Сенбі, 14 Наурыз 2020 21:02

Отырар ауданында Абайдың 175 жылдығына орай жылжымалы көрме ашылды

 

 Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты «Отырар мемлекеттік археологиялық музей-қорығы сапар орталығында» Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейінің ұйымдастыруымен Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойына арналған «Шежірелі Шыңғыстаудан-киелі Отырарға» тақырыбында жылжымалы көрменің салтанатты ашылуы өтті.

    Көрмені ашып берген Отырар аудан әкімі Жүнісов Әбдіғали Айтжанұлы: «Абайдың мерейтойы – Қазақстан мәдениеті мен әдебиетінің, қазақтың сөз өнерінің мерекесі. Оның өнегелі өмірі мен ғажайып туындылары халқымыздың игілігіне мәңгі қызмет ете береді. Баршаңызды қазақтың бас ақыны, ағартушы, философ, жазба әдебиетінің негізін салушы Абай Құнанбаевтың құрметіне арналған көрменің салтанатты ашылуымен шын жүректен құттықтаймын!» — деп, аталған көрмені ұйымдастырған Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейінің ұжымына ризашылығын білдіре отырып, алғыс хатын табыс етті.

  Көрменің ашылуына құттықтау сөз алған халық ақыны Әселхан Қалыбекова мен Нұртаза Алдабергенов Абай мұрасы — қазақтың ең қасиетті, теңдесі жоқ, алтын қазынасы екендігін жеткізіп, осындай игі іс-шаралар арқылы халқымыз ғұлама Абайдың рухани дүниесіне терең бойлап, оның ұлылығының тың қырларын ашып, жаңа сырларына қаныға түсетіндігін айтты.

   Сондай-ақ, көрмеде Абайдың өмір сүрген кезеңі және оның айналасына қатысты тарихи тұлғалар туралы, Абайдың ақындық өнер айналасы және Семей қаласындағы 80 жылдық тарихы бар қасиетті қара шаңырақ Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейінің тарихы мен абайтану ғылымының дамуы хақында мол мағлұматтар алуға болады.
   Ұлы ақынның мұралары Отырар ауданының түрғындары мен қонақтарына бір ай көлемінде насихатталады.

Оқылды 613 рет