Төртінші сайыс күні Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында қырғыз күресі Алыштан ерлер мен әйелдер арасында 6 түрлі салмақ дәрежесі бойынша белдесулер өтті.
Нәтижесінде қазақстандық спортшылардан ерлер арасында 60 келі салмақ дәрежесінде Тұрмаханбек Қалмұқан және 100 келі салмақ дәрежесінде Бекбол Нұрланұлы күміс жүлде жеңіп алды.
Нұржан Сәрсенғалиев (70 келі) пен Нұрдәулет Жарылғапов (+100 келі) қола жүлдеге қол жеткізді. Ал, әйелдер арасында 75 келіде отандасымыз Перизат Жақыпбекова күміс жүлдеге ие болса, 55 келіде Назерке Әбілтаева, 60 келіде Арайлым Рақыш және 65 келіде Айнұр Ақжігітова қола медальға ие болды.
Арайлым Рақыш Асқарқызы – 1999 жылы туылған. Қазақстан Республикасының спорт шебері. Белбеу күресінен, ҚР Чемпионатының жеңімпазы мен бірнеше дүркін жүлдегері, ҚР Кубогының жеңімпазы.
Арайлым спортты қазақ күресінен бастағанын айтады. Ол спортқа 15 жасында келіпті. Бапкерлері Усембеков Руслан, Қожабеков Жандаулет қазақ күресінен, самбо күресінен спорт шебері, Әлем және Азия чемпиондары.
«Жастар арасында қазақ күресінен ҚР чемпионаты жүлдегері болдым. 2018 жылы қазақ күресінен ересектер арасында Қазақстан чемпионатын ұттым. 2019 жылы жарақатқа байланысты күресе алмадым. 2020 жылы карантин жарияланып, тағы жарыстарға бара алмадым. 2021 жылы қазақ күресінен ҚР чемпионатында ересектер арасында күміс жүлдеге қол жеткіздім. 2022 жылы қазақ күресінен ҚР чемпионатында ересектер арасында қайтадан күміс жүлдегер атандым»,-дейді кейіпкеріміз Арайлым.
Аралым Асқарқызы қазақ күресімен қатар белбеу күресімен де айналысыпты. Белбеу күресінен ҚР кубогының жеңімпазы.
«Көшпенділер ойынына келетін болсақ, өзім алыш қырғыздың белбеу күресінен күрестім. Бұл спорт түрінен Көшпенділер ойынына әр салмақтан бірінші орын иеленген спортшылар қатысты. Осы жылдын басында ел чемпионаты болып ресми түрде іріктеу болып өтті. Сол чемпионатта 1-ші орын иеленіп көшпенділер ойынында ел намысын қорғауға мүмкіндік алдым. Көшпенділер ойынына дайындық кезінде ұлттық құрамамен бірге жоспарлы оқу жаттығу жиындарынан өттік. Соңғы этап кезінде Щучинск және Астана қалаларында оқу жаттығу жиындарын өткіздік. Көшпенділер ойынында 60 кг салмақ дәрежесінде 3-ші орын алдым. Қазіргі уақытта белбеу күресінен қаламыздың аға жаттықтырушысы Қулманбетов Айдос агай, ол кісі бізбен бірге барлық оқу жаттығу жиындарында болып, үйретіп, психологиялық қолдауын көрсетті. Ол кісіге алғыс айтамыз»,-дейді Арайлым.
Кейіпкеріміз көшпенділер ойындарында жалпы 4 кездесу өткізді. Оның 3-еуін жеңіп, финалдық кезеңде Өзбекстан елінің балуанына ұтылады. Осылайша, қоланы місе тұтады.
Арайлым Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің дене шынықтыру және спорт мамандығы бойынша білім алған. Осы уақытқа дейін түрлі жрыстарда қаламыздың, еліміздің намысын абыроймен қорғап жүр. Алдағы уақытта да намысты қолдан бермеуге барымды саламын дейді.
«Осы орайда бізге қолдау көрсеткен Шымкент қаласының әкімдігіне Шымкент қаласының спорт басқармасына және тренерлеріме, Жоғары спорт шеберлігі мектебіне алғыс білдіремін»,-дейді арайлым Рақыш.
Осы тұста Арайлым сынға түсіп, қола медальді еншілегін алыш спорты туралы оқи отырыңыз. Алыш – ұлттық белбеу күресі (Қырғыз Республикасы). Балуандар көгілдір және жасыл түсті арнайы киім киеді, шалбар ақ, белбеу қызыл. Бастапқы қалыпта спортшының басы қарсыласының иығында жатады, ал қарсыласының аяқтарының қимылдарын қолының астынан бақылайды. Балуандар алға иіліп, оң қолымен қарсыласының бел тұсынан, ал сол қолын оң қолының үстінен өткізіп, қарсыласының белбеуін ұстайды. Жекпе-жек тек тік тұрған күйде өтеді. Әр балуанның мақсаты – белбеуін жібермей, қарсыласын жауырынына жығу.