Сәрсенбі, 15 Мамыр 2024 07:32

Түркістан қаласында 300 орындық жаңа мектеп ғимараты пайдалануға берілді

Түркістан қаласы білім бөліміне қарасты Әмір Темір атындағы №3 жалпы білім беретін мектебіне 300 орындық жаңа мектеп ғимараты пайдалануға берілді. Ұлы қолбасшы Әмір Темірдің есімін иеленген мектеп Түркістан қаласындағы 60 жылдық тарихы терең алтын ұяларының бірегейі болып саналады.

Ашылу салтанаты іс-шарасына арнайы Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Қырықбаев Мекенхан Қозыханұлы және Түркістан қаласы білім бөлімінің басшысы Қолдасова Оразкүл Шайхықызы қатысып, салтанатты түрде лентасын қиып, тұсауын кесті.

Жаңа мектеп ғимаратының кілтін "Ақ Нұр- Строй" ЖШС- нің өкілі Тағаев Бауыржан Кенжеевич мектеп директоры Мамбетова Гульназ Бақытқызына табыстады.

Өңір басшылары сәні мен салтанаты жарасқан мектеп ғимаратының ішкі құрылымымен танысты. Жалпы мектептің оқу ғимараты типтік жобамен салынған. Ғимарат ішінде 20 оқу кабинеті бар. Оның ішінде, 2 компьютер кабинеті, 2 мультимедиа, 3 лингафон кабинеті және спорт зал, асхана, кітапхана, медициналық пункт, егу кабинеттері қарастырылған.

Алдағы уақытта жаңа ғимарат, жаңа қадам мектеп ұжымының жұмысына сәттілік пен идея сыйлап, шәкірттерімізді жігерлендіретініне сеніміміз мол.Осы орайда жас ұрпақтың сапалы білім алуы үшін игі істерге басшылық жасап, осындай заманауи білім ордаларының бой көтеруіне ұйытқы болып, зор үлесін қосып жүрген ел басшыларына Әмір Темір мектеп ұжымы, ата- аналары, оқушылары атынан алғысымызды білдіреміз.

Айта кетейік, Түркістан облысында үш жылда 100-ге жуық мектеп салынады. «Ауыл ел бесігі» бағдарламасы мен республикалық бюджет есебінен құрылысы жүргізілетін 33 мектептің 2023 жылы 18-і тапсырылса, қалғаны 2024 жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі. Сонымен қатар «Жайлы мектеп» жобасы аясында 3 жылда 63 мектеп салынады. Жобалық қуаты – 49 мың орын. 2024 жылы 29 мектептің құрылысы басталса, 2025 жылы 34 мектеп пайдалануға беріледі. Оларға қажетті инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жоспары бекітіліп, тиісті жұмыстар жүргізілуде.

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы туралы алдымен Мемлекет басшысының Жолдауында айтылды.  «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды. Біз 2025 жылға дейін 800 мың баланың  заманауи мектепте оқуына жағдай жасаймыз. Осылайша, апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешеміз. Бұл ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын едәуір азайтады. Жалпы, мектеп салу Үкімет және әкімдіктер үшін басты міндеттің бірі болуы керек. Жемқорлар сотталғанда, олардың заңсыз тапқан қаржысы мемлекетке өтіп, түгелдей мектеп құрылысына жұмсалуға тиіс. Үкімет осы бастаманы заң тұрғысынан рәсімдеу туралы шешім қабылдауы керек» делінген Жолдауда.

«Жайлы мектептің» айырмашылығы неде?Біріншіден, мектептер ауылда да, қалада да жаңа бірыңғай стандарт бойынша салынады. Бастауыш және жоғары сынып оқушылары мектепте бөлек блоктарда оқиды. Әр блокта оқу кабинеттері, дәретханалар, спорт залдар болады. Балалар үшін бейнебақылау, дыбыстық хабарлау және басқа да күшейтілген қауіпсіздік шараларын орнату көзделіп отыр. Оқушыларға ыңғайлы болу үшін оқу құралдарын сақтауға, ауыстырып киетін киімге арналған жеке шкафтар, сондай-ақ кітап оқуға, балалардың шығармашылық дамуы мен демалуына тиісті жағдайлар қарастырылған. Мектептер физика, химия, биология және робототехника пәндері бойынша заманауи кабинеттермен жабдықталады. Кабинеттерге touch-экрандар орнатылып, мектептің кез келген жерінен жылдамдығы жоғары интернетке қосылу мүмкіндігі беріледі. Ерекше білім алуды қажет ететін балаларға тиісті жағдайлар жасалады.

Спорт залдар мәселесі шешіледі. Қазір 1200 орындық мектептерде  тек  бір ғана спорт зал бар. Ал таңғы сағат 8-ден кешке дейін денешынықтыру сабағы бір уақытта бірнеше сыныпқа өткізіледі. Жайлы мектептерде жобалық қуатына қарай бірнеше спорт залдар болады. Сондай-ақ мұғалімдерге де жағдайлар жасалады.

Екіншіден, құрылыс толығымен қаржыландырылған. Егер бұрын мектеп құрылысын қаржыландыруға облыстық және аудандық бюджеттерден қаражат тапшылығына байланысты мектептер жеткілікті көлемде салынбай, ұзақ мерзімді құрылыстар проблемасы туындаса, ал қазір мақсатты қаражат республикалық бюджеттен бөлінеді.

Үшіншіден, мектептер нысандар құрылысын бақылайтын дирекцияның үйлестіруі арқылы салынады. Бұл шешім сатып алу рәсімдерінің мерзімін жеделдетуге және құрылыс сапасын қамтамасыз етуге бағытталған.

Төртіншіден, ішкі ғана емес, сыртқы инфрақұрылым да қарастырылған. Мектепке апаратын жаяу жүргіншілер жолы, автобус бағыттарын алдын ала іске қосу, аялдамаларды дайындау, мектепке апаратын жолдарға жарық беру мәселелері де қатар шешілуі керек.

Бесіншіден, жайлы мектептер салуда ашықтық барынша сақталуға тиіс. Еліміздің кез келген азаматы интерактивті карта арқылы мектептердің қай жерде және қашан салынатынын бақылап, IP-камера арқылы құрылыс барысын онлайн қадағалай алады. Мектептерді салу, оларды қаржыландыру, күтіп ұстау, кадрларды іріктеу мәселелері заңнамалық тұрғыда әкімдіктердің құзырында болғандықтан, бұл ұлттық жоба әкімдердің дербес жауапкершілігін бекітуді көздейді, яғни «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын жүзеге асыру 842 мың жаңа жайлы  орын құруға мүмкіндік береді. Сонымен бірге өңірлер, қала мен ауыл арасындағы білім беру инфрақұрылымындағы айырмашылықты теңестіріп, білім сапасына әсер етеді.

2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджеттің жобасында осы мақсатта 400 млрд. теңгеден астам қаражат бөлінеді. Жоба аясында ашылған мектептер заманауи құрылғылармен толық жабдықталады. Зертханалармен қамтамасыз етіледі. Бастауыш сыныптарына арналған жеке блог болады. Мақсат – оқушылар мен оқытушыларға қолайлы әрі қауіпсіз жағдай жасау және білім беру қызметінің сапасын арттыру.

Аталған мектептердің құрылыс жұмыстарына беделді әрі бәсекеге қабілетті компаниялар тартылады. Сонымен бірге жұмыс барысы қатаң қадағаланады. Ол іске аса білікті техникалық қадағалаушылар шақырылмақ. Сондай-ақ бұл мектептер халық көп шоғырланған аумақтарда орналасады. Дархан Сатыбалды аудан, қала әкімдері мен жауапты басқарма басшыларына «Жайлы мектеп» жобасы бойынша салынатын мектептерді салуға дайындықты пысықтауды, осыған қатысты әрбір жұмысты жауапкершілікпен атқаруды тапсырды.

Оқылды 117 рет