Сенбі, 15 Маусым 2024 11:16

«Түркістан білім-инновация» лицейі Қазақстандағы үздік 11 мектептің қатарына кірді

Былтыр ғана Түркістанға қоныс тепкен «Білім-инновация» лицейінің әлеуеті артты. Республикалық олимпиада нәтижесіне сәйкес еліміз бойынша үздік 11 білім ордасының қатарынан көрінді. Жалпы олимпиадаға қатысқан 8 мың мектеп ішінде осы нәтижеге жету өте жақсы көрсеткіш. Аталған білім ұясы 2021 жылы 50-орын, 2022 жылы 31-орын алған болған. Ал былтыр 26-орынға көтерілген еді. Биыл бірден жоғары көрсеткіш көрсетіп, облыс мерейін үстем етті.

«Түркістан Білім-инновация» лицейі – 1992 жылы алғашқылардың бірі болып талапты оқушыларды қабылдаған білім ордасы. Күні бүгінге дейін лицей ғимараты Кентау қаласында орналасқан болатын. 2023 жылдың соңында сәні мен салтанаты келіскен жаңа лицей ғимараты Түркістан төрінде ашылды. Лицей ғимаратының ашылу салтанатына Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев, облыс әкімі Дархан Сатыбалды қатысып, оқушыларға сәттілік тілеген. Сондай-ақ 2023-2024 оқу жылынан бастап 31 жыл тек ер балаларды қабылдап келген лицей, дарынды қыз балаларға да тәлім беруді бастады.

Инновация-лицейінде оқушылар 7-сыныптан бастап білім алады. Ерекшелігі – ұлдар мен қыздар бөлек оқиды. Лицей жаратылыстану-математика бағытына басымдық береді. Физика, химия, биология, математика және информатика пәндері ағылшын тілінде өтеді. Оқушылар 4 тілді меңгеріп шығады.

Соңғы жылдары елімізде білім беру саласының дамуына мемлекет тарапынан көптеген қолай­лы жағдайлар жасалуда. Бұл өз кезегінде білімнің салтанат құрып, кеңге қанат жаю­ы­на жол ашпақ. Өйткені сапалы білім беріп, саналы ұрпақ тәр­­биелеу болашаққа жасалған бас­ты инвестиция. Қазіргі білім беру жүйесінің мақсаты - бәсекеге қабілетті маман дайындау. Оны үйрететін орта мектеп болса, үйретуші мұғалім. Ал бүгінгі күннің мұғалімі ол қоғам тәрбиешісі екенін қаперде ұстаған абзал. Көп ізденісті, ерекше қабілетті талап ететін маман иесі. Ол сауатты ғана болмай, жас ұрпақты тәрбиелеуде, білім нәрімен сусындататын жауапты тұлға болмақ.

Естеріңізде болса, Қасым-Жомарт Тоқаев Президент болып қызметіне кіріскен сәтте он бағыт бойынша тапсырма берген болатын. Оның ішінде әрине білім саласы, жаңа мектеп салу, үш ауысыммен оқитын мектептердің мәселесін толық шешуге айқындық танытқан. Әсіресе шағын қалалар мен аудан орталықтарында, ауылдық жерлердегі бес мыңнан астам мектепті қайта жаңғырту керектігін атап көрсеткен еді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, бұрынғы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов 4 жыл ішінде 500 мың педагогтің жалақысын 2 есеге арттыру қарастыруды басшылыққа алды. Экс министрдің айтуынша, педагогтерді қайта даярлаудың, біліктілігін арттырудың жаңа жүйесі енгізіп, алдағы уақытта балабақша, қосымша білім беру, колледж педагогтерінің жалақыларын көбейтуді бастап кетті.

Тағы бір маңызды мәселе — қалалық және ауылдық мектептер арасындағы білім сапасындағы алшақтықты азайту. Осы және өзге де білім беру саласындағы мәселелерді нақты шешуге және оны одан әрі дамытуға бағытталған жұмыстарды қазіргі Оқу ағарту министрі Ғани Бейсембаев мырза жалғастыруда. Ол білім сапасын арттыруға ғана емес, сонымен қатар балалардың қауіпсіздігіне және білім беру ұйымдарындағы орын тапшылығын азайтуға баса назар аударуда. Одан өзге тегін техникалық және кәсіптік біліммен 100% қамтуды қамтамасыз ету көзделіп отыр. Ол үшін мемлекеттік тапсырысты 2026 жылға дейін 15,5 мың орынға дейін арттыру жоспарлануда. “6950 маман кәсіпорындардың мақсатты тапсырысы бойынша оқып, 100% жұмысқа орналастырылады. Колледж студенттерінің стипендиясын 50%-ға арттыру бойынша шаралар қабылдануда», – деп атап өтті Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев.

«Түркістан облысында 1400-ден аса мектепке дейінгі ұйымдар қызмет етуде. Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарын лицензиялау ондағы тәрбие мен оқытудың сапасын арттыруға үлкен көмек болмақ. Яғни, басты құндылық балалардың қауіпсіз ортада тәрбиеленуі, педагогтерге қойылатын біліктілік талаптардың сақталуы және тәрбие мен білімнің сапасы артады. Барлық балабақшаларға кезекке қою, жолдама беру, қабылдау «Balabagsha.snation» жүйесімен 2019 жылдан бастап толық автоматтандырылған. Ендігі кезекте балалардың балабақшаға келуін есепке алуды автоматтандыру жұмыстары жүргізілетін болады. Яғни, бұл дегеніміз нақты бала санын келіп-кетуінің ашық жүйесі орнатылады деген сөз»,-дейді Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды. 

Түркістан облысында жекеменшік мектептердің де саны артып келеді. Жекеменшік мектептер есебінен оқушы тапшылық орындары шешілді деуге болады. Қосымша біліммен қамту үлесі де арта түскен. Осы бағытта Қазығұрт ауданында 120 балаға арналған, Келес ауданында 320 балаға, ал Сайрам ауданында 300 оқушыға арналған жаңадан оқушылар үйі ашылды. Ал, Түлкібас ауданы «Жанкент» жалпы орта мектебінің базасында 150 балаға арналған «Өнер» мектебінің филиалы құрылғанын да жылдың айшықты оқиғалары қатарында атап өтуге болады. 

«Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы туралы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 14 шілдедегі кеңейтілген отырысында берген тапсырмасын орындау мақсатында «Жайлы мектеп» Ұлттық пилоттық жобасын іске асыру шеңберінде 2023-2025 жылдары Түркістан облысында 63 мектептің (жобалық қуаттылығы 57 300 орын) құрылысын салу жоспарға енгенін айта кеткен жөн.

Сонымен қатар, педагогтерді аттестаттау процесін автоматтандыру бойынша «Е-Портфолио», білім саласының аналитикалық есебін қалыптастыратын «Basqarma.Smartnation.kz» білім беру ресурстары енгізілуде. Сондай-ақ, мектеп кітапханаларын цифрландыру үшін «Е-Кітапхана» платформасы іске қосылуда. Осыған орай, Басқармада білім беру ұйымдарындағы жағдай мен білім сапасын қадағалайтын және білім саласын цифрландыруды жүзеге асыратын ситуациялық орталық үлгісінде жұмыстардың орындалуы алдағы жылдың еншісінде.

Облыс бойынша 2025 жылға дейін «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында 324 мектептің кітапханаларын жаңғырту жоспарлануда. Заманауи кітапхана оқушының тек кітап алып, кітап оқитын орны ғана емес, баланың толыққанды ақпарат алып, ізденетін, еркін ойлы қатарластарымен бірге тиімді уақыт өткізетін ортасы болып саналады. Алдағы жылдары білім беру ұйымдарындағы кітапханаларда IТ жабдықтары бар Coworking – орталықтары ашылатын болады. Өткен жылдары да біршама жұмыстар атқарылды, сонымен қатар алдағы жылдарда ауқымды жұмыс жоспарлар мен жобалар орныдалуы тиіс. 

2025 жылға дейін Түркістанда әлі де жаңа мектептепдің құрылысы кезең-кезең бойынша салынбақшы. Бұл әрине өз кезегінде үш ауысымды және апатты мектептердің мәселесін шешу үшін жасалып жатқан жұмыстар. Бүгінгі таңда оңтүстік өңірде жалпы саны 1406 балабақша бар, оның 267-сі мемлекеттік, 1007-сі жекеменшік, 86-сы мектеп жанынан ашылған шағын орталықтар құрайды.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 59 рет