Жұма, 13 Қараша 2026 19:23

МӘМС: Жүрек-қан тамырлары ауруларында қандай тексерулер қажет?

Жүрек-қан тамырлары аурулары – адам денсаулығына айтарлықтай қауіп төндіретін дерттердің бірі. Олардың қатарына артериялық гипертония, жүректің ишемиялық ауруы, жүрек жеткіліксіздігі және басқа да аурулар жатады. Бұл аурулардың қауіптілігі – кейбірі ұзақ уақыт бойы айқын белгілерсіз дамып, кенеттен асқынуы мүмкін. Сондықтан жүрек саулығын сақтау үшін профилактикалық тексерулерден уақытылы өтіп, қан қысымы мен қан құрамындағы негізгі көрсеткіштерді тұрақты бақылау қажет.

 

Жүрек-қан тамырлары ауруларының дамуына қан қысымының жоғары болуы, қандағы холестерин мен қант деңгейінің көтерілуі, артық салмақ, аз қимылдау, дұрыс тамақтанбау, темекі шегу және тұқым қуалаушылық сияқты факторлар әсер етеді.

Әсіресе холестерин деңгейінің жоғары болуы ерекше назар аударуды қажет етеді. Себебі қандағы артық холестерин қан тамырларының қабырғасында жиналып, атеросклероздың дамуына ықпал етеді. Соның салдарынан қан тамырлары тарылып, жүрекке қан мен оттегінің жеткізілуі төмендейді. Бұл жүректің ишемиялық ауруы мен миокард инфарктісінің туындау қаупін арттырады.

Жүрек-қан тамырлары ауруларын анықтау үшін бірнеше диагностикалық тексеру жүргізіледі. Олардың қатарында қанның жалпы және биохимиялық талдауы, қандағы холестерин мен глюкоза деңгейін анықтау, электрокардиография (ЭКГ), жүректің ультрадыбыстық зерттеуі (ЭхоКГ) бар. Қажет болған жағдайда қосымша зертханалық және аспаптық тексерулер тағайындалады. Сонымен қатар науқастың жағдайына қарай кардиолог маманның консультациясы қажет.

МӘМС жүйесі аясында медициналық көрсетілімдерге сәйкес сақтандырылған азаматтар аталған диагностикалық зерттеулерден өтіп, кардиологтың кеңесін ала алады. Сондай-ақ ауру анықталған жағдайда дәрігердің тағайындауымен қажетті емдеу шаралары, оның ішінде стационарлық медициналық көмек көрсетіледі.

Алдымен тіркелген емханадағы учаскелік дәрігерге жүгіну қажет. Дәрігер науқастың шағымдарын тыңдап, қан қысымын өлшейді, бастапқы тексеру жүргізіп, қажетті зерттеулерге жолдама береді. Медициналық көрсетілімдер болған жағдайда кардиолог маманға бағыттайды.

Жүрек саулығын сақтау үшін күнделікті өмір салтына да ерекше көңіл бөлген жөн. Майлы және тұзды тағамдарды шектеп, көкөністер мен жеміс-жидектерді көбірек тұтыну, дене белсенділігін арттыру маңызды. Күніне кемінде 30 минут жаяу жүру, темекіден бас тарту, дене салмағы мен қан қысымын бақылау жүрек ауруларының алдын алуға көмектеседі.

Егер кеуде тұсында қатты ауырсыну, ентігу, суық тер басу немесе кенеттен әлсіздік пайда болса, өздігінен емделмей, дереу 103 нөміріне хабарласу қажет.

 Исабек Керімқұлов, Шымкент жүрек орталығының ангиография бөлімінің меңгерушісі

Оқылды 31 рет