Шымкент қалалық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Маратбек Мықтыбеков іс-шарада Талғатты жеңісімен құттықтап, алдағы бәсекелерде табыс тіледі.
«Шымкент қаласында дзюдо күресінен дарынды жастар өсіп келеді, соның бірі – Талғат Орынбасар. Дзюдо спорты елімізде соңғы уақытта қарқынды дамуда. Париж Олимпиадасында Елдос Сметовтың жеңіске жеткенін білесіздер. Енді Елдостың салмағында Талғат әлемдік сайыста көзге түсіп отыр. Біз жерлесімізден зор үміт күтеміз. Осындай чемпионды тәрбиелеген ата-анасы мен бапкерлеріне алғысымды білдіремін», – деді Маратбек Мықтыбеков.Талғат Орынбасар әлем чемпионатында 60 келі салмақта белдесіп, үшінші орыннан көрінді. Жерлесіміз ширек финалға дейін жетіп, қола жүлде үшін Әзербайжаннан келген Низами Имрановпен болған белдесуде жеңіске жетті. 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде татамиге шыққан ол осы жарыс барысында барлығы 5 кездесу өткізіп, оның төртеуін жеңіспен аяқтады. Ол іріктеу кезеңінде Матья Жеремик (Сербия), Адис Орозмаматовты (Қырғызстан) жеңді. Ширек финалда тәжікстандық қарсыласына есе жібергенімен, жұбаныш белдесуінде Винчензо Манферлоттиді (Италия) жеңіп, қола жүлде үшін күресуге мүмкіндік алған болатын. Аталған салмақ дәрежесінде жапониялық Ямато Фукуда жеңімпаз атанды. Тәжікстандық Лойқ Кудбудинов күміске, Талғат Орынбасар мен өзбекстандық Муродил Муродиллаев қола жүлдеге ие болды. Осылайша, отандасымыз Талғат Орынбасар 2023 жылғы жетістігін қайталады. Бұл – жасөспірімдер және жастар арасында Талғаттың әлемдік деңгейдегі үшінші жүлдесі.
Талғат Орынбасар өзі қатысқан соңғы үш жылдағы әлем чемпионатының үшеуінде де қола жүлдеге қол жеткізді. 2022 жылы жасөспірімдер арасында, 2023 жылы жастар арасындағы әлем чемпионатының қола жүлдегері атанған.
Айта кетерлігі, Тәжікстан астанасы Душанбеде дзюдодан жастар арасында әлем чемпионаты өтті. Әлем чемпионатына 67 елден 531 жас татами шебері қатысты.
Дзюдо - төрткүл дүниеге кең таралған жекпе-жек түрі екенін бәріміз білеміз. Дзюдо Қазақ еліне 1972-1973 жылдары келді. 1993 жылдан бастап Қазақстанның дзюдо федерациясы Азия дзюдо одағының құрамына еніп, Қазақстанда және жалпы Азияда дзюдоның дамуында жаңа кезеңді бастады. Қазақстандық дзюдошылар тәуелсіздік алған жылдар ішінде Жазғы Олимпиада ойындарына 6 рет, Әлем чемпионаттарына 8 рет, Азия чемпионаттарына 18 рет және Азия ойындарына 6 рет қатысты. Жазғы Олимпиада ойындарында еліміздің дзюдошылары 3 медаль жеңіп алды. 2008 жылы Бейжіңде өткен Олимпиадада Асхат Жіткеев (100 келі) күміс жүлдегер атанды. 2016 жылы Рио-де-Жанейрода өткен Жазғы Олимпиада ойындарында Елдос Сметов (60 келі) пен Галбадрах Отгонцэцэг (48 келі) команда қоржынына тағы екі медаль қосты: күміс және қола.
Қызық дерек:
1. Дзюдода 12 дан бар. Бірде-бір адамға он бірінші дан берілмеді, ал он екінші дан тек бір адамға – дзюдоның негізін қалаушы Дзигоро Каноға берілді.
2. Дзюдо – әлемде жекпе-жек өнерінің ең танымал түрі. Дүние жүзінде барлығы 28 миллионға жуық адам дзюдомен айналысады.
3. Дзюдо техникасы қоян-қолтық ұрыс пен өзін-өзі қорғау жүйелерінің көптеген әскери стильдерінің негізі болып табылады.