Сейсенбі, 10 Қыркүйек 2024 15:34

Түркістан облысы: биыл Жетісай ауданында 13 спорт нысаны салынбақ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2-қыркүйек күні жолдаған дәстүрлі Жолдауында салауатты өмір салтын насихаттап, бұқаралық спортты дамыту қажеттегіне тоқталған болатын. Осы мақсатта Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытовтың бастамасымен аудандағы барлық деңгейдегі мемлекеттік және квазимемлекеттік мекемелердің, аудандық мәслихат аппаратының қызметкерлері арнайы «Спорт күнін» белгіледі.

Өз кезегінде мемлекеттік және квазимемлекеттік мекеме қызметкерлері, аудандық мәслихат аппараты қызметкерлері арасындағы достық қарым-қатынасты нығайта отырып таныс арттыру, салауатты өмір салтын қалыптастыру, бұқаралық спортты дамыту мен еңбекке деген талпыныстарын, қимыл-қозғалыс арқылы өмірге деген құлшыныстарын арттыру мақсатындағы спорттық шараларға аптасына 2 күн жұмыстан кейінгі 3 сағат уақыт арналып отыр. Бүгінде аудан аумағында бұқаралық спортты дамыту мақсатында биыл жеке инвесторлар мен бюджет есебінен салынуы жоспарланған 13 спорт нысанының 3-уі пайдалануға берілсе, 4 нысанның құрылысы жүргізілуде, тағы 6 нысан бойынша мемлекеттік сатып алу жұмыстары атқарылуда.

Осы ретте айта кетсек, Түркістан облысында кәсіби және бұқаралық спортты дамытудың жаңа жоспары немесе стратегиясы әзірленеді. Себебі, бұл салада өңірдің әлеуеті толық пайдаланылмай отыр. Бұл туралы таяуда облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен аппараттың апталық отырысында айтылды. Өңір басшысы спорт саласын дамыту жұмыстарын жандандыру, түбегейлі өзгерістер жасау жөнінде тиісті мамандарға нақты тапсырмалар берді. 

– Облыста бұқаралық спортты дамыту және салауатты өмір салтын қалыптастыру жұмыстарын жандандыру қажет. Спортта күрделенген мәселе көп. Халықаралық сайыстардағы нәтижені жақсарту керек. Мәселенің бәрін қаржыға әкеп тіреуге болмайды. Кезінде бұдан да қиын кезеңде Бекзат Саттарханов сынды чемпионымыз шықты. Бапкерлеріміз солардың ізбасарларын таба білгені жөн. Бұқаралық спортты дамытатын іс-шараларды, сайыстарды, марафондарды көбейтіңіздер. Жыл он екі ай бойы сайыстар өтіп тұруы керек. Жалпы, спорт саласын дамыту бойынша сараптама жасап, жаңа саясат, жоспар әзірлеуді тапсырамын, – деді Дархан Сатыбалды.

Жиында футбол клубтарын қаржыландыруға демеушілерді тарту, бәсекеге қабілетті мықты команда жасақтау, қаржыны олимпиадалық және басқа да спорт түрлеріне бағыттау, «Артспорт» бағдарламасына өзінің спорт ғимараты мен білікті бапкерлері бар кәсіпкерлерді шақыру, спорт федерацияларының жұмысын жандандыру, спорт саласына білікті кадрлар мен мамандарды қабылдау, «Бәйшешек» спорт базасының жұмысын жүйелеу және өзге де мәселелер көтеріліп, ұсыныстар берілді. Сонымен бірге  ауылдарда шахматты жаппай дамыту мәселесі де айтылды. 

Түркістан облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қанат Жолдықараевтың айтуынша, облыстың спорт мекемелерінде спорттың 61 (29 олимпиадалық, 32 олимпиадалық емес) түрі дамытылып, онда 2426 жаттықтырушы 60 мыңға жуық шәкіртті шыңдап жатыр.  Айта кетейік, 2023 жылға дене шынықтыру және спортпен шұғылданатын барлық жастағы тұрғындар үлесін 42 пайызға жеткізу көзделсе, шұғылданушылар саны 9 айдың қорытындысымен 888 804 адамға жетіп, облыстағы жалпы халықтың 41,63 пайызын құрап отыр. Жалпы, Түркістан облысында жекпе-жек спорт түрлеріне сұраныс артып отырғаны рас. Оны спортшыларымыздың жеткен жетістіктерінен анық байқауға болады. Жалпы өңірде бокс, таэквондо, дзюдо, күрес түрлері, қазақ күресі, аралас жекпе-жек, т.б. спорт түрлеріне қызығушылық артуда.

Жаңа облыстың құрылғанына көп уақыт болмаса да, бүгінде біршама облыстарды басып озып, жүлделі орындардан көрініп жүр. Облыста бұдан да жоғары нәтиже көрсету үшін, шалғай аудандардан, ауылдардан спорттық ғимараттар салынса дейміз. Әрине спорттық ғимараттар жоқ деп айтуға да болмайды, біршама ғимараттар қолданысқа беріліп, спортшыларға жаттығу жасауына мүмкіншілік жасалуда. Облыстың спортын әлемдік деңгейде көтеру үшін, біз Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы айтып өткендей, бұқаралық спортты дамытқанымыз жөн. Бұқаралық спортымыз дамымай, облыстың спортын әлемдік деңгейде көтеру мүмкін емес. Бірақ қазір де спортшыларымыздың бірқатары әлемдік деңгейде өнер көрсетіп, жүлделі орындардан көрінуде. Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының 2021-2025 жылдарға арналған стратегиялық дамуға арналған салалық бағдарламасында белгіленген бағыттары бойынша дамуда. Осы орайда, спорт саласындағы басым бағыттарының бірі қазақстандықтардың дені сау ұлт болып қалыптасуы үшін дамытылуы тиіс жайт – ол бұқаралық спортты дамытып, көпшіліктің айналысуына жағдай жасау. Бұқараның спортпен айналысуы үшін спорт ғимараттары қолжетімді болуы тиіс. Бұл ретте Түркістан аймағында 1500-ден аса іс-шара өткізіліп, оған екі жүз мыңға жуық адам тартылды. Сонымен бірге ауылдық жердің азаматтары да қамтылды.

   «Бұқаралық спорт – ұлт денсаулығының кепілі» дегенді жиі айтамыз. Ол да негізсіз емес. Өйткені спорт адамға сергектік сыйлап, денсаулығын жақсартып, өмірін ұзартады. Оған қоса салауатты өмір салтын қалыптастыруда таптырмас тәсіл. Біздің елімізде де спортқа көңіл бөліп, бұл саланы мемлекеттік маңызы басым бағыттар санатына қосып келеді. Сонау 2010 жылғы «Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты мемлекет басшысының Жолдауында 2020 жылға дейінгі дамудың стратегиялық басым бағыттарының бірі ретінде қазақстандықтардың денсаулығын нығайтуды міндеттеп, бұқара¬лық спортты дамыту бойынша жұмыстарды ширату, оның ішінде спорт кешендерін қалпына келтіріп, жаңа нысандарды салу тапсырылған-ды.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 32 рет