Жұма, 01 Мамыр 2020 14:28

Шымкентте жыл соңына дейін 9 мектеп пайдалануға берілмек

Қала әкімі Мұрат Әйтенов Шымкенттегі жаңадан бой көтеріп жатқан білім ошақтарының құрылысымен танысты.

Мұрат Әйтенов алдымен Арғынбеков көшесінің бойынан салып жатқан 1200 орынды мектептегі құрылыс барысын көрді. «Атамекен корпорациясы» салып жатқан ғимараттың қабырғасы көтеріліп, шатыры жабылған. 3 гектар жерге орналасқан мектептің құрылысына 1 млрд 900 млн теңге қарастырылған. Мердігер компания нысанды қыркүйек айында тапсыруды жоспарлап отыр.Қала әкімі бұдан соң Асар-2 шағынауданында бой көтеріп жатқан 1200 орынды мектепке барды. Іргетасы қаңтар айында қалана бастаған білім ошағы жоспар бойынша желтоқсанда бітуі тиіс. Құрылысты жүргізіп жатқан «МК технострой сервис» компаниясының өкілдері пандемияға байланысты елдегі төтенше жағдай кезінде ғимараттың сыртқы қасбетіне қойылатын керамогранитті Ресейден алдыру қиын болып жатқанын алға тартты.

Көмектесуге әзір екенін айтқан Мұрат Дүйсенбекұлы мұндай құрылыс заттарын отандық өнімдерден алуға ұсыныс берді. Содан кейін Самал-3 шағынауданындағы №6 емхана маңынан бой көтеріп жатқан мектеп құрылысының барысымен танысты. Құрылысына бюджеттен 2 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінген білім ошағы санаулы күнде дайын болады. Жаңа ғимаратты аралап көрген Мұрат Дүйсенбекұлы мектепті жақын күндері қабылдап, қыркүйекте оқушыларды қабылдауға дайындауды тапсырды. Жалпы, биыл Шымкентте 9 мектепті пайдалануға беру көзделіп отыр. Оның үшеуі - 1200 орынды жаңа мектеп болса, бесеуі 300 орынды қосымша құрылыс. Тағы біреуі 100 орынды саз мектебі болмақ.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат»

Оқылды 560 рет