Сейсенбі, 17 Қыркүйек 2024 23:35

V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары: Шымкенттік балуандар жеңіс тұғырынан көрінді

Әне-міне дегенше, бүкіл түркі әлемін аузына қаратқанV Дүниежүзілік Көшпенділер ойындары да өз мәресіне жетті.Қазақстанның ұлттық құрамасы 44 алтын, 33 күміс, 37 қола жүлде алып, командалық есепте бірінші орынға ие болды.  Этникалық спорт түрлері бойынша ең ірі халықаралық жарысқа 10 спорт түрінен 18 шымкенттік атлет қатысты. Ерекше атап өтерлігі шымкенттік балуандардың  өнері. Жарысқа Шымкентен 4 балуан қатысып, барлығы жүлдемен оралды.

 

Ерсұлтан Мұзаппаров. Бұл есім спорт сүйер қауымға жақсы таныс. Әсіресе, күрестің жанкүйерлері шымкенттік балуанды жақсы біледі. Ерсұлтан Мұзаппаров -  Халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Қазақ күресінен Әлем Чемпионы, Әлем барысы  жүлдегері, ҚР чемпионатының жеңімпазы. Шымкенттің барысы  V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында 100 келі салмақта күресіп, алтын медальді қанжығасына байлады.  

Ұлттық ойындарда қазақ күресінен сәтті өнер көрсетіп, алтыннан алқа тағынған тағы бір балуан -  Жұмажан Қожамбеков. Қазақстан Республикасының халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қазақ күресінен Әлем Чемпионы, Азия чемпионы, ҚР чемпионатының жеңімпазы. V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында  74 келі салмақта белдескен отандасымыз финалда әзірбайжандық Эмиль Хасановты ұтты. Оның бұл жеңісі қазақ күресінен Ұлттық құрама қоржынына сегізінші Астанадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында қазақ күресінен әйелдер арасында сынға түскен жерлестеріміз - Замзагул Файзолланова (77 кг) күміс жүлдеге қол жеткізсе, Альбина Бахиева (+77 кг) қола медаль еншіледі.

Замзагул Файзолланова - Қазақстан Республикасының спорт шебері.  Қазақ күресінен, ҚР  Чемпионатының жеңімпазы, ҚР Кубогының жеңімпазы. 

Альбина Бахиева -  “ҚР Халықаралық дәрежедегі спорт шебері”. Дзюдо күресінен, ҚР  VI Жазғы спартакиадасының жүлдегері, Азия Чемпионы, ҚР чемпионатының жеңімпазы. Одан бөлек Альбина Нұрланқызы өзбектің белдесуі кураштан 87 келі салмақта алтыннан алқа тағынды.

Шымкенттік балуандар осылайша ел құрамасының қоржынына қоланы да, күмісті де, қос алтынды да салды. Жалпы есепте, қазақстанық балуандар қазақ күресінен барлығы 15 медаль:12 алтын, 1 күміс, 2 қола жүлдені жеңіп алды.

Айта кетейік, тұңғыш рет қазақ күресі 1938 жылы Алматыда өткізілген колхозшылардың республикалық спартакиадасының бағдарламасына енгізілді. Ұлттық күрестен сайысқа түсушілердің қарасы көп болғандықтан, оларды үш топқа бөліп тастады. Жеңіл салмақтағылар – 65 келіге дейінгі, орта салмақтағылар – 76 келіге дейінгі, аса ауыр салмақтағылар – 76 келіден жоғары салмақ дәрежелерінде белдесті. Бұл спартакиада Ел мықтыларының есімін көпке танытумен бірге, ұлттық күрес өнерінің өрісін кеңейтуге жол ашты. Кезекті екінші спартакиада 1939 жылы Семей қаласында жалғасты. Дәстүрлі қазақ күресінің өрісін кеңейтіп, балуандардың тәжірибесін халық мұратына жаратуға 1940 жылы жақсы мүмкіндік туды. Қазақстан Республикасының 20 жылдық мерекесі құрметіне арналған біріншілікке қатысушылар енді бес салмақ дәрежесі бойынша күрес кілеміне шықты. 1955 жылы салмақ дережесі сегізге дейін көбейтіліп, қазақ күресі бойынша жарыстың жалпы ережесі бекітіліп, жарыққа шықты. Бұл іске қамқорлықпен қарап, ұйтқы болған Мұзафар Рақымқұлов есімі жанкүйерлердің жадында сақталатыны даусыз. 

1952 жылы Түрікменстанның астанасы - Ашхабадта Орта Азия мен Қазақстан Республикасы спортшылары арасындағы спартакиада ойындарының бағдарламасына ұлттық күрес те енгізілген еді. Бұл жерде бес елдің білікті мамандары өзара ақылдасып, ұлттық күрестің негізгі ережесі етіп қазақ күресі тәсілдерін алуға келісті. Өйткені, қазақ күресінің ережелері классикалық күрестердің табиғатына жақын әрі оның болашағы зор екендігі анық еді.

1959 жылы Мәскеудегі КСРО халықтарының екінші жазғы спартакиадасын өткізу кезінде ұлттық спорттық күрес түрлері бойынша бапкерлер мен мамандардың Бүкілодақтық бас қосу семинар-жиыны болды. Негізінен онда жарыс ережесін түпкілікті екшеп, хаттау мәселесі қаралды. Мамандардың талқылау барысында қазақ күресімен бірге грузиннің «чидаоба», молдаванның «трынта» күресінің ережелері аса жоғары бағаға ие болды. Одан соң қарағандылық балуандар Ж.Тәтиев пен С.Аманжолов спартакиадаға жиналған қалың жұртшылықтың алдында қазақ күресінің әдіс-амалдарын асқан шеберлікпен көрсетіп, қошеметке бөленді. Бұған дейін 1949 және 1953 жылдары да Қазақстанның біріншілігі болып жатқан тұста республикамыздың беделді мамандары қазақ күресінің ережесін жетілдіріп, пысықтау мәслихатын өткізді. Қазақ күресінің басты ерекшелігі: табан тіреп ұстасқан сәтте тобықтан қағуға, шалуға рұқсат етіледі, ал ұстасқан бетте қолмен аяқтан алуға болмайды. Қазақ күресінің ауқымы, көкжиегі өте кең. Қазақ күресін жетік меңгерген адам өзге халықтардың күресін еркін меңгеріп кетеді. Кейбір әдістер күрестің классикалық түрлеріне сай келетінін айта кеткен дұрыс. Қазақ күресінің ең бір ерекше тұсы мұнда төрттағандату (партер) жоқ. Әрине, осындай ғажап күресі бар қазақтан әлем мойындаған даңқты балуандардың (Ә. Айханов, Ж. Үшкемпіров, Д. Тұрлыханов т.б.) шығуы заңды құбылыс.

Бүгінгі таңда қазақ күресінен үш Әлем, екі Еуропа, алты Азия біріншіліктері болып өтті. Төл күресімізден тұңғыш рет ұйымдастырылған әлем додасы 2006 жылы Алматы қаласында жалауын көтерсе, екінші Әлем біріншілігі Ресейдің Орск қаласында өтті, үшінші Әлем біріншілігі 2010 жылы Қазақстан Республикасының елордасы Астана қаласында жалауын көтерді. Ал, Еуропа Біріншілігі 2007 жылы Ресейдің Орынбор қаласында өтті. I Азия біріншілігінің тұсауы тұңғыш рет 2005 жылы Ресейдің Алтай республикасындағы Қосағаш елді мекенінде кесілді. II Азия біріншілігі 2006 жылы Моңғолияның Баян-Өлгей аймағында, III Азия біріншілігі 2007 жылы Қазақстанның Қарағанды облысындағы Қ.Сәтпаев қаласында, IV Азия Біріншілігі 2008 жылы Қырғызстанның Шолпан-Ата каласында, V Азия біріншілігі 2009 жылы Қазақстанның Қызылорда қаласында, VI Азия біріншілігі 2010 жылы Қазақстанның Өскемен қаласында, 2011 жылы VII Азия біріншілігі және І Әлем Кубогы Индияның Пуна қаласында, Жастар арасында І Азия біріншілігі мен І Әлем чемпионаты Иранның Машад қаласында болып өтті.

Қазақ күресі – нағыз текті күрес түрі. Балуандардың жауырыны толық жерге тисе ғана таза жеңіс болып есептелінеді. Ол нағыз білек күші бұлқынған, қарсыласының жігерін құм қылған апайтөс алыптардың күресі. Сондықтан қазақ күресінің келешегі – кемел, болашағы жарқын.

 

 

Оқылды 14 рет