Бейсенбі, 23 Мамыр 2024 18:23

Түркістан қаласында «Білім берудегі инновациялар: идеядан іскер асыруға дейін» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылды

Түркістан «Оқушылар сарайы» ШЖҚ МКК және Қазақстан педагогикалық ғылымдары академиясымен бірлескен «Білім берудегі инновациялар: идеядан іскер асыруға дейін» атты республикалық ғылыми-практикалық конференциясы өтті. Ол Оқушылар сарайының 4 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған.

Конференцияның мақсаты – бүгінгі уақыт талабына сәйкес ғылым және білім жетістіктерін қолдана алатын креативті ойлау қабілеті дамыған құзіретті тұлғаны қалыптастыру. Сондай-ақ оқушылардың зерттеу қызметін талқылау, тәжірибемен кең алмасу алаңын  ұсыну, мектеп мұғалімдері мен қызметкерлерінің зерттеу жүргізуге деген  ынтасын арттыру және білім берудің өзекті мәселелерін талқылау үшін жағдай жасау.

Республикалық ғылыми-практикалық конференцияға Қазақстан Республикасы оқу-ағарту министрлігі, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен әлемнің 190 елінде және аумағында жұмыс істейтін БҰҰ Балалар қоры (ЮНИСЕФ) ҚАЗАҚСТАН-ЮНИСЕФ және Түркістан облыстық кәсіподақ комитеті қолдау көрсетті.

Бұл конференцияға Педагогикалық ғылымдар академиясының президенті, п.ғ.д., академик Асқарбек Қабікенұлы, Қазақстан Республикасындағы ЮНИСЕФ өкілінің орынбасары Литисия Баззи Вейл, Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Клара Өмірзаққызы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ инженерлік және жоғары технологиялар кластерінің бас директоры Әмірхан Әділханұлы және ғылым саласының өкілдері арнайы қатысты.

Конференция алдымен жалпы пленарлық отырыстан басталып, алғашқы болып сөз алған Педагогикалық Ғылымдар Академиясының президенті, академик Асқарбек Құсайынов қатысушыларда құттықтап, тақырыптың өзектілігі мен маңыздылығына толық тоқталды.

Асқарбек Құсайынов: «Баланы тәрбиелеудегі отбасы мен мектептің өзара әрекетінің тиімділігін арттыру үшін, біздің ойымызша, отбасына педагогикалық қолдау көрсету және білім беру мекемесі мен отбасының бірлескен әрекеті проблемаларымен шұғылданатын ғылыми-зерттеу институтын құру қажет» деген ұсыныс айтты.

Одан кейін Қазақстан Республикасындағы ЮНИСЕФ өкілінің орынбасары Литисия Баззи Вейл сөз алып, соңғы уақытта еліміздегі балаларға білім беру жүйесіндегі өзгерістер мен нәтижелерге жоғары бағасын берді.

Одан кейін пленарлық отырыс, әріқарай негізгі 5 секция бойынша жалғасты.

1. Ұлттық және отбасы құндылықтары мен мектептің тәрбиелік ортасын дамыту жолдары;

2. Білім берудегі замануи педагогикалық технологиялар;

3. Қосымша білім беру жүйесінің оқушылардың шығармашылық әлеуетін дамытудағы ролі;

4. Оқушыларда зерттеушілік дағдыларын арттыруда әдістемелік кабинеттер, үйірмелер, мұғалім-әдіскерлердің ролі;

5. Мұғалімнің ғылыми-әдістемелік жұмысы және білім сапасын көтеру мәселелері.

–Жаһандану кезеңінде өзгеріске түспеген ұлт кемде кем, солай бола тұра біз балаларға білім беру ошақтары ұлттық кодты сақтауға, әрі жалғастыруға түрлі жолдар қарастыруымыз керек деп білемін. Оның маңызы – ұлттың ұлт болып сақталуында, өз мәдениеті мен болмысынан айырылмауында.

Ал қазіргі оқушы – жаңа технологияны меңгерген, ақпараттық кеңістікте қиындықсыз өмір сүре алатын тұлғалар. Оларға ұлттық құндылықтар мен қасиеттерді сіңіру тікелей ата-ана мен білім беру ошақтарына міндет болып тұр, – дейді Оқушылар сарайының директоры, Индира Сарқытқызы.

Осы конференцияның аясында нақты ұсыныстар қаралып, оны жүйеге енгізу мәселелері талқыланды. Сондай-ақ конференция барысында «Оқушылар сарайының» UniSat білім беру Хабының жұмысы таныстырылды. Хабтың мақсаты – наноспутниктерді әзірлеу саласында қыздардың білімі мен құзыреттілігін дамыту, сондай-ақ командалық жұмыс, шешендік өнер, тайм-менеджмент және шығармашылық сияқты дағдыларды жетілдіру.

Қазіргі кезеңде білім берудің ұлттық моделіне өту оқыту мен тəрбиелеудің соңғы əдіс- тəсілдерін, инновациялық-педагогикалық технологияларды игерген, технологиялық-педагогикалық диагностиканы қабылдай алатын, педагогикалық жұмыста қалыптасқан, бұрынғы ескі сүрлеуден тез арада арылуға қабілетті жəне нақты тəжірибелік іс-əрекет үстінде өзіндік даңғыл жол салуға икемді, шығармашылық педагог-зерттеуші, ойшыл мұғалім, зерделі оқытушы болуын қажет етеді.

Бүгінгі таңда қозғалып жатқан ең өзекті мəселелердің бірі білім беру жүйесінде жаңа электрондық технологияны енгізу, халықаралық коммуникациялық желілерге шығу, білім беруде ақпараттық технологияларды қолдану, жетістіктері мен жеке тұлғаларды қалыптастыру жəне қазіргі заман талабына сай білім алуға қажетті жағдайлар жасау. Білім берудің жаңа жүйесі жасалып, оның мазмұнының түбегейлі өзгеруі, дүниежүзілік білім кеңістігіне енуі бүкіл оқу əдістемелік жүйеге, оқытушылар алдына жаңа талаптар мен міндеттер қойып отыр.

Бүгінгі таңда мультимедиялық үйретуші бағдарламалар, электрондық оқулықтар білімді ақпараттандырудың негізгі факторларының бірі болып саналады. Технологияның тиімділігі, оның болашағы маманның психологиялық ерекшелігіне, іскерлігіне байланысты. Бұдан шығатын басты талап субъектінің мән бере оқуы, жеке бастың даму диагностикасы, жағдайларды жобалау, ойлы ізденістер диалогы, оқулықтағы тапсырмаларды өмірмен байланыстырып беру. Оқытушы көбінесе оқытудың әр түрлі әдіс-тәсілдерін қолданғаны жөн.Оқыту технологиялары оқу процесіне, сабақ түріне байланысты жан-жақты: проблемалық оқыту, ойын арқылы оқыту, тірек сигнал арқылы оқыту, компьютерлік оқыту, электронды оқыту, коммуникативтік технологиялар, инновациялық оқыту, жаңа технологиялар бойынша оқыту.

Инновация термині қазіргі білім берудің теориясы мен тəжірибесінде кеңінен қолданылып жүр. Бірақ ғылымда бұл терминнің нақтылы анықтамасы белгілі бір категория ретінде берілмеген. Берілетінанықтамалардыңкөпшілігі бұл ұғымдыкеңінен терең таныта алмайды. Инновацияны «Білім беру жүйесіндегі жаңалық енгізу» деп айтсақ, оның мағынасын тарылтқан болар едік. «Инновация» ұғымы ең бірінші XIX ғасырда мəдениеттанушылардың зерттеуінен пайда болды, яғни бір мəдениет түрлерін екінші ел мəдениетіне енгізу дегенді білдіреді жəне бұл ұғым этнографияда əлі күнге дейін сақталған. Инновация аударғанда жаңа, жаңалық, жаңарту дегенді білдіреді дедік. Яғни, С. Ожегов сөздігіне сүйенсек, инновация бірінші рет шыққан, жасалған, жуық арада пайда болған, бұрынғының орнын басатын, алғаш ашылған, бұрыннан таныс емес енгізілген жаңалық болып шығады.

Қазақстанда «инновация» ұғымына көптеген анықтамалар берілгенін көреміз. Қазақстанда ең алғаш «Инновация» ұғымына қазақ тілінде анықтама берген ғалым Немеребай Нұрахметов. Ол «Инновация, инновациялық үдеріс деп отырғанымыз – білім беру мекемелерінің жаңалықтарды жасау, меңгеру, қолдану жəне таратуға байланысты бір бөлек қызметі» деген анықтаманы ұсынады. Н. Нұрахметов «инновация» білімнің мазмұнында, əдістемеде, технологияда, оқу-тəрбие жұмысын ұйымдастыруда, мектеп жүйесін басқаруда көрініс табады деп қарастырып, өзінің жіктемесінде инновацияны, қайта жаңарту кеңістігін бірнеше түрге бөледі: жеке түрі (жеке-дара, бір-бірімен байланыспаған); модульдік түрі (жекедара кешені, бір-бірімен байланысқан); жүйелі түрі (мектепті толық қамтитын). «Инновация» сөзі – қазіргі уақытта барлық өндіріс, медицина, техника салаларында өте жиі қолданып жүрген термин. Қазір бұл сөз «жаңа, өзгеру, жаңаша» деген мағынаны білдіреді жəне дəл қазіргі жаңа заманға да «жаңа, жаңаша өзгерудің» мазмұны терең жəне анық екендігі белгілі. Бұл əдістеменің негізінде үйренушінің дербес қабілеті, белсенділігін қалыптастыру, оқыту материалдарын өзінше пайдалану арқылы танымдық белсенділігін арттыру алға шығады.

Бүкіл дүниежүзілік білім беру кеңістігіне кіру мақсатына қазіргі кезде Қазақстанда білімнің жаңа жүйесі құрылуда. Бұл үдеріс педагогика теориясы мен оқу-тəрбие үдерісіне нақты өзгерістер енгізумен қатар елімізде болып жатқан түрлі бағыттағы білім беру қызметіне жаңаша қарауды, қол жеткен табыстарды сын көзбен бағалай отырып саралауды, жастардың шығармашылық қабілетін дамытуды, мұғалім іс-əрекетін жаңаша тұрғыда ұйымдастыруды талап етеді. Жаңа педагогикалық технологиялар оқушылардың шығармашылық қабілеттерін арттыруға көмектеседі.

Қазіргі заманғы педагогикалық технологиямен жұмыс істеу үшін төмендегідей алғышарттар қажет: - оқу үдерісін интенсивтендіруді жаппай қолға алу; - оқушылардың сабақтастығын болдырмау шараларын кешенді түрде қарастыру. Оның ғылыми-əдістемелік, оқыту-əдістемелік, ұйымдастырушылық себептеріне үнемі талдау жасап, назарда ұстау, жаңа буын оқулықтарының мазмұнын зерттеп-білу пəндік білім стандартымен жете танысу, білімді деңгейлеп беру технологиясын меңгеру арқылы оқушыларға білімді мемлекеттік стандарт деңгейінде игертуге қол жеткізу, оқыту үдерісін ізгілендіру мен демократияландыруды үнемі басшылыққа алу қажет. Оқытудың инновациялық технология бойынша əдістемелік жүйесі сапалы нəтижеге жеткізуге мүмкіндік беретін танымдық іс-əрекеттер түрлерінің мазмұнымен тікелей байланысты. Сондықтан инновациялық əдіс-тəсілдерді оқыту үдерісіне енгізу барысында танымдық іс-əрекеттер түрлерінің мазмұнын, белгілі деңгейде белсенділігін көздейді. Осы екі үдерісінің өзара сапалы нəтижесінде оқушының өз ісіне сенімділігін, жауапкершілік сезімін, шығармашылық қабілеттерін қалыптастыру мақсатын жүзеге асыруға жағдай туғызатын оқытудың инновациялық негізгі түрлері анықталады.

Инновациялық үдерістің негізі – жаңалықтарды қалыптастырып жүзеге асырудың тұтастық қызметі. Инновация білім деңгейінің көтерілуіне жағдай туғызады. Білім сапасын арттырудағы жаңа инновациялық технологияларды оқып, үйреніп, сараптай келе, мынадай тұжырым жасауға болады: - оқушылардың білім, білік сапасын арттырудағы жаңа инновациялық технология түрлері сан алуан, оларды таңдау жəне одан шығатын нəтиже оқытушының кəсіби біліктілігіне тікелей байланысты; - жаңа инновациялық технологияларды енгізу жүйелі əрі мақсатты түрде жүргізілгенде ғана жетістікке жетуге болады; - жаңа инновациялық оқыту технологияларын енгізу барысында əрбір оқу орнының материалдық-техникалық базасының бүгінгі талапқа сай еместігі, əрі жетіспеуі, кадрлық əлеуеттің төмендігі көп кедергі жасайды.

Қазіргі жас ұрпақтың саналы да сапалы білім алуының бірден-бір шарты – оқу орындарындағы білім беру үдерісіне жаңа инновациялық технологияларды енгізу екендігі сөзсіз түсінікті. Сондықтан ғылыми-техникалық прогрестен қалыспай, жаңа педагогикалық инновацияларды дер кезінде қабылдап, өңдеп, нəтижені пайдалана білу – əрбір ұстаздың негізгі міндеті болып табылады. Біздің ойымызша, оқу орындарында инновациялық басқару жүйесін енгізіп, оны жүзеге асыру – міндет. Қорыта келгенде, жаңа инновациялық педагогикалық технологияның негізгі, басты міндеттері мынадай: - əрбір білім алушының білім алу, даму, басқа да іс-əрекеттерін мақсатты түрде ұйымдастыра білу; - білім мен білігіне сай келетін бағдар таңдап алатындай дəрежеде тəрбиелеу; - өз бетінше жұмыс істеу дағдыларын қалыптастыру, дамыту; - аналитикалық ойлау қабілетін дамыту.

Оқылды 54 рет