Сенбі, 16 Қараша 2024 23:43

Шымкенттік дзюдошы Сабина Юлдашбекова күмісті місе тұтты

Ақтөбеде дзюдодан ерлер және әйелдер арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионаты басталды.

Жарыстың алғашқы күнінде әйелдер 48, 52 келіге дейінгі салмақ дәрежелерінде, ал ерлер 60, 66 келіге дейінгі салмақ дәрежелерінде өзара мықтыны анықтады.

Биыл Қазақстан чемпионаты шетелдік мамандардың қатысуымен өтіп жатыр. Жарыстың әділ әрі жоғары дәрежеде өтуі үшін Халықаралық дәрежедегі төрешілер Владимир Остряков, Евгений Рахлин мен Владимир Мутсубидзе бақылаушы төреші қызметін атқаруда.

Алғашқы жарыс күнінде Шымкент қаласының татами шеберлері бақ сынады.

48 келі салмақ дәрежесінде жасөспірімдер арасында Әлем чемпионы жерлесіміз Юлдашбекова Сабинада бақ сынада. Бұл жарыс Сабина үшін ересектер арасындағы алғашқы жарысы болды. Сабина ақтық сынға дейін қарсыластарына еш мүмкіндік бермеді. Алайда финалда Жетісу облысының аруы Диана Буркееваға жол беріп, күміспен күптелді. Сондай-ақ, бұл салмақта Даушова Маржан мен Абдуали Тасним өз қарсыластарына есе жіберді.

60 келі салмақ дәрежесінде Талғат Орынбасар алғашқы айналымда ҚР чемпионы Нұрқанат Серікбаевты иппон әдісімен жеңгенімен, екінші айналымда атыраулық спортшы Данияр Кулушовтан ұтылып, жарысты аяқтады. Сондай-ақ, Миртурсын Дилшод пен Жүнісбек Қайратта жарыс жолында қарсыластарына есе жіберді.

52 келі (әйелдер) және 66 келі (ерлер) салмақ дәрежелерінде де спортшыларымыз жарысқа қатысып, қарсыластарына жол берді.

Айта кетейік, байрақты бәсекеге Астана, Алматы, Шымкент және еліміздің 17 облысынан барлығы 510 татами шебері қатысып жатыр.

 Қазақстан чемпионаты 18 қарашаға дейін жалғасады.

Чемпионат қорытындысы бойынша 2025-2026 жылғы спорт маусымына дзюдодан Қазақстан ұлттық құрамасы жасақталады.

Оқылды 24 рет