Қалалық, облыстық кезеңдерде жеңімпаз атанып, Республикалық кезеңге жолдама алған М.Мәметова атындағы №6 жалпы білім беретін мектебінің математика пәні мұғалімі Бағдат Ақылбайұлы ІІІ орынға ие болып, «Дарын» Республикалық ғылыми-практикалық орталығының арнайы дипломына ие болды.
Бұл жүлде Бағдаттың алғашқы жетістігі емес. Еңбек жолын бастағанына 2 жыл ғана болуына қарамай облыстық, қалалық деңгейдегі марапаттардың иегері атанып үлгерді. «Заманауи жас маман - қоғам талабы» байқауы І орынды жеңіп алды. Бірнеше оқушылары қалалық, облыстық олимпиадалар мен ғылыми жоба жарыстарында жүлдегер атанған. Талабына нұр жауған жас маман Бағдат Ақылбайұлын жаңа жетістігімен құттықтай отырып, Түркістан қаласының білім бөлімінің басшылығы ризашылықтарын білдірді.
«Дарынды балаларға - талантты ұстаз» Республикалық педагогикалық олимпиадасы – Педагогикалық олимпиада мұғалімдердің дарынды балалармен – педагогикалық білім берудің барлық деңгейлерінде (ЖОО дейінгі, ЖОО-ның және ЖОО-нан кейінгі) жұмыс жасауға дайындықтың бір түрі болып табылады. Педагогикалық олимпиада педагог тұлғасының шығармашылық еркіндігінің кеңістігін, зерттеушілік ізденістің бағытын таңдауды, педагогикалық өзін-өзі көрсету тәсілдерін, тұлғалық және кәсіби жолының одан әрі жолдарын шоғырландырады.
Педагогикалық олимпиаданың Ережесі ҚР «Білім туралы» заңына, 2020-2025 жылдарға арналған ҚР білім беруді және ғылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасына, ҚР жаңа формациялы педагогтың үздіксіз педагогикалық білім берудің Тұжырымдамасына сәйкес жасалған.
Олимпиаданың мақсаты мен міндеттеріне келер болсақ, Педагогикалық олимпиаданың мақсаты – жас педагог қызметкерлердің шығармашылық әлеуетін және өзін-өзі дамыту үшін жағдай жасау; білім беру жүйесін жетілдіруге жас мұғалімдердің белсенді кәсіби көзқарасын қалыптастыру. Педагогикалық олимпиаданың міндеттері:
- педагогикалық мамандықтың мәртебесін және беделін арттыру;
- жас педагогтардың әдістемелік деңгейін жетілдіру;
- жас педагогтарды оқу-тәрбие үрдісінде инновацияларды іздеу және іске асыруға ынталандыру;
- эксперименттік және инновациялық жұмыста кәсіби батылдық пен дербестікті дамыту;
- жас мамандардың педагогикалық қызметін талдау және өзін-өзі жетілдіру, олардың шығармашылық қабілеттерін және белсенді кәсіби позициясын дамыту үшін жағдай жасау
- жас мамандардың кәсіби қоғамдастығында кәсіби қарым-қатынас, өзін-өзі көрсету және әріптестерін қолдау үшін мүмкіндік жасау.
Педагогикалық олимпиаданың құрылымы мен қатысушылары
6. Педагогикалық олимпиаданың сатыланған құрылымы бар:
I саты - педагогикалық жоғары оқу орындарында оқуын жалғастыруға бағытталған білім беру ұйымдарының жоғары сынып оқушылары.
Конкурс тапсырмаларын орындау барысында оқушылар: педагогикалық мамандықты таңдауға дайындықтарын, тұлғаның педагогикалық бағытын, педагогикалық эрудициясын, жалпы мәдениеттік және интеллектуалдық даму деңгейлерін көрсете алады.
II саты – педагогикалық университет, институт студенттері (II – IV курс), педагогикалық колледждің жоғарғы курс студенттері.
Олимпиада мазмұны тұлғаның өзін-өзі анықтауда кәсіби деңгейін, оларды кәсіби-педагогикалық жағдаяттар мен міндеттерді шешу барысында педагогикалық білім деңгейлерін көрсете алатын конкурс тапсырмаларын қамтиды.
III саты - магистранттар.
Олимпиада мазмұны магистранттарға кәсіби педагогикалық қызметтің деңгейін, сонымен қатар, педагогикалық зерттеу қызметінің шеберлігін, педагогикалық білім беруді, педагогтың жеке кәсіби маңызды қасиеттерін көрсете алатын конкурс тапсырмаларын қарастырады.
IV саты – жас педагогтер, психологтар мен тәлімгерлер. (қатысушылардың еңбек өтілі 5 жылдан аспауы тиіс.)
Олимпиаданың мазмұны нақты білім беру үдерісі жағдайында кәсіби педагогикалық шеберлікті көрсетуге мүмкіндік беретін конкурстық тапсырмаларды қарастырады; кәсіби педагогикалық қызмет саласында педагог тұлғасының өзін-өзі анықтау және шығармашылық тұрғыдан өзін-өзі іске асыру қабілетін қарастырады.
Педагогикалық олимпиаданың әрбір сатысы белгіленген тәсілдерге негізделеді, сондықтан конкурстың педагогикалық тапсырмаларын іріктеу барысында олардың жалпы кәсіби біліктіліктің төрт деңгейлік жүйесіне сәйкес күрделенуін қарастырады:
1 деңгей – педагогикалық тапсырмаларды аудитория жағдайында оқу материалдарымен, жаттығулармен, мәтіндік тапсырмалармен (жоғары сынып оқушылары) т.б. жұмыс барысында шеше білу;
2 деңгей – педагогикалық тапсырмаларды педагогикалық қызмет үзінділерін рөлдік ойындар элементтерін пайдалану арқылы т.б. модельдеу барысында аудитория жағдайында және педагогикалық практика барысында (студенттер) шеше білу;
3 деңгей – педагогикалық тапсырмаларды мектеп практикумдарын, педагогикалық практикалар (студенттер, магистранттар) өткізу процессінде шеше білу және жоспарлау;
4 деңгей – білім беру үрдісінде педагогикалық тапсырмаларды шешу және жоспарлау (жас педагогтер, психологтар, тәлімгерлер).
Педагогикалық олимпиада жеңімпаздарын анықтаудың жалпы өлшемдері
8. Бағалау өлшемдері:
- жүйелілік және дәйектілігі;
- кәсіби қызмет динамикасы;
- материалдардың жан-жақтылығы мен толықтығы;
- материалдың эстетикалық безендірілуі.
Өзін-өзі таныстыру кезінде:
- шығармашылық жұмысты таныстырудағы дайындық дәрежесі;
- өз жұмысының жетістіктері мен сәтсіздіктеріне жан-жақты талдау жасай білуі;
- ақпараттық және компьютерлік технологияларды пайдалануы;
- ауызша сөйлеу өнері (айқындылығы, мәнерлілігі, образдылығы, сауаттылығы);
- импровизациялық қабілеті;
- аудиторияға ықпал ету дәрежесі.
Жалпы мәдениеті:
- ой-өрісі және ойлау қабілетінің ерекшелігі;
- коммуникативті мәдениеті.
Презентация материалдарын, сабақ фрагментін бағалау критерийлері:
- құзыреттілік (әдістемелік сауаттылығы, білімнің тұрақтылығы, АКТ-ны қолдану, психологиялық атмосфера, сабақтың мақсаттары мен міндеттерін жүзеге асыруы);
- рефлексивті (қатысушының жұмыс тақырыбы бойынша жеке ұстанымы, педагогикалық құралдарды аргументті таңдау, өзіндік табыстылық қабілетінің деңгейін анықтау).
Олимпиада кезеңдері
12. Педагогикалық олипиада бірнеше кезеңдерден тұрады:
I кезең – аймақтық
II кезең – қорытынды, Қазақстан Республикасының білім және ғылым министрлігінің «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы өткізеді.
Педагогикалық олимпиаданың ұйымдастыру комитеті мен қазылар алқасы туралы айтар болсақ, Педагогикалық олимпиаданы дайындау және өткізуді республикалық ұйымдастыру комитеті жүзеге асырады (бұдан әрі - Ұйымдастыру комитеті).
Ұйымдастыру комитеті мынадай функцияларды жүзеге асырады:
- түскен конкурстық материалдардың тәртібін үйлестіреді;
- Педагогикалық олимпиаданың қатысушылары ұсынған материалдарға сараптама өлшемдерін әзірлейді;
- Педагогикалық олимпиаданың қорытынды кезеңіне қатысушыларға тапсырмаларды әзірлейді;
- Педагогикалық олимпиаданың іріктеу кезеңі нәтижелерін техникалық өңдеуде жүзеге асырып, қорытынды кезеңіне қатысушылардың құрамын анықтайды;
- Педагогикалық олимпиаданың қорытынды кезеңінде қазылар алқасының жұмысын ұйымдастырады;
- қорытындысын шығарады және салтанатты марапаттау рәсімінің ұйымдастырылуына қатысады;
- Педагогикалық олимпиаданың өткізу орны мен күнін, тәртібін белгілейді. Ұсынылған жұмыстар санына байланысты, Ұйымдастыру комитеті қатысушылар арасынан аймактык кезеңінен қорытынды кезеңіне қатысушылар құрамын анықтау құқығын өзіне қалдырады. Конкурс іс-шараларын бағалау үшін қазылар алқасы құрылады. Қазылар алқасының құрамын Педагогикалық олимпиаданың Ұйымдастыру комитеті құрады.
Қазылар алқасының құрамына республиканың алдыңғы қатарлы педагогикалық жоғары оқу орындарының, колледждердің ғалымдары, түрлі деңгейдегі кәсіби шеберлік байқауларының жеңімпаздары, педагогикалық қоғамдастық өкілдері кіреді.
Педагогикалық олимпиаданың жеңімпаздарын марапаттау жайлы айта кетсек, Педагогикалық олимпиаданың жеңімпаздары "Дарын" Республикалық ғылыми-практикалық орталығының І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдары және грамоталарымен марапатталады. Педагогикалық олимпиаданың барлық қатысушыларына сертификаттар тапсырылады. Педагогикалық олимпиаданың қорытындысы бойынша бірлескен педагогикалық жобалар, оларды іске асыру бойынша бірлескен шешімдер қабылданып, республикамыздың педагогикалық қоғамдастығымен байланысты кеңейту.
Мектептегі басты тұлға мұғалім екендігі белгілі. Тіпті қазіргі технологиялар ерекше дамыған заманның өзінде білім сапасын қамтамасыз етудегі мұғалім рөлін ешнәрсемен ауыстыруға болмайтындығын халықаралық тәжірибелер көрсетіп отыр. Демек, мұғалім біліктілігі, бұл еліміздің бүкіл білім беру жүйесін алға бастырып, оны заман талабына сай етіп құрудың негізгі алғышарты, басты кепілдігі болып табылады. Білімді ұрпақты, бәсекеге қабілетті мамандарды білімді мұғалімдер, жан-жақты кемел ұстаздар ғана тәрбиелеп шыға алады.
ХХІ ғасыр ғылым мен білімнің қарыштап дамыған ғасыры болғандықтан, оқушыларға ғылым негіздерін оқытып қана қоймай, экономика кеңістігіне шығуға, ақпаратты есте сақтауға, қатаң бәсеке жағдайында өмір сүріп, еңбек етуге үйретуіміз керек. Сондықтан мұғалімнің басты мақсаты – оқушылардың білімі мен біліктілігінің қалыптасуына жағдай жасау. Шығармашылықпен айналысқан ізденімпаз ұстаз қашан да шәкірт жүрегінен орын табады. Қазіргі кезеңде білім берудің сапасын жақсарту, әдістемелік негізін өзгерту заман талабына сәйкес туындап отырған қажеттілік.
Өйткені, мектептің әр күні көптеген ғылыми жаңалықтарға, терең әлеуметтік өзгерістерге толы. Ертеде оқу процесінде мұғалім басты рөл атқарса, қазіргі таңда мектептер оқушының іс-әрекетімен бағаланады. Қазіргі заманда нені оқыту емес, қалай оқыту маңыздырақ болып отыр. Сабақ барысында оқушының ізденуі мен зерттеу дағдыларын қалыптастыра отырып, пәнге деген қызығушылықтарын арттыру мақсатында қолданылатын әдіс тәсілдер жетерлік.
«Ұстаз – жаратылысынан өзіне айтылғанның бәрін жете түсінген, көрген, естіген және аңғарған нәрселердің бәрін жадында жақсы сақтайтын, ешнәрсені ұмытпайтын, алғыр да аңғарымпаз ақыл иесі, мейлінше шешен, өнер-білімге құштар, аса қанағатшыл жаны асқақ, ар-намысын ардақтайтын, жақындарына да, жат адамдарына да әділ, жұрттың бәріне жақсылық пен ізгілік көрсетіп, қорқыныш пен жасқану дегенді білмейтін батыл, ержүрек болуы керек» – дейді әлемге әйгілі ойшыл Әл-Фараби.
Білім беру жүйесі мамандардан кәсіби икемділік пен ұтқырлықты, сан қырлы шығармашылық қызмет пен өзін-өзі басқару, өзін-өзі ұйымдастыру жағдайындағы біліктілікті қажет етеді. Өйткені қазіргі жас буын – еліміздің келер күнгі келбеті. Бүгінгі таңда мектептің оқу үрдісін жетілдіру үшін инновациялық білім беру технологияларын пайдаланудың тиімділігін өмірдің өзі дәлелдеп отыр.
Қалай десек те, еліміздің ертеңі, тәуелсіздігіміздің тұғыры, егемен еліміздің тірегі – білімді ұрпақ. Қоғамда болып жатқан қарқынды әлеуметтік қозғалыстар білім саласына да тың өзгерулер мен жаңарулардың бастамасын қажет етуде. Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Ж.Тоқаев Қазақстан халқына үндеуінде Ахмет Байтұрсыновтың «Мұғалім – мектептің жүрегі» сөзін мысалға келтіре отырып, «жақсы мұғалімдер керек…» тұжырымдамасы «сапалы білімнің тетігі – мұғалімде» екенін атап өтті.
Сонымен қатар, сапалы білімге қолжетімділікті арттыру, педагогтерге жоғары кәсіби қажеттілік, мұғалімдер кадрларының тапшылығы бар өңірлерді қолдауда үздік педагогтерді тарту бойынша бағдарламалар дайындау міндеттері қойылды. Жас ұрпақты оқыту мен тәрбиелеу, дарындылығы мен талантын ашу, шығармашылық ойлау қабілетін жетілдіру, сыни ойлауын қалыптастыру, олардың өзіне деген сенімін арттыру, яғни өмірде өз жолын өзі таңдауына түрткі болу – мұғалімдер қауымының бүгінгі таңдағы абыройлы борышы мен парызы.
Демек, сапалы білімге қалай қолжетімділікті арттырамыз, кәсіби қажеттіліктердің орнын қалай толықтырамыз? Олқылықтардың орнын толтыратын жолдар бар ма? Осы сауалдар мұғалімдер қауымының басты мақсаттары болуы тиіс. Сапалы білімге қолжетімділікті арттыру барысында біліктілікті арттыру институтында ұйымдастырылып жатқан педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру курстарының ең басты мақсаты пән мұғалімдерінің кәсіби құзыреттіліктерін дамыту болса, міндеттері барысында оқыту мен тәрбиелеу процесінде жаңа педагогикалық технологияларды, инновациялық әдіс-тәсілдерді оқып-үйренуге және қолдана алуды, педагогикалық процесті жоспарлауды қарастырады.
Бірақ та, осы біліктілікті арттыру курстарынан өткен мұғалімдер «өз жұмыстарын жоспарлау барысында мұғалімдер әрі қарай алған ілімдерін қолдана ма?» деген сауалдардың туындауы да жоқ емес. А.Байтұрсынов айтқандай, оқу – мектепсіз, мұғалімсіз болмайды. Егер де мектептің ұстанымы этнопедагогика мен этнопсихология ғылым салаларына құрылса оңтайлы жетістіктерге жеткізері сөзсіз. Сапалы білім беруде оқу мен тәрбиенің бірге ұйымдастырылуына мән беріп, бүгінгі ұрпақ – келешек болашақ екенін ұмытпағанымыз жөн.
Ұлы ғалым Әл-Фарабидің «Адамға бірінші білім емес, рухани тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның барлық өміріне апат әкеледі» деген сөзінің өзектілігі әлі де жойылған емес. Заманауи білім беруде мұғалімдердің білім сапасын арттыруда инновациялық іс-әрекеттеріне жаңа ғылыми идеяларды игере отырып, өз жұмысының нәтижесін ұғыну, жаңа әдістер мен тәсілдерді өз бетінше үйлестіру, инновациялық тәжірибелерді қабылдау, өзгерту, жетілдіру, қолдана алу, үздіксіз озық тәжірибелерді енгізу, тарату бағыттарын жатқызамыз және жүйелі жұмыс жасау талап етіледі.
Талап ету барысында мұғалімдерге әдістемелік көмек беру, бағыт беру, ұжым арасындағы іскерлік ахуал, моральдық жағдай жасауды да ұмытпауымыз қажет. Білім, тәрбие ұзақ жол. Ұзақ жолда қажырлы еңбек ету білікті, білімді маманның іскерлігін алға тартады. Шығармашылығын таңдауға үйренген ұстаздың қоғамға берері де мол. Мұғалімдердің қателіктері қоғам үшін өте қауіпті, ал олардың жүйелі жетістіктері мен нәтижелері ұлттың, Отанның өркениетті тағдырына көп жылдар бойы азық болмақ. Бәсекелестік ғасырда кемелденген азаматтарды оқыту мен тәрбиелеуде білім бен білікті, күш-қайратты жұмсап, «Мұғалім мәртебесін» асқақтата беруге қызмет жасау әркімнің міндеті болса керек.