Бейсенбі, 14 Қараша 2019 15:37

Түркістан облысы: Кентау қаласы әкімі заманауи зертхананың ашылуына қатысты

Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дың Кентау институты қабырғасында заманауи, озық үлгідегі ғылыми зертхана кабинеттері пайдалануға берілді.  Бұл бастама аталмыш оқу ордасы сенатының шешімімен және «Кентау Трансформатор Зауыты» АҚ қолдауымен жүзеге асып отыр. Ашылған зертхана кабинеттерінің бірі «Alageum Lab» және екіншісі Ілияс Қожабаев атындағы Smart Sensor Systems кабинеті атауына ие болды. Иновациялық жүйедегі заманауи жабдықтармен жабдықталған зертхана құрылымы электро-энергетика, автоматизация және басқару білім беру бағдарламаларының траекториясына сәйкес студенттерге және ғылыми жұмыстар жүргізу үшін магистранттар мен докторанттарға арналған. 

Ашылу салтанатына Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дың ректоры Болатбек Абдрасилов, І-ші вице-президент Женгиз Томар, Кентау қаласының әкімі Дәурен Махажанов және еліміздегі электро-энергетика жабдықтарын шығарушы «Alageum Electric» компаниясының басшысы Сейдулла Қожабаев бастаған бірқатар азаматтар қатысып, озық үлгідегі ғылыми зертхана кабинеттерінің лентасын қиды.

Шара шеңберінде сөз алған университет ректоры Болатбек Серікбайұлы: «Былтырдан бері инженерия факультетін Кентау қаласына көшіру бойынша шешім қабылдаған болатынбыз. Бүгінде бұл факультеттің осы қалаға көшірігеннен кейінгі қуанышты жаңалықтарына куә болып отырмыз. Жаңа жобаларымыз жүзеге асып жатыр. ХҚТУ-дың базасында екі ғылыми зертхана ашылуда. «Alageum Electric» компаниясының құрамына енетін «Кентау Трансформатор Зауытымен» дуалді оқыту жүйесі бойынша инженерлік мамандарды дайындауды қолға алдық. Бұл өте тиімді әдіс. Осының арқасында тікелей әріптестік негізінде дайындап жатқан мамандарымыздың болашақта жұмысқа орналасуы да жақсармақ. Кентау трансформатор зауыты дүние жүзіне белгілі. Бұл кәсіпорыннан шыққан өнімдер әлемдік сатылымға ие. Осы зауыт студенттеріміздің болашағына жол ашып, бізге зор мүмкіндік сыйлап отыр», — деп «Alageum Electric» компаниясының басшысы Сейдулла Қожабаевқа алғыс хат табыстады.

Бұдан бөлек Кентау қаласының әкімі Дәурен Махажанов, Қ.А.Ясауи университеттің I-вице президенті Женгиз Томар, «Кентау Трансформатор Зауыты» сынды ірі өндіріс компаниялардың басын біріктіретін «Alageum Electric» холдингінің басшысы Сейдулла Қожабаев, Украина елінің профессоры Сергей Тиховодтар зертхананың маңыздылығына тоқталып, Қазақстанда дуалды білім концепциясын тәжірибелік жүзеге асырудың алғашқы нақты мысалдарының біріне айналатындығын жеткізді.

Зертхана құрылымының мақсаты — электроэнергетика, автомтика ғылымдары мен инженерия білім беру саласында қазіргі замануи және өндірістік тәжірибеге негізделген білім бере отырып, бәсекеге қабілетті инженерлік мамандарды даярлау. Яғни, замануи жабдықтармен жабдықталған зертханалар электро-энергетика мен ақпараттық коммуникциялық технологиялар бойынша инженер мамандарын дайындау бағдарламаларымен білім берілетін студенттерге арналған. Зертхананың демеушісі – «Alageum Electric» компаниясының еншілес кәсіпорны «Кентау Трансформатор Зауыты» АҚ. Жобаның жалпы құны 42 млн теңгені құрайды.

 «AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Оқылды 831 рет