Жарысқа еліміздің 17 аймағы мен республикалық маңызы бар қалалардан, жалпы 185 палуан үшінші мегаполис төрінде бас қосты. Білекті де жүректі жігіттердің жарысы 3 күн бойы кіл мықтыны анықтады. Сондай-ақ жаңа атшабардың манежінде өткен додаға қала тұрғындары өз жанкүйерлеріне қолдау көрсетіп, жарыстың әділ өтуінің куәсі болды. Сонымен қатар жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталып, ұйымдастырушылар атынан арнайы диплом мен сертификат табысталды. Республикалық чемпионатта Шымкент қаласының спортшылары жүлдеден тыс қалмады, 1 алтын және 3 қола медаль жеңіп алды. Олар:
- Жантай Ердос, 59 келі
- Ертай Нұрсапар, 48 келі
- Қамбаралы Рахат, 65 келі
- Мухтархан Досжан, 71 келі
Биылғы чемпионат 9 салмақ дәрежесі бойынша өтті. Жеңген спортышлар іріктеліп, халықаралық жарыстарға жолдама алады.
Айта кетейік, аударыспақ ұлттық спорты бұған дейін 5 салмақ дәрежесінде өтіп келсе, биылдан бастап 9 салмақ дәрежесі бойынша сынға түседі. Нақтырақ айтсақ, 42, 48, 54, 59, 65, 71, 77, 82 және 82 келіден жоғары салмақтағы палуандар ат үстінде белдеседі.
Аударыспақ – спорттың ұлттық түрлерінің ішіндегі ең бір қызықтысы. Ол жарысқа қатынасушыдан күшті, самдағайлықты, төзімділікті, батылдықты, тапқырлықты, ат үстінде өзін жақсы ұстай білуді талап етеді. Аударыспақ, атқа мінген екі жігіттің бірін-бірі аударып тастап не ерден жұлып алу үшін шайқасатын ойын. Осы уақытқа дейін аударыспақты ресми жарыстарда «сайыс» деп атайды. Бұл дұрыс емес. Аударыспақ пен сайыстың арасында едәуір айырмашылық бар. Қазіргі кездегі бар ережеге сай аударыспаққа қатынасатын адамдар салмақтарына қарай үш топқа бөлінеді. Жеңіл салмақ 64 килограмға дейін, орта салмақ 80 килограмға дейін, ауыр салмақ 80 килограмнан жоғарылар. Аударыспақ әдеттегі спорттық күреске едәуір ұқсайтын болғандықтан салмақты үш топқа бөлу жеткіліксіз. Себебі кей кездерде спортшылардың салмағындағы айырмашылық 20 килограмнан асып кетеді. Бұл жарысқа қатынасушылардың арасындағы теңсіздікті тудырады. Сондықтан аударыспақтағы салмақты кем дегенде бес топқа бөлу керек. Аударыспақшыда қызыл және көк түсті белбеулері болуы қажет. Аударыспақ шеңберінің аумағы 30 метр. Белдесу уақыты 5 минут. Аударыспақшының ер тоқымында, жүгенінде, өмілдірік құйысқанында спортшыға зақым келтіретін үшкір заттар, темір әшекейлер, ер тоқымының алдыңғы, артқы қасында, үзеңгісінде дәнекерленген қосалқы бөлшектер болмауы тиіс.
Аударыспақта негізгі рольді ат пен ойыншы жігіттер атқарады. Оспадарлық, жұла қашу, салып қалу, қол қайыру сияқты айла-амалдарды қолдануға болмайды. Аударыспақ үшін атты таңдап алудың маңызы зор. Оған әрі күшті, әрі шапшаң аттар керек. Ірі және биік аттар аударыспаққа жарамайды. Себебі оның үстіндегі адамды оңай аударып алуға болады.