Сәрсенбі, 15 Мамыр 2024 09:04

Түркістан қаласында «құқықтық сауаттылық – заман талабы» тақырыбында пікірсайыс турнирі өтті

Түркістан қаласының білім бөлімі мен облыстық білім беруді дамыту орталығының жоспарына сәйкес, Түркістан қаласы білім бөлімінің басшысы Оразкүл Шайхықызының қолдауымен 9-10 сынып оқушылары арасында «Құқықтық сауаттылық - заман талабы» тақырыбында қалалық пікірсайыс турнирі өтті.

Оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттырып, заман талабына сай бейімдеуді мақсат еткен турнирге бөлімге қарасты 34 мектептен 22 фракция қатысып, ой ұшқырлықтарын көрсетті. Нәтижесінде «Қазақ лигасынан» Абай атындағы №31 жалпы білім беретін мектебінің «Аманат» фракциясы І орынға ие болса, «Орыс лигасынан» Некрасов атындағы №9 мектепгимназиясының «Жарқын болашақ» фракциясы жеңіске жетті. Ал, «Ағылшын лигасында» М.Жұмабаев атындағы №15 мектеп-гимназиясының «Rise» фракциясы жеңімпаз атанып, облыстық турнирге жолдама алды. Барлық жеңімпаздар бөлімнің марапатына ие болды. Пікірсайыс соңында Түркістан қаласы білім бөлімінің әдіскері М.Искакова қорытынды сөз алып, қатысқан командаларға алғысын жеткізді.

Мемлекеттік және халықаралық деңгейге сай, бәсекеге төтеп бере алатын, жан-жақты, құқықтық сауатты ұрпақ тәрбиелеу бүгінгі қоғамның басты талабы екені сөзсіз. Ішкі және сыртқы күрделі мәселелерді шешуде жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру ісін қайта қарау керектігі анық сезіледі. Ал ол үшін құқықтық білім беру, құқықтық сана қалыптастыру, жауапкершілікті арттыру міндеттері алға шығады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында «Заң үстемдігі орнықпаса, азаматтардың қауіпсіздігіне кепілдік берілмесе, әлеуметтік-экономикалық дамудың бірде-бір міндеті табысты жүзеге асырылмайды» деген болатын.

Елімізде азаматтық қоғам құруда біршама элементтердің топтасуы қажет екені, құқықтық білім беру азаматтық қоғам құрудың негізі екені белгілі болды. Конституциямыздың 1-бабымен Қазақстан «құқықтық мемлекет» деп танылған. Құқықтық мемлекеттің әрбір азаматы құқықтық саналы, құқықтық мәдениетті болуы қажет. Мемлекетіміздің осы мақсатпен қабылдаған «2010–2020 жылға арналған құқықтық саясат тұжырымдамасы» да осыны көздеді. Алайда елімізде күнделікті орын алып жатқан оқиғаларға қарап, құқықтық сауаттылық әлі де төмен екенін көріп отырмыз. 

Қазіргі таңда жастар өз құқықтарын толық әрі жетік біледі деп айту қиын. Соңғы кездері оны пайдалана да алмайтынын байқадық. Көбіне жастар зәбір шегіп жатады. Бізде кейбір жастармен кездесу барысында құқықты түсіндіргенде ғана өздеріне жаңалық ашқандай таңғалып жатады. Текетірестен кейін немесе басына іс түсіп, құқығы бұзылғанын біліп, заңдық сауаты сосын артқан жастарды да көрдім. Қазіргі жастарымыз өте ынталы, өзіне қажетті нәрсені тез оқып, біліп, жетілдіруге ынталы. Көбіне заңды басты құрал ретінде пайдалана алмағандықтан бізден көмек сұрап жатады. Көбіне жастардың құқықтары мен бостандықтарын бұзудан қорғауымыз керек. Себебі жастарда еліктеушілік бар, яғни алдау, арбау, арандатушылыққа қызықтыру оңай. Сол себепті кейде білместікпен құқығы тапталып, жеке өмірі шектеліп, бас бостандығынан айырылып жатады. Оларға құқықтық түсіндірме жүргізбегендіктен көбіне тағдыр тәлкегіне ұшырап, тығырыққа тірелетін кездері де жоқ емес. Сондықтан жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру үшін міндеттемелерімен бірге жауапкершілігі барын және өздерін қорғауды үйретуіміз, түсіндіруіміз керек. Бұл, әрине, үлкен әрі ауқымды жұмыс.

Халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру – қоғамның дамуының алғышарттарының бірі. Дамыған мемлекеттерде құқықтық саясаттың өркендегені соншалық – әр адам өз құқын қорғауға бейім тұрады. Демек құқықтық саясат іске аса бастағанда қоғамның дамуына кедергі келтіретін жемқорлық т.б. жағымсыз әрекеттер сап тыйылмақ. Себебі бәрі заң шеңберінде қаралады. Құқық қорғау саясаты құқық қорғау жүйесін құруға, адам құқықтарының тиімді жүйесін құруға негізделген. Құқықтық саясаттың міндеттеріне сәйкес мемлекет азаматтардың құқықтық сауаттылығы мен құқықтық санасын арттыруға жағдай жасайды, олардың құқықтарын, заңмен қорғалатын мүдделерін жүзеге асыру мен қорғаудың жолдары мен шектерін білуді қамтамасыз етеді. Қазақстандағы құқықтық мәдениетті арттыру жөніндегі мемлекеттік саясаттың тұжырымдамасы азаматтардың құқықтық сауаттылығы мен құқықтық санасын іске асыруға, халықтың құқықтық мәдениетінің жоғары деңгейін қалыптастыруға, заңды, тәртіп пен сотты құрметтеуге, оң әлеуметтік мінез-құлық үлгісі, сонымен қатар құқықтық нигилизмді жоюға бағытталған.

Құқықтық мемлекет принциптерінің нығаюы, азаматтық қоғамның қалыптасуы және азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарының жүзеге асуы олардың құқықтық мәдениетінің жағдайына, құқықтық сана деңгейіне тікелей байланысты. Осыған сәйкес, азаматтарды құқықтық тәрбиелеу құқықтық тәрбие жүйесіне қатысушылардың барлығының жұмысындағы басым бағыттардың бірі болуы керек.

Тәуелсіз мемлекеттің дамуы, мемлекеттік басқару жүйесінің қызметі, экономика- ны және азаматтық қоғам институттарын дамыту, халықаралық ынтымақтастық үшін жаңа құқықтық негіз қалыптастырылды. Құқықтық саясаттың негізгі қорытындылары ұлттық заңнаманың негізгі салаларын елеулі түрде жаңартуы болды. Басқа елдерде этносаралық және конфессияаралық негізде сілкіністер болып жатқанда Қазақстан өз халқы үшін ішкі саяси тұрақтылықты қамтамасыз етті. Қазақстан халқы Ассамблеясын құрып, халықтар арасындағы достықты және олардың дамуын нығайтты. Реформалар жүргізу үшін қажетті заңнамалық база құрылды, құқықтық мемлекет құру және құқық үстемдігін орнату жөніндегі конституциялық қағидаттар белгіленді. Бұл ретте, қазақстандық құқықтық жүйе үздік халықаралық стандарттарға, қоғамдық даму қажеттіліктеріне бағдарлана отырып, дәйекті дамып келеді, өзекті жаһандық міндеттерге бейімделеді.

1995 жылы мемлекеттіліктің саяси, экономикалық, мәдени және құқықтық негіздерін бекіткен Қазақстан Республикасының Конституциясы қабылданды. Конституция мемлекет пен қоғамның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізіне айналды. Ата Заңға сәйкес тиімді демократиялық институттар – президенттік басқару нысаны, қос палаталы Парламент, есеп беретін Үкімет, тәуелсіз сот жүйесі және белсенді азаматтық қоғам қалыптасты.

Құқықтық мәдениетті қалыптастырып, бір сәтте аяқтап тастайтын дүние емес. Бұл үздіксіз, үзіліссіз, әрдайым дамып отыратын қоғамдық құбылыс. Сондықтан құқықтық мәдениеттің межесі мынадай деп нақты айта алмаймыз. Заң ғылымы категория ретінде үш түрлі элементтің жиынтығынан құралады. Біріншісі – құқықтық сана. Екіншісі – құқықтық идея. Үшіншісі – құқықтық мәдениет. Біз осы үш ұғым тұрғысынан қарасақ, құқықтық мәдениетке жалпылама баға беруге болады.Құқықтық сананың өзі кемінде екі топқа бөлінеді. Біреуі – кәсіби емес құқықтық сана. Ол қоғамдағы қарапайым адамдардың құқық туралы пайымдары мен түсініктері. Екіншісі – кәсіби құқықтық сана дейміз. Оған прокуратура, сот, тергеуші, нотариус, адвокат сияқты кәсіби деңгейде меңгерген құқықтық сана иелері жатады.

Қазақстанда ең белең алып отырған ауруымыз – жемқорлық. Осының кесірінен елдің да- муы да тежеліп жатыр. Бюджеттен бөлінген ақша мақсатты жеріне жетпейді. Жемқорлық – мемлекеттік қызмет аясында туындайтын дүние. Бұған көз жұмып, немқұрайлы қа- райтын адамдар бар. Осының салдарынан сыбайлас жемқорлық туындайды. Қазір бізде жемқорлық дендеп тұрса, кәсіби деңгейдегі құқықтық санамыз әлі күнге тиісті мәдениет деңгейіне көтерілмеген деген сөз. Құқықты әркім әрқалай түсінеді. Мәселен, еуропалық қоғамда ешқандай азамат заңды жатқа біл- мейді, бірақ олар заң қалай болу керек екені туралы өздері болжай алады. Шын мәнінде, 80-90 пайыз заң сондай болып шығады. Яғни қарапайым азаматтардың заң осын- дай болуы керек деген түсінігі дұрыс болып шықса, құқықтық мәдениет қалыптасқан деп айтуға негіз бар. Өкінішке қарай, біздің елде заңдарымыз туралы халықтың болжамы сәйкес келмей жатады. Тіпті, сәйкес келгеннің өзінде заңның іске асуында үлкен қателіктерге жол беріп жатады.

Жалпы айтқан кезде бізде заң жаман емес, жақсы. Азаматтардың құқықтары мен бо- стандығын, заңдық мүдделерін қорғайтын нормаларды бекітіп, орнықтырады. Алайда соларды іске асыру, қолдану, пайдалану барысында түрлі кедергілерге, шектеулерге, бюрократиялық белден басуларға жолығып жата- ды. Сондықтан амал жоқтықтан өз мәселелерін шешу үшін пара беруге барады. Бұл жағдай енді заңның кемшілігінен деп айта алмаймыз. Құқықтық идея де- геніміз – теңдік идеясы. Екіншісі – бостандық қағидасы. Үшіншісі – әділеттілік. Теңдік мәселесіне қазір көбірек назар аударылып отыр. 30 жыл уақыт ішінде Қазақстандағы азаматтар бәрі бірдей теңдей мүмкіндікке ие болған жоқ. «Жаңа Қазақстандағы» мақсат та сол. Әділетті Қазақстан құру. Осы тұрғыдан келгенде, ілгерілеу бар. Үшіншісі – құқықтық саясат. Бұл мемлекеттің құқық туралы жүргізіп отырған саясаты. Алдағы 50-100 жылда елдің дамуын қандай құқықтық саясатпен реттейміз деген мақсат-міндеттен туындайды. Мұны жүргізу үшін бізде құқықтық саясат тұжырымдамасы қабылданады. Соңғы тұжырымдамамыз 2022-2032 жылға арналған. Бұл тұжырымдамада да осындай авторлық құқықты, интеллектуалдық өнімдерді қорғауға байланысты стандартты қабылдау керек деген сияқты басымдықтар берілген.

Әрбір мемлекет өз азаматтарын құқықтық сауаттылыққа баулу керек, себебі бұл азаматтық қоғамның негізі. Әрбір адам өз мүдделерін қорғап, басқа адамның құқығын бұзбау керек. Бұл құқықтың алтын заңы. «Сенің құқықтарың басқа адамның құқықтары басталғанда аяқталады» деген заңның қатып қалған қағидасы бар. Бірақ кейбір адамдар соны да түсінбейді, сол үшін олардың көзқарастарын өзгерту қажет. Құқықты мемлекетте ұрлыққа, зорлыққа орын болмауы тиіс. Құқықтық сауаттылық біздің өмірімізді мәңгілікке өзгертеді. Азаматтардың заңда білмеуі бұл дамушы мемлекет үшін өте маңызды мәселе. Адам заңды білмесе, ол оны бұзады және ол қиын жағдайға тап өз жақындарын қорғай алмайды. Заңды білу — лайықты азаматтың негізгі мақсаты. Адамдарға арналған тұрмыстың оңтайлы, ұтымды үлгілерін тек саналы еркін азаматтар ойлап таба алатындықтан, саналы азаматтарсыз, жетілген азаматтық қоғамсыз құқықтық демократиялық мемлекет құру мүмкін емес.

Сондықтан құқықтық мемлекет идеясы – тарихи өркениет, яғни ол идеяға озық қоғамдардың барлығы ұмтылуда. Құқықтық мемлекетте құқық пен еркіндіктің кең жинағы қарастырылады. Онда құқық пен еркіндіктің іске асатынына толық кепілдік бар. Құқықтық мемлекетте биліктің заң шығарушы, атқарушы және сот болып үш тармаққа бөлінетіндігі туралы жазылған, олар бір-бірімен «тепе-теңдік және тежемелік» жүйесінің көмегімен байланысады. Қазақстан Республикасында азаматтық қоғам мен құқықтық мемлекеттің қалыптасуына белсенді үдерістер жүргізілуде.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 1-бабында мемлекетіміз құқықтық мемлекет деп жарияланған. Әлеуметтің құқықтық санасы мемлекеттік құрылымның қазіргі талаптарына сәйкес келуі тиіс. Алайда, біздің әлеуметтік құқықтық білімінің көрінісі біздің ол деңгейге әлі жете қоймағанымызды көрсетіп отыр. Бұл жуырда әлемді шарпыған коронавирус пандемиясына байланысты тұрғындарға мемлекет тарапынан тағайындалған жәрдемді алу кезінде анық байқалды.

Егер, мемлекеттің әрбір азаматы өз құқығын қорғауды, құқықтық мәселелер туындаған жағдайда қандай құрылымдарға жүгінуге болатынын білетін болса, демек ол қолданыстағы заңнама нормалары, заңдағы өзгерістер туралы біледі. Бұл қоғамдағы құқықтық мәдениеттің деңгейін білдіреді. Елдегі құқықтық мәдениет деңгейі қоғам дамуының көрсеткіші, құқықтық мемлекет құру үрдісінің нәтижесі болып табылады. Жалпы құқықтық мәдениет ұғымының мағынасы кең, соның ішінде жеке тұлғаның құқықтық мәдениеті қазіргі қоғамның өзекті мәселесінің бірі. Құқықтық мәдениет құқықтық санадан туындайды.

Құқықтық сана – адам құқығына белгілі бір көзқарас, құқық туралы білім, қолданыстағы заңнамаларға сәйкес мінез-құлыққа ие болу, тыйым салулар мен шектеулер туралы білу. Құқықтық санасы қалыптасқан азамат құқыққа құрметпен қарайды. Мұндай азаматтар құқықбұзушылыққа бармайды, өз құқығын біледі, басқа адамдардың құқықбұзушылығына төзімсіз болады. Жеке адамның құқықтық санасы күнделікті алуан түрлі байланыстар мен қатынастардың ықпалымен және өзінің білім деңгейі, мәдениетіне қарай қалыптасады. Қоғам мүшелерінің әлеуметтік жағдайы мен қабілетінің әртүрлі болуы заңды, сондықтан, қоғамдағы құқықтық сана деңгейі де біркелкі емес. Мәселен, топтық құқықтық сана қоғамдағы түрлі әлеуметтік топтар мен оларға кіретін жеке адамдардың ерекшелігіне байланысты анықталады. Әр топтың құқықтық құндылықтары әртүрлі. Соның ішінде қоғамдағы құқықтық идеологиядан шет қалу, яғни, құқықтық нигилизм жиі кездеседі. Бұл тұрғын халықтың әлеуметтік жағдайына, күнкөріс деңгейіне тікелей байланысты.

«Сананы тұрмыс билейді» демекші, күнделікті азық-түлікке, тұрмысқа ең қажетті заттарға әрең қол жеткізетін адамдар тобы әлеуметтенуден шет қалып жататыны кездеседі. Олар өздеріне тиесілі, мемлекет кепілдік берген құқықтар мен бостандықтардан бейхабар. Бұл топтағы адамдардың заңды бұзбауы олардың құқықтық мәдениеті қалыптасқан дегенді білдірмейді. Яғни, олар қолданыстағы заңнаманы ұғынбаса да, құқықтық белсенді болмаса да, заң шеңберінен шықпайды, бұзбайды. Мұндай мінез-құлық конформизмнен де туындауы мүмкін. Сондай-ақ жеке адамның немесе топтың құқықтық белсенділігі де олардың құқықтық мәдениетінің көрсеткіші бола алмайды. Заңды білу деген оны тек өз мақсатына пайдалану ғана емес. Сондықтан да, қоғамда құқықтарды, адам еркіндігін, сөз бостандығын қоғам, мемлекет мүддесіне нұқсан келтіру, қиянат жасауға дейін жеткізетін жағдайда пайдаланатындар кездесіп жатады. Олар ізгі мақсатты көздеп те заңсыз әдістерге баруы мүмкін. Бұл көріністер әлеуметтік-құқықтық белсенділіктің оң және теріс жағы болатынын білдіреді. Дегенмен, мұндай көріністер де қоғамдағы құқықтық мәдениет деңгейінің көрсеткіші екені сөзсіз. Қазақстанда қоғам үшін қауіпті дерт – жемқорлықтың дендеп кетуіне де құқықтық мәдениеттің төмендігі ықпал етуде.

Статистикалық деректер бойынша, жыл сайын Қазақстанда орташа есеппен 2 мыңнан астам жемқорлыққа қатысты қылмыстық іс тіркеледі екен. Мыңнан аса адам жауапқа тартылады. Ұлттық қауіпсіздік пен мемлекеттің болашағына нұқсан келтіретін жемқорлықтың тамырына балта шауып, алдын алу жөніндегі іс-шаралардың арасында азаматтардың құқықтық санасы, көзқарасы дұрыс болуы қажет. Бұл жөнінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қоғамда жемқорлыққа мүлдем төзбеушілік қалыптасуы шарт. Барлық мемлекеттік органдар осы бағытта жұмыс істеуі керек. Әділет министрлігіне көпшіліктің жемқорлыққа қатысты құқықтық сауатын арттыру жұмыстарын күшейтуді тапсырамын.

Білім және ғылым министрлігі де балаларды ерте жастан жемқорлыққа қарсы мәдениет негіздеріне баулуды қолға алған жөн» деген болатын. Яғни, түрлі деңгейдегі мемлекеттік органдар, мекемелер қызметі бойынша сыбайлас жемқорлық көріністеріне немқұрайды қарамай, әрбір азамат осындай құқықбұзушылықтардың жолын кесу әрекетін жасауы тиіс. Сонда қоғамда жемқорлыққа төзбеушілік сипатындағы мінез-құлық қалыптасып, бұл дерттің алдын алуға ықпал етеді.

Оқылды 107 рет