Дәстүрлі садақ ату. Кулмирзаев Жанибек (пута, жамбы), Әбдікеримов Мақсат (командалық).
V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясындағы дәстүрлі садақ ату турнирінің соңғы жарыс күнінде 16 мемлекеттен келген садақшылар командалық сайыста бақ сынап, өзара кім мықтыны анықтады.
Сонымен жарыс жолына Испания, Италия, Сингапур, Словакия, Қырғызстан, Индонезия, Моңғолия, Аустралия, Оңтүстік Корея, Өзбекстан, Мажарстан, Франция, Румыния, Ресей, Түркия және Қазақстан құрамалары шықты.
Әр командада 3 ер, 2 әйел адам болды.Олар: Ажар Төлеуқанова, Айкөркем Батихан, Қанат Қасымхан, Марат Бексұлтан, Мақсат Әбдікерімов.
Әр қатысушыға 3 оқтан 1 мүмкіндік және 5 минут уақыт берілді. Әр тиген жебе үшін команда еншісіне 1 ұпайдан жазылды.
Жартылай финалдық сында Аустралия мен Қазақстан құрамалары Испания мен Ресейді жеңіп, финалға жолдама алды. Одан әрі 3-орын үшін болған тартысты бәсекеде Ресейдің бағы жанып, көшпенділер ойындарының қола жүлдегері атанды. Дәстүрлі садақ ату турнирінің соңғы бәсекесі Қазақстан мен Аустралия садақшылары арасында өтті. Өліспей беріспейміз деп білек сыбана іске кіріскен екі ел спортшылары да бар өнерін ортаға салып бақты. Дегенмен, спортта жеңіспен қатар жеңіліс те қатар жүретіні белгілі. Жергілікті жанкүйерлердің жаппай қолдауы мен тілегіне қарамастан қазақ садақшылары аустралиялықтарға жол беруге мәжбүр болды. Сонымен Аустралия – чемпион, Қазақстан – күміс, Ресей – қола жүлдегер.
Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында дәстүрлі садақ ату бойынша "Қалқан" нысанасын көздеуде 33 мемлекеттен 120 ер және 60 әйел спортшы қатысты. Қазақстан құрамасы сапынан ерлер арасында Қасымхан Қанат қола жүлде жеңіп алса, Ербол Тапенов күміс жүлде еншіледі.
"Пута" нысанасы бойынша өткен бәсекеде қазақстандық садақшылар Қанат Қасымхан мен Айкөркем Батихан қола жүлдегер атанса, шымкенттік Жәнібек Құлмырзаев алтын медаль иеленді.
Айта кетейік, Пута нысанасында ерлер 70 метр, әйелдер 60 метр нысананы көздейді. Әр спортшыға 7 мүмкіндіктен беріледі, әр мүмкіндікте 3 минут уақыт болады және 9 жебе атылады.
Әр тиген оққа 1 ұпай беріледі, ең жоғары ұпай – 63. Ұпай сандары тең түскен жағдайда 9 жебемен тағы бір мүмкіндік беріледі. Тағы да тең түссе – нысананың ортасына ең жақын тиген оқ есепке алынады.
«Жамбы» нысанасы бойынша Жәнібек Құлмырзаев пен Бақберген Сәлімов қола жүлдеге ие болды.