Жұма, 17 Мамыр 2024 13:14

Түркістан: жалпыоблыстық акцияға оқушылар мен ұстаздар белсене қатысты

Түркістан облысы білім басқармасы және Білім беруді дамыту орталығының бастамасымен ұйымдастырылған «Біз қамқоршы баламыз, құстарға ұя саламыз!» тақырыбында жалпыоблыстық акцияға түркістандық оқушылар мен ұстаздар да белсене қатысып, табиғатты аялауға өзіндік үлестерін қосты.

Акция аясында оқушылар көркем еңбек пәні мұғалімдерімен бірге құстарға ұя жасап, мектептегі ағаштарға орналастырды және қажетті жемдерін салып, құстарға қамқорлық жасады. Акцияны ұйымдастырудағы мақсат – жасөспірімдердің табиғатқа, құстарға қызығушылығын оятып, аялай білуге үйрету, оқушыларды қолөнер бұйымдарын жасауға дағдыландыру және көркем еңбек пәніне қызығушылықтарын арттыру. Акцияға Түркістан қаласындағы 32 мектептен 800-ден астам оқушы қамтылып, 350 дана құс ұялары жасалынды. Сол ұялар бүгін бір уақытта мектептердегі ағаштарға ілінді.

Түркістан қаласындағы Ж.Тәшенов атындағы №23 ІТ мектеп-лицейі, Хамза атындағы №2 жалпы орта мектеп және М.Жұмабаев атындағы №15 мектеп-гимназияда өткен шараларға Түркістан қаласы білім бөлімінің басшысы Оразкүл Шайхықызы Қолдасова, Түркістан облысы Білім беруді дамыту орталығының әдіскері Архабаев Нұғман Сманұлы, Түркістан облысы білім басқармасы баспасөз қызметінің жетекшісі Нұрлан Сұлтанбек қатысып, оқушыларды көктем мерекесімен құттықтады. Өз кезегінде оқушылар мерекелік шараларын ұсынып, әр мен биден шашу шашты. Сонымен қатар, қаладағы барлық мектептерде өткен шараларда мектеп басшылары мен ұстаздар оқушылармен бірге құстарға ұя ілуге шарасына қатысты.

«Жалпы білім беретін мектептерде табиғатты қорғау жұмыстарын күшейту туралы» әдістемелік хатта оқыту процесінде экологиялық тәрбие берудің маңыздылығын ашып көрсетуі, оқушылардың табиғатқа жауапкершілік қатынасын тәрбиелеу ісіне қозғау салады. Қазіргі әлемдік экономикалық мәселелердің туындап отырған кезеңінде оқушылардың табиғатқа жауапкершілік қатынасын қалыптастыру қажеттілігі, бүгінгі бастауыш сынып теориясы мен әдістемесінде қалыптасқан дәстүрді бұзып, оқыту әдісін гуманитарландыру, экологияландыру міндетін қойып отыр. Ал, бұл міндет осы салада нақты зерттеуді және оларды теориялық және практикалық тұрғыда негіздеуді қажет етеді.

Оқушылардың адамгершілік қасиетін дамытып, оларды парасаттылыққа тәрбиелеуге экологиялық тұрғыдан келудің де маңызы зор. Балалардың мейірімділік, қайырымдылық, аяушылық, мүсіркеушілік және басқа гуманистік ерекшеліктерін дамыту бағытында табиғатпен сырласу жеткіліксіз болса, олар парасаттылық тәрбие алуда белгілі бір мөлшерде қысым көру мен шектеушілікке душар болады.

«Мұғалімнің маңызды міндеті эстетикалық сезімді байыту ғана емес, сонымен бірге табиғатқа адал қатынастағы адамгершілік-эстетикалық жағын дамытуды, оның сұлулығын молайтуға ұмтылдыруда болып табылады»- дейді педагог ғалымдар. Сондықтан да адамның табиғат сұлулығына қатынасы эстетикалық қатынас деп қана емес экологиялық аспектідегі адамгершілік-эстетикалық қатынас деп қарастырған жөн. Табиғат пен көркем шығармалар арқылы бейненің ішкі үйлесімдігі экологиялық пен эстетикалық үйлесімділігін қамтамасыз етеді. Демек, табиғатқа эстетикалық қатынасты оған деген адамгершілік қатынасты, «эстетикалық тәрбиені экологиялықтан бөліп қарастыруға болмайды».

Табиғат – сұлулықтың мәңгі бақи таусылмас қайнар көзі, ол эстетикалық тәрбие берудің ең маңызды құралдарының бірі саналады. Ал, бұл экологиялық тәрбиемен іштей жалғасып, табиғаттың күйзеліп, күйреуіне қарсы тұратындай адамның қалыптасуына ықпал етеді. Қандай жұмыстың болса да, «экологиялық жағы» еске алынбаса, табиғат пен адам арасындағы зат алмасуды заңды түрде үйлестіріп отыратын, еңбекке үйрету мен тәрбиелеу саласында орны толмас олқылықтар пайда болады.

Экологиялық тәрбие жұмысы балалардың жас ерекшеліктеріне сай және табиғатқа жақын қарым-қатынаста жүргізілсе ұтымды болатындығына К.Д. Ушинский назарын аударған. Оның «Детский мир», «Родное слово» атты кітаптарында табиғат және онда тіршілік ететін хайуанаттар мен құстардың тіршілігі, адам және оның еңбегі жөнінде көптеген деректер келтіріледі. Ол адам мен табиғат арасындағы қатынасты педагогикалық аспектіде қарастырып, «Табиғат даусын ата-аналар да, қоғам да, тәрбиешілер, заң шығарушылар да аяғына дейін тыңдауы тиіс. Табиғатпен егесу жақсы емес, адамға тек оның заңдылықтарын білу және олардың күшін пайдалану ғана қалады», - дейді. Ол табиғаттың тәрбиелік күшіне берік сене отырып, оны «ой ұрығы», «ұлы тәрбиеші» деп бағалады. Өзінің жастық шақ өмірінің негізінде қорытынды жасай отырып: «Мейлі мен педагогикада тағы деп атаңдар, бірақ өзімнің өмірлік әсерімнен жер бетінің әсем көріністерінің баланың жан дүниесін дамытуда ересек мол тәрбиелік мәні, ықпалы бар, тіпті ойымен тәрбиесінің ықпалынан да бәсекелесуі қиын деген терең шешімге», - келдім деген болатын.

Бар өмір тіршілігі табиғатпен араласып өтетін, оның аясында өскен халқымыздың туған жерге қатынасы туралы халықтық педагогикада, ақын-жырауларымыздың, ағартушыларымыздың даналық сөздеріне қанып өскен Ш. Уәлиханов, Ы.Алтынсарин, А.Құнанбаевтардың еңбектерінде табиғатқа көзқарастарының ғылыми әрі тәрбиелік мәні мол. Ш.Уәлиханов туған халқының табиғатпен қатынасындағы әдет-ғұрыпын, дәстүрін, этикасын зерттей отырып, қазақтар арасындағы сенім олардың табиғатты шексіз қадірлеуінен туған», - табиғаттың сұлулығын тану адамдарға рухани күш беретіндігін айтқан болатын.

Әрбір ұстаз, әр тәрбиеші өзінің күнделікті жұмысында халықтық педагогиканың асыл маржанына үнемі көңіл бөліп, әрі оны пайдаланып отырса, оқушылардың экологиялық түсінігінің қалыптасуына ықпалын тигізеді.

Қазіргі кезде мектептегі экологиялық тәрбие беру саласында себептен гөрі сандарға көбірек көңіл бөлініп отыр. Нәтижесінде табиғат пен қоғамда орын алатын күрделі байланыстарды талдаудың орнына, адамзат бар күшін табиғатты ұтымды пайдаланбаудың жағымсыз салдарын жоюға жұмсауда. Экологиялық тәрбие беру жұмысы жанұяда, балалар бақшасында, мектепте, орта арнаулы және жоғары оқу орындарында, жұмыс істеуге көшкен кезде де үздіксіз жүргізілген жағдайда адам санасында табиғатты қорғап, оның байлықтарын сақтау жөніндегі тиянақты көзқарасты қалыптастырып, жүйелі білім беруге болады.

Мектеп бағдарламасындағы негізгі пәндердің бірі — көркем еңбек пәні. Жаңа білім беру мазмұны бойынша бұл кіріктірілген пән.   Бейнелеу өнері мен технологияның  мазмұндық кешенін құрайды.

Жаңа интегративті білім саласын меңгеру оқушылардың жалпы білім мен дағдыны игеруіне мүмкіндік береді, интеллектуалдық, тұлғалық, этикалық дамуын, өзіндік, кәсіптік айқындалуын, қазіргі әлеуметтік — экономикалық жағдайларға бейімделуін қамтамасыз етеді.

Сәндік қолданбалы қолөнер оқушылардың көркемдік талғамының қалыптасуына ерекше әсер етеді, жас ұрпаққа эстетикалық тәрбие беруге қызмет етіп, оларды халқымыздың материалдық рухани мұраларын терең түсініп, оны бағалай білуге тәрбиелейді.

Бағдарламаның мазмұнын талдайтын болсақ, оқушылардың эстетикалық дағдысын дамыту мына тақырыптарды меңгеру арқылы жүзеге асады: сәндік-қолданбалы өнер,  дизайн және технология,  үй мәдениеті тағам дайындау т.б. Мысалы, сәндік –қолдаңбалы өнер саласын алатын болсақ, оқушыларға әртүрлі өнер бұйымдарын жасау арқылы, олардың өнерге деген сүйіспеншілігі мен эстетикалық дағдысын қалыптастыруға болады.

Мысалы, Ою — өрнек түрлері мен қысқаша тарихы деген тақырыпты талдайтын болсақ, оқушыларға қазақ халқының ұлттық ою-өрнектерін үйрету арқылы ұлттық өнерге деген сүйіспеншілікті қалыптастырады. Топтық жұмыстарды орындау барысында оқушылар қазақ халқының ою-өрнектерін қағазға түсіреді.

Қазақ халқының ұлттық қолөнерінің тарихы ою-өрнектермен тығыз байланысты болып келеді. Ою-өрнек әсемдік пен сәндіктің белгісі ғана емес, халықтың арман-тілегінің нышаны. Тарихқа назар аударатын болсақ, ерте кезде адамдар өздерінің ойларын тасақа, ағашқа қашап түсіріп отырған. Бұл көне өнердің түрі.

Сондықтан да оқушылар ою-өрнекті көркемдеп салудың тәсілдерін үйреніп қана қоймайды, сонымен қатар олардың шығу тарихымен танысады.Шығармашылық жұмыстарды орындау негізінде  қазақтың ұлттық мәдениет элементтерін пайдаланады. Қазақтың ұлттық мәдениеті қолөнері арқылы бізге жеткен.

Қолөнер халық өмірімен, тұрмысымен бірге жетіліп, біте қайнасқан өміршең өнер. Адамзат дамуының қайсысында болмасын, қоғаммен бірге дамыған қолөнер әр дәуірге өзінің өшпес ізін қалдырып, әлеуметтік көркем жағынан дәуір тынысын қалт жібермей әсерін тигізіп отырған. Қолөнер дүниежүзінің барлық халқына тән. Бұл – халық қазынасы, ғасырлар мұрасы. Соған орай әр елдің, әр халықтың тарихи дамуына байланысты қолөнері өзіндік ерекшелігі мен эстетикалық талғамына байланысты қолөнері өзіндік ерекшелігімен халық өміріне өшпес із қалдырып отырған. Қолөнер бұйымдарын оқушыларға жасату әсемдікке, сұлулыққа тәрбиелеуге мүмкіндік береді.

Бұл тақырыптар оқушының өнер, дизайн және технология саласындағы білімдерін кеңейтіп қана қоймайды, дизайн саласындағы эстетикалық талғамдарын шыңдай түседі. Дизайн оқушылардың эстетикалық қиялдарын, кеңістікті болжау табиғатын, жаңа технологияларды визуализациялау мәдениетін, заманауи үлгілерді іздестіру тәжірибесін, интеграциялық ғылымдардың байланысын, заманауи технологиялар мен әдістердің даму тенденциясын зерттеуді алға тартады. Дизайн бөлімінде оқушы әлемдегі жаңалықтармен танысады, Әртүрлі елдердің дизайн саласындағы еңбектерін зерделейді. Мәселен, үй дизайынын алатын болсақ, классика, неоклассика, ардеко, скандинавиялық модельдерді негізге ала отырып, оқушы өзінің эстетикалық қиялын гармониялық үйлесімділікпен байланыстырады.

Қазақстан және әлем халықтарының мәдениетімен танысу арқылы тарихи, ұлттық көзқарастары қалыптасады. Қазақстан және әлем халықтарының суретшілерінің өнер туындылары оқушының эстетикалық мәдениетін, талғамын, сұлулық пен көркемдікке деген сүйіспеншілігін оятады. Ә.Кастеевтің өнер туындыларымен танысу негізінде тарихи мәліметтерден ақпарат алатын болса, ал суретші қолданған бояу түрлері мен құралдарынан суретшінің ішкі эмоциясы, көңіл-күйі сияқты психологиялық процестермен танысады. Себебі, суретшінің салған әрбір бейнесінде оның эмоционалды көңіл-күйі мен шынайы портреті көрініс береді.  Табиғат пен адам арасындағы гармониялық сабақтастық, шынайы өмірдің бейнесі, табиғатқа тіл бітіру пейзаждары нағыз эстетикалық талғам болып табылады. Қоршаған ортадағы құбылыстарды суретші көзімен көру маңызды. Сурет салу арқылы оқушының шығармашылық дағдысы қалыптасады. Мысалы, құстың суретін  салатын болса,  оның бейнесін қиялда елестету керек.

Көркем еңбек пәні оқушының бойында мынандай қасиеттерді қалыптастырады:

еңбекқорлық;

ұлтжандылық;

рухани-адамгершілік;

іскерлік;

шыдамдылық;

ізденімпаздылық т.б.

Жоғарыда аталған еңбек әрекеті арқылы қоғамға қажетті қолөнер бұйымдарының сан алуан түрлерін өз қолдарымен дайындап, оны өмір қажеттілігіне қолдануға мүмкіндік береді, ол біріншіден жеке тұлғаның шығармашылық идеясын, эстетикалық дағдысын дамытады, екіншіден жеке кәсіпкерлікті дамытуға ықпал жасайды.

Көркем еңбек пәні қолдың моторикасын жақсартады. Сонымен қатар психологиялық процестері, атап айтсақ, түйсік, қиял, елестету т.б. дамыйды.  Оқушы белгілі бір заттың бейнесін салу үшін,   ойша өзі образ жасайды, соны қағаз бетіне түсіреді.

Жаңартылған білім беру негізінде  көркем еңбек пәнін оқытудың ерекшеліктері, біріншіден, екі пәннің кіріктіріліп оқытылуымен сипатталады, Интеграциялық пәнді оқушыларға оқыту екі ғылыми ұғымның түсініктерін қалыптастырады. Екіншіден, бұл пәннің жаңа бағытқа, жаңа парадигмаға, жаңа әдістерге құрылуымен байланысты болмақ.

Қорыта айтқанда еліміздің алғашқы президентіНұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан жолы-2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында: «Біздің болашаққа барар жолымыз қазақстандықтардың әлеуетін ашатын жаңа мүмкіндіктер жасауға байланысты. ХХІ ғасырдағы дамыған ел дегеніміз – белсенді, білімді және денсаулығы мықты азаматтар. Бұл үшін біз не істеуіміз керек? Біріншіден, Ұлттық білім берудің барлық буынының сапасын жақсартуда бізді ауқымды жұмыс күтіп тұр. Оларға заманауи бағдарламалар мен оқыту әдістемелерін, білікті мамандар ұсыну маңызды»- деп әр жыл сайын сауаттылығы жоғары бәсекеге қабілетті, белсенді, яғни лидерлер қалыптастыру міндетін қойып отырғандығын айтқан болатын. Сондықтан да бұл міндеттер қазіргі мектептің алдына үлкен талаптар жүктейтіні анық.

Оқылды 88 рет