Сейсенбі, 18 Маусым 2024 12:19

Шымкентте бұқаралық спортқа ден қойылған

Шымкент спортшылары жыл басынан Қазақстан чемпионаттарында мол олжа салып жүр. Қала спортшылары түрлі спорт жарысында 254 алтын, 195 күміс, 249 қола медаль жеңіп алған. Одан бөлек, Азия чемпионаттарында: 10 алтын, 9 күміс және 8 қола, ал әлем чемпионаттары мен кубоктарында: 3 алтын, 2 күміс, 4 қола (жалпы 9) медальға ие болды. 

Жалпы, Шымкент – саламатты өмір салтына бет түзеген шаһар деп айтуға болады. Қалада спорттық инфрақұрылыммен қамту, жоғары спорт жетістіктері, бұқаралық спортты дамытуда жүйелі жұмыстар атқарылуда.

Қаланың 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспарына сәйкес, 4 бағытта жұмыс жоспарлары белгіленген. Дене шынықтыру және спортпен айналысатын азаматтардың санын жалпы халықтың 50 %-ына дейін жеткізу – басты жоспарда. 

Бүгінде үшінші мега­по­лис­те 33 спорттық ұйым жұ­мыс істеп тұр. Оның 16-ы ба­лалар-жасөспірімдердің және біреуі мүгедектігі бар адамдарға ар­налған спорт мектебі. Одан бө­лек, жоғары спорт ше­бер­лі­гі­не арналған, Олимпиада ре­зер­він даярлау орталығы, кәсіби спорт клубы, су-спорт кешені мен мемлекеттік жеке әріп­тес­тік аясындағы спорт нысандары бар. Аталған мекемелерде спорт­­тың 74 түрі дамытылып ке­­леді. Оның 37-і олим­пиа­да­лық, 28-і олимпиадалық емес жә­не 9 ұлттық спорт түрлері. Сон­дай-ақ 18 490 спортшы оқу-жаттығу сабақтарын жүр­гізіп жатыр.

2023 жылдың қорытындысына сәйкес қаладағы спортпен жүйелі шұғылданушылар саны 513 954 адамды (42,2 %) құраған. Оның 197 266-сі – 14-18 жас аралығындағы жасөспірімдер, 2798-сі (14,9 %.) – мүмкіндігі шектеулі жандар.

Соңғы жылдардың бедерінде қалада Үстел теннисі спорт кешені және Жаңа ипподром (демеуші есебінен), «Металлург» стадионы мен №20 спорт мектебінің спорт кешені (бюджет есебінен) пайдалануға берілді. Қазақстан футбол федерациясы тарапынан «Цементник» стадионының жасанды төсеніші (газон) ауыстырылды. 

Өткен жылы жазғы Азия ойындарында қала спортшылары жоғары көсреткіштерге қол жеткізді. 

Қалалық Денешынықтыру жә­не спорт басқармасы бас­шы­сы­ның орынбасары Ермек Дәр­ме­нов биыл жыл басынан бері 1 еңбегі сіңген жатты­қ­тыру­шы, 6 халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 22 Қазақстан Рес­­публикасының спорт ше­бе­рі, 79 спорт шеберіне үміткер спорт­шылар дайындалғанын тіл­ге тиек етті.

"2024 жылы Парижде (Франция) өтетін ХХХІІІ жазғы Олимпиада ойындарына Шымкент қаласынан 10-нан астам спортшы лицензияға ие болып отыр", -деп атап өтті Ермек Аманжолұлы.

 

Оқылды 843 рет