Әсем ән мен сырлы сазға бөленген кеш аудан орталығындағы «Орталық саябақта» ұйымдастырылып, әнсүйер қауымға ерекше көңіл күй сыйлады. Саябақта стадион көрерменге толып, Созақтың қастерлі даласы өнер мен мәдениеттің, ән мен сағыныштың мекеніне айналды. Салтанатты шарада аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков сөз сөйлеп, «МузАрт» тобының шығармашылық ұжымын 25 жылдық мерейтойымен құттықтады. Аудан басшысы 2001 жылдан бастап атап өтіліп келген Созақ ауданы жастары күнімен ұштасқан шараның маңыздылығына тоқталды. Шығармашылық ұжымға аудан тұрғындарының атынан құттықтау хат пен ықылас гүлін табыс етіп, өнердегі өнегелі жолдары үшін алғысын білдірді.
Кештің көркін қазақ әнінің көрнекті өкілдері Мейрамбек Беспаев, Сәкен Майғазиев, Жұбаныш Жексенұлы, Заттыбек Көпбосынұлы және «Созақ серілері» бастаған аудан өнерпаздары әсем әнмен өрнектеді. Сахна төрінен шырқалған әр ән көрермен жүрегіне жол тапты. Бірде сағынышқа бөлеп, бірде шаттыққа кенелткен әуезді әндер Созақ аспанын тербеді. Көрермен де өнерпаздармен бірге ән айтып, қошеметін аямады. Ақ жаулықты аналардың сахна төрінде биге қосылып, шат-шадыман күйге бөленуі кештің әсерлі сәттерінің біріне айналды.
Кешті Оразхан Батырхан мен Дәурен Әсиев жүргізіп, мерекелік шараның мазмұнын ажарландыра түсті. Ал туған жерге деген перзенттік ықыласын әнмен жеткізген Созақтың төл перзенті, «МузАрт» тобының мүшесі Сәкен Майғазиев кеш соңында жерлестеріне ризашылығын білдірді. Туған жерге жасаған шығармашылық тартуын зор қошеметпен қабыл алған көпшілікке алғысын айтып, мерейлі кештің жоғары деңгейде өтуіне қолдау көрсеткен аудан басшысына ризашылығын жеткізді.
Жоғарыда айтып кеткеніміздей, «МузАрт» тобының құрылғанына биыл 25 жыл толыпты. Осы уақыт аралығында тыңдармандарына әсем әндер сыйлап жүрген «МузАрт» тобының өнер сүйер қауым үшін алатын орны ерекше. Аталмыш топ өнер әлемінде өз орнын тауып, халықтың үлкен қошеметіне бөленіп, көпшіліктің қуанышына айналып үлгерді. Біздің елімізде бір рет жарқ етіп, ертесіне-ақ ұмыт болып жататын ән де, әншілер де аз емес. Дегенмен, қазіргі таңда, қазақ эстрадасындағы әншілердің көпшілігі өздерінің әндерін ертеңгі ұрпаққа асыл мұра болып қалу үшін көп еңбекті қажет ететіндігін жақсы біледі. Осы мақсатта, өзге топтардың арасынан аталмыш топтың суырылып алға шығып, үнемі ізденіс үстінде жүретіндігін айтпай кету мүмкін емес.
«МузАрт» тобы 2001 жылы сәуір айында құрылған болатын. «МузАрт» - көне түркі тілінен шыққан, «УЗ» – сал, сері, тағы сол сияқты ер азаматқа тән қасиеттерді, ал «АРТ» - биік, шың, тау деген мағынаны білдіреді екен. Топтың бүгінде Қазақстанды ғана емес, алыс - жақын шет елдерде де өз тыңдаушыларын тапқан әншілер. Топ мүшелерінің айтуына қарағанда алғашқы құрылған кездері «МузАрт»-тың жетістігі бүгінгідей болады деп ойламаған сыңайлы. Ең алғашқы орындаған әндері Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазылған Қанат Ибраимовтың «Сенің көзің» деген әні. Ол әнді студент кездерінде жатақхана көлемінде ұйымдастырылған кештерде айтып жүрген. Содан, ол әнді көпшілік тыңдарманға ұсынып көрейік деген ниетпен орындаған. Айлары оңынан туып, көпшілік қауым әнді жақсы қабылдап, одан кейін Нұрғиса Тілендиев атамыздың Қадыр Мырзалиевтың сөзіне жазылған «Өз елім» деген әнін орындап, шығармашылық жұмыстарын жалғастырып кеткен. Содан біршама әндерді жарыққа шығарып, 2003 жылы Мұзарт тобы «Өз елім» атты алғашқы жеке концертін берген болатын.
Құрамына Сәкен Майғазиев, Мейрамбек Беспаев және Мақсат Базарбаев кірген топ барша Қазақстанға танымал болғаннан кейін, 2004 жылы алғашқы шет елдік сапарларын бастап кеткен. Ал 2006 жылы Туркия еліне өздерінің жеке концертін беріп, тыңдармандарын тағы бір серпілтіп тастады. Одан бері де «Мұзарт» тобында біршама өзгерістер орын алғандығын халық жақсы біледі. 2005 жылы топтың құрамындағы Мақсат Базарбаев жеке әншелікке бет бұрып, оның орнына Кенжебек Жанәбілов келді. Онымен қоймай, 2008 жылы «Музарт» тобының құрамына жанды дауыста ән шырқау мақсатында шынайы аспаптар сүйемелдейтін музыканттар алынып, вокалдық-инструменталдық ансамбльге кеңейтілді.
Үнемі халықтың ықыласына бөленіп, сұранысына ие болып жүрген топтың еңбектері бағаланып, осы уақыт аралығында көптеген жетістіктерге жетті. Жас ұрпақтың бойындағы қазақылық пен ұлттық рухты жоғалтпай ұстап қалатын мағыналы да, мәнді әндер. Жас буын өкілдерінің барлығы дерлік махаббаттың мың соқпағын жол қылған түрлі әндерді тыңдап, алдамшы сезіммен ғана алданып жүрген уақытта «Муз Арт» тобының терең мағыналы әндерін тыңдауды әдетке айналдырып келеді. Мысалы, «Үш қоңыр» сынды әнді жас буын өкілдері де, орта буын өкілдері де тіпті еңкейген қариямызға дейін тыңдап қана қоймай, сөздерін жаттап ыңылдап айтып жүреді. «Әннің де естісі бар, есері бар» деген осы болар, есті әндер халық есінде мәңгі сақталады. Сондықтан да «МузАрт» тобы халық сүйіспеншілігіне бөлене бермек.
«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат