Сәрсенбі, 18 Шілде 2018 13:53

Шымкентте балабақшаға қабылдау жүйесі автоматтандырылды

Шымкент қаласы аумағындағы 459 балабақшаға бүлдіршіндер автоматты түрде қабылданады. Аталмыш жүйе балабақшаға кезекке тұру мен жолдама беруге, сондай-ақ балабақша ауыстыруға мүмкіндік береді. 

Бұл өз кезегінде әрбір баланың электрондық төлқұжатын қалыптастыратыны сөзсіз. «Ақылды қала» жобасы аясында жүзеге асқан жүйені апробациялау нәтижесінде 3 пен 6 жас аралығындағы балалардың балабақша кезегіндегі қатары 2,5 есеге, нақтырақ айтсақ, 46 мыңнан 18 мыңға дейін азайды.

Балаларды балабақшамен қамтуды автоматты түрде онлайн режимде атқару жемқорлық деректерін азайтып, ата-аналардың арыз-шағымдарының төмендеуіне де септігін тигізіп отыр.

Сонымен қатар мектепке бірінші сынып оқушыларын қабылдау жүйесі де автоматтандырылды. Аталмыш жүйе педагогикалық құрам туралы, оқыту тілі мен мектептің рейтингісі, теріс факторлардың деңгейін айқындап, ата-аналарға толық ақпар бере алады. Бұдан бөлек автоматтандыру жүйесі үш ауысымдық білім берудің ықтималдығын төмендетті.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Оқылды 1555 рет