Сенбі, 26 Тамыз 2023 18:55

50-ДЕН АСТАМ ШЫМКЕНТТІК СПОРТШЫ ЖАЗҒЫ АЗИЯ ОЙЫНДАРЫНДА БАҚ СЫНАЙДЫ

Қытайдың Ханчжоу қаласында өтетін Жазғы Азия ойындарына санаулы уақыт қалды. Төрт жылда бір өтетін жауапты сын 23 қыркүйек пен 8 қазан аралығына жоспарланған. Ел спортшылары қызу дайындық үстінде. Ұлттық құрама сапында Шымкент қаласының спортшылары да бақ сынайды. 

Шымкент қаласы денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Бауыржан Тұманбаев Жазғы Азия ойындарына шаһардан 50-ден астам спортшыны апару жоспарда тұрғандығын атап өтті. Жалпы 20-ға жуық спорт түрінен тәжірибелі, Олимпиада және әлем чемпионатының жүлдегерлері, Азия чемпиондары дайындық жұмыстарын жүргізуде. Жоспар түзілген, мақсат айқын.
Кейбір спорт түрлерінен Азия ойындары мен лицензиялық әлем чемпионаты қатар өтетінін айта кеткен жөн. Сол себепті кейбір спортшылар маңызды екі сынның біріне қатысады.
Енді әр спорт түріндегі жағдайымызды саралап көрсек. Жазғы Азия ойындарында боксшыларға артылар сенім зор. Ташкентте өткен әлем чемпионатының жеңімпазы Махмұд Сабырхан қызу дайындыққа кіріскен. Әлем чемпионатынан кейін 57 келі салмаққа ауысты. «Елорда Кубогы» жарысында бақ сынап, осы салмақта да өз мықтылығын дәлелдеген-тін. Ендігі басты мақсат – Азия ойындары.

Сонымен қатар, әйелдер боксынан Жайна Шекербекова еліміздің басты үміт артар спортшыларының бірі. Өткен жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері. Азия чемпионатында топ жарды. Шекербекова 2014 жылғы Азия ойындарында күміс жүлдегер атанған. Биылғы бәсекеде 54 келіде алтын жүлде алсам деген мақсаты бар.
Каратэден Қайсар Алпысбай, Данияр Юлдашев және Софья Берульцева таяуда ғана Азия чемпионатынан жеңімпаз және жүлдегер болып оралды. Үш спортшы да төртжылдықтың басты бәсекесіне аттанатындардың қатарынан. Бүгінде соңғы дайындықтарын пысықтауда.
Таэквондодан Азия чемпионы Смайыл Дүйсебай 80 келіден жоғары салмақта Азия ойындарының алтынына таласатын дарынды жастың бірі. Дзюдо күресінен Севара Нышанбаева мен Айбол Нысанәлі жауапты бәсекеге қатысуға үміткерлер қатарына енген. Алдағы іріктеу сайыстарында жақсы нәтиже көрсетсе, ұлттық құрама бапкерлері сенім артпақ.
Шаһарда күрес түрлерінен де бірқатар балуандар дайындықтарын пысықтауда. Грек-рим күресінен Азия чемпиондары – Мейіржан Шермаханбет, Әлімхан Сыздықов елімізде өз салмағында үздіктердің бірі. Қос балуан жуырда ғана Дортмундта (Германия) өткен Гран-При турнирінен қола жүлдемен оралды. Қос балуанға Олимпиада жолдамасын жеңіп алу мақсаты қойылған. Лицензиялық әлем чемпионаты немесе Азия ойындарына кімдердің баратынын бапкерлер құрамы анықтайды. Ал еркін күрестен ҚР Спартакиадасының жеңімпазы, Азия чемпионы Дархан Есенғали, әйелдер күресінен тәжірибелі балуан Елена Шалыгина да ұлттық құраманың оқу-жаттығу жиындарында жүр. Екеуі де жылдың басты бәсекесінде белдесуге басты үміткер балуандар.

Тарихтан сыр тартсақ, көркем гимнастикадан Азия ойындарында Шымкент қаласы споршыларының жеңісті дәстүрі бар. Бұл жолғы Азия ойындарына Эльжана Таниева аттанады. Ол таяуда ғана Азия чемпионатында жекелей сында екінші орын алды.
Шымкенттік нысана көздеушілердің де қабілет-қарымы көпшілікке мәлім. Спортшыларымыз өткен жылы Азия чемпионаты мен әлем кубогы бәсекесінде табысты өнер көрсетті. Ендігі жауапты сайыс – Азия ойындары. Стенд атудан Мария Дмитриенко былтыр құрлық чемпионатында, биыл әлем кубогында Зоя Кравченко үздік шықты.
Байдарка және каноэде есуден Сергей және Тимофей Емельянов, Александр Емельянов, Ирина Подойникова, Татьяна Токарницкая сынды тәжірибелі спортшылар 2022 жылы Азия чемпионатында жеңімпаз атанды.
Міне, жоғарыда аталған спортшылар ұлттық құрама сапында жауапты бәсекеге дайындық жұмыстарын пысықтауда. Сондай-ақ, жеңіл атлетика, садақ ату, семсерлесу, батуттық гимнастика, құзға өрмелеу спортынан да бірқатар тәжірибелі, дарынды спортшылар бар.
Биыл 2024 жылғы Олимпиада ойындарына жолдама берер жарыстар басталды. Шаһарда бұл бағытта жүйелі жұмыстар атқарылуда. Азия ойындарында және лицензиялық әлем чемпионаттарында бақ сынайтын жерлестеріміз жоспарлы түрде Париж Олимпиадасына дайындалуда. Жолдама беретін сайыстардың бірқатары күз айларына жсопарланып отыр.
Қазіргі таңда ҚР 6-шы Жазғы Спартакиадасында қала спортшылары жалпыкомандалық есепте 2-ші орында тұр. 6 айдың қорытындысы бойынша қала спортшылары Азия чемпионаттарынан 61 алтын, 45 күміс, 35 қола, әлем чемпионаттарында 6 алтын, 5 күміс, 7 қола жүлдеге ие болды. ҚР чемпионаттарында 445 алтын, 362 күміс, 415 қола медаль жеңіп алды.
Шымкент қаласы әкімдігі, қалалық дене шынықытру және спорт басқармасы тарапынан спортшыларға барлық жағдай жасалуда.

Оқылды 494 рет