оқығанын есінде сақтап қайта әңгімелеп беруге, түрлі құжаттардың жай және күрделі жоспарын жасауға, тезис, конспект, реферат жазуға үйренеді, оқыған материалды саналы әрі берік меңгеруге тырысады. Мысалы: Сабақта «Қазақ Хандығының құрылуы» тақырыбын өткенде «ой шақыру» әдісін тиімді қолданамын. Оқушылардың «Хандық, хан, мемлекет» сөздерінің мағынасын қалай түсінетіндіктері бойынша өз ойларын ортаға салуға ұсынылады. Оқушылардың өз ойларын ортаға салу арқылы тақырып меңгертіледі. Немесе “Даталар сөйлейді” әдісі бойынша қазақ Хандығының құрылуы туралы жазылған тарихи деректерді талдау жұмысы жасалады.
1. 1445, 1456, 1465, т.б.
2. Хан сөзіне «Топтастыру» стратегиясы бойынша ортақ жауап шығарылып, талдау жасалады.
3. «Портреттер сөйлейді» (көрсетілген фотосуреттегі адамның аты-жөнін атап, өмірбаянына тоқталу)
4. «Бұл кімнің сөзі?» (берілген жырдың қай ханныңсөзі екенін анықтау)
5.«Венн диаграммасы» арқылы оқушылар хандар арасындағы байланыстарды айқындай білуге дағдыланады.
6.«Тарих дөңгелегі» ойыны. Бұл ойын тарауды, тақырыпты қорытындылау үшін тиімді. (Тұлғалар, жылдарды сөйлету, термин сөздер,қанатты сөздер, )
8. Тұлғалар бөлігінде - тарихи тұлғаны табуға арналған сұрақ.
9. Жылдарды сөйлету бөлігінде - дата, уақыт, санға сәйкес сұрақ жасырылған.
Сабақ соңында оқушылардан өзара кері байланыс арқылы қорытынды жасаймын:
-Кері әсері парағы:
- Білемін. Білгім келеді. Сұрағым.
Тарих сабақтарын өткенде интербелсенді тәсілдерді қолдану арқылы төмендегідей нәтижелерге қол жеткізуге болады:
- берілген ақпаратты қарастыра отырып, ондағы көрсетілмеген жақтарын анықтай алады;
- үйренген білімді дереу қолдана біледі;
- шығармашылық қабілеттері шыңдалып, өмірмен байланысы күшейді;
- нақты ақпаратты жүйелей алады;
- ынта қызығушылықтары, танымдық іс-әрекеттері, ойлау белсенділіктері, тапқырлықтары артады;
- оқушының дербестігі, өз-өзіне сенімі, өзін ұстай білу, өз ойын өзгенің ойымен салыстыру, толықтыру дағдылары , құзіреттіліктері қалыптасты;
- алған білімін өмірде пайдалануға дағдыланады;
- шығармашылық қабілеттері артады.
Қорыта келгенде, өз тәжірибемде оқыту мен оқу үдерісінде жаңа технологиялардың тиімділігі пайдалануды түрлі әдістерін пайдалану арқылы, оқушы ынтасының артқандығын, бір-біріне сыни көзбен қарауға үйренгендігін, өзіндік көзқарастарын білдіріп, ашық пікірталасқа түсеалғандықтарын, ой-өрісінің кеңейгендігі байқалады.
Әрбір пән мұғалімінің мақсаты – оқушыларға сапалы білім беру. Сабақта қолданылған оқытудың әр түрлі әдістері оқушылардың білім сапасын арттыруда және пәнге қызығушылығын, сонымен қатар әр баланың іскерлігін, ізденімпаздығын, байкау қабілеттерін жетілдіруге мүмкіндік береді. Сабақта қай тақырыпта болса да ғылыми – теориялық әдебиеттер, оқу- әдістемелік құралдар, көрнекіліктер, электронды материалдар, т.б. пайдалануға болады. Басқа пәндерге қоса географиядан да тиянақты білім берудің негізі – географиялық білім түрлерін жүйелі оқыту. Географиялық білім түрлерін атап айтар болсақ: геологиялық, климаттық, картографиялық, номенклатуралық, топонимикалық, тарихи, экологиялық және экономикалық білім деп бөлуге болады.
Геологиялық білім арқылы оқушылар жер қыртысының тұрақты және тұрақсыз түрлерімен танысып, соған байланысты табиғаттың бірнеше ғасыр бойы табиғи жолмен даму тарихынан білім алады. Бұл теориялық білімдерін танымжорық кезінде өз өлкесінен жинап алған тау жыныстарының түрлерін анықтауға тапсырма беру арқылы практикалық дағдыларымен ұштастыра аламыз.
Климаттық білім жер бетіндегі климаттың климат туғызушы факторларына тәуелділігін, ауа-райы құбылыстарының шаруашылықты ұйымдастыруға әсерін үйрете отырып, картаны пайдалану және оны оқи білуге баулу, логикалық ойлау қабілеттерін арттыру арқылы беріледі.
3.Картографиялық білім оқушылар картамен жұмыс істеу кезінде беріледі. География сабағында жер бедерінің формасын анықтауда, масштабты қолдана отырып қашықтықты есептеуде, климаттық картаның көмегімен әр материктің климатын оқи біліп, климатты қалыптастырушы факторларды анықтауда, елдердің физикалық – географиялық жағдайын сипаттауда және экономикалық географиясына, т.б. сипаттама беруде географиялық картаның маңызы зор.
4.Номенклатуралық білім оқушы картамен жұмыс істеп, географиялық атауларды меңгеріп отырса беріледі. Мысалы, 6 сыныптың литосфера тарауында ең биік 10 тау, ең ірі 10 жазық, гидросфера тарауында ірі 10 теңіз, ең ұзын 10 өзен, ең ірі 10 көлді картаға түсіріп жаттау арқылы білімін арттырса, дүние жүзінің әлеуметтік – экономикалық географиясы сабағында жер көлемі ірі елдер, халқының саны көп 10 ел, экономикасы дамыған елдерді анықтап, есте сақтаулары арқылы номенклатуралық білімдерін арттырамын.Осындай тапсырмалар арқылы оқушылар картамен жұмыс істеуге төселіп,олардың танымдық білімдері мен есте сақтау қабілеттері артады. Егер оқушы өзінің оқыған географиялық атауларының шығу тегімен танысып, тоқталып, мән беретін болса, топонимикалық білімі бекітіледі. География сабағында оқушыларға өздерінің қалауы бойынша үш сөздің тарихын тауып келуге тапсырма беру арқылы оларға шығармашылық жұмыс істеуге жағдай жасаймыз.
5.Экологиялық білім табиғатты қорғауға, аялауға тәрбиелеуде, туған жерге деген перзенттік адамгершілік борышын сезінуге көмектеседі. Түрлі экологиялық тапсырмалар, яғни өз ауылындағы бұлақтар немесе өзеннің табиғат компоненттерінің ерекшеліктерін сипаттау, жыл мезгілдері бойынша өзгерістерін бақылау, ауыл халқының тұрмысы мен шаруашылығында алатын орнын анықтау, адам әрекеті нәтижесінде болатын табиғаттағы өзгерістердің себебі мен оны жою жолдарын табуда оқушыларға тапсырма беру арқылы экологиялық білімдерін өз беттерінше арттыруларына көмектесе аламыз.Мысалы, ауыл жанындағы « Маралды » көлінің экологиялық ерекшелігі зерттеліп көл табиғатына сипаттама берілді. Оқушылар көлдің геологиялық, биологиялық, экологиялық , шаруашылық сипаттамасын жасады.Көлдің өсімдіктер дүниесі шөпті және бұталы өсімдіктерден тұрады. Өсімдіктері көп түрлі, жиі және тығыз өскен.Бұлақ жануарлар дүниесіне бай.Сүткөректілерден қоян және сарышұнақ мекендейді
6.Экономикалық білім де экономикалық білім жүйесін игеру барысында, экономикалық есептеуде, іскерлік пен дағдыны қалыптастыру, өндірістегі іс- әрекет экономикасын талдау арқылы меңгеріледі.Оқушыларға нарықтың құрылымы мен кәсіпкерлік жүйесін ұғындыруда, нарықтық білім берудің бағыттары мен кәсіпкерлікке баулудың әлеуметтік педагогикалық қажеттілігін түсіндіреді. Сонымен қатар, оқушыларға нарықтық ұғымдарды оқыту барысында экономикалық білімдерін қалыптастырады. Оқушыларға ауыл халқының өсу динамикасын анықтау, әр шаруа қожалықтарының шаруашылықты ұйымдастыру ерекшеліктерімен танысу, қорытынды жасау, өнімнен түсетін қаржыны болжау жұмыстарын үйрету арқылы экономикалық білім беруге болады.
Мұғалім жоғарыдағы білім түрлері арқылы география пәндерін оқытуда оқушылардың танымдық деңгейін арттырады. Яғни, оқушылар өз беттерімен тапсырма орындап, оқу материалдарының мазмұнын жақсы меңгеріп, өз ойларын толық және дәлелді жеткізуге төселеді. Олардың ойлау және сөйлеу қабілеттері артады. Өз беттерімен керекті материалды тауып, тапсырмаларды дұрыс орындауға үйренеді.
Танымдық белсенділік дегеніміз – оқушының оқуға, білімге деген ынта – ықыласының, құштарлығының ерекше көрінісі. Мысалы: мұғалімнің баяндап тұрған материалын түсіну үшін, оқушының оны зейін қойып тыңдауы, алған білімін кеңейтіп толықтыру үшін, өздігінен кітап оқуы, бақылау, тәжірибе жасау, жазу, сызу сияқты жұмыстар істеуі керек. Өйткені өтілген материалды саналы қайталауда, жаңадан білім алуда, оның жолдары мен дағдыларына үйренуде белсенділіксіз мүмкін емес.Танымдық әрекеттің негізінде оқушыларда танымдық белсенділік қалыптасады. Сабақ барысында оқушының бойында танымдық белсенділік пайда болса, оқушылардың ақыл – ой қабілеттерінің мынадай элементтері дамиды: зеректілік, байқағыштық, ойлау және сөйлеу дербестігі т.б.
Танымдық әрекет – шәкірттің білімге деген өте белсенді ақыл – ой әрекеті. Ол танымдық қажеттіліктен, мақсаттан, таным қисындарынан және әрекетті орындаудың тәсіл – амалдарынан тұрады. Танымдық белсенділікті бір ғана белгімен көрсетуге болмайтын ұғым, оның алуан қырлы сипатын айқын көреміз. Сондықтан оқу барысында оқушының таным белсенділігін арттыруда олардың өз бетінше танымдық ықылас – ынтасын шығармашылық әрекетін дамытатындай етіп ұйымдастырады. Танымдық әрекеттің үш дәрежесі болады.
1-Дәреже – жаңғыртушы белсенділік – шәкірттің материалды жадылап, қайта жаңғыртуға, оны үлгі бойынша қолдануға , меңгеруге ұмтылысымен сипатталады. Белсенділіктің 1 – дәрежесіне тән көрсеткіш – оқушының бойында білімін тереңдетуге деген ұмтылыстың болмауы.
2-Дәреже – түсіндіруші белсенділік-оқушының оқығанын зерделеуге, оны өзіне белгілі ұғымдармен байланыстыруға, білімін жаңа жағдайларда пайдалану жолдарын меңгеруге ұмтылысынан көрінеді.2-дәрежеге тән көрсеткіш оқушының бастаған ісін аяғына дейін жеткізуге ұмтылуынан, қиындыққа тап болғанда оны жеңудің жолдарын қарастыруынан байқалатын үлкен дербестігі.
3-Дәреже – белсенділіктің шығармашылық дәрежесі – оқушының тапсырманы шешудің тың жолдарын іздестіруге деген ұмтылысымен сипатталады.Бұл дәреженің ерекшелігі – мақсатқа жетудегі табандылық, танымдық ынтаның негіздері мен әр алуандылығы.
Сонымен қатар география сабақтарында экскурсияның маңызы зор. Экскурсия жұмысының мақсаты – оқушылардың сабақта алған теориялық оқу материалдарын практикамен жалғастыру, бекіту.Сондықтан оқушылардың танымдық белсенділігін арттыруда маңызы зор. Ол барлық оқу пәндерінде, әсіресе физика, химия, биология, тарих сабақтарында кеңінен қолданылады. Бұл оқушылардың оқу процесін бақылай білуге жаттықтырады және оқу материалын өмірмен байланыстыра алуға үйретеді.