Бейсенбі, 16 Мамыр 2024 11:45

Түркістан: Әйтеке би атындағы №26 мектепте мұғалімдер арасында «Фариза, Фаризажан, Фариза қыз...» қалалық байқауы болып өтті

Ақиық ақын Мұқағали Мақатаев пен Фариза Оңғарсынованың шығармашылығы мен туындыларын ұстаздар арысында дәріптеу, өлең оқуға деген құштарлығын ұялату, ұстаздардың дарындылығын анықтау мақсатында Түркістан қаласы білім бөлімінің басшысы Оразкүл Қолдасованың қолдауымен бөлімге қарасты Әйтеке би атындағы №26 жалпы білім беретін мектебінің базасында білім беру мекемелеріндегі пән мұғалімдері арасында қалалық «Фариза, Фаризажан, Фариза қыз...» байқауы болып өтті.

Бөлімге қарасты білім мекемелерінен отызға жуық пән мұғалімдері қатысқан байқауда педагогтар өз өнерлерін жоғары деңгейде көрсете білді. Алғашқы кезеңде ақынның өлеңдерін мәнерлеп оқыса, екінші кезеңде Фариза ақынға арналған әндерін орындады. «Әрбір ұстаз - өз мамандығының шебері» деген қағида осы бір байқауда тағы да дәлелін тапты. Түрлі аспаптарда ойнап, әншілерден қалыспаған мұғалімдер өз өнерлерін паш етіп, көрермендерді таңғалдырды.

Дәстүрге айналған аталмыш байқау қатысушыларға серпіліс бергендігі анық. Барлық ұстаздарға шығармашылық ізденіс пен табыс тілей отырып, «Бас жүлдеге» ие болған С.Сейфуллин атындағы №4 мектеп-лицейінің орыс тілі пәні мұғалімі Феруза Абдуғаппарованы жаңа жетістігімен құттықтаймыз! Сонымен қатар, шараны жоғары дәрежеде ұйымдастыруға атсалысқан мектеп ұжымына ризашылығымызды білдіреміз.

Барша қазақ халқы белінен шыққан перзенті Фариза Оңғарсынова мен Мұқағали Мақатаевтай ақындарын керемет біледі. Бұлардың өмірін жақсы білгенмен, олардың қаншалықты таныстығы барын болжалдап, сан түрлі аңыз жасап жүрміз. Ең дұрысы бұл шынайы шындықты өздерінен оқып білгеніміз жөн.  

Қос ақын қалай танысты? Ең алғаш Фариза апамыз алмалы қаладағы өмірін «Қазақстан пионері» газетіне редактор болудан бастайды. Бұған дейін «Лениншіл жас» газетінің Атыраудағы тілшісі қызметін абыроймен атқарады. Мұқағалимен алғаш таныстығы да ерекше. Ақын-апамыздың кітабының редакциялық талқылауында Сағи ағаның (Жиенбаев) ащы сыны жас қыздың жігерін біраз осқылып өтеді. Талқылауда Фариза жырлары нәзік табиғатты қыз балаға жат қылықты жырлар деп сыналса керек. Ауыр сынға ұшыраған сондағы мына жолдар:

«Адам деген бақыттан тұншығады, ә –

Шырын сәтте бойында қан тасыған.

Біздер жаққа қарауға қымсына ма –

Ай жатыр шалқасынан». Міне осы суығы қарыстай сынның өткір тырнағынан арашалап қалған Мақатаев болады.

«Мұқағали ақынның айдалада жүріп жақын тұтқан, бауырына тартқан сезімі мен сенімін сезе тұрып, телефон соғып, не жай-күйін білуге іздеп барған емеспін» - дейді Фариза апамыз. Бұл сөздер жақын тартқан адамының қадіріне жете білмеген өкініштен туындаған жанның сөзі. Расында Фариза апамыздың Мұқағали ақынға келгенде өкінері көп. Тіпті, өлерінде қасында болу тұрсын, жаназасына қатыса алмайды.

Сол жылы (Мұқағали өмірден өтер жыл) Фаризаны Бакуде өтетін оқушылардың «Балалар кітабының апталығына» Қазақстан Жазушылар одағының бірінші секретары Әнуар Әлімжанов жібереді. Жолға шығарынан бір күн бұрын редакцияға қалыңдалған көлемді хат келеді. Бұл – Мұқағалидың Фаризаға арнаған «Фариза, Фариза ақын, Фариза қыз!»-деп бастау алған сан түрлі аңызға арқау болған жыр шумақтары еді.

Бакуде жүріп үйінен Мұқағалидің өмірден өткенін естиді. Қас қылғандай Алматыға ұшуға билет те қалмайды. «Сөйтіп, ұлы ақынның соңғы дидарын көре алмай, соңғы сапарына аттандырып сала алмай, сандалақтап Алматыға оралдым» - деп сабақтайды өзегін өртеген өкініш жібін.

Ендігі жерде ақынның өмірбаяны мен шығармашылығына тоқталып өтсек. Фариза Оңғарсынова 1939 жылы 5 желтоқсанда қазіргі Атырау облысындағы Новобогат ауданына қарасты Манаш ауылында дүниеге келген. Фариза он баланың кенжесі. Алайда, бауырларының көбі ерте қайтыс болып кетеді. Әкесі – Оңғарсын Иманғалиев оқыған, балық шарушылығын алғаш болып ұйымдастырған, жұртына қадірлі азамат болған. Ол Фаризаның кішкентай кезінде қайтыс болып кеткен. Ал анасы – Халима Иманғалиева арабша хат таныған кісі. Ол, халық ертегілерін, ескі қазақ әндерін жақсы көрді. Балаларын да оқу-білімге баулып, сауатты болуларына үлкен үлес қосқан да анасы. Балалар қыстың ұзақ кештерінде кітаптарды дауыстап оқып, поэтикалық шығармаларды жаттап үйренді. Фариза өз балаларын ескі дәстүрлі тыйымдарға байланып қалмайтындай, еркін болып өсулеріне барын салған анасына қарыздар.

Қазақтың ақын қызы кішкентай кезінен-ақ, анасының Пайғамбарымыз (с.ә.с) туралы әңгімесін естіп өседі. Ол қиындыққа кезіккен сайын анасын жылатпауға тырысып өсті. Мектеп жасында-ақ, Қобыланды батыр жырын жатқа оқыды. Алайда, сол заманда бүкіл елді қалжыратқан сұрапыл соғыс тұтастай ұрпақты ерте есейтті. Фариза Оңғарсынованың да балалық шағы сол сұрапыл жылдарға дөп келді. Әке қазасының артын ала мейірімді аға Бақтұғыл мен сүйкімді апайы Рәбила оралмас сапарға аттанды. Болашақ ақын бас-аяғы алты жылда жанына жақын үш бірдей адамынан айырылды. Неше түрлі жоқтауды есі кірмей жатып естіп өссе де, құйтақандай кезден-ақ қайсар мінезімен ерекшеленді. Ақынның өзі де бала Фариза жайлы “қыз болып ойнамадым қуыршақпен, ерке еді мінезім де қыңырсоқтау” деген өлең жолдарын шығарған болатын. Мектепке бармай жатып, қара таныған бала Фариза кішкентайынан қазақтың жыр дастандарын дауыстай оқып, кейін анасының көңілін аулағанын жазады.

Фариза Оңғарсынова 1961 жылы Гурьев (Атырау) мемлекеттік педагогикалық институтының филология факультетін қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша тәмамдап шығады. Оқу бітіргеннен кейін сол өңірдегі Балықшы, Еркін қала, Октябьрдің қырық жылдығы атындағы қазақ мектептерінде дәріс берді. Ол 1966 жылға дейін ауылдық мектептерде мұғалім, содан кейін директор болып жұмыс істеді. 1966 жылдан бастап Гурьевтік «Коммунистік еңбек» облыстық газетінің редакциясында әдеби қызметкер ретінде жұмысқа орналасып, журналистік қызметін бастады.

Еңбек жолын қарапайым ауыл мектебінде ұстаздық етуден бастаған ақын кейінде 1968-1970 жылдары «Лениншіл жас» газетінің редакциясында Гурьев, Ақтөбе және Орал өңірлерінің меншікті тілшісі ретінде жұмыс істеді. Фариза ақын шөл мен көл тоғысқан топырақта туып-өскендіктен, оның болмысы да сол топыраққа тартқан сыңайлы. Ақын поэзиясынің іші толған сезім.

Фариза – бұл есім бүгін өрлік пен ерліктің сыршыл сұлулықтың, ұлылықтың символы. Фариза біреу де болса, бірегей деген ұғымды білдіреді. Оның отты жырлары ұлттың қуанышы да, жұбанышы да болған.

Белгілі жазушы Әбіш Кекілбаев айтқандай, Фаризада өзінің талантына лайық тегеурінді мінез де болды. Расында да, ақынның мінезі тегеурінді еді. Талайды опындырған да, бірақ ақынды биік шыңға жетелеген де, дәл осы мінез болатын. Ертеректе, неміс баспасының аудармашысы Ильза Чертнер деген әйел Фариза Оңғарсынованың үйіне қонақта болған. Сонда қойдың үйітілген басына үрке қарап, сылқылдай күлген аудармашы мен оның серігінің әрекеті Фариза апаймызға жақпай, ақын оларды үйінен қуып шығады. Сол кезде ақын: «Дәстүрімді сыйламаған адам, өлеңдерімді аудармай-ақ қойсын» депті.

Ақынның әдебиет деп аталатын азабы көп ауылға келуіне жаратылыстың әкенің қаны, ананың сүтімен берген қасиеті. Фариза Оңғарсынова қалың қазаққа алдымен, шыншыл журналист ретінде танылды. «Лениншіл жас» газетінің Мұнайлы өлкедегі тілшісі көп жазатын, әділ, кесіп жазатын.

Қайсар мінезді қазақ қызы 1970-1978 жылдары «Қазақстан пионері» республикалық пионерлік газетінің редакторы болып қызмет етті. Ал 1978 жылы «Пионер» (қазіргі Ұлан) газетінің бас редакторы және 2000 жылға дейін қазіргі «Ақ желкен» журналының бас редакторы қызметін атқарады. Содан кейін 2000 жылдан 2004 жылға дейін – ҚР парламенті мәжілісінің І және ІІ шақырылуларының депутаты болды.

Ақын анамыздың шығармашылығы туралы сыр шертетін болсақ, оның өлеңдерінде әйелдер тақырыбы жиі жырланды. Тек жай жырлау емес, қазіргі замана талабының биік өрісіне лайықтап жырлау Фариза туындыларының бір қыры еді. Ақынның шығармашылығына тән басты қасиет шындықты ту ететіндігінде. Оның бұл қасиеті кез-келген туындысынан айқын көрініп тұрады.1979 жылы жарық көрген «Сенің махабатың» жинағындағы сырласу немесе ақын әйелдің анасымен диалогы атты поэмасы Фариза ақынның шығармашылығындағы шындықтың биік шырқауы.

Фариза Оңғарсынова алғашқы өлеңдерінде Қазақстанның шөлді жерлерінің өзеруі, кең байтақ сусыз даланың ең шөлді бұрыштарына тіршіліктің келуі, ерлігі мен батылдығы кеңпейілділігінен кем түспейтін адамдар туралы жазды. Қазіргі заманғы қазақ әдебиетіне өктем түрде кірген ақынның өлеңдері, поэзиясының өмірбаяны осылай басталды. Оның алғашқы өлеңдер жинағы 1966 жылы «Сандуғаш» деген атпен жарық көрді. Содан бері «Жазушы» баспасында бірнеше өлеңдер топтамасы жарық көрді.

Қас жүрекке бөген жоқ журналист Фариза Оңғарсынова кейін Алматыға ауысты. Алматыда «Қазақстан пионері» басылымының редакторы болып бекітілген журналист Оңғарсынованың отты жырлары лег-легімен жарыққа шыға бастады. Ақын қыздың бала кезден қаперіне қонып, қанына сіңіп алған адалдық, тазалық, ерекше талғамы мен талабы, осылай шыңдала берді.

Фариза ақынның өлеңдерінің құдіреті асау мінез, шалт қимыл мен ащы шындықты. Әр сөзі мірдің оғындай Фариза ақын халықтың мұң-мұқтажын көре жүрді, көп мінбеден көтере білді. Қазақстан мәжілісінің депутаты болған кезде «Ана мен бала» туралы заң жобасын әзірлеп, мәжіліс қарауына алғаш ұсынған да Фариза Оңғарсынова еді. Жетім көрсең жебей жүр деп, әлеуметтік мәселелерді төтесінен қойып, кесіп тұрып айтты, жазды. Бірақ, мемлекеттің қоржынында ақша аз деген себеппен ақын жазған заң мақұлдануға жіберілмей қалған болатын.

Қазақтың ақын қызы депутат бола жүріп, әйел азаматтарды басшылыққа тарту мәселесін көп көтерді. Бірнеше қазақ қыздарының саяси қызметтерге келуіне себепкер болды. Ақын жалпы әйелдердің билік  басында жүргенін жақсы көрді. Фариза апайдың қазақтың қызы осындай болсашы деген ойынан шыққандардың бірі, күрделі министрлікті басқарған қазақ қыздарының бірі Зағипа Бәлиева болатын. Фариза апай қазақ жастарының, әсіресе қазақ қыздарының шын жанашыры болды.

Ол парламенттің депутаты ретінде қазақ тілінде екі заң жобасын жасады. Оның біреуі, жоғарыда атап өткеніміздей «Ана мен баланы» қорғау туралы заң деп аталса, екіншісі «Баланың құқығы» деп аталды.

Фариза ақын сүйіспеншілік пен махаббатты 28 жыл үздіксіз жырлаған ақын. Бірде оттай шарпитын, енді бірде алапат дауылдай теңселтетін махаббат сезімін басуға, жүрегін жандырмай, жан дүниесін таза ұстап қалуға кө мектескен қандай құдірет күш. Оған да жауапты ақын өлеңдері арқылы берді.

Артына өшпес асыл мұра қалдырған қазақтың ақын қызы 2014 жылдың 23 қаңтарында 74 жасында дүниеден озды. Қазақ халқының біртуар ақын қызы 2014 жылы 27 қаңтарда Астанадағы Ұлттық пантеонда Қабанбай батырдың кесенесінің жанында жерленді.

Алғашқы өлеңдері баспасөз беттерінде 1958 жылдан бастап шыққан. Әр жылдары 20-дан астам өлеңдер жинақтары, очерктері, таңдамалы шығармалары, "Біздің Камшат" повесі, аудармалары "Жазушы", "Жалын", "Молодая гвардия" баспаларынан жарық көрді.

Орыс, туысқан республикалар ақындарының, Чили ақыны П. Неруданың жырларын, кейбір драмалық шығармаларды казак тіліне аударған.

Фариза Оңғарсынованың өлендерінде жасандылық жоқ, азаматтық лирикасы сыншылдығымен, қоғамдағы, адам мінезіндегі келеңсіз тұстарды дәл нысанаға алуымен ерекшеленеді.

Ақынның творчествосына тән басты қасиет — шындыкқа бас ию. Оның бүл қасиеті кез келген туындысынан да айқын көрініп түрады. 1979 жылы жарық көрген "Сенің махаббатың" жинағындағы "Сырласу немесе ақын әйелдің анасымен диалогы" атты поэмасы ақын творчествосының шындық шырқауы, негізгі қағидасы. Шындық, қайсарлық, адамгершілік, махаббат, сенім сияқты философиялық категориялар Ф. Оңғарсынованың поэзиясында нанымды, салмақты көрініс тапқан.

1967 жылы "Бұлбұл" деген атпен тұңғыш жыр кітабы жарық көреді. 1984 жылы "Үйім — менің Отаным", "Маңғыстау монологтары", "Революция және мен" өлеңдері топтамалары үшін (1979 ж.) Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. Ленин комсомолы Орталық Комитетінің, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамоталарымен, "Құрмет Белгісі" (1976 ж.), "Парасат" ордендерімен (1996ж.) марапатталған. Республика мәдени-ағарту ісіне еңбегі сіңген қызметкер. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты болған.

Халыққа білім беру ісінің үздігі (1985).

Қазақстанның халық жазушысы (1991).

Қазақстанның халық ақыны.

Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты.

Фариза Оңғарсынова қазақ әдебиетінде поэзия жанрында адуынды жырларымен баурап алған поэзия падишасы. Ф.Оңғарсынованың әр тақырыптағы лирикалық шығармалары, ондағы кейіпкерлер әлемі, яғни лирикалық қаһарман мәселесі, ақындық шеберлік сырлары әр адамды қызықтырары айдан анық. Өзінің шығармашылығымен әдебиет зерттеушілерінің назарын аударып отырған Ф.Оңғарсынова жырларын зерттеуге көптеген ғалымдар қызығушылық танытқан.

Ф.Оңғарсынова поэзиясының табиғатын тану – алыптардан бастау алады. Көркем сөз зергерлері Ғ.Мүсірепов, Ә.Тәжібаев бастаған қазақ ғалымдарының ізін ала М.Қаратаев, Ә.Шәріпов, С.Сейітов, З.Ахметов, Ә.Жәмішев, С.Қирабаев, Р.Нұрғалиев т.б жалғастырды. Ақынның замандастарынан К.Ахметова, Н.Оразалин, Ә.Кекілбаев, С.Ерубаев, У.Қалижанов, А.Егеубаев, Т.Шапай секілді тұлғалардың пайымдары мен пікірлері.

Ақынның жырлары қоғамдағы болып жатқан келеңсіздіктерді сынай отырып, шындыққа тура қарауымен ерекшеленеді. Ф. Оңғарсынованың шығармаларында шындық, қайсарлық, адамгершілік, махаббат, сенім секілді философиялық категориялар орын алады. Ақын «Үйім – менің Отаным», «Маңғыстау монологтары», «Революция және мен» өлең топтамалары үшін, басқа да еңбектері үшін марапатталған болатын. Шығармашылықпен айналысумен қатар саясатқа да араласып, депутаттық қызмет те арқарды.

Ақын шығармаларының ешкімге ұқсамайтын өзіндік қырлары, үні бар. Қаламгердің жырлары құрылымы жағынан болсын, мән-мағынасы жағынан болсын, философиялық ойлары тұрғысынан болсын ерекше сипатқа ие. Ф. Оңғарсынова поэзиясының ең басты кейіпкері – қазақ қызы, олардың махаббаты, ар-намысы, арманы, құпиясы болып табылады. Қазақ қызының ар-намысын бәрінен жоғары қойған ақын өлеңдері қыз баласын тәрбиелеуде үлкен рөл атқарады. Ақын өз шығармаларында поэзияны жанына серік етіп, қуанышы мен қайғысын,  сыры мен мұңын бөлісетін жан досына айналдырған

Ақынның лирикалық кейіпкерлері ешкімге ұқсамай бермейді, оқи отырып өзімен бірге күрсіндіріп, ойлантады, қуантып, мұңайтады, толғандырады. Үнемі талпыныс күй кешкізеді. Ұлыларды ұлықтау ұрпақтың парызы. Поэзия падишасының адуынды жырлары арқылы ұлы тұлғаларымыздың рухы тірілгендей болады. Өр рухтың жарқылы ойнаған шығармалары оқырманын қанаттандырады, патриотизмге баулиды, елін, жерін сүюге шақырады. Фариза Оңғарсынова бүгінгі күннің тұлғаларына да жырларын арнап, эссе толғаулар жазған. «Халық махаббаты» деген эссесінде Н. Назарбаев хақында былай дейді: «Сонда менің ойыма анам марқұмның сөзі түсті. Ол кісі: «Елдің басшысы – Алла тағаланың жердегі көлеңкесі, оған қарсы сөз айту Жаратқанға қарсы шығумен бірдей күнә», деп отыратын. Елбасымыз тегін адам емес екеніне тағы да сенімім арта түсті». Ақын Бибігүл Төлегенова, Иманғали Тасмағағамбетов, Мұхтар Құл-Мұхаммед, Бердібек Сапарбаев, т.б. тұлғаларға арнап өлеңдер, эсселер, естеліктер жазған.

Қызуқанды, албырт та адуынды ақын көпшілікті елең еткізіп, кейбіреулерді  аса жоғары талантымен  қалың ойға қалдырып жүрген  жыр иесі сезімге бай, ойға дарқан. Ақынның сыршыл жүрек сырының тым тереңнен қайнап, буырқанып шыққан мөлдір көңіл-күйін өмірге, ортаға деген өзіндік терең позициясын түсінеміз. Фариза жырларында бәрі де бар: сүйгеніне ренжу, қайғы-мұңға бату, аласұрып мазасыздану, талпыну, іздеу, жалғыздық сияқты кез келген адам баласы басынан өткеретін сан алуан сезімдерді оқушы қауымның  өз басынан өткергеніндей етіп  әсерлі де шебер жеткізеді. Ақынның ешкімге ұқсамайтын дауылпаздың үніндей жырларынан алмаш қылыштың жүзіндей ащы шындықтың уы тамып тұрғандай.

Оқылды 88 рет