Бейсенбі, 18 Сәуір 2024 14:03

Райымбек Сейтметов театрында «Келісімшарт бойынша қалыңдық!» комедиясының премьерасы өтті

Райымбек Сейтметов атындағы Түркістан қаласы сазды-драма театрында Эльмира Макашеваның аудармасындағы драматург Асахмат Айларовтың «Келісімшарт бойынша қалыңдық!» комедиясы сахналанды. Премьераға Түркістан облысы мәдениет және туризм басқармасы басшысы Әзімхан Қойлыбаев пен театр сүйер қауым қатысты.

Қойылым тапқанын араққа жұмсайтын жалғыз басты еркектің масаң күйде досымен ел президентін үйіне қонаққа шақырамын деп бәстесуімен басталады. Бұл бәстесу телеарнаға шығып, Ресей президенті шақыруды қабыл алады. Міне осыдан бастап бас кейіпкердің өмірі күрт өзгереді. Пәтері, тіпті ауласы күрделі жөндеуден өтіп, қонақты қарсы алуға дайындалады. Жаңарған пәтеріне келісімшарт бойынша жаңа қалыңдық та келеді. Бір басшыны күту жолында лауазымды қызметкерлердің жағымпаздық әрекеттері көрініп, олардың көздегені қызметтен өсу жолы екені белгілі болады. Бас кейіпкерге жалған бақытты өмірді қолдан жасап береді.

Қойылымнан соң басқарма басшысы Әзімхан Қойлыбаев құттықтау сөз сөйледі. Қасиетті қара шаңырақтың еңбегін айта келе, театр ұжымына шығармашылық табыс тіледі. Сонымен қатар биыл Түркістан қаласының Түркі елдерінің туристік астанасы аясында өткізілетін ауқымды іс-шараларға тоқталып, қажың жұртшылықты алда келе жатқан мерекемен құттықтады.

Театрдың көркемдік жетекшісі – Айдар Наурызбаев. Қойылым режиссері – «Құрмет» орденінің иегері Қуандық Қасымов, суретшісі – Қанат Шериев. Рөлдерді Кәмшат Аштекова, Талғат Қарынбаев, Нұржан Ізтаев, Жасұлан Тұрғанбаев сынды театр әртістері сомдап шықты. Өнер сүйер барша көрермен премьераны бүгін де тамашалай алады.

Қазақстан Республикасының халық артисті, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген өнер қайраткері, Қырғыз Республикасының еңбек сіңірген өнер қайраткері, Тәуелсіз «Платиналы Тарлан» және Жастар Одағы сыйлықтарының иегері, «Кафка» атындағы сыйлықтың иесі, профессор Райымбек Ноғайбайұлы Сейтметов қазақ театр сахнасының негізін қалаушы, өмірін өнерге арнаған аңыз тұлға.

1938 жылдың наурыз айының 2-ші жұлдызында топырағында тарихы тұнып тұрған киелі шаһар Түркістанда дүние есігін ашқан. Сахнаның дара шапқан дарабозы, бала кезінде Түркістандағы аты әлемге мәшһүр Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің жанына барғанда, ескерткіш қабырғаларындағы түсініксіз түрлі-түсті сан оюларға бала болса да таңдана, тамсана қарап, сол бір тілі байланған тылсым құдіретке ғашық болған екен. «Мені өнер сиқырына баулып, оның тылсым сырларына түсінуге, тұшынуға итермелеген сол тарихи ескерткіш болса керек», – деген екен Р.Сейтметов. Сахна серісі Райымбек атамыздың өнер майданына деген махаббаты осылай ұшқындаған. 

Тоқсаныншы жылдардың тоқырау кезінде Алматыдағы жылы орнын, жайлы тұрмысын тастап жасы 60-қа келіп қалғанда туған жерге оралыпты. Артымда із қалдырсам, халқыма пайдалы дүние берсем деп саналы түрде келген. Әуелі ХҚТУ ректор М.Жұрыновтың қолдауымен өнер бөлімін ашты. Өңірдегі талантты жастарды жинап, сахна өнеріне баулыды. Ол кезде ел тұрмысы жүдеп, тіршіліктің қиюы қашқан кез-тін. «Түркістанның бүгіні мен ертеңін ойлағанда көңілімде бір түйткіл тұрды. Түркістанның рухын көтеру үшін, ең әуелі сол жердің рухани игіліктерін жасауымыз қажет. Өзім ұзақ жылдар қызмет еткен өнер саласының биігінен қарасам, Түркістанға театр керек. Еліміз егемендік алды, Түркістан қайта түлейтін болады деп, жастайымнан бауыр басып қалған Алматыны, атақ-абыройына ие болған өнер ордасын тастап, туған жерге тартып кетуімнің басты себебі де сол болатын. Осында жинақталған тәжірибемді, азды-көпті өнерімді сонда алып барайын деп шештім. Түркістан қайта түлеп, іргесін кеңітіп жатқанда соның бір шегесі болып қалғым келді…» деп өзі айтқанындай, парасатты пайымымен туған жерге келіп, өнердің туын тікті. Өзі тәрбиелеп-оқытқан, дайындаған шәкірттерінен театр труппасын жасақтады. Түркістан театрының іргесін қалап, керегесін бекітіп кетті.

Театр небәрі 4-5 жыл көлемінде аяққа тұрды. Жас театр болса да күрделі тарихи-драмаларды сахнаға шығарып кәсіби тұғырға құлаш сермеді. Көптеген театр фестивальдерінен жүлделі оралып жүрді. Өзінің бағытын айқындады. Түрік тілдес елдер драматургиясын көбірек сахналады. Мақсат айқын. Түркістан театры – түркі тілдес елдердің театр өнерінің ортақ ордасына айналуы керек.

2004 жылы ақпанында театр Қадыр Мырза Әлидің «Әмір-Темір» тарихи драмасын қойды. Басты рөлді талантты актер Ержан Исатаев сомдады. Жарты әлемді жаулаған ханның өмірінің соңғы сәттерінен жазылған драмада небәрі 3-4 қана кейіпкер. Драма тұтастай өлеңмен жазылған. Қойылым сәтті шықты. Автор да премьераға қатысты. «Жалпы, режиссер Райымбек Сейтметовтің қазақ театр өнеріне әкелген жаңалығы, қосқан сүбелі үлесі – осы поэтикалық шығармаларды сахналауы. Махамбеттің отты жырлары негізінде қойылған «Туған ұлдан не пайда?», Абай өлеңдері желісінде «Қалың елім, қазағым» (инсценировкасын өзі жазған) туындысын жасап, классиктер шығармашылығындағы ешқашан ескірмейтін адамзатқа ортақ проблемаларды бүгінгі күнмен ұштастыра білген зерек суреткер», деп сахна сыншысы Ә.Сығайдың баға беруі орынды. Расында, Р.Сейтметов – елімізде поэтикалық театрдың қалыптасуына зор еңбек сіңірген режиссер. Осы дәстүрлі сүрлеу, арна жас Түркістан театрында да жалғасын тапты.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 167 рет