Сенбі, 21 Қыркүйек 2024 13:23

Шымкентте дзюдодан ҚР чемпионаты басталды

Шымкент қаласында дзюдодан 23 жасқа дейінгі жастар арасындағы кезекті ел чемпионаты басталды. Бұл турнирде 17 аймақ және 3 қаладан 410 спортшы бақ сынайтын болады.
Біріншіліктің ашылу салтанатына Шымкент қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Маратбек Мықтыбеков және Қазақстан дзюдо федерациясының атқарушы директоры Айбек Имашев қатыстып, барша татами шеберлеріне сәттілік тіледі. Сондай-ақ, Дзюдо федерациясының атқарушы директоры қалалық дзюдо бапкерлеріне алғыс хат табыстады. Жарыстың әділ өтуін қадағалау үшін, бүгінгі чемпионатқа шет елден қонақтар да шақыртылды.
Айта кетейік, елімізде спортқа айрықша көңіл бөлінуде.

Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған жолдауында да: «Мен бұқаралық спортты дамытуға ерекше мән беріп отырмын. Жастарымыз дені сау, мықты азамат болып өсуі керек. Сондықтан ұлт саулығын сақтау үшін бұқаралық спорттың маңызы айрықша. Шын мәнінде, бұл саладағы заңнаманы жаңартатын кез келді деп ойлаймын. Заңға енгізілетін өзгертулер бұқаралық спорт пен балалар спортын дамытуға зор серпін береді. Сондай-ақ болашақ жеңімпаздар шоғырын даярлауға жол ашады. Депутаттар осы маңызды заң жобасына айрықша мән бергені жөн деп санаймын» деп бұқаралық спортты дамытуға күш саланытын атап өтті.  

Біле жүріңіз, қазіргі таңда елімізде дзюдомен 150 мыңнан астам адам тұрақты түрде айналысады. Оның ішінде Шымкент қаласынан 3 мыңға жуық татами шеберлері тұрақты шұғылданып келеді. Соның нәтижесінде ел спортшылары халықаралық дүбірлі додаларда топ жарып, ұлт абыройын асқақтатып жүргені барша халыққа мәлім. Мұндай жарыстың өтуі өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге болып, жастарды жарқын жеңістерге жетелейді. Бүгінгі жарыс күнінің нәтижесі бойынша ерлер және әйелдер арасында 6 салмақта жеңімпаздар анықталатын болады.

 

Айта кетейік, чемпионаттың қорытындысы бойынша 2025 жылға дзюдодан 23 жасқа дейінгі жастар арасындағы ұлттық құрама жасақталады. Жарыс «Жеңіл атлетика манежі» спорт кешенінде 21 қыркүеккке дейін жалғасады.

Оқылды 28 рет