Жексенбі, 25 Тамыз 2024 11:56

Түркістан облысында орта білім беру ұйымдарының саны 1060-қа артқан

Бұл туралы брифингте Түркістан облысы білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жандос Маханбетов мәлімдеді. Түркістан облысында 2024-2025 оқу жылында орта білім беру ұйымдарының саны 1 060-қа артқан. Бүгінде өңірде 530 мың оқушы болса, оның 52 593-ы биыл 1-сыныпқа қабылданады.

«Жалпы Түркістан облысында 121 мектеп күрделі жөңдеу жұмыстарын қажет етеді. Бүгінде 66 мектептің жобалық сметалық құжаты дайын. Биыл 22 мектептің күрделі жөндеу жұмыстары басталып, 5 мектеп 2024 жылдың 1-қыркүйегінде пайдалануға берілмек. Өңірде «Жайлы мектеп» білім беру саласындағы пилоттық ұлттық жобасы» аясында 2023-2025 жылдары аралығында 49 мың орындық 63 мектеп салу жоспарланған. Ал 2024 жылы 22 900 орындық 29 мектеп қолданысқа беріледі. Сонымен қатар, «Жайлы мектептердегі» педагогтардың біліктілігін арттыру бойынша «Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетімен» келісім-шарт жасалып, қазіргі таңда 41 мұғалім білімін жетілдіруде. Бұдан бөлек, жаңа оқу жылынан бастап облыстағы бастауыш сыныпта оқитын 187 832 бала бір реттік тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі»,- деді Жандос Маханбетов.

Спикердің сөзінше 2024 жылғы «Мектепке жол» акциясы аясында мемлекеттік білім беру ұйымдарында білім алатын әлеуметтік осал топ отбасынан шыққан 60 693 балаға мемлекеттік қолдау көрсетіледі. Әр баланың мектеп формасына 43 407 теңге берілген. Сондай-ақ, «AMANAT» партиясының Түркістан облысының филиалы әдеуметтік осал топ отбасыдан шыққан 16 балаға мектеп формасымен қоса оқу құралдарын алып берген. Одан бөлек, қоғамдық ұйым өкілі «Дәулеттен» ЖШС-і тарапынан жаңа оқу жылында 1 сыныпқа келетін 50 оқушыға көмек беруге ұсыныс білдіріп, тізімі жолданған.

Жоғарыда айтылғандай, Түркістан облысында «Жайлы мектеп» Ұлттық пилоттық жобасын іске асыру шеңберінде 2023-2025 жылдары жобалық қуаттылығы 49 мың орындық 63 мектеп салу жоспарланып отыр. Атап айтсақ, 300 орындық 11 мектеп, 600 орындық 25 мектеп, 900 орындық 15 мектеп, 1200 орындық 6 мектеп; 1500 орындық 4 мектеп, 2000 орындық 2 мектеп салынуда. 2024 жылы пайдалануға берілетін 29 мектептің құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізетін мердігер және жобалаушы мекемелер «Samruk-Kazyna Construction» АҚ-ы арқылы анықталған. Аталған 29 мектептің 19-ы биыл қыркүйек айында, қалған 10-ы желтоқсан айында пайдалануға беріледі деп күтіліп отыр.

Жыл басында Түркістан облысы әкімі аппаратының апталық мәжілісінде осы мектептердің құрылысын сапалы жүргізу, білікті педагогтармен қамту мәселесі талқыланған болатын. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды жауапты басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдеріне жұмысты жүйелі атқаруды тапсырды. «Жайлы мектеп» жобасы аясында салынатын мектептерге жергілікті өндірушілердің жиһаздары қолданылуы керектігін ескертті. Сонымен бірге мектептерді білікті кадрлармен қамтуды міндеттеген-ді.

– «Жайлы мектептер» толық инженерлік инфрақұрылыммен қамтылуы тиіс. Мектеп құрылыстарына апта сайын мониторинг жасауды тапсырамын. Екіншіден, мектептерді жабдықтауға жергілікті жиһаз зауыттарының өнімдері қолданылсын. Осы мәселені реттеңіздер. Ең бастысы, ол мектептерді білікті ұстаздармен, іскер директорлармен қамту жұмысын назарда ұстаңыздар. Қазірден кадрлар жасақталуы қажет, – деді сол жиында Дархан Сатыбалды.

Қазіргі таңда, 2024 жылы пайдалануға берілетін 29 мектепті талшықты-оптикалық байланыс желілері технологиясы арқылы жоғары жылдамдықты интернетпен қамту үшін «Қазақтелеком» АҚ мен «Транстелеком» АҚ операторларымен техникалық шарттары алынды. Жоспарлы жұмыс 2024 жылғы 1 тамызға дейін толық іске асырылады. Ал 2025 жылы пайдалануға берілетін 34 мектептің құрылысын іске асыру жоспарына сәйкес, жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету 2025 жылғы 1 тамызға жоспарланған. Тиісті ұсыныстар беріліп, 2024 жылы пайдалануға берілетін 29 мектепті ұстап тұруға, яғни, қосымша ашылатын штат бірліктеріне айлық жалақы, коммуналдық қызмет төлемдері үшін қажетті жобамен 2,9 млрд. теңге қаржыға қолдау білдірілді. Аталған қаржы биыл қыркүйек айында бөлінбек.

Сондай-ақ «Жайлы мектеп» Ұлттық пилоттық жобасы аясында пайдалануға берілетін мектептерді алдағы 3 жылда, яғни, 2025-2027 ұстап тұруға қажетті қаржы көлемі облыстық білім басқармасы тарапынан есептелуде. Жаңадан ашылатын мектептерді немесе облыстағы жалпы мектептерді орындық, парта, тақта және т.б. қажетті жабдықтармен қамтамасыз ету мен мектептің ішкі бөлігін безендіруде Binom School мектептер желісінің тәжірибесі ескеріледі. Айта кетейік, Түркістан облысында үш жылда 100-ге жуық мектеп салынады. «Ауыл ел бесігі» бағдарламасы мен республикалық бюджет есебінен құрылысы жүргізілетін 33 мектептің 2023 жылы 18-і тапсырылса, қалғаны 2024 жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі. Сонымен қатар «Жайлы мектеп» жобасы аясында 3 жылда 63 мектеп салынады. Жобалық қуаты – 49 мың орын. 2024 жылы 29 мектептің құрылысы басталса, 2025 жылы 34 мектеп пайдалануға беріледі. Оларға қажетті инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жоспары бекітіліп, тиісті жұмыстар жүргізілуде.

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы туралы алдымен Мемлекет басшысының Жолдауында айтылды.  «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды. Біз 2025 жылға дейін 800 мың баланың  заманауи мектепте оқуына жағдай жасаймыз. Осылайша, апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешеміз. Бұл ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын едәуір азайтады. Жалпы, мектеп салу Үкімет және әкімдіктер үшін басты міндеттің бірі болуы керек. Жемқорлар сотталғанда, олардың заңсыз тапқан қаржысы мемлекетке өтіп, түгелдей мектеп құрылысына жұмсалуға тиіс. Үкімет осы бастаманы заң тұрғысынан рәсімдеу туралы шешім қабылдауы керек» делінген Жолдауда.

Ендігі жерде «Жайлы мектептің» айырмашылығы неде деген сауалдарға да жауап бере кетсек. Біріншіден, мектептер ауылда да, қалада да жаңа бірыңғай стандарт бойынша салынады. Бастауыш және жоғары сынып оқушылары мектепте бөлек блоктарда оқиды. Әр блокта оқу кабинеттері, дәретханалар, спорт залдар болады. Балалар үшін бейнебақылау, дыбыстық хабарлау және басқа да күшейтілген қауіпсіздік шараларын орнату көзделіп отыр. Оқушыларға ыңғайлы болу үшін оқу құралдарын сақтауға, ауыстырып киетін киімге арналған жеке шкафтар, сондай-ақ кітап оқуға, балалардың шығармашылық дамуы мен демалуына тиісті жағдайлар қарастырылған. Мектептер физика, химия, биология және робототехника пәндері бойынша заманауи кабинеттермен жабдықталады. Кабинеттерге touch-экрандар орнатылып, мектептің кез келген жерінен жылдамдығы жоғары интернетке қосылу мүмкіндігі беріледі. Ерекше білім алуды қажет ететін балаларға тиісті жағдайлар жасалады.

Спорт залдар мәселесі шешіледі. Қазір 1200 орындық мектептерде  тек  бір ғана спорт зал бар. Ал таңғы сағат 8-ден кешке дейін денешынықтыру сабағы бір уақытта бірнеше сыныпқа өткізіледі. Жайлы мектептерде жобалық қуатына қарай бірнеше спорт залдар болады. Сондай-ақ мұғалімдерге де жағдайлар жасалады.

Екіншіден, құрылыс толығымен қаржыландырылған. Егер бұрын мектеп құрылысын қаржыландыруға облыстық және аудандық бюджеттерден қаражат тапшылығына байланысты мектептер жеткілікті көлемде салынбай, ұзақ мерзімді құрылыстар проблемасы туындаса, ал қазір мақсатты қаражат республикалық бюджеттен бөлінеді.

Үшіншіден, мектептер нысандар құрылысын бақылайтын дирекцияның үйлестіруі арқылы салынады. Бұл шешім сатып алу рәсімдерінің мерзімін жеделдетуге және құрылыс сапасын қамтамасыз етуге бағытталған.

Төртіншіден, ішкі ғана емес, сыртқы инфрақұрылым да қарастырылған. Мектепке апаратын жаяу жүргіншілер жолы, автобус бағыттарын алдын ала іске қосу, аялдамаларды дайындау, мектепке апаратын жолдарға жарық беру мәселелері де қатар шешілуі керек.

Бесіншіден, жайлы мектептер салуда ашықтық барынша сақталуға тиіс. Еліміздің кез келген азаматы интерактивті карта арқылы мектептердің қай жерде және қашан салынатынын бақылап, IP-камера арқылы құрылыс барысын онлайн қадағалай алады. Мектептерді салу, оларды қаржыландыру, күтіп ұстау, кадрларды іріктеу мәселелері заңнамалық тұрғыда әкімдіктердің құзырында болғандықтан, бұл ұлттық жоба әкімдердің дербес жауапкершілігін бекітуді көздейді, яғни «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын жүзеге асыру 842 мың жаңа жайлы  орын құруға мүмкіндік береді. Сонымен бірге өңірлер, қала мен ауыл арасындағы білім беру инфрақұрылымындағы айырмашылықты теңестіріп, білім сапасына әсер етеді.

2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджеттің жобасында осы мақсатта 400 млрд. теңгеден астам қаражат бөлінеді. Жоба аясында ашылған мектептер заманауи құрылғылармен толық жабдықталады. Зертханалармен қамтамасыз етіледі. Бастауыш сыныптарына арналған жеке блог болады. Мақсат – оқушылар мен оқытушыларға қолайлы әрі қауіпсіз жағдай жасау және білім беру қызметінің сапасын арттыру.

Аталған мектептердің құрылыс жұмыстарына беделді әрі бәсекеге қабілетті компаниялар тартылады. Сонымен бірге жұмыс барысы қатаң қадағаланады. Ол іске аса білікті техникалық қадағалаушылар шақырылмақ. Сондай-ақ бұл мектептер халық көп шоғырланған аумақтарда орналасады. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды аудан, қала әкімдері мен жауапты басқарма басшыларына «Жайлы мектеп» жобасы бойынша салынатын мектептерді салуға дайындықты пысықтауды, осыған қатысты әрбір жұмысты жауапкершілікпен атқаруды тапсырып келеді.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 33 рет