Сейсенбі, 07 Қараша 2023 21:48

Түркістанда Райымбек Сейтметов атындағы республикалық театр фестивалі өтеді

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Түркістан облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының директоры Мейіржан Әлиакбаров мәлімдеді.

Оның айтуынша, облыстық мәдениет және туризм басқармасының ұйымдастыруымен 8-11 қараша аралығында Түркістан қаласында Қазақстанның халық әртісі Райымбек Сейтметовтың 85 жылдық мерейтойына орай «RAIYMBEK FEST» I Республикалық театр фестивалі өтеді. Брифингке қатысқан Райымбек Сейтметов атындағы Түркістан қалалық сазды драма театрының директоры Ержан Исатаев фестиваль талаптары мен шарттарына сәйкес сайысқа тек кәсіби театрлар қатысатындығын айтты. Әр театр соңғы үш жылда сахналанған, көркемдік деңгейі жоғары тек бір шығарманы ұсынбақ. 

- Сайыста Ш.Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық драма театры, Шымкент қалалық әзіл-сықақ және сатира театры, Н.Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық қазақ академиялық музыкалық драма театры, Жамбыл облыстық орыс драма театры, Алматы қаласы Мәдениет басқармасының «Алматы әуендері» және «Жаңа ғасыр» театрлары, Б.Римова атындағы Талдықорған драма театры, А.Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театры, Қ.Жандарбеков атындағы Жетісай драма театры, Ж.Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театры, Абай облысының  Семей «Дариға-ай» жастар театры және Р.Сейтметов атындағы Түркістан сазды драма театрлары бақ сынайды. Одан бөлек, қазылар алқасы құрамында Т.Жүргенов атындағы  Қазақ ұлттық өнер академиясы, «Театр өнерінің тарихы мен теориясы» кафедрасының профессоры Бақыт Нұрпейіс,  Қазақстанның  еңбек  сіңірген қайраткері Азат Сейтметов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бахыт Сраилов, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы «Өнертану» факультетінің деканы, профессор Меруерт Жақсылықова, Қазақстанның  еңбек  сіңірген қайраткері Балтабай Сейітмамытов сынды өнер майталмандары төрелік етеді. Жеңімпаздарға арнайы жүлделер мен ынталандыру сыйлықтары берілетін болады, - деді Ержан Ибадуллаұлы.

Сонымен қатар белгілі актер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Райымбек Сейтметовтың ұлы Азат Сейтметов фестивальдің - қазақ кәсіби театрларының өнерін насихаттау және  театрлардың өзара тәжірибе алмасу мақсатында ұйымдастырылып отырғандығын жеткізді. 

Қазақстан Республикасының халық артисті, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген өнер қайраткері, Қырғыз Республикасының еңбек сіңірген өнер қайраткері, Тәуелсіз «Платиналы Тарлан» және Жастар Одағы сыйлықтарының иегері, «Кафка» атындағы сыйлықтың иесі, профессор Райымбек Ноғайбайұлы Сейтметов қазақ театр сахнасының негізін қалаушы, өмірін өнерге арнаған аңыз тұлға.

1938 жылдың наурыз айының 2-ші жұлдызында топырағында тарихы тұнып тұрған киелі шаһар Түркістанда дүние есігін ашқан. Сахнаның дара шапқан дарабозы, бала кезінде Түркістандағы аты әлемге мәшһүр Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің жанына барғанда, ескерткіш қабырғаларындағы түсініксіз түрлі-түсті сан оюларға бала болса да таңдана, тамсана қарап, сол бір тілі байланған тылсым құдіретке ғашық болған екен. «Мені өнер сиқырына баулып, оның тылсым сырларына түсінуге, тұшынуға итермелеген сол тарихи ескерткіш болса керек», – деген екен Р.Сейтметов. Сахна серісі Райымбек атамыздың өнер майданына деген махаббаты осылай ұшқындаған. 

Тоқсаныншы жылдардың тоқырау кезінде Алматыдағы жылы орнын, жайлы тұрмысын тастап жасы 60-қа келіп қалғанда туған жерге оралыпты. Артымда із қалдырсам, халқыма пайдалы дүние берсем деп саналы түрде келген. Әуелі ХҚТУ ректор М.Жұрыновтың қолдауымен өнер бөлімін ашты. Өңірдегі талантты жастарды жинап, сахна өнеріне баулыды. Ол кезде ел тұрмысы жүдеп, тіршіліктің қиюы қашқан кез-тін. «Түркістанның бүгіні мен ертеңін ойлағанда көңілімде бір түйткіл тұрды. Түркістанның рухын көтеру үшін, ең әуелі сол жердің рухани игіліктерін жасауымыз қажет. Өзім ұзақ жылдар қызмет еткен өнер саласының биігінен қарасам, Түркістанға театр керек. Еліміз егемендік алды, Түркістан қайта түлейтін болады деп, жастайымнан бауыр басып қалған Алматыны, атақ-абыройына ие болған өнер ордасын тастап, туған жерге тартып кетуімнің басты себебі де сол болатын. Осында жинақталған тәжірибемді, азды-көпті өнерімді сонда алып барайын деп шештім. Түркістан қайта түлеп, іргесін кеңітіп жатқанда соның бір шегесі болып қалғым келді…» деп өзі айтқанындай, парасатты пайымымен туған жерге келіп, өнердің туын тікті. Өзі тәрбиелеп-оқытқан, дайындаған шәкірттерінен театр труппасын жасақтады. Түркістан театрының іргесін қалап, керегесін бекітіп кетті.

Театр небәрі 4-5 жыл көлемінде аяққа тұрды. Жас театр болса да күрделі тарихи-драмаларды сахнаға шығарып кәсіби тұғырға құлаш сермеді. Көптеген театр фестивальдерінен жүлделі оралып жүрді. Өзінің бағытын айқындады. Түрік тілдес елдер драматургиясын көбірек сахналады. Мақсат айқын. Түркістан театры – түркі тілдес елдердің театр өнерінің ортақ ордасына айналуы керек.

2004 жылы ақпанында театр Қадыр Мырза Әлидің «Әмір-Темір» тарихи драмасын қойды. Басты рөлді талантты актер Ержан Исатаев сомдады. Жарты әлемді жаулаған ханның өмірінің соңғы сәттерінен жазылған драмада небәрі 3-4 қана кейіпкер. Драма тұтастай өлеңмен жазылған. Қойылым сәтті шықты. Автор да премьераға қатысты. «Жалпы, режиссер Райымбек Сейтметовтің қазақ театр өнеріне әкелген жаңалығы, қосқан сүбелі үлесі – осы поэтикалық шығармаларды сахналауы. Махамбеттің отты жырлары негізінде қойылған «Туған ұлдан не пайда?», Абай өлеңдері желісінде «Қалың елім, қазағым» (инсценировкасын өзі жазған) туындысын жасап, классиктер шығармашылығындағы ешқашан ескірмейтін адамзатқа ортақ проблемаларды бүгінгі күнмен ұштастыра білген зерек суреткер», деп сахна сыншысы Ә.Сығайдың баға беруі орынды. Расында, Р.Сейтметов – елімізде поэтикалық театрдың қалыптасуына зор еңбек сіңірген режиссер. Осы дәстүрлі сүрлеу, арна жас Түркістан театрында да жалғасын тапты.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 138 рет