Сейсенбі, 18 Маусым 2024 19:28

Түркістан: Сайрам ауданында «Жайлы мектеп» жобасымен 600 орындық мектеп салынып жатыр

Түркістан облысында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында алдағы үш жылда 63 білім ошағы салынады. Биыл соның 29-ы пайдалануға берілмек. Жоба үйлестірушісі - «Самұрық-Қазына» АҚ. Сайрам ауданы, Ақсукент ауыл округінде де 600 орындық білім нысаны салынып жатыр. Ауданға арнайы іссапармен барған облыс әкімі Дархан Сатыбалды салынып жатқан мектеп құрылысымен танысты. Мердігерлермен кездесіп, сапалы әрі мерзімінде аяқтауды пысықтады. Сонымен қатар құрылыс барысында орын алған өзекті мәселелерді шешу жолдарын талқылады.

Әсіресе, «Е-құрылыс» электронды порталы арқылы құрылыс жұмыстарының төлемдерін жүргізу қиындық тудырып отыр. Бұл туралы тиісті ұсыныстар берілді.Мектептердің құрылыс жұмыстары бойынша аудан әкімдіктермен, «Самұрық-Қазына» АҚ-ның өкілдерімен, мердігерлермен, арнайы штаб құрылып, жұмыс бақылауға алынған.

– Елімізде мектеп тапшылығын жою және білім сапасын көтеру мәселесі алда тұрған міндеттердің бірі. Президент тапсырмасымен қолға алынған маңызды жобаның жүзеге асыру барысы қатаң бақылауда, – деді Дархан Сатыбалды.

Ақсу ауылында бой көтеріп жатқан мектептің құрылысы былтыр қыркүйек айында басталған. Тапсырыс беруші – «Samruk-Kazyna Construction» АҚ. Білім ошағын салуға 3,14 га жер телімі бөлінген. Ал ғимаратты ауданы 8 419,71 шаршы метрді құрайды. Бүгін таңда жертөле бетондары құйылып, іргетасын қалау жұмыстары жүргізілуде.

Жалпы Сайрам ауданы бойынша «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 3 мектеп салу жоспарлануда. Ақсукент ауылдық округіндегі мектептен бөлек, Ақбұлақ және Қарасу ауылдық округінде де 600 орындық мектеп бой көтереді. Ақбұлақ ауылындағы мектепті салуға жалпы көлемі 2.3 га жер телімі бөлінсе, Қарасу ауылындағы білім нысанына жалпы көлемі 4 га жер телімі қарастырылған.

Тағы бір айта кетерлік жаңалық, халық саны артқан Сайрам ауданында тағы бір мөлтек аудан құрылады. Жаңа қалашықта 12 мыңға жуық адам қоныстанады. Сайрам ауданына жұмыс сапарымен барған Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Қарасу ауылдық округіндегі 57 га жер теліміне салынатын жаңа құрылыс аумағының бас жоспарымен танысты. Аудан әкімі Арман Сәбитов өңір басшысына егжей-тегжейлі жоспарлау жобасымен таныстырды.

Жаңадан құрылатын мөлтек ауданда 5 қабатты 49 тұрғын үй (2940 пәтер), әкімшілік ғимараты, мешіт, мәдениет үйі, жастар сарайы, қазандық, сауда үйі, 280 орындық балабақша, 600 орындық мектеп, 7 коммерциялық нысан мен саябақ салу жоспарлануда. Ғимараттың жалпы ауданы – 271 262,0 м2. Осы жылы инфрақұрылым жүйелерінің құрылысы басталады деп көзделуде. Бас мердігер «МПК-Проект» ЖШС-гі тарапынан инженерлік-коммуникациялық жүйелерінің құрылысына жобалау-сметалық құжаттары дайын. Нәтижесінде, 11 760 адам баспанамен қамтамасыз етілетін болады.

Өңір басшысы Дархан Сатыбалды мердігерлермен кездесіп, салынатын нысандардың сәулеттік үлгілерін талқылады. Сондай-ақ аудан әкімі мен жауапты сала басшыларына инфрақұрылымдық жүйелерін жоспарға сәйкес жүргізу керектігін тапсырды.

Мөлтек ауданның құрылысы 2028 жылы аяқталады деп күтілуде. Бүгінде 11 аумақтық округке бөлінген Сайрам ауданының тұрғындарының саны 238 016 мың адамды құрайды. Жалпы ауданда 42 елдімекен бар.Айта кетейік, ауданда биыл мемлекет тарапынан екі нысан бой көтермек.

Сапар аясында облыс әкіміне өткен жылы құрылған «Көрікті Сайрам» коммуналдық мекемесі таныстырылды. Мекеме экологиялық мәдениетті қалыптастыру мен халықтың табиғатқа деген сүйіспеншілігін ояту мақсатында елімізде өтіп жатқан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясына да атсалысуда. Ауданды абаттандыру, көгалдандыру, ретсіз қоқыстардан тазарту және көше жарық шамдарын күтіп ұстау секілді жұмыстар жүктелген коммуналдық мекемені 28 техникамен қамту көзделген.

Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Сайрам ауданына жасаған іс-сапары барысында жергілікті тұрғындармен де кездескенін айта кетейік. Облыстың, ауданның даму бағыты туралы ой қозғап, өзекті мәселелерді де екшеді. Сайрамдықтардың өтініштері мен ұсыныстарын тыңдады.

– Сайрам – өңіріміздегі ең ауыл шаруашылығы дамыған, кәсіпкерлікке ден қойған аудан. Әлеуеті өте жоғары. «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында Сайрам ауданында 2023 жылы 14 елді мекенде 31 жобаны іске асыруға 2,6 млрд. теңге бөлінді. Бірқатарына тоқталсақ, Нұржанқорған елді мекенінде 300 орынға арналған мектептің қосымша корпусы пайдалануға тапсырылды. Қарамұрт елді мекеніндегі мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді, Ақбұлақ елді мекенінде мәдениет үйі салынып, пайдалануға берілді. Қасымбек Датқа елді мекенінде электр желілерінің құрылысы жүргізілді 30 көшеге орташа жөндеу жұмыстарымен қамтылды. «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 1,2 млрд. 207 жоба қаржыландырылды. АҚШ-тың белгілі инженері Илон Масктың «Starlink» спутниктік интернет құрылғысын орнату жұмыстары басталып, Сайрам ауданында 28 мектепте толық іске қосылды. Сайрам ауданында жалпы өңірлік өнім көлемі 2021 жылдан бері 20 пайызға өсіп, 2023 жылы 257 млрд. теңгеден асты. Биыл 4 айда бұл көрсеткіш 71 млрд. теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 23 пайызға өскен. Дегенмен, алда атқарылар жұмыс көп. Ауданның өндірісін дамыту, кәсіпорындарды көбейту, ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорттық көлемін ұлғайту, терең өңдеу салаларын дамыту керек, – деген Дархан Сатыбалды қаржыны игеру, заңсыз құрылыстарды тоқтату, қылмысты төмендету, су мәселесін шешу және өзге де түйткілдерді реттеу бойынша тапсырмалар берді. Сонымен бірге тазалық «Таза Қазақстан» акциясы аясында тазалық жұмыстарын жалғастыруды тапсырды.

Кездесуде аудан әкімі Арман Сәбитовтың жыл қорытындысы мен биылғы 4 айдағы атқарылған жұмыстар бойынша есебі тыңдалды. Ауданда шағын және орта бизнес субъектілерінің саны соңғы 3 жылда 36 пайызға өсіп, 2023 жылы 21 мыңнан асты. Олардың өндірген өнім көлемі 202 млрд.теңгені құрап, 2022 жылмен салыстырғанда 64 млрд. теңгеге немесе 46 пайызға өскен. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 49 млрд. теңгеге жетіп жоспар 2,4 млрд.теңгеге артығымен орындалған. Негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемі 51 млрд. теңгеден асып, жоспар 11 млрд.теңгеге артығымен орындалған. Аудан әкімі мен басқарма басшыларына бұл көрсеткіштерді жақсарта түсу, өзіндік кірістерді арттыру жөнінде тапсырмалар берілді.

Кездесу барысында тұрғындар облыс әкіміне инфрақұрылым және өзге де әлеуметтік мәселелерді шешу бойынша өтініштер түсті.Одан кейін облыс әкімінің жеке қабылдауы өтті. Оған басқармалар мен құқық қорғау органдарының басшылары да қатысып, тұрғындардың өтініштерін тыңдады. Көтерілген мәселелер мен арыз-шағымдар назарға алынып, тиісті жұмыс жүреді.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 64 рет