Бейсенбі, 19 Қыркүйек 2024 23:47

Түркістанның орталық кітапханасында Нұртас Оңдасыновтың туғанына 120 жыл толуына орай тұлға кеші өтті

Түркістан қалалық орталық кітапханасының ұйымдастыруымен мемлекет және қоғам қайраткері Нұртас Дәндібайұлы Оңдасыновтың туғанына 120 жыл толуына орай «Өмірі өнегелі азамат» атты тұлға кеші өтті. Іс-шараның мақсаты - Нұртас Оңдасыновтың өмірі мен қызмет жолын, шығармашылығын насихаттау, туған жердің тұлғаларын жас ұрпаққа таныту.

Кеш қонақтары ҚР білім беру ісінің үздігі, Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгі иегері, Түркістан қаласының құрметті азаматы Серім Айғаным және тарих ғылымдарының кандидаты, Құрмет орденінің иегері, Түркістан қаласының азаматы Адырбек Баян, «Нұртас» қоғамдық қорының атқарушы төрайымы Бейсенова Нұраш, ҚР құрметті азаматы, Түркістан қаласының құрметті азаматы Рыс Ташметова қайраткердің өмірі мен қызметі жолындағы естеліктерімен бөлісті.

Кеш барысында «Н.Оңдасынов» музейі мен Түркістан қалалық орталық кітапханасы қызметкерлері «Ұлты мен тілін ұлықтаған ұлы тұлға» және «Ұлтының ұлы тұлғасы" тақырыбында кең көлемде қайраткердің тұтынған бұйымдары, суреттері, кітаптары қойылған көрме жасақталды. Кітапхана оқырмандары Нұртас Оңдасыновтың нақыл сөздері мен арнауларын нақышына келтіре оқыды.

Қазақ халқының біртуар дарынды тұлғасы Нұртас Дәндібайұлы 1904 жылы 26 қазанда Түркістан жерінде дүниеге келген. Балалық шағында ауыл молдасы Керімқұлдан арабша төте жазудан дәріс алып, «Батырлар жыры», «Қисса» және «Дастандарды» оқып ұлттық рухта тәрбиелене бастаған. Жастық шағы 1917 жылғы қос төңкеріс, 1918-1920 жылдардағы азамат соғысының аласапран уақытына тап келген. Жастай әкесі мен шесесінен айырылып, 1920 жылы Ташкенттегі №14 мектеп-интернатында 1922 жылға дейін тәрбиелеуге қамқорлыққа алынған. Онда Алаш зиялысы Сәдуақас Оспанов басшылық жасаған. Орыс тілінен Ғани Мұратбаев, араб тілінен Әмин Жүсіпов (Мәшһүр Жүсіптің ұлы) дәріс берген. Алаш қайраткері Сәдуақас Оспанов жастардың мықты және рухты болып өсуі үшін Нұртас Оңдасынов, Бейсембай Кенжебаев және Өтеубай Тұрманжанов сияқты талантты жастарды тәрбиелеген.

Нұртас Дәндібайұлы  1922-1927 жылдары Ташкент Орман шаруашылығы техникумында оқыған. Онда Мұхтар Әуезов қазақ әдебиетінен дәріс беріп, «Ел болам десең, бесіңіңді түзе» және «Білімді ел, биік ел» деген сөздерді ылғида айтып, олардың рухани зердесіне нұр қылып құйған ғой. Үлкен ұстаз осылайша қазақ жастарының өмір жолына бағыт көрсеткен.

Қайраткер тұлға жас кезінен көшбасшылық қабілеттерін байқатқан. Оған дәлел Ғани Мұратбаевтың қасында жүріп, ұйымдастыру шараларына қатысқандығы. Еңбек жолын 1927-1928 жылдары Қызылорда Су шаруашылығында статист болып бастаған. 1928 жылы Талас-Ассы су көздерін іздестіру мекемесінің, 1928-1930 жылдары Шымкент Су шаруашылығында техник маман ретінде қызмет атқарған. 1930-1934 жылдары Ташкент қаласындағы Ирригациялық институтының студенті болған. 1934-1938 жылдары Қазақ Орман шаруашылығы басқармасында басшылық қызметте болды.

1938 жылы ақпан-маусым айларының аралығында Шығыс Қазақстан облыстық атқару комитетінің төрағасы қызметін атқарып, осы аталған жылдың ортасында Совнарком (Үкімет) төрағасы болып тағайындалған. 1938-1951 жылдар аралығында Қазақстан Үкіметін басқарып, елдің дамуына ерекше үлес қосқан тұлға. Мәселен, 1944 жылы Консерватория, ЖенПИ, Педучилищені ашу туралы Үкімет қаулысын шығарған. 1942-1944 жылдары «Самарқан» деген белгісіз атаумен салынаған металлургтер қалашығына «Теміртау» деп ат қойғанда Н.Д. Оңдасынов еді. Соғыс жылдарында майдан тылындағы жұмыстарды ұйымдастырудың басшылығында жүрді. Қазақстанға депортацияланған және эвакуацияланған халқты қабылдап, оларды орналастыруда қаншама қамқорлық жасады. Осы соғыс жылдарында «Қазақфильмнің» негізін қалауға тікелей ықпал еткен. Елдегі мәдениет пен өнердің дамуын өзі қадағалаған. Мысалы, 1943 жылы майдан даласынан Н.Д. Оңдасыновқа Бауыржан Момышұлы хат жолдап, елдің рухын көтеру үшін ақындар айтысын өткізіп, ұлттық ойындар мен дәстүрді жаңғырту керек дейді. Осыны назарында ұстаған Нұртас Дәндібайұлы осы аталған жылдың 11 желтоқсанда республикалық ақындар айтысын өткізіп, халықтың рухын көтерген. Оған сол кезде Жамбыл Жабаев, Кенен Әзірбаев және Нартай Бекежанов сияқты ақындар қатысып, жүлделер алған.

Ал, 1943 жылы Қостанай облысы, Ұзынкөл ауданына іссапарға барған Үкімет төрағасы Н.Д. Оңдасынов 16 жасар Хакімжан Наурызбаевтың талантын байқап, оны Алматыға оқуға шақыртып, мүсінші Ольга Кудрявцеваға тапсырып, Украина мен Ресейге оқуға жіберткен. Кейін Хакімжан Наурызбаев қазақ халқының атақты мүсіншісі болды. Ол өзінің естелігінде: «Қайраткер Н.Д. Оңдасынов болмаса, мүсінші Х. Наурызбаев болмас еді» деп жазған екен.

1945 жылы Абай Құнанбайұлының 100 жылдық мерейтойын өткізуге Үкімет қаулысын шығарып, оның басынан аяғына дейін өзі қадағалап, Абай еліне барған. 1945-1946 жылдары Қазақ КСР Ғылым академиясының іргесін қаласуға қатысып, Қ.И. Сәтбаевты қолдап, КСРО Ғылым академиясының Президенті В.Л. Комаровқа таныстырып, ғылымды ұйымдаструға басшылық қызметке әкелген. Ғылым академиясының тағанын қаларда «Қазақстан ғылымы күмістей сыңғырлаған таза болсын» деп ырымдап, бір уыс теңге шашқан. 1947-1950 жылдары оңтүстік пен солтүстікті қосатын Мойынты-Шу темір жолын салуға бастама көтеріп, ұсыныс жасауда Л. Берияға өз сөзін өткізіп, Кеңес Одағын орталығынан қаражат мәселесін шешкен. Сөйтіп, бұрынғы 7-8 тәуліктік жолдың қысқартып, 1 тәулікте Ақмоладан Алматыға жететін жағдай жасаған.

Нұртас Оңдасынов Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бюро мүшесі ретінде ең алдымен мәдениет мәселелеріне жауап беретін. Осыған орай, Н.Д. Оңдасыновтың қолдауымен, дәл сол соғыс жылдарында Қазақ мемлекеттік консерваториясы, Қазақ мемлекеттік педагогикалық қыздар институты ашылады, Қазақ опера және балет театрының құрылысы аяқталады, Ғылым Академиясы ғимаратының іргетасы қаланады. Ол театр, кино өнеріне, баспасөзге күнделікті көңіл бөледі. 

Мәселен, Қазақ КСР Халық Комиссарлар Кеңесінің 1941 жылғы 12 қыркүйектегі қаулысы негізінде Алматы көркем фильмдер киностудиясы құрылды. 1944 жылғы 25 қаңтарда оның атауы Алматы көркем және хроникалық-деректі фильмдер киностудисы болып өзгертілді. Үкімет төрағасы соғыс жылдарында Алматыға эвакуциямен көшіп келген «Мосфильм» және «Ленфильм» киностудияларын жаңа орынға орналастырып, оларға мемлекеттік тапсырыс бойынша он шақты көркем және деректі фильдер түсіруге қажетті жағдай жасауды ұйымдастырады. Бұған қоса, майдан шебіне қазақ өнерпаздарынан құрылған концерттік бригадалар жіберуге тапсырма береді. Соғыстың бар ауыртпалығын көтерген халыққа серпіліс беру мақсатында 1943 жылдың 11 желтоқсанында Алматыда халық ақындарының айтысын өткізуді қолдап, онда озып шыққан ақындарға жүлде ретінде тиісті силықтар тағайындауды бұйырған. Н. Д. Оңдасынов соғыс кезінде қазақ тілінде шыққан М. Әуезовтың «Абай» романыңың бірінші томын Сталиндік силыққа ұсынған.

Н. Д. Оңдасынов үкімет басшысы қызметінде болған кезінде әртүрлі салаға білікті мамандар тарту мәселесіне ерекше көңіл бөлген. Мемлекеттік басқару жүйесіне қатысты бір ғана мысал. Ол 1942 жылы іссапарларының бірінде Лениногорск түсті металдар комбинатының директоры Дінмұхаммед Қонаевпен кездесіп, оны өзіне орынбасарлыққа шақырып, тоғыз жол бойы тізе қосып нәтижелі жұмыс істейді. Екінші – ғылым саласына қатысты. Нұрекең Қазақ Ғылым академиясын құруға бастамашылық жасап, оған президенттікке Қаныш Сәтбаевты сайлауды ұсынады. Сонымен бірге ол Қ.Сәтбаевты 1943 жылы КСРО Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, кейін толық мүшесі болып сайлануына да белсене атсалысады. Үшінші мысал – қазақтың тұңғыш мүсіншісі Хакімжан Наурызбаевқа байланысты. Н.Д. Оңдасынов 1943 жылы Қостанай облысына іссапарға барған кезінде ауаткомның атбағары болып жүрген, саздан әртүрлі жануарлардың мүсіндерін жасай алатын бозбаланы көріп, оны оқуға шақырады. Бір жылдан кейін Хакімжанды Алматыға алдыртып, оның тиісті білім алып, білікті маман болып шығуына мүмкіндік жасайды.

Зерттеушілердің пікірінше, Н. Д. Оңдасынов – Ұлы Отан соғысы жылдарында да, соғыстан кейінгі кезеңдерде де ерекше іскерлік, ұйымдастырушылық қабілет көрсеткен басшы. Бұл Қазақстанда басталған Ертіс-Қарағанды, Арыс-Түркістан, Мырзашөл каналдары, Атырау, Теміртау, Жезқазған, Балқаш алып зауыттары, Мойынты-Шу темір жолы және т.б. ұлы құрылыстардың бастау алған жауапты кезеңдер еді. 

Н.Д. Оңдасынов 1954 жылғы наурыз айында Мәскеудегі Жоғары партия мектебін тәмамдаған соң Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының (Төралқасының) төрағасы болып сайланады. Ол осы қызметті атқарған уақытта көптеген маңызды заңдарға қол қойған. Н.Д. Оңдасынов 1954 жылы басқарған осы жоғары өкілді мемлекеттің органның атқарған жұмыстары жөнінде Орталық мемлекеттік архивте сақталған қорытынды есепте мынадай мәліметтер көрсетілген: еңбек мәселесі бойынша Төралқаның қабылдау бөліміне – 765 өтініш, материалдық көмек жөнінде – 2441, пәтер туралы – 625, зейнетақы – 482, салық – 162, колхоз өндірісі –  144, паспорт және прописка – 389, басқа мәселелер бойынша – 1627 өтініш түскен, барлығы  6635 арызды құраған. Осы аталған  6635 өтініштің 2158-іне қанағаттанарлық жауап қайтарылған, 1094-іне анықталсын деген тапсырма берілген, 235-і шара қолдануға келмейтіндіктен кері қайтарылған, 154-қадағалауда тұрған, 3003-і мекемелерге қарауға жіберілген.

Жоғарыда аталған көрсеткіштерді саралайтын болсақ, Н.Д. Оңдасынов басқарған шамалы уақыттың өзінде республика Жоғарғы Кеңесі тарапынан бірқатар нәтижелі істер тындырылғанын байқаймыз. Өкінішке орай, Нұртас Дәндібайұлы сол қызметте бар болғаны бір-ақ жыл істеп, өз өтініші бойынша 1955 жылғы мамырда Гурьев облыстық атқару комитетінің төрағалық қызметіне баруға мәжбүр болады. Алайда республика үкіметін 13 жыл басқарған тәжірибелі басшы қызметтен төмендетілдім деп мұңайған жоқ. Ол әрқашан халықтың арасында болып, қарапайым жұртшылықтың мұң-мұқтажын көріп, күрделі мәселелерді шеше  білді.

Ұзақ жылдары Үкіметті  басқарып, республиканың экономикасын, ғылымы мен білімін дамытуға көп еңбек сіңірді.  Ақ-қараны анықтамай, талай қыршынды қынадай қырып кеткен 1938 жылдың жазында бар-жоғы 34 жаста жоғары қызметтің жауапкершілігін арқалады. Осы қызметті Н.Д. Оңдасыновтан ұзақ атқарған жалғыз қайраткер Байкен Әшімов ағамыз ғана. Бірақ Байекеңнің үкімет басқарған жылдары социализмнің шыңына жеткен кезеңі, содан кейін бәріміз куә құлдырау басталды. Ал Нұрекең үкімет басқарған жылдар – жүрегі «халық» деп қана соққан аяулы ағаларымыз қынадай қырылып біткен соғыс алдындағы алаңдаулы жылдар, елдің сіңірі созылып, жанталасып өмір сүрген, мыңдаған перзенттер қан майданда кескілесіп жатқан соғыс жылдары, тұралаған елді тамағын тойдырудың толғақты мәселелерін қалай шешудің жолдарын талмай іздестіру қажет болған жылдар еді. Оның үстіне, Н.Д. Оңдасынов үшін биік мансапқа дейінгі 34 жыл ғұмыр да оңай болмаған-ды. Жастайынан ата-анасынан айырылып, жетімдік қасіретін шегіп, буыны бекімей жатып, кірпіш зауытында қара жұмысшы болу, қиындықтарды еңсере жүріп, Ташкентте білім алу, республиканың орман шаруашылығында тынымсыз еңбек ету, Шығыс Қазақстан облысына басшылық еткен санаулы айлар – бір пенденің ғұмырына аздық етпейтін үлкен мектеп, байыптай білгенге бай мектеп еді [2, 4-5 бб.].

Дегенмен, жалпы алғанда, Нұртас Оңдасыновтың есімі Қазақстанның даму кезеңімен тығыз байланысты екені даусыз. Ол Абай атындағы Опера және балет театрының, Қыздар педагогикалық институтының құрылуына атсалысып, шаңырағын көтеріп, уығын өз қолымен қадады. Бұдан басқа Қарағанды металлургиясын, Мойынты – Шу темір жолын, теріскейге темір жол тарту, еліміздің мұнай-газ саласын игеруге ұйытқы болды. Қазақ Ғылым академиясын құрып, оған президенттікке Қаныш Сәтбаевты сайлауы адам танитындығын аңғартады. Ол Үкімет басында отырған он үш жыл ішінде жоғарыдан – Мәскеуден түскен бұйрықты бұлжытпай орындайтын орындаушы қызметкер емес, халық мүддесі үшін небір ірі-ірі мәселелер мен бастамалар көтеріп, оны шеше алған қайраткер дәрежесіне көтерілді.

Сталиннен кейінгі кезеңде оның қайраткерлігі Н.С. Хрущевке ұнамай, екеуі қызмет барысында жиі-жиі келіспеушілікке барыпты. Нәтижесінде, 1962 жылы Оңдасыновты Гурьев облысы басшылығынан 58 жасында кетіруге Н.С. Хрущев құпия тапсырма берген. Өйткені екеуі үш мәселеде келіспей қалған. Ұлт қайраткері бірінші, тың игеруге, екінші, Оңтүстік Қазақстан аудандарын Өзбекстанға беруге және үшінші, Маңғыстау мұнайын игереміз деген де, Хрущев Сібір мұнайын игереміз, Маңғыстау мұнайының қажеті жоқ деп айтысып қалған. Кеңестік қызыл империя басшысына пікірін ашық айтып, қарсы шыққаны үшін оның қырына іліккен. Бірақ, одан тайсақтап, кешірім сұрап иілмеген. Ұлттық мүддені қорғай білген азамат. Сол себепті, оны ертерек зейнеткерлікке шығартуға астыртын әрекет жасалған.

Нұртас Оңдасыновтың зейнеткерлікке шыққаннан кейінгі өмірі Мәскеуде өтті. Оны Мәскеуге отбасылық жағдайына байланысты көшті деп айтқандар да бар. Бұл жайттың түбіне тереңірек үңілсек, сол тұстағы биліктің Оңдасыновты зейнет жасына жетпей тұрып қызметтен босап қана қоймай, өз ортасынан, өз пікірлестерінен де алыстатуға барынша күш салғанын байқауға болады. Нұрекең 1962 жылы зейнеткерлікке шығып, Мәскеуде ғылыми жұмыспен айналысты. Арабша-қазақша, парсыша-қазақша түсіндірме сөздіктер жазды. Бұған қоса, КОКП Орталық комитетінің марксизм-ленинизм институты жанындағы ардагер коммунистер Тарихи-әдеби бірлестігінің бюро мүшесі және оның Қазақ секциясының басшысы қызметтерін атқарды.

Нұртас Оңдасынов екі рет Еңбек Қызыл Ту, үш рет Ленин орденімен, көптеген медальдармен және Құрмет грамоталарымен марапатталған. Ол 1938 жылдан 1963 жылға дейін (25 жыл) – Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, ал 1940 жылдан 1958 жылға дейін (18 жыл) КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты болды. 26 жыл (1938-1964) Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің және 14 жыл (1938-1951, 1954-1955) оның бюро мүшесі, Кеңес Одағы Компартиясының XVIII, XXII, XXIII съездері мен оның XVIII конференциясының делегаты, 13 жыл (1939-1952) СОКП Орталық Тексеру комиссиясының мүшесі болып сайланды.

Оңтүстік Қазақстан (қазіргі Түркістан) облысындағы бірқатар мектептер мен көшелерге, Алматы қаласындағы бір көшеге Оңдасыновтың есімі берілген. Еліміздің көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері ретінде Нұртас Оңдасынов өзінің өнегелі өмір жолымен Ұлы даланың ұлы тұлғалары тарихында өшпестей із қалдырып отыр.

«WWW.AQ-QARA.KZ»

 

Оқылды 119 рет