Сәрсенбі, 12 Маусым 2024 10:10

Шымкенттіктер "Гауһартас" қойылымын тамашалады

«Гауһартас» әннің әсерімен Дулат Исабеков 25 жасында өзінің ең алғашқы туындысы «Гауһартасты» жазды. Бұл шығарма халықтың шығармасына, Гауһартас халықтың сүйіктісіне айналды. Бүгінде бұл шығарманың жаңа дәуірі басталды десек болады. Олай дейтініміз Астана қаласының музыкалық жас көрермен театры сахналаған «Гауһартас» қойылымы бүгінде аншлагпен өтетін, көрерменнің жүрегіне жол тартқан үздік туынды. 

 

– «Гауһартас» бізден кетті, көрерменге жетті. Оның қойылымы 205-тен асып кетті. Ақпан айының ортасында 165-ші қойылымды сахналап, рекорд жаңарттық. Бұл халықтық сипатқа ие қойылым болды. «Гауһартастың» билеттері аншлагпен өтіп жатты. Бұл халықтың «Гауһартас» арқылы өзінің ұлттық мінезіне сусап қалғанын көрсетеді. Өйткені бұл повесте ұлттық мінез, ұлттың намысы, ұлттың болмыс-бітімі бар. Қазақ қандай болды десе, көрсететіндей туынды. Жас қыз-жігіттердің театрға келуін өзінің ұлттық тамырына оралуы деп түсінемін. Ұлттық болмысты тану үшін, өзінің рухани өзегіне оралу үшін «Гауһартас» спектакліне келеді, – дейді шаһарымызға «Астанадан Шымкенттке сәлем» атты өнер сапарымен келген театр басшысы Асхат Маемиров. 

Театр – өмірдің көркем көрінісіне негізделген өнер, осы өнер жолындағы тұлғалардың жоғары талғамды эстетикаға толы репертуарына куә болып, рухани байлыққа кенелетін мәдени орын. Жас көрермен театры осы мәдени ортаны Д.Исабековтың «Гауһартас», М.Әуезовтың «Абай-Тоғжан», А.Володиннің «Қоштасқым келмейді...», Қ.Мұраттың «Махаббат бар ма?» қойылымдарымен толтырмақшы. Елордалық театрдың өнер сапары 16- маусымға дейін жалғасады. Гастрольдік сапар аясында театр ұжымы өңірдегі өнер сүйер белсенді жастармен, зиялы қауым өкілдерімен кездесу өткізді. Еркін форматта өткен сырласу кешінде жанды дауыста ән шырқалып, көремен мен театр әртістері арасында әдемі сұқбат орнады. 

– Театр – көрерменмен сакралды диалог жасайтын, сырласатын эстетикалық, рухани биіктікте тілдесетін әлем. Оның құпиялығы біріншіден мынада болар: адам өзіне-өзі бақылау жасауы қиын. Өзіне көрінбейтін кемшін тұстарды көру үшін театрға келеді. Меніңше, театр адамның өзіне көрінбейтін, өзі сезе бермейтін тұстарын көрсететін айна. Қазір жастардың көбі әлеуметтік желіде отырады. Кітап оқымай, өзінің ұлттық негізінен ажы­рап бара жатқан ұрпақ көбейіп жатыр. Осы «Гауһартас» арқылы Tik Tok-та отырған жастарды шақырғым келді. Қазақ шаңырағындағы ең қасиетті ұғымдардың бірі де бірегейі – махаббат. Ол – рухтың бірлігі, – дейді Асхат Мақсымұлы. 

Өнер ұжымында 70-ке жуық әртіс бар. 2023 жылдың аяғында Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева ұжымға ақжолтай тілегін арнап, «Ұмай» ұлттық сыйлығын табыстады. Дәл қазір театрдың қоржынында отандық, әлемдік, заманауи 20 қойылым бар. Осыған дейін Семей топырағын басып келген ұжым, Шымкенттің ойлы көрерменін театрға шақырады.

 

Оқылды 175 рет