Сейсенбі, 21 Мамыр 2024 18:21

Отырар ауданы: Ш.Қалдаяқов ауылында жабық спорт залының құрылысы басталады

Отырарда бұқаралық спортты дамыту мақсатындағы жүйелі жұмыстар жалғасын тауып келеді. Қарақоңырлық тұрғындардың көптен бері көкейінде жүрген мәселелердің бірі ауыл жастарының бос уақытын тиімді пайдалану үшін жабық спорт залын салу болатын.

Ән падишасы Шәмші Қалдаяқовтың жерлестерінің бұл мәселесі шешімін табатын күн де алыс емес. Ағымдағы жылы облыстық бюджет қаражаты есебінен Ш.Қалдаяқов ауылында шағын футболға арналған жабық спорт залының құрылысы аяқталады деп күтілуде.

Қарақоңыр ауыл округінің тұрғындарымен өткен кездесу жиынында аудан әкімінің міндетін атқарушы Сейтжанов Жансұлтан Әділжанұлы аудан көлемінде өткен жылы атқарылған жұмыстарды баяндай келе, алда тұрған міндеттер мен атқарылатын жұмыстарды атап өтті.

2024 жылы Шәмші ауылындағы «Қайнар», Қостүйін елді мекеніндегі «Әшірбеков», «Ержанов», Бестораңғыл елді мекеніндегі «Д.Шырынбеков», Арыс елді мекеніндегі У.Ілиясов көшелеріне жергілікті бюджет қаражаты есебінен ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілсе, «Ауыл - ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында ауыл округіне қарасты Әділет, А.Паржанов, А.Мақатов және Көктем көшелері орта жөндеу жұмыстарынан өтеді.

Кездесуде ауыл тұрғындары каналдарды тазалау, көшелер мен тоспаларды жөндеу, жарықтандыру секілді кезегін күткен өзге де мәселелерді қозғап, бұл сауалдарға тиісті мамандар тарапынан тұщымды жауаптар қайтарылды. Кездесуден соң ауыл тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдаған Жансұлтан Әділжанұлы заң аясында нақты жауап беріп, тиісті сала басшыларына міндеттер жүктейтінін жеткізді.

Жалпы, өңірде кәсіби және бұқаралық спортты дамытудың жаңа жоспары немесе стратегиясы әзірленбек. Себебі бұл салада өңірдің әлеуеті толық пайдаланылмай отыр. Бұл туралы облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен аппараттың апталық отырысында айтылған еді. Өңір басшысы спорт саласын дамыту жұмыстарын жандандыру, түбегейлі өзгерістер жасау жөнінде нақты тапсырмалар берді.

– Облыста бұқаралық спортты дамыту және салауатты өмір салтын қалыптастыру жұмыстарын жандандыру қажет. Спортта күрделенген мәселе көп. Халықаралық сайыстардағы нәтижені жақсарту керек. Мәселенің бәрін қаржыға әкеп тіреуге болмайды. Кезінде бұдан да қиын кезеңде Бекзат Саттарханов сынды чемпионымыз шықты. Бапкерлеріміз солардың ізбасарларын таба білгені жөн. Бұқаралық спортты дамытатын іс-шараларды, сайыстарды, марафондарды көбейтіңіздер. Жыл он екі бойы сайыстар өтіп тұруы керек. Жалпы спорт саласын дамыту бойынша сараптама жасап, жаңа саясат, жоспар әзірлеуді тапсырамын, – деді Дархан Сатыбалды.

Жиында футбол клубтарын қаржыландыруға демеушілерді тарту, бәсекеге қабілетті мықты команда жасақтау, қаржыны олимпиадалық және басқа да спорт түрлеріне бағыттау, «Артспорт» бағдарламасына өзінің спорт ғимараты мен білікті бапкерлері бар кәсіпкерлерді шақыру, спорт федерацияларының жұмысын жандандыру, спорт саласына білікті кадрлар мен мамандарды қабылдау, «Бәйшешек» спорт базасының жұмысын жүйелеу және өзге де мәселелер көтеріліп, ұсыныстар берілді. Сонымен бірге шахматты ауылдарда жаппай дамыту мәселесі де айтылды.

Түркістан облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қанат Жолдықараевтың айтуынша, облыстың спорт мекемелерінде спорттың 61 (29 олимпиадалық, 32 олимпиадалық емес) түрі дамытылып, онда 2426 жаттықтырушы 60 мыңға жуық шәкіртті шыңдап жатыр. 2023 жылы облыс спортшылары спорттың 61 түрі бойынша Қазақстан Республикасының чемпионаттары мен кубоктарына қатысып, 375 алтын, 271 күміс, 277 қола, жалпы 923 медаль жеңіп алды. Азия чемпионаттары мен кубоктарында 90 алтын, 56 күміс және 33 қола медальға қол жеткізсе, әлем чемпионаттары мен кубоктарында облыс спортшылары 49 алтын, 27 күміс және 11 қола медальға ие болды. Ал, былтырғы жазғы Азия ойындарында түркістандықтар 2 күміс, 2 қола еншілеген. Биыл Париж қаласында өтетін жазғы Олимпиада ойындарына облыстан 11 үміткер спортшы дайындалуда.

Жалпы, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, Түркістан облысында бұқаралық спортты дамытуға және салауатты өмір салтын қалыптастыру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Халықтың денсаулығын нығайту мақсатында өңірде соңғы 5 жылда 45 спорттық нысан бой көтерген. Мәселен, 2019 жылы Түркістан қаласында «Олимпиадалық резервін дайындау орталығы», 2020 жылы UEFA-ның халықаралық талаптарына сай 7000 адамға лайықталған «Turkistan Arena» стадионы қолданысқа берілді. Бұдан бөлек, 2021 жылы «Olympic Center» спорт кешені ашылса, 2022 жылы халықаралық теннис орталығы ел игілігіне тапсырылды. Елімізде теңдесі жоқ орталықта 11 теннис корты, көрермендерге арналған жиналмалы мінбелер, әмбебап және балалар ойын алаңы бар.

Бұдан бөлек, өңірдегі аудандарда демеушілер, жеке кәсіпкерлер немесе ауыл тұрғындары тарапынан спорттық кешендер, футбол алаңдары, стадиондар, жаттығу және күрес залдары, жабық спорт кешендері қолданысқа берілген. Жалпы, өңірде тұрғындардың спортпен айналысуына қолайлы жағдай жасалып жатыр. Қазіргі таңда облыста спортпен шұғылданатын барлық жастағы тұрғындар саны 823 896 адамға жетіп, бұл өңірдегі халықтың 39 %-ын құрап отыр.

Облыс әкімінің бұқаралық спортты дамыту, халықты дене шынықтырумен айналысуға тарту және салауатты өмір салтын насихаттау тапсырмасына сәйкес, Келес ауданында да бірқатар оң өзгерістер орын алып келеді. Бес жыл көлемінде аудан аумағында 9 кіші футбол алаңшалары ел игілігіне пайдалануға берілді.

Тұрғындарды спортқа баулу үшін алдымен спорт мекемелерінің базасы жақсы болуы керек. Содан барып спортқа қызығушылық танытатын тұрғындардың саны арта түсуі анық. Түркістан облысында 59 спорт түрі бойынша 29 олимпиадалық, 30 олимпиадалық емес спорт түрлері бойынша 72 спорт мекемесі бар. Онда жалпы саны 51 мыңнан астам спортшы тіркелген.

Өңірде алдыңғы жылдың қорытындысы бойынша 4643 спорт ғимараты жұмыс істеді. Оның ішінде, 21 стадион, 1 спорт сарайы, 2 құрама командалардың оқу-жаттығу орталығы, 41 спорт кешені, 103 спорт манежі (102 футбол манежі, 1 ат манежі), 1 шаңғы базасы, 135 атқыштар тирі, 16 теннис корты, 2 ипподром, 22 жүзу бассейні (50 метрлік – екеу, 25 метрлік – 20, 25 метрден аз – 7), 998 спорт зал, жазықтықты құрылғылар 3256 (6 спорттық ядролар, 2350 спорттық алаң, 900 алаң) және 45 жапсарлас спорттық залдар бар.

Түркістан облысының 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспарына сәйкес, облыс орталығында «Теннис орталығы», «Ескек есу каналы» пайдалануға берілді. Сондай-ақ, 2022-2024 жылдар аралығында «Ә.Нұрмаханов атындағы олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің спорт кешені», «Дарынды балаларға арналған облыстық спорттық мектеп-интернаты», «Жоғары шеберлік спорт мектебі», «Облыстық медициналық дене шынықтыру диспансері», «Түркістан қаласының олимпиадалық резерв мектебі», сондай-ақ «Ат спорты кешені» сияқты бірқатар қазіргі заманғы  үлгідегі спорт нысандарын пайдалануға беру жоспарда бар.

Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы мамандары спортшыларды ынталандырудың бірнеше жолы барын айтады. Спортшыларды ең бастысы жаттығу жасайтын орындарын, спорттық құрал-жабдықтармен, спорттық киімдермен қамтамасыз ету керек. Сонымен қатар облыс құрамасына еніп, әрі қарай ұлттық құрамаға енген спортшыларға спорттық нәтижесіне қарай облыс әкімдігінің қаулысына сәйкес жоғарғы жетістікке жеткен спортшыларға және жаттықтырушыларына ай сайынғы ақшалай стипендия төленеді. Спортшыларды ынталандыру жолында жаттықтырушының да алатын орны ерекше. Сондықтан жаттықтырушылар оқу-жаттығу және жарыс барысында спортшылармен бірге барып жеке жаттығу жұмыстарын жүргізуге көңіл бөледі. 

Білімді, тәрбиелі әрі дені сау ұрпақ – ұлттың ең қымбат байлығы. Олай болса, балалар мен жасөспірімдердің оқумен қатар, өнер үйреніп, спортпен шұғылданып, жан-жақты жетілуіне қолайлы жағдай жасау – мемлекеттің мойнындағы борышы. Сол себепті Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Президент ретіндегі алғашқы Жолдауында бұқаралық спортты дамыту мәселесіне назар аударған болатын. Президенттің осы тапсырмасын орындау мақсатында «Дене шынықтыру мен бұқа­ралық спортты дамыту жөніндегі 2020-2025 жылдарға арналған ке­шенді жоспар» әзірленіп, ол Үкіметтің қау­лысымен бекітілгені мәлім. Осы жос­парға сәйкес, мемлекет-жекеменшік әріп­тестігі аясында балалар мен жасөс­пірімдерге арналған спорт секцияларына жан басына қаржыландыру жүйесі енгізілді.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 776 рет