Несеп-тас ауруының пайда болуына бірнеше фактор әсер етеді. Олардың қатарында суды жеткіліксіз тұтыну, тұзды және ақуызға бай тағамдарды шамадан тыс пайдалану, зат алмасу үдерісінің бұзылуы, артық салмақ, тұқым қуалаушылық және зәр шығару жолдарының кейбір аурулары бар. Әсіресе ыстық ауа райында ағзаның сусыздануы бүйректе тас түзілу қаупін арттыруы мүмкін.
Аурудың негізгі белгілеріне бел тұсының ауыруы, ауырсынудың іштің төменгі бөлігіне немесе шап аймағына таралуы, зәр шығарудың жиілеуі, зәр шығарған кезде ашыту мен ауырсыну жатады. Кейбір жағдайларда зәрдің түсі өзгеріп, қан араласуы, жүрек айну және құсу байқалуы мүмкін. Ал дене қызуының көтерілуі мен қалтырау инфекцияның белгісі болуы ықтимал. Мұндай жағдайда шұғыл медициналық көмекке жүгіну қажет.
Несеп-тас ауруын анықтау үшін дәрігер науқастың шағымдарын тыңдап, қажетті тексерулер тағайындайды. Оның ішінде қан мен зәр талдаулары, бүйрек және несеп жолдарының ультрадыбыстық зерттеуі, медициналық көрсетілімдерге сәйкес басқа да диагностикалық әдістер қарастырылған.
МӘМС жүйесі аясында сақтандырылған азаматтар медициналық көрсетілімдер болған жағдайда учаскелік дәрігердің жолдамасымен урологтың консультациясын, зертханалық және аспаптық тексерулерді, стационарлық емді ала алады. Сонымен қатар тастың көлемі мен орналасуына байланысты оны үгіту немесе хирургиялық жолмен алып тастау шаралары жүргізілуі мүмкін.
Емдеу тәсілі әр науқасқа жеке таңдалады. Кейбір жағдайда дәрі-дәрмекпен емдеу және сұйықтықты жеткілікті мөлшерде қабылдау ұсынылса, ірі тастар кезінде арнайы медициналық араласу қажет болуы мүмкін. Сондықтан өздігінен емделуге және дәрігердің кеңесінсіз дәрі қабылдауға болмайды.
Аурудың алдын алу үшін күнделікті суды жеткілікті мөлшерде ішу, тұзды тағамдарды шектеу, дұрыс тамақтану, дене белсенділігін сақтау және профилактикалық тексерулерден уақытылы өту маңызды.
Ең бастысы, бел тұсында ауырсыну немесе зәр шығаруда өзгерістер байқалса, уақыт жоғалтпай тіркелген емханадағы учаскелік дәрігерге қаралу қажет. Дәрігер алғашқы тексеруден өткізіп, қажетті зерттеулерге жолдама береді және көрсетілімдерге сәйкес уролог маманға бағыттайды.
Аяулым Еркінқызы, Шымкент қалалық №10 емхананың жалпы тәжірибелік дәрігері