Сенбі, 01 Қазан 2022 06:41

Түркістанда «UniSat» білім беру хабы ашылды

Бүгін Түркістан қаласының Оқушылар сарайында БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) Қазақстандағы Өкілдігі «Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті» КЕАҚ-мен және Түркістан «Оқушылар сарайымен» бірлесіп, ғарыштық технологиялар бойынша UniSat білім беру хабын ашты. ЮНИСЕФ, Әл-Фараби ат. ҚазҰУ және Оқушылар сарайының ынтымақтастығының арқасында Түркістан облысының балалары STEM курстарына қатысып, инженерлік дағдыларды игере алады.

Хаб жұмысы бірінші кезекте түркістандық мектеп оқушылары арасында ғылым, технология, инженерлік-математика (STEM) саласындағы білім мен мансапты танымал етуге бағытталады. Дүниежүзілік экономикалық форумның мәліметі бойынша, STEM саласындағы жоғары оқу орындарын қазақстандық қыздардың 14 пайызы ғана бітірсе, ерлер арасында бітірушілер көрсеткіші 37 пайызды құрайды. Ал мектепте қыздар математика мен жаратылыстану пәндерінен ұлдардан асып түседі. Қолданыстағы гендерлік стереотиптер әр түрлі және білікті жұмыстың болашағына нұқсан келтіреді, қыздардың толық әлеуетіне қол жеткізуге кедергі келтіреді және тең және тұрақты дамуға қол жеткізу үшін жаһандық күш-жігерге нұқсан келтіреді. Хабтағы сабақтар кең таралған гендерлік стереотиптер мен теріс пікірлерге қарамастан, қыздардың кәсіби дамуын анықтау үшін көкжиектерін кеңейтеді.

Хаб спутниктік технологиялар саласындағы инженерлік дағдыларды дамыту бойынша ғылыми-білім беру орталықтары жұмысының қағидаты бойынша құрылды. Ол жердегі де, ғарыштағы да радиохабар тарататын құрылғыларынан аналогтық және цифрлық радиосигналдарды беруге және қабылдауға мүмкіндік береді. Хаб компьютерлермен, бағдарламалық-анықталатын радиожүйе құрылғыларымен (ағылш. Software-defined radio, SDR құрылғылары), УҚТ және ҚТ диапазондарында қабылдағыш-таратқыштармен (трансиверлер), спутниктердің траекториясын көрсетуге арналған үлкен экрандармен жабдықталған. УҚТ диапазонды трансивердің көмегімен оқушылар наноспутниктермен, соның ішінде Al-Farabi-2 университеттік наноспутникпен ақпарат алмаса алады. ҚТ диапазонды трансивер UniSat жобасының қатысушыларына, сондай-ақ оқушыларға радиобайланыс негіздерін меңгеруге, басқа елдердің радиоәуесқойларымен радиобайланысты іске асыруға, шет тілдерін үйренуге және осы саланың маманы болуға мүмкіндік береді. Орталықтың заманауи цифрлық жабдықтарын пайдалану, соның ішінде SDR технологияларын пайдалану білім беру процесінде икемділікті қамтамасыз етуге және әртүрлі техникалық режимдерде жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Бұдан басқа, хабта жобаға қатысушылар жинаған UniSat наноспутниктерінің инженерлік модельдері бар.

«UniSat бағдарламасын ЮНИСЕФ Әл-Фараби ат. ҚазҰУ-мен серіктестікте 2020 жылдан бері жүзеге асырады. Осы уақыт ішінде 2000-нан астам қызды онлайн режимде, 200-ден астам қызды оффлайн режимде оқытып, стратосфераға 5-тен астам наноспутникті ұшырды. Бірақ одан да маңыздысы, біздің жобаның түлектері мектептен кейін STEM саласында оқуын жалғастырды. UniSat жобасы дамып келе жатқанына және инженерлік ғылымдар мен STEM-ді қазақстандық оқушылар арасында ілгерілетуді қалайтын серіктестер саны үнемі өсіп келе жатқанына қуаныштымын. Бүгін Түркістанда Хабты аша отырып, біз жобаны дамытудың жаңа кезеңін іске қосамыз және Түркістан облысының оқушылары мен мұғалімдерін оған қосылуға шақырамыз», - деді Қазақстандағы ЮНИСЕФ өкілі Артур ван Дизен.

Хаб UniSat білім беру бағдарламасы аясында құрылды, оның мақсаты наноспутниктерді әзірлеу саласында қыздардың білімі мен құзыреттілігін дамыту, сондай-ақ командалық жұмыс, шешендік өнер, тайм-менеджмент және шығармашылық сияқты дағдыларды жетілдіру болып табылады. UniSat бағдарламасы "Dubai Cares" халықаралық білім беру қорының, Clé de Peau Beauté брендінің және филантроп Назанин Алакияның қолдауымен іске асырылады.

Хабтың арқасында түркістандық мұғалімдер өз оқушыларында инженерлік дағдылар мен STEM құзыреттіліктерін дамыта алады. Ұйымдастырушылар Хабтағы сабақтар оқушыларды STEM-ғылым, техника, инженерия, математика және ғарыш технологияларын оқуға ынталандырады деп үміттенеді.

«Біз ЮНИСЕФ Қазақстан және Әл-Фараби ат. ҚазҰУ-мен ынтымақтасқанымызға қуаныштымыз. Хабтың біздің Сарайда ашылуы – оқушыларымыз бен мұғалімдеріміз үшін жаңа тамаша мүмкіндік. Инженерлік мамандықтар Қазақстан үшін және оның болашақ дамуы үшін өте маңызды. Енді балалар өз қалалары мен аймақтарында спутниктік технологиялар мен радиобайланысты меңгеруге мүмкіндіктері бар», - деді Түркістан қаласы Оқушылар сарайының директоры Индира Икапова.

Хабтың ашылу күнінде Түркістан өңірінің физика пәні мұғалімдері атмосфераның жоғарғы қабаттарына шар-зондтардың ұшу технологиясы бойынша практикалық мастер-класынан өтті. Олар шар-зондтардың ұшу траекториясын және оның қону орнын алдын-ала есептеуді үйренді.

«Түркістан қаласында Хабтың ашылуы еліміздің білім беру жүйесіндегі жаңа бағыттың басталуын белгіледі. Хаб ғарыштық робототехникаға, шағын ғарыш аппараттарына қызығушылық танытатын оқушылар мен басқа да жоғары оқу орындарының студенттерін тартатын орынға айналады. Бұдан басқа, хаб базасында ұжымдық радиостанция жұмыс істейді, оның көмегімен әлемнің басқа радио әуесқойларымен радиобайланыс ұйымдастыруға болады», - деп белгілеп өтті Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев.

 

 

 

Оқылды 301 рет